Сенбі, 23 Қараша 2024
Шолу 6638 12 пікір 8 Маусым, 2021 сағат 14:33

Билік транзиті: Тоқаевтың екі жылы

НАЗАРБАЕВ – ТОҚАЕВ: СЕНІМ МЕН САЯСИ СЕРІКТЕСТІК 

(саяси сараптама)

Жалпы, билік транзиті өткен екі жылда Президент Қ.К.Тоқаев қандай  жетістіктерге қол жеткізді деген заңды да, қисынды сұрақ тек біздің қазақстандық қоғамда ғана туындамайтыны, ол шетелдік мемлекеттерді, сан-алуан  институттар мен ұйымдарды, экспетртер мен жеке азаматтарды да қызықтыратын шығар деп ойлаймын.

Осыған байланысты, әр сала бойынша білекті сарапшылар мен эксперттердің нақты цифрлар мен статистикаға жүгінген еңбектері де жарық көріп, танымдық ақпарат ретінде  жарияланып жүр.

Өз тарапымнан мемлекетімізде, қоғамда болып жатқан өзгерістерге орай өздеріңізбен  ой  бөліскенді жөн көрдім.

ТӨЗІМДІЛК СЫНАҒЫ

Қ.К. Тоқаев қоғам қайраткері, мылтықты қаламға ауыстырған жазушы-журналист, майдангер Кемел Тоқаевтың отбасында дүниеге келді. Бала кезінен ұлт рухын, өз ұлтының бай әдеби мұраларын және әлемдік өркениет әдебиетін  танып,  соның арқасында жоғары интеллекті азамат болып өсті.

Жоғары ұлтжандылық, қасиет пен қадір, жауапкершілік  оның өмірдің барлық сынынан абыроймен өткізіп келеді.

Екі ғасыр тоғысында үлкен саяси сыннан мүдірмей өтіп, Қазақстанның саяси мемлекеттік құрылысын қалыптастыруға және жетілдіруге ерекше үлес қосты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сенімді серігі болды. Егемен мемлекетіміздің ірге тасын бірге қадасып, еліміздің сыртқы саясатын айқындауға ерекше еңбек сіңірді.

Республика Үкіметін басқарды.

ХХІ ғасырда тарих сынынан өткен сындарлы саясатты одан әрі дамытты.

Әлемдік саясаттың қайнар көзіне айналған Біріккен Ұлттар Ұйымында басшылық қызметте іскерлік пен біліктілік танытып, ұлтымыздың мақтанышына айналды.

Республика Сенатының Төрағасы ретінде мемлекетіміздің парламенттік жүйесін дамытуға, заңнамасын жетілдіруге  ерекше үлес қосты.

Елбасы сенімі, халық сенімі Қ.Тоқаевты  ұлт тағдырындағы ең жоғары лаузым – Қазақстан Республикасының Президенті дәрежесіне жеткізді. Мемлекет Басшысы ретінде  ол  өзіндік қолтаңбасымен саяси реформалар жүйесін құруды бастады.

Шын мәнінде, қазір жаңарған дәуірдің жаңа саяси реформалары Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, қалыптасқан қиындықтарды еңсеруге жол ашты. Мәдени-рухани және экономикалық өрлеу кезеңі басталды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үлкен саясатта мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бірге келе жатқан ірі саяси тұлға.

Н.Назарбаев тәуелсіз мемлекеттің тізгінін қолына ұстағаннан бастап жаңа тұрпатты Қазақстанның жаңа құрылымдық моделін жасады. Ішкі және сыртқы саясатын айқындады. Осындай экономикалық әрі мәдени-рухани өсу жолын тапты. Өзінің қасына реформаларды жүргізе алатын  кемел әрі тәжірибелі мамандарды жинады.

Сонымен...

2019 жылғы 19 наурыз, сағат 19:00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикалық телеарналардың эфирінде президенттік өкілеттігін тоқтататыны туралы шешім қабылдағанына мәлімдеме жасаған болатын.

Ата заң нормаларына сәйкес, оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат Төрағасы Қ.К.Тоқаевқа жүктелді.

2019 жылғы  9 маусымда Қазақстанда өткен кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетіп, халық алдында ант беріп, мемлекет басшысы қызметіне кірісті.

Орталық Азия тарихында билік тізгіні бейбіт жолмен бірінші рет  Қазақстан мемлекетінде  өтті. Ол бүкіл әлем назарын өзіне аударып, сан-алуан пікір мен болжам тұғызғаны да жасырын емес.

Мемлекет басшысының заң аясында ауысуы, нақты айтқанда, Конституцияда бекітілген қағидаттарды ұстана отырып өтуі, әлемге -  Қазақстан Республикасын өркениетті дамыған, саяси мәдениеті жоғары ел ретінде танытты.

Өйткені Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы конституциялық моделі, құқық үстемдігі идеяларын бекітудің, демократиялық басқарудың, сондай-ақ адамның және жеке азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың прогрессивті халықаралық тәжірибесіне сүйенетіні және халықаралық қоғамдастықпен мойындалғаны белгілі.

Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы және көшбасшысы ретінде  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенім артуы батылдық, ерік-жігерімен қатар көрегендігі, парасаттылығы  мен қарымды қайраткерлігінің арқасында жүзеге асқанын уақыт  дәлелдеп отыр.

Ұзақ жылдар бойы Елбасымен бірге Тәуелсіздікті нығайтуға ерекше күш жұмсап, қасында сенімді серіктесі, үзеңгілесі болып жүрген Қ.К.Тоқаевтың  Президент болғаны ешкімді таңқалдырған жоқ.

Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлы - білімі  мен біліктілігі,   ұлтжандылығы, дипломатқа тән қадір-қасиеті, жоғары жауапкершілігі  оны  өз мемлекетімізде ғана емес, шетелдік қызметінде де жоғары кәсібилігімен танымал  етті және мойындатты.

Ол еліміздің сыртқы саясатын, дипломатия мектебін  қалыптастырды.

Қ.К.Тоқаев саясат ғылымдарының докторы. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы және профессоры. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтының құрметті докторы. Бүкіләлемдік Жаратылыстану және гуманитарлық академиясының толық мүшесі.

Президент саяси карьерасында мемлекет ішінде де,  халықаралық деңгейде де түрлі қызметтерді атқарды. Дипломатиялық дәрежесі - Төтенше және Өкілетті Елші.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшы,  екі мәрте Сыртқы істер министрі, III-IV сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болды.

Әлемдік проблемаларды көтеріп қана қоймай, оның  шешімін табатын халықаралық беделі бар БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысы қызметін абыроймен атқарып, елімізге оралды.

Бала кезінде жазушы болуды, кейін шетелдік журналист болуды армандаған, әкесіне деген еліктеуі, соған ұқсап-баққысы келгендігі, әкесінің бойындағы жақсы қасиеттерді бағалай және құрметтей білетіндігі деп түсінемін.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қаламгерлігі  басым, ойын сабырлы,  салиқалы  сөзбен жеткізеді.  Қарапайым баяндайтын естелік әңгімелері сыртқы жүзінің сұсты көрінетініне қарамастан, оның ішкі жан дүниесінің сентименталды, терең және сезімтал және сергек мінезін көрсетеді.

Біраз мемуарлық очерктері жарық көрді. Оның ішінде, әсіресе әкесіне арналған «Әке туралы толғаныс» эссесінде Президенттің әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаеваға деген  құрметі, сағынышы мен балалық махаббаты, сезімдерін білдіретін сырлары жүрегіңе әсер беріп,  тебірентеді.

Қазақстан сыртқы саясатының қалай жүзеге асырылғанын баяндайтын бірнеше кітаптың авторы. Біраз ой-толғақ мақалалары бар. Оның ішінде, «Беласу», «Нұр мен көлеңке» атты мемуарлық кітаптары тәуелсіз Қазақстанның халықаралық қатынастарының қыр-сырын көрсетеді.  Еңбектерінде Қазақстанның сыртқы саясатымен қатар Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен орнына ерекше мән беріледі.  Таңдануға болмайды. Қ.Тоқаев - жақсылықты бағалайтын қазақи тұлға.

Мемлекет Басшысы әр сөзінде  Тұңғыш Президент, Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымынан айнымайтынын және оның курсының оңды жетістіктерін мемлекеттің ары қарай дамуының мүддесін сақтап қалу мақсатында қолдайтынын ашық  айтып келеді.

2019 жылғы сайлауалды «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бағдарламасында Президент Тоқаев Қ.К. осы ұстанымы мен принциптерін  19 бағыттан тұратын 106 шарамен нақты белгілеген болатын.

Бұл ұстаным Қ.Тоқаевтың Тұңғыш Президенттің саяси стратегиясын ғана емес сонымен қатар, оның әр сала бойынша қабылдаған шешімдерін, концепцияларын, мемлекеттік бағдарламаларының орындалуын да қамтитынын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің халықшыл тұлға екендігін, мемлекетке бар ынтасымен қызмет етуге тәуекелі жететінін көрсетіп келеді. Сарапшылардың айтуынша, халық тарапынан  Қ.К.Тоқаевқа сенім кредитінің төмендемегенін, осы 2 жыл ішіндегі атқарған  іс-шаралары мен қабылдаған  шешімдері арқасында қоғамда оң пікірдің өскенін көрсетеді.

Аталған 2 жыл ішіндегі атқарылған іс-шаралардың көп бөлігі Президенттің өзінің қатысуымен және оның ерік-жігерімен орындалғаны белгілі. Өйткені, Президент еліміздің қай түпкірінде болсын орын алған маңызды жағдайларға  уақытылы мән беріп, назарында ұстап, үнемі өз бақылауына  алып отырады.

Президент - билік  пен халық арасын жақындатты. Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру қолға алынды.

Әрине, өткен 2 жыл Президенттің жеке басы үшін де, бүкіл мемлекет билігі жүйесі үшін де, төзімділік сынағынан өту кезеңі болды.

ҮМІТ  ПЕН  КҮДІК

Тарихта Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қ.Тоқаев  қызметінің басталуы коронавирус індетімен күрескен қауіпті кезең  ретінде қалады ғой деп ойлаймын. Халыққа да, мемлекетке де ауыр тиді.

Коронавирус пандемиясы басталысымен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы шұғыл шаралар қабылдады. Дер кезінде қолданыстағы  заңнамаға өзгерістер енгізіп, төтенше жағдай жариялап, үлкен қалаларды карантинге жауып,  алғашқы толқынның алдын алатын шаралар жасады.

Желідегі ашық деректерге сүйенсек,  карантин кезінде   4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті:

- 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді;

- 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді;

- 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды.

Сонымен қатар,  2 жыл аралығында Президент жекелеген топтар мен жалпы қоғамның әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында да біраз шаруа атқарды.

Мемлекетімізде көпбалалы аналар мен мүгедек балалары бар отбасыларға, жетім балаларға, асыраушысынан айрылған отбасыларға (барлығы шамамен 500 мыңнан астам адам) несиелік рақымшылық жасалды (xалықтың біразының 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілген еді).

Осы іс-шараның арқасында қиын-қыстау жағдайына ұшыраған жекелеген азаматтар несиелік қарыздарынан біржолата босатылды.

Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялағаны пандемия кезінде орынды және уақытылы шара болғанын бәріміз көріп отырмыз. Волонтерлердің ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға жанқиярлықпен қол-ұшын созғаны  бәріміздің жас ұрпаққа деген сеніміміз бен ризашылығымызды қалыптастыра түсті.

Пандемия кезінде әр отбасында, әрбір әулетте, бауыр, туыстар арасында осы  қасіреттің зардабынан  көзжұмғандар саны өкінішке орай,  үрейімізді алып, елдің еңсесі түсті.  Осындай ең қиын, ең ауыр күндерде, Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемия­дан қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялап, тағы да өзінің халықпен бірге қайғырғанын, қабырғасы қайысқанын көрсетті. Бұл адами қасиеттің кемелдігі емес пе?!

Президенттің қызметіне ауыр сын болған тек коронавирус пандемиясы  ғана емес Арыстағы алапат апаттың да ауыртпалығы түсті. Еске салатын болсақ, 2019 жылғы 24-і маусым күні таңертең Арыс қаласындағы әскери қоймада шыққан өрт жарылыстарға ұласып, бір адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті.

Мемлекет басшысы оқиға орын  алған жерге алғашқы сәттерден бастап тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді және өзі де апат аумағына арнайы ұшып барып,  жағдайды жеке қадағалауына алды.

Жа­рылыстан кейін Арыс қаласын қалпына келтіру ісін өз қадағалауына алғаны  Мемлекет басшысының халықпен бірге екендігін тағы да көрсетті.

2020 жылдың ақпанында Жамбыл облысының Қордай ауданында туындаған тұрмыстық кикілжің жаппай тәртіпсіздікке ұласқан сәтте де   Қазақстан Президенті оқиға ортасына барды.

Ол тікелей эфирге шығып, мәлімдеме жасап, қаза болғандардың отбасына көңіл айтты, зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет комиссиясы құрылды.

Үміт пен күдік сейілді. Ауданда қоғамдық келісім нығайтылды.

Сонымен қатар,  еліміздің әр жерінен бой көтерген әртүрлі әлеуметтік наразылықтар, экономикалық проблемалар, теңгенің құнсыздануы секілді елдің мазасын қашырған жайттардың барлығында да Мемлекет басшысы батыл қадамға бара білді, өз мойнына жауапкершілік алып, шешімін тауып отырды.

ШЕШІМ МЕН КЕСІМ

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президенттікке үміткер бағдарламасында  Елбасының саясатын сабақтастықпен жүргізетінін мәлімдеген  болатын.

2019 жылғы 12 маусымда өткен Президенттік ұлық­тау рәсімі кезінде  Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтінін айтқан болатын. Президент уәдеге берік  екенін танытты.

Бұл ұстаным оның үлкен саясатта да бойындағы  жоғары адами қасиеттерді сақтай алатын, нағыз мемлекетшіл, ұлттың мүддесін, халықтың жағдайын жоғары қоятын қайраткер екендігін  көрсетті.

Осы жылдар ішінде халықаралық қоғам мен қауымдастық мойындаған салмақты саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани және мәдени институттар мен ұйымдар құрылды.

Әрине, кез-келген қоғамда кездесетін кемшіліктер мен қайшылықтардың біздің мемлекетімізде  болуы, соңғы кезде шешімін талап ететін жағдайлардың көбейгенін жасыруға болмайды.

Өмір бір орында тұрмайды, ол тірі организм секілді, диалектикалық өзгерісте болатынын біз философиялық тұрғыдан, өмір тәжірибесінен де  жақсы білеміз. Бір қалыпта ұзақ тұрып қалған  қандай да бір мемлекет, немесе  кез-келген  ұйым болсын, ол міндетті түрде құлдырайды. Өзгеріс - табиғи құбылыс.

Мысалы, Қытай Халық Республикасы мемлекетін алатын болсақ, олар коммунистік жүйеге деген тұрақтылықты сақтап қалғанымен, мемлекеттік дамудың жолдарын өзгертті. Соның нәтижесінде бүгін Қытай мемлекеті әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарына еніп, АҚШ пен Ресей санасатын экономикалық жағынан дамыған алып  елдердің біріне  айналды.

Қазақстан Республикасын ары қарай дамыту мақсатында Президент Қ.К.Тоқаев жаңа идеялардың бастамашысы болды. Мемлекет басшысы ұсынған саяси курс  ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу бас­тамаларының ерекше орны айқын көрініп тұр.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бастамасы билік пен халық арасындағы байланысты жаңа формаға көшіру, арадағы алшақтықты жақындатуға негізделді.

Кеңестің міндеттеріне концепциялардың, мемлекеттік бағдарламалардың және құқықтық нормативтік актілердің жобаларын,  азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, қоғамдық сараптамадан  өткізу жұмысы кіреді.

Кеңес құрамына қоғамда өзекті мәселелерді көтеретін ғана емес шешімін табатын, оны іске асыра алатын, көзқарасы мен өзіндік пікірі қалыптасқан азаматтардың болғаны, бүгінде жалпы халықты алаңдатқан біршама мәселелердің  шешімі табылып, заңға тиісті өзгерістер енгізілді.

Құрамның ротациялық тәртіппен ауысып, жаңарып отыратыны, оның қажетті мамандармен қамтылатынын көрсетеді. Сонымен қатар Кеңес қызметі  БАҚ-на кең таралып, әлеуметтік желілерде ашық талқыланып отыр.

Кеңес аясында Президент Қ.К.Тоқаев бастамасымен өтіп жатқан жалпыұлттық диалог бүгінгі таңда тек  саяси модернизацияның  жүйесі ғана емес, сонымен қатар демократиялық мемлекет құру және әлеуметтік және экономикалық реформаларды жалпыұлттық консенсус арқылы жүзеге асыру құралына айналып отырғаны сөзсіз.

Басшылыққа келген уақытта Қ.К.Тоқаев Үкімет алдында Қазақстанның экономикалық өсуі мен өркендеу, фискалды және ақша-несие саясатын жетілдіру, кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірушілерді барынша қолдау мәселелерін қамтитын кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды.

Осы ұстаныммен коронавирус пандемиясына қарамастан мемлекетімізде реформалар процесі тоқтатылып, немесе кідіріп қалмады, керісінше, жаңартылып, біраз шаралармен толықтырылып отырды. Олар, Президенттің халыққа жолдауында және ҚР Парламентінің жаңа VII шақырылымының сессиясының ашылуында атап  айтылды.

Даму жолында Қ.К.Тоқаев саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асыру барысында, мемлекеттік басқару жүйесін де модернизациялауды көздеді.

Қазақстандық эксперттердің ойынша, бүгінгі таңда Президент ұсынған 1-ші саяси реформалар толық іске асырылды.

Оның ішінде ең бастысы, 2020 жылы азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналу, жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу өткізу бойынша конституциялық құқығын іске асыру мақсатында  «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң қабылданды.

Заң жобасы онлайн-алаңдарда, ЕҚЫҰ, USAID, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының кеңсесі, адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар өкілдері сияқты ұйымдардың араласуымен кеңінен талқыланды.

Аталған заң қабылданған кейін пандемия шектеулеріне қарамастан  2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, несие амнистиясы, шетелдіктерге жер сатуға тыйм салу, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекстің кейбір нормаларымен келіспеу, саяси қудалауды тоқтату, жануарларды қорғау, саяси реформаларды талап ету сияқты тақырыптар бойынша митингтер өткен болатын. Бұл аталған заңның өміршеңдігін, халық тілегі орындалғанының көрінісі болды.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сайлау партияларының тізімдерінде әйелдер мен жастардың партиялық тізімдерде кемінде 30% ұсынылуына міндетті квота қарастырылды.

Бұл өзгерістер 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау барысында толығынан жүзеге асырылды.

Мысалы, «Нұр Отан» партиясы фракциясы 70 пайызға жаңартылып,   оның құрамы 40% әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастардан қалыптастырылды. Бұл Парламенттің қазіргі құрамы айтарлықтай өзгергендігін көрсетеді.

Демократиялық даму жолын ары қарай жалғастыру мақсатында, саяси партияларды тіркеудегі әкімшілік кедергілерді азайту  үшін қатысушылардың саны заң аясында 40 мыңнан 20 мыңға дейін қысқартылды.

Бұрын мемлекетіміздің  заңнамасында парламенттегі оппозициялық партиялардың  қызметі қарастырылмаған болатын. Сондықтан, оппозиция институтын қалыптастыруға бағытталған  парламент оппозициясының құқықтық негізін іске асыруды қарастыратын заң қабылданды.

Қазіргі Парламент  Мәжілісінде  үш партия жұмыс атқаруда: билік партиясы -  «Нұр Отан», өзін сындарлы оппозиция ретінде көрсететін - «Ақ жол»  Қазақстанның Демократиялық партиясы (7 мандат) және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы.

Саяси реформаның екінші, үшінші пакетінде биылдан бастап ауылдық жерде әкім сайлауын өткізу қарастырылған. Олардың бастысы аудан, ауыл әкімдерін сайлау, партиялардың сайлаудан өту шекті дауысты 7-ден 5 пайызға дейін төмендету және дауыс беру бюлетеніне «бәріне қарсымын» деген тізбекті енгізу.

Қазіргі таңда аталған мәселелерге байланысты  заң қабылданды.

Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең үлкен ерлігі – ұзақ жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан жер мәселесіне нүктенің қойюы деп еспетейді политолог мамандар.

Сонымен Заңда,  жер шетел­діктерге сатылмайтыны, жалға беріл­мей­тіні, шекаралық жерлерде ешбір шетелдік ком­паниялар жерге қатысты қызмет ете алмайтыны нақты жазылды.

Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған Президент қол қойды. Енді ел де, жер де - мемлекеттікі, яғни - қазақтікі.

ҮНДЕСУ МЕН ҮЙЛЕСУ

Президент Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» - деген болатын.

Мамандардың айтуынша, Президенттің қоғамдық пікірді тыңдай білуі және қоғамның әртүрлі топтарының сұраныстарына тез арада жауап беруі, оның мобильді қасиетін көрсетеді. Оң нәтижелердің болуы - билік пен халықтың біртұтастығының көрінісі ретінде жақсы  қабылданып жатыр.

Биліктің халыққа жасаған ең қажетті қамқорлығы, оның әлеуметтік жағдайына үнемі қолдау көрсетуі, назарында ұстауы  болып табылады.

Осы бағытта экономикалық қиын кезеңде, мемлекет тарапынан халықтың тұрғын үй мәселесі мен денсаулығын түзету барысында, азаматтарға 2021 жылдан бастап зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік бергені, ұтымды шаралардың бірі болды. Қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.

Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, 2021 жылы бұл құқықты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы пайдалана алады. Бұл іс-шара халықтың әл-ауқатын көтеріп қана қоймай, оның Үкіметке деген сенімін де арттыра түсті.

Сонымен қатар, мүгедектер мен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту, тұрғын үй мәселесіне арналған кезекте тұрған кезде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, астанада, республикалық маңызы бар қалаларда кемінде үш жыл тұрақты тұруға қойылатын талапты алып тастауды көздейтін,  мүгедектігі бар адамдарға қолдау шараларын бағытталған заң жобаларының Парламентте қаралып жатқаны қуантады.

Мемлекет, қоғам тарапынан әлеуметтік қорғау шараларын күшейту, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетумен, олардың өмірін жақсы жағына өзгертіп немесе жеңілдетумен шектелмейді, бұл әр адам үшін өте құнды, өйткені осы процеске қатысушылардың барлығының өміріне оң өзгеріс әкеледі.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету қоғамның жетілуінің, оның консолидациясы мен өміршеңдігінің маңызды көрсеткіші болып табылады.

Осыған байланысты, инклюзивті қоғамдық ортаны қалыптастыру туралы Мемлекет басшысы  ағымдағы жылдың ақпан айында Кеңестің отырысында жариялаған негізгі бастамалардың бірі болды.

Әлемде қалыптасып келе жатқан практикаға сүйенсек, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қорғау жүйесі дәстүрлі мүгедектік түсініктен өмір сапасына қатысты жеке айырмашылықтарына аса мән беріліп, сонымен қатар  жалпыға бірдей құқықтардың синтезіне көшуді талап етіп отыр.

Атап айтатын мәселе, 2021 жылдан бастап ұстаздардың,  балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесінің педагогтерінің айлығы 25 пайызға өсті. Дәрігерлердің жалақысы да кезең-кезеңмен арттырылады. 2023 жылға қарай айлық екі есе көтерілуі жоспарланған.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлердің де айлығы кезең-кезеңмен өседі. Атап айтқанда, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, уақытша болу мекемелерінде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы ұлғаяды.

2020 жылдан бастап болашақ оқытушыларға арналған стипендия мөлшері 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін, ал докторанттар үшін 102 498-ден 150 мың теңгеге дейін өсті.

Президент «тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайдылық танытатын бол­сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін», - деді өзінің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында.

Осы сұхбатында да, қазақ тілінің  мәртебесін айқындаған, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айырықша еңбегін атап өтіп, сол аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде қазақ тілін мемлекеттік тіл болып  жариялануы, тікелей Нұрсұлтан Әбішұлының ықпалымен өткенін бағалайтынын жасырмады.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері боларын да жасырған жоқ.

Президент халықтың арасында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесіне байланысты туындап жүрген ой тұжырымдарға, түрлі пікірлерге БАҚ арқылы жауап беріп, өзінің халық үнін естіп қана қоймай, оған үлкен жауапкершілікпен қарайтынын, ана тілімізге деген жанашырлығын  көрсетті.

Сондай-ақ халықтың үкіметке деген сенімін нығайту және өзара диалогын арттыру мақсатындағы істердің бірі ретінде ҚР Президент Әкімшілігінің құрылымында Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің ашылуы. Ол азаматтардың барлық сындарлы сұраныстарына тез және тиімді жауап беруге бағытталған және Бөлімнің жұмысы Мемлекет басшысының үнемі бақылауында тұр.

Биыл Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл  тек тарихи дата емес. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның  әлемде өзіндік орны бар мемлекет қатарында тұрғанының айғағы.

Осы орайда, Президент  бұл тарихы оқиғаны тек мерейтой деп қабылдамауды, тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударуды ұсынды. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсармаса, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етуге болмайды деп жүрекке жылы сөз айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі  реформаларды  қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып жатқанын қадап айтып жүр.

Сот жүйесінің реформасы мемлекетіміздегі көптен бері көтеріліп жүрген мәселелердің бірі екені жасырын емес. Мемлекет басшысының ҚР судьяларының VIII съезінде айтқан мәліметі бойынша, соңғы 5 жылдың ішінде соттың 17 өкілі сыбайлас жемқорлық фактісі үшін жауапқа тартылған. Сонымен қоса, осы кезеңде сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс әрекеттері үшін жұмысынан босатылған.

Әділ, тәуелсіз сот - кез келген   мемлекеттің  демократиялық, құқықтық жүйесінің дамуының айқын көрсеткіші. Сондықтан аталған реформа негізінде сот жүйесінің сапасы мен ашықтығы және азаматтардың заңдылыққа қол жетімділігін қамтамасыз ету тиіс. Міне, Президент сот жүйесінен осыны талап етіп отыр.

ХАЛЫҚ ПЕН РУХ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ел Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты ауқымды мақаласын жариялады. Шынын айтқанда, елді, жұртты, қоғамды мазалап жүрген сұрақтарға жауап  беріп, ойымен ғана бөлісіп қана қоймай, алдағы онжылдықтарға бағыт та берді.

Атап айтқанда, 30 жылда қандай жетістіктерге жеттік, енді қандай жоспарымыз алда тұр?  деген сауалдарға жауап та, бағдар да алдық.

Қ.К.Тоқаев мақаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев есімі Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналғанын, оның егемендігіміздің табысы мен жетістігіне дара көшбасшылық жасай білгенін және халқымыздың осы жолда Елбасымыздың әр ісін қолдап, бірлігі мен ынтымағының арқасында жеткенін ерекше атап  өтті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы, өткен 30 жылдағы атқарылған барлық қомақты іс-шараға әділ бағасын беріп, алдағы төртінші онжылдықтағы атқарылатын жоспардың да бәріне  халық өзі  орындаушы ғана емес, бағыт беруші болатынын меңзеді.

Мемлекет басшысы  қазақтың және барша түркі елінің мақтан тұтатын, оларға таласып қарайтын, біртуар тұлғаларына деген құрметін, өз тарапынан дәріптеп қана қоймай, мұрасын ұмытпай, қастерлеу,  жастарымыздың бойына ұлттық құндылықтарымыз, бабаларымыздың өлмес ілімі  ретінде сіңіру, сонымен қоса  бүкіл әлемге паш етіп, таныстыруымыз керек деген ойы қоғамнан қолдау тапқаны белгілі.

Осыған орай, Президент ұлт ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты кең көлемді мақаласын жариялап, халыққа үлкен серпін берді. Бұл мақалада Мемлекет басшысы Абайдың болмысы мен оның асыл мұрасының қазақстандықтар үшін маңыздылығына тоқталып, ой бөліседі.

Президент Қ.Тоқаев, Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген сананы жаңғыртуға қатысты бастамаларды жалғастыру барысында Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептейтін айтты.

Расында, Абай Құнанбайұлының мұрасын, құндылықтарын нығайту негізінде қазақтың рухани мәдениетін жандандыру барасында Абай философиясы мен даналығы ерекше  маңызға ие.

Ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге болғандықтан, оның мұрасын насихаттау, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіру – ұлттың ұлы мұраты болып табылады.

Президент еңбегінде: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» деп жазды.

Мемлекет басшысы жаһандану дәуірінде кез келген дүниені Абайдың даналығымен байланыстыру керектігін айтуы,  әр қазақтың үйінде домбыра болу керек, әр отбасының төрінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» кітабы мен Абайдың қара сөздері тұруы керек дегені ұрпақ тәрбиесі мен білім саласында ұлт құндылықтарының ерекше орын алатынын айқындап қана қоймай, ұлттық бағдарламалар мен концепцияларда орын алуға тиісті екенін көрсетеді.

Өткен  жыл тағы да бір рухини үйлесімдікті көрсететін ұлтымыздың ғұламасы Әбу ­Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығымен тұспа-тұс келуі рухани дамуымызда еліміз үшін  өте маңызды жаңа кезеңі деп білеміз.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауында Әл-Фарабидің  1150 жылдық мерейтойының қарсаңында, ғұлама данамыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек деген еді.

2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, мемлекет   көлемінде және әлемдік деңгейде түрлі іс-шаралар өткізілді.

Ғылым дамуына айшықты үлес қосқан ұлы ойшылдың әлі де ашылмаған қырлары мен сырларына терең бойлау – тарихымызды түгендеудің жарқын көрінісі болмақ.

ТҰҒЫР МЕН ПІКІР

Қ.Тоқаевтың Президенттік қызметі туралы шетелдік сарапшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері көптеген оң  пікірлер айтып жүр.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұхтар Тлеуберді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен   телефонмен сөйлесу барысында, оның Қ.Тоқаевтың жолға қойған Қазақстанның әлеуметтік-саяси жүйесін одан әрі демократизациялауға бағытталған реформаларын табанды түрде қолайтынын мәлімдепті.

Мемлекет Басшысы мен Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев арасындағы қарым-қатынасқа байланысты сараптамалар, республикада қос биліктің орныққаны туралы әртүрлі пікірлер жазылып жүр. Бұл шындыққа жанаса ма? Әрине, жоқ. Бұл үрдіс Сингапур тәжірибесінен алынып, жетілдірілген. Елбасымен бірге  болған сапар кезінде оның Ли Куан Юмен болған әңгімесін жазып алып, кезінде жариялған болатынмын.

Лондондағы Чатем-Хаус халықаралық Корольдік институттың ассоциерлі зерттеушісі Кейт Маллинсон төмендегідей болжам жасапты: «Тоқаевтың төбесінде Назарбаевтың көлеңкесі тұрғанда, ол іргелі структуралық және институттық, экономикалық реформалар жүргізе алар ма екен? Өйткені, бұл көптеген финанстық құрылымдарға қауіп тұғызып, ол активтердің қалай пайда болғандығы жөнінде тергеуді қажет етеді ғой...».

Елбасының Қауіпсіздік кеңесін басқаруы Тәуелсіздікті қорғау мақсатымен жүзеге асырылды. Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқын Президент Қ.К.Тоқаевтың саясатын қолдауға және бірге болуға шақыруы осының айғағы емес пе?

Кезінде Ресейдің тұңғыш Президенті Б.Ельцин В.Путиннің кандидатурасын таңдағанда, оның сөзге тұратын және өз сөзіне жауап бере алатын тұлға екендігін білген болатын. Ол В.Путинге «Береги Россию!» деп саяси мұра қалдырған.

Н.Ә.Назарбаев та билікті кімге тапсыру керектігін ұзақ зерттеген. Ол көптеген ірі саяси кадрларды жоғары билікке тартты, байқап та, сынап та көрді. Соларды екшей келе Қ.Тоқаевтың кандидатурасына тоқтағаны  белгілі.

***

Ойды ой қозғайды. Президент қызметінің екінші жылы мәресіне жетті. Көп мәселелердің жауабы табылды. Оған өз ойымызды білдірдік. Әлемдік және ішкі экономикалық қиындықтарға қарамастан Президент өз саясатын іскерлікпен, батылдықпен жүргізіп келеді.

Халық сынынан артық-сын жоқ. Сол сыннан мүдірмей өтіп келеді, өте беруіне тілектеспін!

Уәлихан Қалижанов, 

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
ҰҒА академигі

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383