ҚАЙ САЛАДА ДА ҰЛТТЫҚ КАДРЛАРДЫҢ КӨБЕЮІ – ЕЛ МЕРЕЙІ
Астанада шілденің басында қайнаған өмір. Бірінен бірі маңызды халықаралық шаралар өткізіліп жатқан ел кіндігі-бас қалада Жүрек-қан тамырлары хирургтерінің ІІІ съезі өз жұмысын бастап, оған алыс жақын шетелдерден қабырғалы оташылар жиылды. Осы орайда біздің тілшіміз Тараз қаласындағы "Кардиохирургия орталығының" директоры, академик Сейітхан Жошыбаевпен тілдесіп, бірнеше сауал қойған болатын.
- Сейітхан аға, сізді еліңіз қырғыз жұртында еңбек етіп жүріп-ақ туған халқыңызға қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолынан келгенін жасаған азамат деп таниды. Талай қазақ Бішкекке барып, сіздің шипалы қолыңыздан сауығып, үйіріне қайтып қосылды. Енді кіндік қаныңыз тамған жерге келіп, Тараз қаласында орталық ашыпсыз. Жұмысыңызға табыс тілейміз. Қазір де сол бауырлас елде жүріп жасаған жұмысыңыздың желісін үзбей, алғашында Бішкекте, сосын Душанбеде өткен съездің енді Астанада жүргізілуіне де мұрындық болдыңыз. Әңгімені алдымен осы съезд төңірегінде өрбітсек қалай қарайсыз?
Астанада шілденің басында қайнаған өмір. Бірінен бірі маңызды халықаралық шаралар өткізіліп жатқан ел кіндігі-бас қалада Жүрек-қан тамырлары хирургтерінің ІІІ съезі өз жұмысын бастап, оған алыс жақын шетелдерден қабырғалы оташылар жиылды. Осы орайда біздің тілшіміз Тараз қаласындағы "Кардиохирургия орталығының" директоры, академик Сейітхан Жошыбаевпен тілдесіп, бірнеше сауал қойған болатын.
- Сейітхан аға, сізді еліңіз қырғыз жұртында еңбек етіп жүріп-ақ туған халқыңызға қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолынан келгенін жасаған азамат деп таниды. Талай қазақ Бішкекке барып, сіздің шипалы қолыңыздан сауығып, үйіріне қайтып қосылды. Енді кіндік қаныңыз тамған жерге келіп, Тараз қаласында орталық ашыпсыз. Жұмысыңызға табыс тілейміз. Қазір де сол бауырлас елде жүріп жасаған жұмысыңыздың желісін үзбей, алғашында Бішкекте, сосын Душанбеде өткен съездің енді Астанада жүргізілуіне де мұрындық болдыңыз. Әңгімені алдымен осы съезд төңірегінде өрбітсек қалай қарайсыз?
- Жалпы, бұл съезд өзіңіз айтқандай бұған дейін жақын көршілеріміздің жерінде жүрсе, енді алғаш рет Отанымызда, елордасы Астанамызда өтіп отыр. Қазір жер жүзінде, оның ішінде соңғы ширек ғасырдың ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандар қатары молая түсуде. Негізінен алғанда бұл аурумен науқастанатындар саны бұрын да аз емес-ті, ал қазір диагностиканың жетілуімен, мүмкіндіктердің артуы және халықтың сауаты деңгейінің біршама көтерілуімен қан айналымы жүйесі ауруларына шалдыққандарды анықтау жолға қойылды. Сол себептен болар, соңғы 25 жылдың ішінде республика бойынша осы ауру түрі азаймай тұр. Статистиканы сөйлетсек, елімізде осы аурулармен сырқаттанушылар 100 мың адамға шаққанда 1906,6-ны құрап отыр. Аз сан емес. Сосын бір айта кетерлік жан қинайтын мәселе - біздің халқымыздың қанына сіңген жаман әдет - көпшілік жұрт ауруы әбден меңдеген тұста, жан алқымға таянғанда барып дәрігердің есігін қағады. Сол кезде жәрдем беру қанша керемет деген маманның өзіне ауыр соғады. Ал енді статистикасы анадай, жүрекке салмақ түсіретін жүгі көп мына қым-қуыт тірлікте халықты сауықтыруды жолға қою үшін не керек? Әрине, кешенді шаралар қажет. Осы тұста Елбасының тікелей қолдауымен кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамытудың отандық бағдарламасы әзірленді. Соның оң ықпалын сезініп жатырмыз. Жер-жерде кардиохирургиялық орталықтар ашылып жатыр. Енді солардың басын біріктіріп, беталысымыз қалай, алыс-жақын шетелдердегі тәжірибелер қалай, жұрт бізді көріп, біз өзгелерді көріп тынысымызды кеңейту үшін осы съезге жиналдық. Съезд жұмысы жоғары деңгейде жүріп жатыр, бұл басқосу, әсіресе, жас мамандар үшін аса қажет.
- Жас мамандар дегеніңізден шығады, жер-жерде орталықтар ашылып жатыр деп айтып отырсыз, оларды мамандармен қамтамасыз етуде еш қиындық жоқ па?
- Бұл мәселе де жоғарыда айтылған отандық бағдарлама шеңберінде қарастырылған. Соңғы жылдарда бір Литваның өзінде 60 кардиохирург қайта даярлаудан өтсе, осынша маман Израильде де даярланып жатыр. Өзіміздің бұрынғы мамандарымыз бар, оның үстіне қат маманды шетелден арнайы шақыртып операция жасау тәжірибесінің арқасында сондай бір қиындық жоқ.
Осы жерде мен бір нәрсені айтқым келеді. Өткен ғасырда өмір сүрген әзірбайжан оқымыстысы Шервани "әр елдің дамып, өсуі үшін сол елдің өзінің жергілікті мамандары өсіп шығуы керек" деген ой айтқан. Осы пікірге мен бар пейіліммен қосыламын. Шетелден маман шақыру қымбатқа түседі. Онан да өз ішімізден шыққан мықты мамандардың жағдайын жасап, жұмысының әділ бағасын берген әлдеқайда тиімді болар еді. Сізге бір мысал келтіре кетейін. Менің бір мықты оқушым Түркияға барып жұмыс жасап келді. Сонда ол операция жасаған соң, ақы төлер кезінде дәл сондай операция жүргізген Түркия азаматынан жалақыны жарты есеге кем алып отырған. Себебі, ол Түрік мемлекетінің азаматы емес.
Менің ойымша, әрбір азаматтың, маманның бойында өз ісіне деген кәсіби шеберлікпен қатар, отансүйгіштік, патриоттық сезімдер қалғымауы тиіс. Жаңа өзіңіз айтып отырсыз, мен 51 жыл Бішкекте жұмыс жасаппын. Тәуелсіздік алған жылдарда 100 адамға операция жасасам, соның 30-ы Қазақстаннан келген болып шығады. Сол қатты намысыма тиді. Қырғызстанмен кең байтақ, асты-үсті қазынаға толы Қазақстанды салыстыруға келмейді ғой. Отырып алып бір күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жаздым. Осылай да, осылай, бойымда қуат, әлім, күшім барда жинаған тәжірибемнің игілігін еліме жасасам, менің туған жұртыма септігім тисін, көмектесіңіз, деп. Елбасының хош көруінің арқасында салалық министрліктің қолдауымен туған жерімде шағын ғана ЖШС аштым. Енді оны ірілендіріп, 80 керуеттік ғылыми-клиникалық кардиохирургиялық және транспантологиялық орталыққа айналдырамыз деп ойлап отырмыз. Алла жазса, жұмысымыз жуырда басталады.
- Онда осы орталықтың жұмысына да тоқтала кетсеңіз.
- Елге келген соң бір кішкентай жерден ашқан шаруашылық серіктестігіміздің жұмысы, тіл-көзден сақтасын, жақсы жүріп жатыр. Былтырғы жылы 150 операция жасалып, барлығы да аяқтарынан тік тұрып, отбастарына оралды. Үлкен қуаныш. Биыл 300 операция жасаймыз десек, жарты жылда соның 150-ін жасап қойыппыз. Былтыр мемлекет квотасымен 50 адамға операция жасалса, биыл ол 200-ге жетті. Бұл - мемлекет тарапынан дәрігерлерге де, науқастарға да жасалған үлкен қолдау. Алға қойған міндеттеріміздің бірі - бүйрек ауруымен науқастанатын жандарды шетелдерге жібермей, органдарды алмастыру, оның ішінде жақын арада бүйрек ауыстыру операциясын өз орталығымызда жасасақ дейміз.
-Жоспарларыңыздың барлығының жүзеге асуына тілектестік білдіремін. Әңгімеңізге көп рахмет.
Авторы: Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
"Егемен Қазақстан" газеті 4 шілде 2009 жыл