Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4041 10 пікір 2 Шілде, 2021 сағат 12:58

«Жүйе тиімсіз болса, Нобель алсаң да, бюрократқа айналасың»

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемқорлықпен күрес туралы соңғы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Апта ішіндегі басты саяси ақпараттарға талдау жасалған бағдарламада Дәурен Абаев арам ойы болмай жемқорлық қателікке бой алдырған мемлекеттік қызметшіге қылмыстық жаза қолданбау туралы ҚР Президентінің пікіріне түсінік берді.

«Бұл мәселедегі мемлекет саясатын тұнық түсіндіру үшін маған көзге көрінеу жайттарды айту керек сияқты. Қазір билік мемлекеттік басқарудың сапасы шынымен төмендеп кеткенін көріп, біліп отыр. Біз орталық деңгейде де, жергілікті ауқымда да басқару ісінде жүйелік сипаттағы қателіктер көбейгенін түсініп отырмыз», - деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Дәурен Абаевтың сөзінше, жемқорлық туралы сөз болғанда қазір бәрі жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық, непотизм, бюрократия сияқты мемлекеттік аппараттың түрлі ақауларын айтатын болған.

«Ал осы проблеманы қалай шешу керек дегенде адал емес, ақылсыз, білімі жоқ адамдардың орнына қызметке лайық, адал, ақылды, білімі бар адамдарды қою керек дегенді жиі айтады. Әрине, бұл әдемі естіледі. Бірақ проблема басқада. Кез келген шенеунік қалыптасқан нүктелердің белгіленген жүйесінде жұмыс істейді. Оны кәсіби экожүйе деуге болады. Бұл экожүйе іш пыстыратын дүниелерден құралған. Ол – регламенттер, лауазымдық нұсқаулықтар, қызметтік йерархияның ерекшеліктері және тағы басқалар. Көбінесе бұл параметрлер былай құрылған. Сен тіпті, Нобель сыйлығының үш мәрте лаураеаты немесе мегакреативті интеллектуал болсаң да, ерте ме, кеш пе, бәрі бір қағаз бен есептерге көміліп отыратын классикалық шенеунікке, бюрократқа айналасың», - деді спикер.

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аузында жүрген аталмыш тапсырмасы мемлекеттік басқару жүйесінің параметрлерін өзгерту жолындағы алғашқы қадамдардың бірі деген ой айтты.

«Мемлекеттік қызметшілердің инерттілігі, бастамадан жұрдайлығы, титімдей қателікті таудай көріп қорқуы мемлекетке жемқорлықтың өзінен де үлкен шығын әкеліп жатқан шығар. Мен мұны әдемі сөйлеу үшін айтып отырғаным жоқ. Қарапайым ғана мысал, бұрын да айтқанмын. Былтыр жазда пандемия өршіп, жылдам қимылдап, жауапкершілікті мойынға алу арқылы медициналық маскалар мен өкпе аппараттарын, дәрі-дәрмектерді дер шағында сатып алу керек болған кезде адамдар жоғарыдан нұсқау күтіп отырып алды. Ал мына жақта адамдар ауа жетпей, тұншығып жатқан еді. Оттегі маскалары, бәрі-бәрі кешігіп жетті. Өйткені актілерге қолдар мен бұрыштамалар қойылмаған еді. Тек Президент араласқаннан кейін ғана процесс қарқын алды», - деп еске алды Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, ол Президенттің ел арасында қызу талқыланған сөзінің астарында жемқорлықпен күрес жұмсартылады деген ишара жатпағанын ескертті.

«Сеніңіз, жемқорлықпен күресті ешкім тоқтатайын деп жатқан жоқ. Керісінше бұған дейін бюрократиялық шиеленістерді тарқатуға бағытталған күштің бәрі шын жемқорлықпен күреске тасталады. Мемлекеттік қызметшінің әлеуетін толық ашуға жағдай жасалып, тиімділігін арттыру керек. Бұл бағыттағы басты жұмыс осы болмақ» - деді ол.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383