Күншығыстағы аштық
Егістікке түйір дән шықпай, тігерге тұяқ таппай қиналған халықтың аштыққа мойынсұнған заманы кеше ғана емес. Алапат нәубеттің ежелгі дәуірде елге шүйліккен кезі болған. Тарихтағы ең ауыр кезең де осы аштық жылдары болса керек. Қағазға таңбаланған деректер Жапон архипелагында сонау 1180 жылы елді орнынан үдере көштірген зұлматтың өткендігін көрсетеді. Жерге бір тамшы жаңбыр жаумай, қуаңшылық орын алады. 1181 жылы Киотодан бастап, елдің бүкіл Батыс аймағын ашаршылық жайлайды. Аралдар өліктерге толып, тірі қалғандары жөңкіле көшеді.
Сегіз ғасыр бұрынғы Камакура дәуірінің ғұламасы Камоночйоумэй «Хоуджоуки» деген кітабында «Йоува кезеңінде екі жыл қатарынан бүкіл дүние аштықтан зардап шекті. Жапон аралдарында көктем мен жазда қуаңшылық болып, күз бен қыста тайфун толастамады. Табиғи апаттар тоқтамай, ел бір түйір дәнге жете алмай зар болды» деп жазған. Ашаршылықтан ең алдымен, ел астанасы Киотоның жапа шеккендігі де осы еңбекте айтылған. Нәубет кезінде бір ғана Киотоның 42300 тұрғыны көз жұмған. «Жол жиегіндегі өліктерде есеп жоқ. Түгел теріп жатқан кім бар? Шіріген иіс мүңкіп тұр» деп, шаһардың өлікке толып кеткендігін суреттеген. Ниннаджи ғибадатханасының дінбасы өліктердің маңдайына белгі соғып, таңбалаған дейді. 1230 жылдарға дейін созылған ақтаңдақ жылдар осы Йоува кезеңіндегі аштықтан басталады.
«Адзумакагами» деген шежірелік еңбекте 1230 жылдың маусым айында Мусашино елінде (қазіргі Токио, Сайтама, Канагава жері) аптап ыстықта қалың қар жауып, табиғат теріс мінез көрсеткендігі жайында мәлімет сақталған. Қардың арты нөсерге ұласып, ел қысқа дейін жауыннан көз ашпаған. Қар жауғанда, керісінше күн жылынып, соның салдарынан ел бұл жылы астықсыз қалған.Тауқымет санын тайфун көбейтіп, 1231 жылға аяқ басқанда халық аштан қырыла бастаған. Бұл кезеңде осы аймақтағы елдің үштен бірі көз жұмған дейді. 1259 жылғы «Хякурэншйоу» деген кітапта «Бұл 1180 жылғы Йоуваның аштығынан кейінгі зұлмат еді» деп жазылған.
Фудзивараносадаиэ әулиенің күнделігінде бұл ашаршылық туралы толық жазылған. 1231 жылдың қыркүйек айында Хокурикудоу (Хоншю, Жапон теңізі аймағы) мен Шикокуде (Токушима, Канагава, Эхиме префектуралары) қуаңшылық болып, жұрт аштан сұлап, өліктің иісі билікті ұстап тұрған Фудзивара сарайына дейін мүңкиді. Исэ аймағында көз жұмғандар өте көп болыпты. «Әлі жеткендері Киото мен Камакураға (Канагава префектурасындағы қала) барып, жосылған халықтың қалған бөлігі ары қарай жүруге дәрмені болмай, сол жерде ісіп-кеуіп жатты» дейді. Өкіметтің де қоймада қалған күрішті таратудан басқаға шамасы келмеген кез екен. Цуруоканың Хачиман ғибадатханасында ел мен жердің амандығын тілеп, ашаршылықтан құтқаруға ниет еткен рәсімдер жасалады. Аштық адамға не істетпейді? Азын-аулақ байларға қатын-баласын құлдыққа сатып жібергендер де болыпты. Бакуфу өкіметі бұл мәселе ушығып бара жатқан соң, 1239 жылы пайда табу мақсатымен адамды жалға беру мен жалға алуды тоқтатуға бағытталған қатаң шаралар қабылдайды.
«Чйоурокуканшйоунокикин» деген атпен тарихта қалған алапат аштық 1459-1461 жылдар аралығында бүкіл Жапонияға ауыз салған. Елдің батыс бөлігін қуаңшылық жайлап, егінге құрт түсіп, ел ішіне жұқпалы дерт тарайды. Ал 1459 жылы тамызда Киотоға тайфун төніп, Камогава өзені тасып, ауылдарды ағызып әкетеді. Нәр таппай қиналған халық қаланың ортасына жиналады. Джишю ғибадатханасының Ганами деген дінбасы Киото халқына ава дақылынан ботқа жасап үлестіреді. Киотоның 82000 тұрғыны аштан кеткен деседі.
Жапон тарихындағы 1603-1868 жылдар аралығындағы Эдо дәуірінде төрт үлкен аштық болған. Жиі-жиі қуаңшылық болып, жанартаулар атқылап, сел жүріп, елді азығынан айырған. 1642-1643 жылдары болған нәубетті Канэйдің аштығы дейді. Қуаңшылық кесірінен Эдо өкіметінің ауылшаруашылық жоспарлары жүзеге аспай, жұт келеді. Мал өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Кюсю өңірінде ірі қара мал қырылып қалады. 1640 жылы маусымда Хоккайдоның Комагатакэ жанартауы атқылап, Цугару аймағының егістігін күл басып қалады. 1641 жылы Чюгоку мен Шикоку аймақтарының егістігі қуаңшылықтан қурап қалады. Күзде Хокурику өңірінде сел жүріп, жай түсіп, қалған егінді құрт жеп, тұрғындар астықсыз қалады. Шығыста Тынық мұхиттан гөрі Жапон теңізі жағалауындағы халық зардапты көп шегеді. 1642 жылдың мамыр айында Жетісуда Мантайдың 30000 жылқысы қырылғанда, Токугава Йэясу шйогун аштықпен күрес бағдарламасын бекітеді. Бұл бағдарлама кейін Эдо өкіметінің ашаршылықтың алдын алу жоспарларына негіз болған. 1643 жылы аштан өлгендердің саны көбейіп, Бакухан әр дайканға (аймақтық Жер басқармасы) өліктерді жинап, тегін анықтауды тапсырады. Өкімет тірі қалғандарға қоймада сақталған бар күрішті үлестіреді. Наурыз айында «Егістікті сатуға тиым салу туралы» заң шығарылады. Осындай шаралар кейін Жапониядағы Бакухан реформаларына ұласқан.
Кйоухоу кезеңінің аштығы 1732 жылы басталған. Жаз салқын болып, егістікке зиянкес жәндіктер қаптап, Чюгоку, Шикоку өңірлері мен батыстағы Кюсю толығымен азық тапшылығын көреді. Сэтонайкай - Ішкі жапон теңізінің жағалауындағы ауылдар қуаңшылыққа ұшырайды. 1731 жылдан түнерген аспан бір жыл бойы қабағын ашпапты. Екі ай толассыз нөсер төгіп, егінді шегіртке басып қалады. Бұрын 46 хандықтың егістігінен 2360000 коку (1 коку - 180 литр) күріш жиналса , бұл жылы 630000 коку деңгейіне түседі. Бір уыс дәнге зар боп, 12000 жан мерт болған деседі. ХІХ ғасырда хатқа түскен «Токугаваджикки» тарихи кітабында Жапония 969,900 адамынан айырылған дейді. Бұдан басқа 2500000 кісі аштықтың зардабын тартқан.
1770 жылдары да Тоухоку аймағында егіншілікпен айналысып келген ауылдар аштан бұратылып жатқан. 1783 жылы Ивакисан мен Асама жанартаулары атқылап, төңіректі күл көмкереді. Бұл да алапат аштыққа әкеледі. Ғалым Сугитагэпакудің (1733-1817) еңбектерінде Тоухокуде 20000 адам жан тәсілім еткендігі туралы жазылған. Кейбір деректерде хандықтың тең жартысы қырылған деседі. Аштық пен жұқпалы дертке 1780-1786 жылдар аралығында 92000 адам ұшыраған. Ауыл халқы қалаға ағылып, бұл зұлмат астананы да шарпыған.
Шйоуватоухокудің үлкен аштығы 1930 жылдан 1934 жылға дейін созылып, Хоншюдің солтүстік-шығысындағы Тоухоку аймағын түгел шарпыған. Тарихта бұл кезеңді «Шйоуватоухокудің қуаңшылығы» деп те атайды. Эдо дәуірінде Тэммэй (1782-1788) мен Тэмпоу (1833-1839) кезеңдерінде де аштық болған. Мэйдзи кезеңіндегі 1872, 1902, 1905, 1910 жылдары да ел аштық қамытын киген. Тайшйоу кезеңінде екі рет (1913, 1921) жаппай қуаңшылықтан халық азық тапшылығын көрген. 1931-1933 жылдар аралығындағы кезең де зұлмат жылдар санатында. Нәубеттің соңы 1935 жылға дейін созылып, тарихтағы ең соңғы ашаршылық саналады. Талай тауқымет, нәубетті бастан өткерген жапон халқының қиын кезеңдер хақында айтылатын аңыздары аз емес. Тоухокудың солтүстігіндегі Аомори, Чюгоку аймағындағы Хирошима, Тоухокудың оңтүстік батысындағы Ямагата префектураларының аңыздарында аштық кезеңдері былай суреттелген:
«Тэммэйдің ІІ-ші жылы (1782) наурыз туа жауған жаңбыр шілденің ортасына дейін басылмады. Егінді сел шайып, ел ауызға салар түйір дән таппады. Күзге дейін толассыз нөсер төксе, қыста күн жылынып, ағаштар гүлдеп, бамбук өскіндері қылтиып шықты. Көктем келгенде күн суытып, ел қыстық киімдерін киді. Бір жыл өткенде, тамыз айында жер сілкініп, Асама жанартауы атқылап, жауған күлі аймақты басып қалды. Аштықпен қоса, лавадан мерт болғандардың санында шек болмады. Жанартау атқылағаннан кейін Тонэ өзенінің суы пайдалануға жарамай қалды. Бұл жылғы жойқын лава ұзақ жауынды шақырып, отырғызған көкөністер шіріп, егін піспей қалды. Ағаштағы жемістер де піспеген күйі түсіп қалды. Қара жаңбыр жауып, дәу бұршақтар елді нәпақасынан айырды. Аштық бүкіл елді жайлады. Жұрт қорасында қалған сабанды ұнтақтап, папоротниктің тамырын қазып, ботқа жасады. Тауда тамырын қазатын өсімдік қалмаған соң, ел сиырын, атын сойып, ең ақырында тауық пен итін сойып жеуге мәжбүр болды. Мақұлық атаулы таусылғанда ел қағазды суға қайнатып жеді. Аштық ғибадатханалардағы қасиетті дұға кітаптардың да түбіне жетті. Бір ауылдың рубасы топырақ жеу жөнінде ұсыныс айтыпты. Топырақ қанша азық болсын, ақырында адамның адамды жейтін күніне де келіпті» дейді.
Қар борап тұрған кезде бір әйел көршісіне келіп:
- Сіздің үйде қария дүниеден озды деп естідім. Бір қолы мен бір аяғын бізге беріңіз. Менің енемнің демі екі-үш күнде бітеді. Сонда біз де сізбен бөлісерміз, - деді. Өліктің етін қарызға алғандар да болған екен.
Ал Хачинохэ жерінде мынандай оқиға болыпты. Бір байдың үйіндегі алты кісінің төртеуі аштан өліп, әкесі мен он жасар баласы қалады. Әкесі үйінде қалған затын Хачинохэ қаласына апарып, азық болар бірдеңеге айырбастамақ болады. Үйде қалған бала аштыққа шыдай алмай кілттің бауын шайнап әкесін күтумен болады. Содан бармағын сора бастайды. Сорып отырып, өз саусағын қалай шайнап тастағанын білмей қалады. Әкесі келгенде үсті-басын қанға бояп, саусақ сорып бала отыр. Әкесі тапқан азығын баласына береді де, ұйықтап қалғанда шалғымен басын шауып тастап, содан соң өз басын өзі шауып өліпті.
Бұл кісінің күйеудегі қызы әкесі мен інісінің халін білмек болып келгенде екеуінің жансыз денесін көреді. Баласын көтеріп артынан күйеуі жеткенде, әйел өз әкесі мен туған інісінің сүйегін мүжіп отыр дейді. Осыдан соң бұл әйел күрт өзгеріп кетеді. Аяқ-қолы ісіп, көзі шадырайып, еліріп кетеді. Шашын жайып, тау-даланы кезіп өлік аңдуға көшеді. Жол жиегіндегі өліктер таусылған соң, әйел мүрделерді қаза бастапты. Бұл әйелді ауыздықтауға ешкімнің шамасы келмепті. Ол тірі бала-шағаны аңдитын құзғынға айналады. Ел әйелден қорқып кетпен-шалғысын қолынан тастамапты. Бірде ол тауда бір еркекке шабуыл жасайды. Кісі жегіш әйелді аңшы мылтығымен атып тастауға мәжбүр болған екен.
Аштық жылдарында Мацуно ауылындағы жардың түбі сәбилерді тастайтын орынға айналыпты. Сәбилер анасының емшегін іздеп топырақты тырмалап, әбден әлі құрығанда саусағын сорып жатып жан тәсілім етіпті. Құзғындардың сүйікті орны болған бұл жерге түн ішінде біреулер кемпірді әкеп тастайды. Өлгісі келмеген кемпірдің қолы топырақ арасындағы жұмсақ затқа тиді. Нәрестенің аяғы екен. Кемпір аяқты мүжіп болғанда бір топ қарға шүйлікті. Кимоносының парша-паршасы шыққан кемпір қарға-құзғынға тірідей жем болды. Содан бері жар түбіндегі өзенді Кудзурэгава (Күйреген өзен) деп атайтын болды. Талай заман өтсе де әр түн сайын сәбилердің жылаған даусы мен кемпірдің зарын жел жеткізіп тұрады деседі.
Боушюкири асуы
Бұл да аштық жылы болған оқиға. Қуаңшылықтан бүкіл өсімдік қурап қалыпты. Жол жиегі өлікке толыпты. Хирошиманың Тоуджоу қаласының Аватасында «Ооокутэра» деген ғибадатхана бар. Бір күні «Ооокутэрадағы» ошйоусан (дінбасы) Такэморидегі жерлеу рәсіміне барады. Үй иесі - бай жерлеу рәсімі біткенде ошйоусанға Тоуджоу сакэсі мен дәмді ас ұсынады. «Сакэ ішпеймін, соба (кеспе) ғана жеймін» деген ошйоусан тамаққа бас салады. Аш байғұс собаны кекірігі азғанша жепті. Әбден тойған соң үйіне қайтыпты. Күн батар шақ. Такэмориден Аватаға өтетін асуға ошйоусан ырсылдап әрең көтерілді. Асу үстінде екі самурай кездесті. Аш самурайдың көзі дінбасының теңкиген қарнына түсті.
- Ошйоусан, жерлеуден келе жатырсың ба?
- Иә, - деді ошйоусан ырс-ырс етіп.
- Не берді?
- Собаға тойғызды.
Жұрт аштан қырылып жатқанда, ошйоусанның собаға тойғаны самурайдың ызасын келтірді.
- Артынан шай ішкен шығарсың?
- Шайға да, сакэге де қарамадым. Собаны соға бердім.
Ошйоусан самурайдың бірімен осылайша сөйлесіп тұрғанда, екіншісі артынан қылышын сұқты. Өкіріп, шалқалай құлап бар жатқан ошйоусанның қарнын самурай жарып жіберді. Шайнамай жұтқан ұзын соба ақтарылып түсті. Содан бері Тоуджоу қаласының Авата мен Такэмори арасындағы асу - «Боушюкири асуы» (боушю- дінбасы, кири- жарылған) деп аталатын болыпты.
Көкектiң аузы неге қызыл?
Баяғыда бiр ауылда кедей ағайынды болыпты. Үлкенiнiң көзi көрмеген соң iнiсi ағасын асырапты. Бiр жылы қуаңшылық болып, ел ашығыпты. Азық таусылып, ақырында өсiмдiктiң тамырына дейiн қазып жейтiн кезге келiптi. Кiсiлер қураған ағаштай қурап, тау кезiп кетiптi. Iнiсi күнде тауда азық iздегенмен, папоротниктiң тамырынан басқа ештеңе таппапты. Ағасы iнiсi әкелген азықты «дәмсiз» деп кергiптi. «Тауда не iстеп жүрсiң? Маған дәмсiзiн жегiзiп, тәттiсiне өзiң тойып жүрген шығарсың».
Iнiсi әбден жүдеп, қу сүйегi қалады. Тауға барып, азық iздеуге де шамасы келмей қалады. Сонда да «Жалғыз ағамды аш қалдырмайын» деп, өзi жемей барын берумен болыпты.
Бiрде таңертең iнiсi аштықтан орнынан тұра алмайды. «Тамақ бер» дейдi ағасы оған. Iнiсiнiң тiл қатуға шамасы келмейдi. «Тамаққа тойып алып ұйықтап жатқанын қарашы» деп, арам ойлаған ағасы iнiсiнiң iшiн ұстайды. Аштықтан iшi кеуiп кетiптi. «Менiң соқырлығымды пайдаланып, сылқия тойып алғанын қарашы» дедi де, iнiсiнiң iшiне пышақ тықты. Қолына тигенi топырақ пен қатты өсiмдiк сабағы едi. Iнiсi бар тапқанын ағасына берiп, өзi топырақты илеп жеп жүрiптi. Ағасының шындыққа көзi ендi жеттi. Бiрақ кеш едi. Көзiнен қанды жас сорғалап, қан құсқан ол көкекке айналып кеттi. Күнi-түнi «iнiмнiң түбiне жеттiм, түбiне жеттiм» деп, қан қақырып жылайтындықтан бүгiнге дейiн көкектiң аузы қып-қызыл екен дейдi.
Жапон тілінен аударған
Шарафат Жылқыбаева.
«Қазақ әдеибеті» газеті