Талибан қаупі: Тәжікстан бізді көмекке шақыруда
Қазақстанда "Талибан" қозғалысы лаңкестік ұйым деп табылып, 2005 жылы тыйым салынған террорлық ұйымдар қатарына енгізілген. Жалпы елімізде мына 22 ұйым террорлық және лаңкестік деп табылып, тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде:
1. «Аль-Каида»
2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»
3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»
4. «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»)
ІІ. Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес:
5. «Асбат аль-Ансар»
6. «Братья-мусульмане»
7. «Талибан» қозғалысы
8. «Боз гурд»
9. «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер»
10. «Лашкар-е-Тайба»
11. «Әлеуметтік реформалар Қоғамы»
ІІІ. Нұр-Сұлтан қаласы сотының 2005 жылы 28 наурыздағы шешіміне сәйкес:
12. «Хизб-ут - Тахрир» ұйымы
ІV. Нұр-Сұлтан қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес:
13. «АУМ Синрикё»
14. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»
V. Нұр-Сұлтан қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешіміне сәйкес:
15. «Түркістан ислам партиясы».
VІ. Атырау қаласы сотының 2011 жылғы 25 қазандағы шешіміне сәйкес:
16. «Джунд-аль-Халифат»
VII. Шығыс Қазақстан облысы арнайы ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 7 маусымдағы шешіміне сәйкес:
17. РҚБ «Сенім. Білім. Өмір»
VIII. Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешіміне сәйкес:
18. «Таблиги джамагат»
IX. Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешіміне сәйкес:
19. «Ат-такфир уаль-хиджра»
X. Нұр-Сұлтан қаласы есіл ауданы сотының 2015 жылдың 15 қазан айында қабылданған шешіміне сәйкес:
20. «Ислам мемлекеті» (ДАИШ)
21. «Ан-Нусра фронты»
22. «Йакын Инкар» Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы сотының 2018 жылғы 10 қазандағы шешіміне сәйкес экстремистік ұйым болып табылды. Міне, осының ішінде бізді қазіргі таңда "Талибан" қозғалысының Ауғанстандағы әрекеттері алаңдатып отыр. Ол алаңдаушылық идеологиялық, саяси және тіпті әскери тұрғыдан да бар десек болады. Себебі тәлібтердің әрекеттері тікелей аумақтық тұрақтылық пен бейбітшілікке кері фактор болып тұр.
Ежелгі Римде «Ганнибал қақпаның алдында» деген сөз мемлекеттегі әскери жағдайдың ушыққан, өте нашар екенін білдіретін. Тура осы сөзді қазіргі уақытта Ауғанстанға қатысты қолдансақ та болады. Сөздік мәнін өзгертіп. Талибан Кабулдың қақпасын қағып тұр.
Ауғанстандағы әскери ахуал күн өткен сайын қиындап барады. Елдің әр аймағында кескілескен ұрыстар жүріп жатыр. Тәліптердің қарқыны қатты, екпіні мықты. Таудан аққан асау өзендей бұлқынып келіп алдын тосқауылдаған талай әскери бекетті тас талқан етті. Тоқтайтын түрі де, ойы да жоқ. Діни мемлекет құруды мақсат етіп, күні-түні сол жоспарларын шынайылыққа айналдыру жолында жорық жасап жатыр.
Жыл басында Ауғанстаннан батыстық күштер шығарылатыны белгілі болды. Вашингтон да жиырма жылға жуық іске асқан әскери операцияны аяқтауды жөн деп тапты. Осылайша 2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін Ауғанстанға кірген НАТО күштері 2021 жылдың 11 қыркүйегінде елден толық шығарылуы тиіс. Тек қана ірі қаладағы батыстық дипломатиялық миссияларды қорғауға азын-аулақ әскер қалдырылады.
Тәліптер жыл сайынғы көктемдік шабуылдарын іске асыруды сәуір айында бастады. Олардың екпіні қатты болғаны соншалық, бірнеше ауданды тез арада өзіне қаратып үлгерді. Ал нағыз шиеленіс маусым айының басында басталып, әлі жалғасып келеді. Батыстық күштер біртіндеп елден шығарылып жатыр. Қазірдің өзінде 65% құрамы қайтарылды. 25 маусым күні АҚШ әуе күштері Ауғанстан аумағындағы тәліптерге әуеден жойқын соққылар жасады. Ұшақтар елдегі ең ірі Баграм әскери базасынан ұшып шыққан болатын. Баграм Ауғанстандағы ең үлкен әскери база. Оны 80-жылдары КСРО салып, 2001 жылы АҚШ әскерилері иемденді. Базада 10 мыңнан астам әскери мен 110 ұшақ шоғырландыруға болады. Көлемі орасан. Дәл осы базаны 2 шілде күні АҚШ әскерилері толық тастап шықты. 3 шілдеде ол Ауғанстан режиміне салтанатты түрде табысталды. Міне, бұл жайт Талибанның еркін қозғалуына серпін берді.
3-4 шілдедегі Талибанның шабуылынан сақтанып, Тәжікстан аумағына 1600 ауған сарбазы өтіп кетті. Ресми Душанбе оларды босқын ретінде қабылдап отыр. Талибан қазір Ауғанстанның Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанмен шекараласатын аймақтарды өзіне қаратуда. Осылайша Ауғанстан билігін Орталық Азия мемлекеттерінен құрлық арқылы көмек алу мүмкіндігінен айыруды көздеп отыр. Ол жоспарлары іске асты да. Қазір Орталық Азиядан Ауғанстанға баратын барлық ірі жолдар тәліптердің бақылауына өтті. Кабул енді бұл тараптан көмекті тек қана әуе арқылы алмақ.
Орталық Азия мемлекеттері Талибанның бет алысына алаңдаушылықпен қарап отыр. Ауғанстан толық тәліптердің қолына өтсе, онда есірткі саудасы мен қару-жарақ тасымалы артпақ. Тіпті бұл Орталық Азиядағы радикализацияға да әсер ететін болады. Кей сарапшылар тәліптер Орталық Азияға тікелей соққы жасауы да мүмкін деген ойды жоққа шығармайды. Себебі тәліптерден қашқан ауған әскерилерін паналатқан елдер, тәліптерге қарсы мемлекеттер ретінде бағалануы мүмкін дейді.
Тәжікстан билігі елдің оңтүстік аймағының қауіпсіздігін арттыру үшін қосымша 20 мың сарбазды мобилизациялауға шешім қабылдады. Соның 3 мыңы оңтүстік шекаралық аймақтарға жіберілді. Алайда бұның өзі жеткіліксіз дейді. Сондықтан да ҰҚШҰ елдерінен ресми көмек сұрап отыр. Дүйсенбіде Тәжікстан президенті Эмомали Ресей президенті Путинмен, артынша Қазақстан басшысы Қ. Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, Ауғанстандағы дағдарысты талқылады. Ол Тәжікстан жалғыз өзі бұл күшті тоқтата алмайтынын мәлімдеді. Өз тарапынан ҰҚШҰ елдері Орталық Азия аумағын бірлесе қорғауға уағдаласты.
Ауғанстан қорғаныс министрі Бисмилла Мохаммади елдегі жағдайдың тым күрделі екенін мойындады. «Біз елдегі соғыс қозып тұрғанын, жағдайдың күрделі екенін мойындаймыз. Соғыс шешуші сәтке ауысты», - деді ол. Ауғанстан билігі тәліптерге қарсы халықтық жасақтарды да көмекке шақырып жатыр. Ал Талибан басып алған аймақтарға өз заңын енгізуде. Тәліптердің бақылау аймағында енді ерлер сақал өсіруі тиіс, ал әйелдер көшеге шықпайды. Тіпті курьерлік қызметтерге де тыйым салынған.
11-қыркүйекте батыстық күштер Ауғанстаннан толық шығарылады. Міне, сол сәтте елдегі билік тұтас лаңкестердің қолына өтуі мүмкін. «Тәліп басып алады» деген үрейді Орталық Азияға барынша таратуға тырысып жатқан Ресей бұл мәселені өз позициясын күшейту үшін қолдануда.
Қазақстан тәлібтердің физикалық және идеологиялық жеңісіне қарсы позицияда. Әрине ол логика тұрғысынан да маңызды. Себебі "тәлібтерге тамсанушылар" саны артқан сайын, олардың күшіне деген сенім де көбейіп, радикалдық қимылдарды жақтайтындар саны да арта бермек. Сондықтан мемлекеттік саясат бұл тұрғыдан сауатты жұмыс жүргізіп, идеологиялық алаңда тиімді күрес жасауда деуге толық негіз бар.
Abai.kz