Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 5410 9 пікір 24 Маусым, 2021 сағат 13:33

«Қасиетті парыздың» қадірі кетпесе екен!

Тағы да Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.К. Тоқаевтың назарына

Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен Сіздің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламаңыздан бастап, Сіз жолға қойған жалпы саясат пен барлық реформаларды бар ынта-пейіліммен қолдап келе жатқан адаммын. Әсіресе, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формулаңыз бен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамаңызға имандай сенген азаматпын. Сеніп, қолдап қана қоймастан, Сізге көмектесуді де өзімнің басты парызым деп білдім және осы бағытта шамам келгенше әрекет етудемін.

Соңғы он жылдың көлемінде Елбасы ерте жолға қойып, Сіз жалғастырып отырған Көші-қон саясатымен тынбай айналасып келе жатырмын. Аталған салаға қатысты заңдар мен нормативтік құжаттардағы кемшіліктерді түзетуге елеулі ықпал еттім.

«Оралман» атауының «Қандас» деп өзгертілуі, Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған қандастарымыз бен қоныс аударушыларға берілетін квота сомасының екі есеге көбейтілуі секілді біраз маңызды мәселе Өзіңіздің тікелей ықпалыңызбен шешім тапты. Алыстан оралған қандастарымыз қазір оның игілігін көріп отыр.

Әрине, бұл – Қазақ көшіне қатысты барлық мәселе толық шешіліп кетті деген сөз емес. Заңнамалардағы бір-біріне сәйкес келмейтін және Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы нормалар, уақыт талабына сай реформалайтын тұстар әлі де бар.

Соған байланысты, «Дат» газеті (№951-ші сан, 11 маусым, 2021 жыл) арқылы Сіздің атыңызға «Ашық хат» жазып, Президент Әкімшілігінің араласуымен әдейі  қабылданған заңның кесірінен 1982 қандас отбасының тұрғын үй кезегінен шығарылып тасталғанын және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 13 - бабының 18 - тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабының 2-бөлігіне қайшы екенін, қатысты заңнамадағы бұл қателіктерді Президент Әкімшілігінің біле тұрып, әдейі өткізіп жібергенін баяндағам.

Міне, содан бері екі апта өтті,  Президент Әкімшілігінен еш жауап ала алмай отырмын.

Әлеуметтік желі арқылы өзім сыйлайтын Президент Әкімшілігінің басшыларының атына да жеке-жеке хат жазып, сұрау салып көрдім.

Ешкім үн қатқан жоқ!

Негізі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы 2020 жылы Мәжілісте талқыланып жатқан кезде бұл қателікті түзету туралы ұсыныс беріп, заңдастыра алмадым.

Бір таң қаларлығы, сол кезде де осы мәселе туралы Сіздің атыңызға жазған «Ашық хатым» жауапсыз қалған болатын.

Шамасы, бұл жолғы «Ашық хатым» да Сізге жетпеген ұқсайды.

Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіз кезекті Жолдауыңызда ««Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет.» деген болатынсыз.

Өзім имандай сенген сол «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» Президент Әкімшілігінің қандастарымыздың мәселесіне келгенде үнемі үнсіз қалатыны, естімеске сала беретіні мені қайран қалдырады. Бұл жағдай мені ғана емес, алыстан оралған қандастарыңызды да,  тіпті жалпы қауымды қатты таңырқатуда әрі алаңдатуда.

Президент Әкімшілігінің осындай «кереңдігінің» кесірінен қандастарымыздың осыған дейін көрген бейнеті, тартқан азабы аз болған жоқ. Көз жастары көл болып еңіреген, құжаттана алмай сергелдеңге тұскен сол қандастарымды ойласам, әлі күнге дейін жүрегім сыздап, ұйқымнан шошып аянамын. Және ол қателіктердің мұралдық,  саяси жауапкершілігін  ешкім мойнына алып, заңдық бағасы берілген емес.

Егер, «Дат» газеті арқылы мен көтерген екі мәселе Сіз тарапынан ескерілусіз қалса, онда Сіздің «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» - деп, Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ көші туралы тұңғыш рет айтқан керемет сөзіңіздің не қадірі қалмақ?!

Сондай - ақ, әлемегі барша қазақтың қамқоры болған  Елбасымыздың да абыройына нұқсан жетпей ме?!

Себебі, келген қазақтың мәселесі дұрыс шешім таппай жатып, шетелдегі қандастарымызды елге қайтару туралы әңгіме айту тіптен орынсыз екені белгілі.

Сіздің бірегей қолдаушыңыз ретінде менің шыр-пыр болып жанымның күйетін жері – осы.

Ұлттың тағдыры, мемлекеттің болашағы демей-ақ қояйын, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68-бабына «Егер, қандас санатымен баспана кезегіне тұрған азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайда, оның кезегі сақталады» деген ескертпе кіргізу туралы менің берген ұсынысымды құшырлана сызған кезде Президент Әкімшілігі жасы сексеннен асқан Елбасының бет-беделі мен Сіздің жоғарыдағы тарихы сөзіңіздің қадірін ойлады ма екен деші?!

А, мен ойлағам.

Міне, сол үшін жанымды шүперекке түйіп алып, тағы шырылдап жүрмін!

Мен он мыңға жуық қандасымызды баспана кезегінен лақтыртып тастап,  Елбасым мен Президентімді олардың қарғыс - сілесіне қалдыруды, кім көрінгенге ащы сөз айттырып қойып, қарап отыруды ешқашан, ешқашан қаламаймын!!

Мен жақсы білем, Сіз өте әділетті, мейірімді және таза адамсыз. Алдымен Өзіңіз секілді интеллектуалды элита қалыптастырып, әділетті мемлекет құруға бар күшіңізді салудасыз. Бұл – барша қазақтың арманы-тұғын. Сондықтан, мен үшін Сіздің әр сөзіңіз – Заң, аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы, ол мүлтіксіз атқарылуы керек деп есептеймін!!!

Өзіңізге деген зор құрмет,
шынайы достық жүрекпен,

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Ескерту: Аталған материал «Дат» газетінің №953-ші санында жарияланған.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048