Жұт келе жатыр ма?
Жер-жерде құрғақшылық салдарыынан мал қырылып жатыр деген хабардың халыққа үрей туғызып отырғаны рас. Мұндай қорқыныштың пайда болуы тарихи себептерден туындайды:
- Малмен күн көрген халық көшпелі мал шаруашылығын өзінің тіршілігінің көзі еткенін бәріміз жақсы білеміз. Бұрынғы индустрияға дейінгі заманда қазақ елінің табиғи-географиялық жағдайы халықтың өмір сүру ережесін қорек көзіне тәуелді етті. Ол - мал шаруашылығы болатын. Сондықтан, қазақ елі мал ыңғайымен үнемі көшу-қону жағдайында өмір сүрді.
Жалпы, бұл қазақ халқына ғана тән заңдылыққа жатпайды: ол замандарда әрбір халық өз өмір сүру қалыбын өзінің өмір сүріп отырған гео-табиғи жағдайымен ғана ұштастыруға мәжбүр еді. Мысалы, отырықшы халықтар егіншілікпен айналысты, елдімекендерде қолөнерді дамыты. (Ол ғылым мен өнерге (инженерияға) деген сұранысты тудырушы фактор). Қалалар мен елдімекендер пайда болды. Ал теңіз жағалаған халықтар теңіз өнімдерін өндіруге және тұтынуға бейімделді (жапондар, корейлер және т.т.). Сондықтан, қазақ елінің мал шаруашылығымен айналысуы да осы заңдылықтар қатарында болатыны шындық... Бірақ, мал шаруашылығының сыртқы табиғи факторларға тәуелділілігі өте жоғары болады. Мысалы, теңіз балығы жыл-он екі ай қорекке жарайды. Егіншілікті суармалы етуге болады және т.т.
Оның үстіне, отырықшы кәсіптік жағдайда азық-түліктің алдағы қорын жасау мүмкіндігі де жоғары болады: халық қандай да бір қиын жағдайларға тап болғанда (мыс. соғыс) - олар біршама уақыт сол қорды пайдаланып өмір сүре береді. Сөйтіп, сол екі арада олардың жағдайды түзеуге мүмкіндігі, яғни, халық ретінде сақталу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Ал көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ елі үнемі де тікелей, төтесінен табиғи қатерлер өтінде тұратын, олар: эпидемиялық мал ауруы қатері, қолайсыз ауа-райы, көш-қон технологиясының қиындығы, малдың сұрыпталған түрлерін өсіру қиындығы және т.т.
Сондықтан, қазақ елі табиғи апатты жағдайда (жұт) қатты зардаптар мен зауалға ұшырау қатері өте жоғары жағдайда тұрды. Яғни, қазақ елінің мал шаруашылығын «жартылай әскери сынақ алаңы» (полигон) деп атауға да болушы еді. Соған сәйкес, бұл халықта ондай өмірге лайықталған «өмір сүру ережелері» қалыптасатын, олар: Өзара көмек, Келісімге келу, Ақиқаттан қашпау, Шындықты бүркемелемеу, Сабырлылық, Әділеттілік, Өжеттік пен Қайсарлық және т.т. Себебі, қазақ елі «өзіңді өзің алдасаң да, табиғатты алдай алмайсың» дегенді жылына емес, күндігінде өз басынан өткеріп отырған!
Ең бастысы, мұндай қатал «жатрылай әскери» өмір жағдайында қазақ елі үшін әрбір адам басты құндылық болды. Мәселен, бүгінде айтылып жүрген қоғамдағы «ерлер» мен «әйелдер» деген бөліністің отбасылық деңгейде аражігі ажыратылғанымен, халық өмірінде олардың екеуі де тең дәрежеде болды. Сол арқылы, өз заманында табиғаттың «Аталық бастау» және «Аналық бастау» дейтін Ұлы заңы қазақ елінде толық салтанат құрды.
Тіптен, ол Жаратушы Құдай дүниетанымында да (сенімінде) Тәңір және Ұмай Ана бейнелері арқылы көрініс тапты. Нәтижесінде, қазақ елі ғасырлар бойы осындай мал шаруашылығын жүргізудің хас шеберлеріне айналса да - Ұлы табиғаттан құдыретті бола алмады. Олар бәрібір де оқта-текте құрғақшылық, онымен бірге келетін жұт дейтін апаттарға кездесіп отырды.
Міне, бүгін де «мал қырылып жатыр» деген хабарлар қазақ санасында сақталып қалған «жұт» деген қатерлі сөзді қайта еске түсіріп, ол гендік тұрғыдағы жадыны оятып, «Жұт келе жатыр ма?» дейтіндей қорқынышты тудыруда.
Қазір әлем индустиялық дәуірге көшкен. Ендігі кезде пайда болған жаңа технологиялар, коммуникация мен логистика ешқандай жұттың болуына жол бермеуі тиіс еді... Бірақ ол орын алуда. Неге? Себебі, біз мал шаруашылығын толығымен жекенің қолына өткізіп, соған тәуелді болып қалдық. Ал мемлекет жеке шаруаны жұттың алдын алатын «технологиялық қауіп-қатер алды» шараларымен қамтамасыз етуден бас тартты. Шаруаны «өзімен өзі», яғни, қатер өтінде тастап кетті. Өйткені, ондай «қатердің алдын алу» шаралары ұжымдық деңгейде ғана атқарылуы мүмкін. Олар - комплексті шаралар. Мемлекет ұжымдарды күштеп таратқан кезде сол қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді өз мойнына алып қалуы керек еді. Ұжымды таратқанда Мемлекет өзіне Ұжымдық функцияны толығымен алуы керек еді... Алған жоқ. Нәтижесінде не болды?
Нәтижесінде бұрынғы ұжымдық тұрғыда ұйысып жұмыс істеп тұрған, жұттан (эпидемиядан т.т.) қауіпсіздік шаралары ұжымдық-мемлекеттік тұрғыда қорғалған жүйе қирады. Онымен бірге малға ыңғайлы «көшпелілік» те жойылды. (Бары - үлкен қиыншылықпен, қатермен, шығынмен арқарылуда). Бастысы - бүгінде «қазіргі заман көшпенділерінде» ешқандай да қауіпсіздік кепілдік жоқ екендігі! (Қазіргі әлемдегі өркениет заманында!) Осыдан барып, шарасыздық тек шаруаға келді деп ойлаймыз. Алайда, мемлекеттік азық-түлік және т.т. қауіпсіздік тұрғысынан бұл жұт – мемлекеттік шарасыздықтан орын алуда десек қателеспейміз!
Әбдірашит Бәкірұлы,
Әл-Фараби ат. ҰУ философия кафедрасының аға оқытушысы
Abai.kz