Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 9894 44 пікір 24 Тамыз, 2021 сағат 20:00

Ресейдің «жауы» тәлібтер емес, қазақ ұлтшылдары боп тұр

Ресей әскерилері, дәлірек айтсақ «Ресей офицерлері» дейтін қоғамдық ұйымның басшы-қосшылары Қазақстан президентіне қайрылу жасап, үндеу жолдапты. Сөйтіп, Қазақстандағы орыс тілділерге «шабуыл жасаушыларды» (Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткендерді орыс жұрты «қылмыскер» ретінде сипаттайды-ред.) жауапкершілікке тартуды сұрапты.

Ұйымның басшысы, Ресей батыры Сергей Липовой дейтін адам: «Соңғы бірнеше апта ішінде БАҚ пен қоғамда Қазақстандағы орыс тілді азаматтарға шабуыл жасап, ұрып-соққан ауыр жағдайларға қатысты қызу талқы жалғасып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, бұл шабуылдар ұлттық және діни себептермен байланысты. Бұл оқиғалар бір-бірімен байланысты болмауы мүмкін, бірақ тенденция бар. Және бұл бауырлас халықтардың ортасына от жағу үшін жасалып жатыр», - депті.

Депті де: «Кінәлілерді (қазақ тілін талап еткендерді меңзеп отыр-ред.) тауып, жазалау керек. Ендігәрі мұндай жағдай қайталанбауы үшін шара қолдану керек», - деп «ақыл» айтыпты. Онысымен қоймай, «тіл патрульдерімен» күресу үшін Совет одағы мен Ресей батырларынан құралған бір топ делегация болып, Қазақстанға келуге дайын екендіктерін де мәлімдеген.

«Өз тарапымыздан Совет одағы мен Ресей батырларынан құралған делегация болып, Қазақстанға келуге, қоғамдық дипломатия шеңберінде жағдайды тұрақтандыру үшін, біздің бауырлас халықтар арасында ұлтаралық араздыққа жол бермеу үшін бірқатар іс-шаралар атқаруға әзірміз», - дейді.

Бұл ТАСС агенттігінің ақпараты. Осы және Липовойдың мәлімдемесі айтылған осы мазмұндас материалдарды «Газета.ru», «Russian.rt.com», «Взгляд.ru», «Вечерняя Москва», «Ветеранский вести», «Аргументы», «Правда» секілді Ресейдің ондаған сайттары жариялады.

Енді мына ақпаратты қараңыз. Бұл да 23 тамыз күні шыққан. «Общественная служба новостей» дейтін сайт Ресейдің тағы бір батыры, полковник Александр Головашкин дегеннен пікір алыпты. Головашкин жаңағы Липовойдың пікірін қоштап, Қазақстандағы «тіл жанашырларымен» күресуге сайланып отырғанын айтыпты.

«Егер қазақтар жағынан ресми сұрау түсетін болса, мен және өзге де Ресей батырлары бұл делегацияның құрамына қуана-қуана қосыламыз. Біз қазақтар мен орыстар арасында ұлтаралық араздықты болдырмау үшін өткізілетін іс-шараларға қатысып, өз көмегімізді ұсынуға дайынбыз. Сондай-ақ, біз бұл жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Қазақ билігі ендігі жолы мұндай оқиғаларға жол бермеуі керек», - депті Головашкин.

Сергей Липовой  кім?

Әскери ұшқыш. Ресей батыры атағын РФ президенті В.Путиннің қолынан алған. Әскери шені – генерал-майор. Ауған соғысына, Шешен соғысына қатысқан екен. Жаңағы «Ресей офицерлері» дейтін ұйымның басшысы.

Ал Александр Головашкин деген кім?

Ол де Ресей батыры. Головашкин де бұл атақты президент Путиннің қолынан алған (2008 жылы). Ресей Ішкі істер министрлігінде қызмет еткен. Әскери шені – полковник.

Әлгінде ғана Ресейдің мемлекеттік Думасы арнайы шешім шығарып, орыстар мен орыс тілділерге тіл тигізгендерді Ресейге кіргізбеу туралы заң қабылдауды ұсынған. Қазақстандағы тіл жанашыры, қоғам белсендісі Қуат Ахметовтер бастаған акцияға қатысты Ресей тарапынан арандатушылық көбейіп, мәселе жоқ жерден ушыққан еді. Ресейдің екінші деңгейлі сарапшы-саясатшыларынан тартып, Сыртқы істер министрлігі өкілдері де, Мемлекеттік Дума Төрағасы В.Володин бастаған депутаттар да, тіпті Премьер-министр Михаил Мишустин де: «Қазақстанда орыстар мен орыс тілділерге қысым жасалып жатыр», - деп ойбайға басқан. Артынша, Ақорда да ылдым-жылдым үн қатып, қазақ тілінде сөйлеуді сұраған қазақ белсенділерінің заң шеңберіндегі әрекеттерін «үңгірдегі ұлтшылдыққа» теңеп сөйлеген.

Ресейлік, Кремльдік саясаткерлер мен ресейшіл БАҚ-тың бұл «арандатулары» жайлы өткен жолы егжей-тегжейлі жаздық. Қайталап жатпайық...

Бүгінгі әңгіме жаңағы Ресей президенті Владимир Путиннің қолынан атақ алған «батырларының» сөздері туралы болмақ. Липовой мен Головашкиннің сөздері – бөтен мемлекеттік ішкі ісіне араласу. Ашық қоқан-лоқы жасау. «Біз жағдайды бақылап отырмыз. Алда-жалда, келе қаламыз», - дейді. Дейді де: «Қылмыскерлерді жазалаңдар. Ендігәрі қайталанбасын», - деп қаһар көрсетеді. Бұл дегеніңіз - қазақ халқына сес көрсету. Керек десеңіз, Ақордаға сес.

Қазір әлем халқының талқысында – Ауғанстандағы ахуал екені белгілі. Қазақстан мен өзге бірқатар мемлекетте, соның ішінде Ресейде де «радикалды ұйым» деп танылған Талибан қозғалысы ауған билігін қолына алды. Бұл жайт дүние халқын дүрліктіріп отырғаны және рас. Тек, Ресей үшін, ондағы саясаткерлер мен «батырлар» үшін қауіпті жау – тәлібтер емес, қазақ ұлтшылдары болса керек.

Өйтпесе, Ресейдің жүздеген ақпараттық сайттары мен мемлекеттік телеарналары «Қазақстандағы қазақ ұлтшылдарын» басты тақырыпқа шығарып, екі-үш аптадан бері ауыздары көпіргенше сөз етіп отырмас еді ғой... Есесіне, Ресейдің федералдық телеарналары Кабулдегі Ресей Елшісінің айтқандарын алақайлып таратып жатыр. Ал Ресей елшісі Дмитрий Жирнов не дейді десеңіз, қараңыз:

16 тамыз күні «Россия 24» арнасына берген сұхбатында: «Қазір бізді тәлібтер қорғап отыр. Үлкен отряд. Бізге жағымды әсер қалдырды. Көзі ашық жігіттер. Жақсы қаруланған. Елшіліктің ішкі аумағына орналасты. Ешқандай есуасты, ешқандай террористі өткізбей, жақсы қорғап тұр», - дейді.

17 тамыз күні «Россия 24» арнасына: «Тәлібтермен келіссөз жақсы өтті. Конструктивті болды. Біздің қауіпсіздігімізге кепілдік берді. Тәлібтер бұрынғы жүйеге қызмет еткендерге амнистия жасайтындарын айтып отыр. Олар адекватты. Ендеше неге дүрбелең жасауымыз керек», - дейді.

21 тамыз күнгі сұхбатында: «Тәлібтер Ауғанстанның террористердің ордасы болғанын қаламайды. Олар мұны ашық мәлімдеді. Тәлібтер Ауғанстанның дұрысталып, мемлекет болып қайта күшейгенін қалайды», - деп сөйлейді.

Түйін:

Сонымен, әлем жұрты (соның ішінде Ресей де) «радикалды ұйым» деп танитын Талибан сарбаздарын Ресей ақпараты «саналы, жақсы жігіттер» деп сипаттайды да, өз елінде, өз жерінде мемлекеттік тілде сөйлеуді сұраған қазақ азаматтарын «жау» деп көрсетеді. Ол аз десеңіз: «Ақорда жағдайды реттемесе, біз келіп, тәртіп орнатуға дайын тұрмыз», - деп ашықтан-ашық сес көрсетеді. Ал Ақорда, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен өзге де құзырлы органдар Ресей «батырларының» бұл мәлімдемелеріне қатысты «ләм-мим» деп пікір білдірген жоқ. Солай...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

44 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292