Қазақ тілін неге «ұмыттыңыз», Архимед мырза?
Ана тіліміздің қазіргі жетім қыздың күйін кешкендей мүшкіл халі қолына қалам ұстаған қандай да жанның қабырғасын қайыстырары сөзсіз. Жүрегіміз жарылардай болған қасиетті тәуелсіздігіміздің қайта оралғанына міне, 30 жылға толуға жақындаса да мемлекеттік мәртебе алды дейтін, бойымызға ана сүтімен енген тіліміздің өзінің лайықты орнына біржолата орныға алмай жүргендігі біз жасыра алмайтын ащы шындық.
Біз бүгінде, өзгесін былай қойғанда, еліміздегі мемлекеттік үлкен қызмет иелерінен «мемлекеттік тілді неге білмейсің?» деп әділетті талап қоя алмаймыз. Өйткені Ата заңымызда орыс тілі ана тілімізге «ары ығыса тұр» деп, оның заңды орнына ожырая келіп, бірге жармасқан. Яғни егемен елімізде орыс тілі қазақ тілімен тең қолданады. Бір сөзбен айтқанда құқы да, мәртебесі де (солай жазылып қоймаса да) бірдей. Содан соң, миллиондаған жалақыны қалтаға басып, сәйгүліктей сылаңдаған көлікті шалқая мініп, жайлы орынтақта жайғасып алып, қалың қазаққа қай мінберде де тек орыс тілінде ғана сайрайтын қандай да биік лауазым иесіне (оның ішінде министрі де бар) ештеңе деп ауыз аша алмайсың. Қысқасы, бюджеттен яғни, халықтан жиналған қазынадан шалқып күй кешіп отырған мемлкеттік қызметкердің баспасөзге берген сұхбатындағы немесе үкіметтегі жасаған баяндамасындағы халыққа аса қажетті мәліметтерден қазақ тілді үлкен бір қауымның мақұрым қалып отырғандығы, мұның өзі сол елдің басым көпшілігін құрайтын ұлтты ашықтан-ашықтан тіл жөнінен кемсіту екендігін айтып жатудың өзі артық. Мүмкін, Конституциямызға ең болмаса, «қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беріледі. Қазақстан тұрғындарының барлығы да осы екі тілді білуге тиісті» деп жазған әділетті болар. Сонда ең болмаса министрімізден қазақша сөйлеуді заң жүзінде талап етер едік. Әрине, мұны біз өзгелерден ана тілімізді үйренуді талап етуге мүлдем құқымыз болмағандықтан, мұның түбі тығырыққа тірейтіндігін сезінгендіктен, амалымыз құрығандықтан айтып отырмыз.
Жалпы, біздің билік қазақ тілі мәселесінің көтерілгендігінен қатты үркіп, ол туралы сөз қозғауға қорқады. Сіздер, Ақ ордаға есеп беруге барған облыс әкімдерінен: «Осы сіздерде мемлекеттік тілдің дамуы қалай? Бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?» деген сауалдың қойылғандығын естідіңіздер ме? Мен мүлдем естіген емеспін. Жақында осындай есеппен біздің Қостанай облысының әкімі Архимед Мұқанбетов те барып қайтты. Оған бұл проблема жайлы құлаққағыс еткен ешкім болған жоқ. Ал бұл өңірлерде ана тіліміздің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ деп айта алмаймыз.
Біз әрине, алдымен экономиканы дамыту керек екендігін жақсы түсінеміз. Алайда қазіргі қалың көпшілікті алаңдатып отырған аса күрделі мәселе - ана тілімізді екінші, үшінші ғана емес, ең соңғы орынға ығыстырып тастамай, сол экономикаға көңіл бөлгендей көңіл бөліп отырса, қоғам дамуына кері әсер ете ме?
Міне, осындай солқылдақ жағдайды жақсы білген аумақ басшылары ана тіліміздің хал-ахуалына назар аударуды біржолата жылы жауып қойды. Онысын түсінуге болды. Халық сайламаған әкім сол халықтың жанайқайын маса шаққандай көрмейді. Олар тек робот секілді, тек жоғарыдан нұсқау түссе ғана қимылдайды. Ал жоғарыдағыларға мемлекеттік тіліміздің жай-күйі аса маңызды емес. Міне осыдан кейін, жергілікті билік есірмегенде қайтеді?..
Мәселен, біздің Қостанай облысында ана тіліміздің жағдай аса бір мүшкіл халде десек, Архимедтің ашуына қала қоймаспыз. Бұрын, мәселен, көзбоушылық болса да ана тіліміздің жағдайына арналған облыстық деңгейдегі жиналыс өткізіліп тұратын. Бір кезде осы өңірді басқарған, ұлты өзге болса да Сергей Кулагин ана тіліміздің жай-жапсарын талқылаған жиналыс өткізіп, оған өз нөкерлерімен қатысып, сыпайышылықпен болса да, қазақ тіліне көңіл бөлу керектігін қайта-қайта еске салатын. Бірде оның: «Қазақтар кезінде орыс тілін бізден де артық меңгерді. Біз неге енді оларға сол қарыздарын қайтармаймыз?» деп жүрегімізге жылы тиетін сөздер айтақаны бар. Содан обалы не, өзі қазақшасы қатып тұрмаса да, бұдан кейінгі әкім Нұралы Сәдуақасов та осы тақырыпта алқалы жиналыс өткізіп, біраз шенеуніктерге нақты-нақты тапсырма бергені бар. Ал аты айдай әлемге белгілі Архимед келгелі бұл мәселе мүлдем жылы жауып қойылды. Жасынан тек маңдайына әкім болуды жазған Архимед мырза осында басшылық еткелі жеті жылдың ішінде ана тіліміздің бүгінгі тағдыры жайлы бірде-бір келелі жиын өткізген емес. Оны айтасыз, өзі ана тілімізде сайрап тұрса да, облыстық деңгейде өткізілген бас қосуларда бір ауыз қазақша естімейсің. Мұны да аз десеңіз, облысымыздығы қазақтары басым Әуликөл мен Наурызым секілді аудандарда барғанда сол қалпынан таймайды. Ал жақында осындағы Қарабалық ауданында жаңа қазақ мектебінің салынуына байланысты, сол білім ұясы салынатын жерді көруге барғанда, өзіне есеп берген қазақ жігітімен орысша шүлдерлескендігінің куәсі болдық. Сірә, қазақ мектебі жайлы қазақша сөйлессе онымен бірге шашбауын көтеруге барған облыстағы орыс тілді журналистер түсінбей қала ма деп қатты қысылса керек. Жоғары жақтан осындай «үлгі» көрген қарапайым жұрт не түйін түйеді? «Сонда ана тіліміз билікке қажеті жоқ болса, кімге керек болады?» деген сауал туындайтындығы сөзсіз. Ал мұндай көзқарас онсыз да есіктен сығалауға жарамай жүрген қасиетті ана тіліміздің алға басатын қадамын кері сүйрейтіндігіне таңдана қоймаспыз. Біздің ана тіліміздің ауыр тағдыры ең алдымен халықтың есебінен ішкені алдында, ішпегені артында болып, жайлы да жақсы тұрмыс кешіп отырған биліктің мойнында.
Мемлекеттік тілімізге деген осындай көзқарас ақыры Қостанай секілді қалаларда жаппай сауатсыздық әкеліп соқты. Мәселен, қазір сіз осы облыс орталығындағы қандай да көше аттарының қатесіз, дұрыс жазылғандығын кездестіре алмайсыз. Мәселен, бізде қазақша атауы жоқтай, көшелер «Победа», «1Мая» деп жазыла береді. Оны айтасыз, қазақша атаулардың таза орыс тілінің емлесіне сәйкес жазылуы дәстүрге айналған. Мәселен, «.Амангельды», «Аль-Фараби», «Баймагамбетова», «Байтурсынов» деп тарта береді. Мұндағылар тіпті, өзіндік емлесі мен ережесі қалыптасқан толыққанды қазақ тілінің бар екендігін қаперінен шығарып алған секілді. Егер көше аттары осылайша дүбара қалпында жазыла берсе, онда анау облыстық және қалалық тілдерді дамыту басқармалары мен білім басқармасы секілді ұйымдарды халықтың ақшасымен бостан-босқа ұстап тұру қаншалықты қажетті деген сауал туындайды.
Жайберген Болатов,
Қостанай
Abai.kz