Ұлттық тәрбие бастауы
2016 жылы мектеп табалдырығынан аттаған бүлдіршіндер «Әліппесіз» «Сауат ашқан» болатын. Яғни ғасырдан астам тарихы бар «Әліппенің» орнын «Сауат ашу» деген оқулық басып, ол ата-аналардың, қоғам белсенділерінің, Парламент депутаттарының наразылығын тудырған-ды. Сол кезде, жаңа оқу жылының қоңырауы соғылғанда, Бекболат Тілеухан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке депутаттық сауал жолдап, мәселе көтерген еді.
«1913 жылы Алаш ардагері Аxмет Байтұрсынов басып шығарған, миллиондаған жасөркенге оқуды, жазуды үйреткен, қазаққа рухани азық болып келген, тілі жеңіл, 105 жылдық тәжірибеден өткен «Әліппе» неден жазықты болды? Ерлан Кенжеғалиұлы, осыған жауап беріңізші», – деді депутат. Депутаттың бұл сұрағына экс-министр нақты жауап бере алмаған күйі ел ішін ұлардай шулатып бертінде қызметінен босады. Қазір оның қайда жүргені белгісіз. Ал бар кітапқа бас болған – «Әліппеміз» білім ордасына жаңарып, жарқырап, мазмұнын ғылыми-техникалық жетістіктермен байытып, қайта оралып жатыр. «Әліппенің» қайта оралуына орай редакциямызға мақала жолдаған Мәжіліс депутаты: «Бұл «Әліппе» түгелдей А.Байтұрсынов үлгісімен құрастырылыпты. Ең алдымен соған қуандық», –дейді.
Редакциядан
Қазақ тіліне мың жылдан астам уақыт бұрын балдай батып, судай сіңіп кеткен сөздердің бірі – «Әліппе».
Араб алфавитіндегі «алиф» және «би» атты алғашқы екі әріптің қосындысынан шыққан бұл сөз жер шарындағы екі миллиардтан астам мұсылман қауымының тіліне орамды, жүрегіне жақын. Қазақтың арғы заман ғұламасы әл-Фарабиден бастап данышпан Абайға дейінгі барша ардақтылары дәл осы «Әліппемен» сауат ашып, ғылым-білім мен даналықтың құпиясын меңгерген.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бұған дейін тәп-тәуір қалыптаса бастаған отандық білім жүйесінің апыр-топырын шығарған Е.Сағадиев дейтін министр ұлтымыздың талай буынын білім әлеміне жетектеумен келген «Әліппесінен» айырды. Бұл ұлттық тәрбиенің тамырына балта шабумен бірдей еді.
Ұлтсыздануға әкелетін мұндай оспадарлыққа қарсы шығып, біз кезінде Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, дабыл қақтық. Парламентке келген кезінде министр мырзаның өзіне де төтесінен сұрақ қойдық. Бірақ жарытымды жауап алмадық. Бәрін ұзын-сонар кең тұсауға сала жүріп, соңын сиырқұйымшақтандырып жіберді. Кейін білім саласына жаңа министр А.Аймағамбетов келгенде оның алдында да «Әліппе» мәселесін көтердік. Бұл жолғы жауап нақтырақ болды. Мәселені мұқият қарап, алдағы жылдарда «Әліппені» қайтаруға уәде етті. Енді міне, сол серт орындалып, әсем безендірілген «Әліппе» жарыққа шығыпты. Үміт пен күдік аралас күйде оқып шықтық. Енді алған әсерімізбен бөлісейік.
Біз Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновты көрген жоқпыз, бірақ ұлт ұстазы қалыптастырған «бастауыш», «баяндауыш» сияқты қазақи ұғымға өте жақын терминдерімен сауат аштық. Демек, Ахаңның шарапаты бізге де тиді.
Кеңес заманында А.Байтұрсыновтың шығармаларын былай қойғанда, оның атын атауға да тыйым салынғаны баршамызға белгілі. Кітабы басылып, есімі аталмаса да «ғалымдық хаты мен жақсы аты» соңында қалып, халқымен бірге жасады. Бұл «Әліппе» түгелдей А.Байтұрсынов үлгісімен құрастырылыпты. Ең алдымен соған қуандық.
Қазақта «Әліппе» жасау Ахаңа дейін де болған. Бірақ сәтсіз болған. Орыс достары «Иван Алексеевич» деп атаған Балқожа бидің немересі Ыбырай Алтынсарин ақсақалдың 1864 жылы шығып, орыстың кирилл алфавитімен жасалған «Қазақ хрестоматиясы» қазақ балаларының сауатын орысшаға да, қазақшаға да жарытып аша алмады. Ұлттық дәстүрден тамыр тартпаған, таза орыс «Азбукасының» негізінде дайындалған бұл кітап сол заманда ашылған орыс-қазақ мектептерінде, ашығын айтсақ «бұратана», «түзем» деп кемсітіп айтылған «школдарда» оқытылғанымен ұлт кітабына айналмады.
Кеңес заманының ғалымдары «қазақтың досы», «білім шашқан», «ағартушылық жасаған» деп төбеге көтерген Н.И.Ильминский, А.Е.Алекторов дейтін миссионерлердің түпкі мақсаты қазақты әуелі орыстандыру, кейін шоқындыру еді. Мұны кезінде профессор М.Мырзахметов жазуындай-ақ жазды.
Міне, осы А.Алекторовтың «Азбука для учеников начальных русско-киргизских школ» (1891), А.Васильевтің «Букварь для киргизских школ» (1912) дейтін кітаптарының да түпкі мақсаты жымысқы болғандықтан тынысы тар болып, қазақ мектептерінің кәдесіне жарай қойған жоқ.
Ахмет Байтұрсынов осының бәрін көріп, біліп өсті. Қазақ баласын білім төріне шығаруды мақсат еткен оның 1912 жылы шыққан «Оқу құралы» мен кейін соны заман талабы мен оқыту тәжірибесіне сай толықтырып жасаған «Жаңа Әліппесі» бүгінгі күнге дейін жетті.
Ә.Жұмабаева, Н.Құрман, Б.Сабденованың авторлығымен биыл шыққан «Әліппе» ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов ілімін басшылыққа алыпты.
Автор дегеннен шығады. Кейінгі жылдарда оқулықты кім көрінген жазатын болды. Біз бұрын да айтқанбыз, қазір де қайталасақ артық болмас: «Шымшық сойса да қасапшы сою керек».
Оқулықты ғалым жазуы керек, ол жай ғалым емес, педагог болуы керек. Бірақ педагог ғалымдардың бәрі бірдей мектеп жайынан хабардар болмауы мүмкін. Мұндайда оған тәжірибелі ұстаз көмекке келуі керек. Біз қараған «Әліппенің» алғашқы екі авторы педагогика ғылымдарының докторы, профессорлар екен, ал үшіншісі тәжірибелі ұстаз болып шықты. Мұндай шығармашылық тандем бір жағынан кітапты ғылыми-теориялық тұрғыдан бекемдесе, екінші жағынан мектептің жай-күйіне, күнделікті оқу үдерісіне жақындата түседі. Осы қағидат алдағы уақытта да өзге оқулықтарды жазуда басшылыққа алынғаны дұрыс.
Мектеп табалдырығын аттаған балалар әртүрлі дайындықпен келеді. Ертерек мектепке барған аға-апаларымен қанаттаса жүріп, әріп танып, тіпті заулатып оқи алатын дәрежеде келетіндері де болады. Бірақ мектеп – бәрін ұйыстыратын ұжым. Сондықтан дайындығы түрлі деңгейдегі шәкірттерді оқуға қызықтырудың бір жолы – модельді суретпен жұмыс істеу.
«Әліппенің» алғашқы тарауы ұстаз бен шәкірттің сурет тілімен бірлесіп жұмыс істеуіне арналған. «Мен оқушымын» атты алғашқы сабақта бәріміздің қасиетті құндылықтарымыз «Мемлекеттік Ту», «Елтаңба», «Әнұранмен» танысса, екінші сабақ «Сәлемдесуге» арналған.
Сәлемдесе білу де өнер. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіннің дұрыс сәлем беріп, жауап қатыса алуын мұғалімдер дәл осы сабақта қадағалайтын болады.
Төртінші сабақтың аты «Мен әдепті баламын» деп аталады екен. Бұл – көргенділікке, жасы үлкенді сыйлауға, ақсақалдарды құрметтеуге баулитын сабақ. Салынған суреті де осыған меңзеп тұр.
«Ауладағы дыбыстар» атты сабақта балалар бізді қоршаған әлемнің дыбыстардан тұратынын, ал оны ажыратудың өзі өнер екендігін аңғарады. Бұл бір жағы келесі сабақтарда өтетін «Дыбыстар» тақырыбына бастап тұрса, екінші жағынан балалардың естігенін дұрыс қабылдау мен оны буын-буынға жіктеуге, тіпті музыкалық сауаттылыққа үйретеді.
«Сөмкеңде не бар?», «Білім – кітапта» деген сабақтарда да жас шәкіртті дәптер, кітап, қаламға құрметпен қарауға үйрететін тағылымдық, танымдық тұстар аз болмаса керек.
Алғашқы бөлімді қарастыра келе тағы бір байқағаным: әр беттің айфон, айпад, компьютер арқылы ашылатын «QR» коды бар. Біздің заманымыздағы мұғалімдер сыныптан сыныпқа «көрнекі құралдар» деп аталатын көлдей-көлдей плакаттар тасумен әлек болушы еді. Ал қазіргі заман технологиясын пайдаланған мына «Әліппеде» кез келген беттегі мәтін, өлең, жаңылтпаш пен жұмбақтарды кәсіби диктор мәнерлеп оқыған аудиожазбамен тыңдауға болады. Ал технология әлі жете қоймаған алыс ауылдардағы мектептерге «Әліппенің» әр бетіндегі әдемі суреттер көмекке келеді.
«Әліппенің» жілікті, жоталы бөлімі – екінші тарау. Бұл – әріп үйрететін, шәкірттің сауатын ашып, білім дүниесіне жетелейтін, Байтұрсынов «Әліппесінің» құдіретін ашатын негізгі бөлік.
Ахаң ұлт мүддесін бәрінен биік қойған. Ол шаласауатты татар молдалары оқытқан ескі жүйеден саналы түрде бас тартқан. Ұлт ұстазы: «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тілімен оқуды айтамын», – деп «Әліппе» түзудегі мақсатын ашық айтқан.
А.Байтұрсынов әуелі араб әліпбиін қазақ тілінің сингармонизміне – әуезділік жүйесіне бейімдеді.
Біз де аздап арабша білеміз, «Құранды» түпнұсқадан оқи аламыз. Араб әліпбиі тура сол күйінде қазақ тілінің бар қасиетін бере алмайды. Ондағы 28 әріп пен асты-үсті белгілерін түгел пайдаланған күннің өзінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде ерекше мәні бар кейбір әріптер қалыс қалады. Сондықтан ұлы педагог араб алфавитін қосымша дәйекшелер арқылы жетілдірген, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеген, балалар шатаспауы үшін әуелі дербес таңбасы бар әріптер үйретіліп, одан кейін дәйекшелі әріптер берілген. Осылайша қазақтың бар дыбысына, тіпті өзге тілдерден енген кірме сөздерге дейін бейнелейтін арнайы белгілер тапқан. Байтұрсынов «Әліппесінің» өміршең болғандығы соншалық ол Кеңес Одағында 1929 жылы қолданыстан шығарылса да, кезінде осы әліпбимен сауат ашқан шетелдегі қандастарымыз және Шыңжаңдағы қазақтар әлі күнге дейін пайдаланумен келеді.
Жаңа «Әліппеміз» де «А» әрпін үйретуден басталады. Бұл – барлық әліпбилерде бар тәсіл, бірақ мұнда «QR» код арқылы сол беттегі тапсырманы дауыстап оқуға болады.
«Әліппенің» жаңалығы келесі әріптен басталады. Байтұрсыновқа дейінгі ескі әліпбилерде «әліптен» кейін «би» әрпін өтетін. Бұл туралы Ахаң: «Әуелі...би, ти, си, мим, ха, дал дегізіп оқытады. Мұны оқытқанда да харыптың өз дауысын оқытпай... бисын ба, тисын ти, сисын са дегізген соң харыптың анық дауысы қалай екендігін білмей баланың басы қатады», – деп жазады. Шындығында мұндай ұғымға ауыр жүйені ауылдың сайқымазақ балалары «тисең ти, симесең си» деп қылжаққа айналдырғаны да болған.
Ахаң ескі жүйеден қашып «а»-дан кейін бірден «р»-ға түседі. Осылайша екінші әріпті үйрету барысында әріптен сөз құрауға көшеді. «А» мен «р»-ды қоссаңыз «ар» сөзі шығады. Сонда мектеп табалдырығын алғаш аттаған қазақ баласы екінші әріпті меңгеру арқылы «ар» сөзінің мағынасын үйренеді. Бұл «жаным – арымның садағасы» деген қағиданы ұстанған ер халықтың ұланы үшін ерекше маңызды. Оқушысын бірден ар іліміне бастайтын әліпби түзген Ахмет Байтұрсынов ұлылығының бір сыры осында деп білемін. Дәл осы ұлттануға бастайтын ұлы жаңалық жаңа «Әліппеден» түгелдей көрініс тауыпты. Авторлар мұнымен де шектелмей жас шәкірттерге «р» дыбысы сөздің басы, ортасы, аяғында келетін талай сөздерді сурет арқылы үйретеді. Және оның бәрін «QR» арқылы тыңдауға болады. Авторлардың мұндай жаңалығына біз қуана қол соғамыз.
Біздің мақсатымыз «Әліппені» басынан аяғына дейін талдап, онда қамтылатын 96 сабақтың бәріне бірдей баға беру емес. Онымен кәсіби ғалым-педагогтар айналыса жатар. Біз оның өзіміз байқаған мынандай басты ерекшеліктеріне тоқталып өткенді жөн көрдік.
Ең алдымен, қазіргі кириллицаға негізделген қазақ әліпбиіндегі 40 әріп пен екі таңбаны орыс алфавитінің ретімен емес, сөз тудыру, сөйлем жасау қабілетіне қарай қазақи ұғымға мейлінше жатық етіп, жүйелеп орналастырған. Оларды бұрынғы «Әліппелердей» бірінен соң бірін тіркестіре бермей, бірнеше топқа бөліп жіктеп, жүйелеген.
Екіншіден, оқулық бұрынғыдай шәкіртке үсті-үстіне үстемелей тапсырма берумен шектелмей оның өз бетінше оқуына, ізденуіне, әрекет етуіне, шама-шарқына қарай тәжірибе, болжам жасауына, пікірталасқа түсуіне мүмкіндік беретін жаңа үдерістерге молынан жол ашқан. Оның үстіне бұл «Әліппе» шәкіртке ғана емес, мұғалімге, ата-анаға да қолдануға өте ыңғайлы. Оқулықтың алғашқы бетіндегі шартты белгілермен берілген «айт», «тыңда», «оқы» тапсырмалары шәкіртті ұқыптылық пен ыждаһаттылыққа тәрбиелесе, «жаса, құрастыр», «ойлан, тап», «саралау тапсырмасы» белгілері арқылы өз бетінше жұмыс істеп, жаңа ізденістер жасауға бастайды. Оқулық баланың сабағын қадағалайтын ата-ана мен ұстаздарға да қолайлы болу үшін түрлі түспен боялып берілген «сөйлеу сызбасы», «дыбыстық жинақтау бөлігі», «дыбыс», «дауысты дыбыс», «дауыссыз дыбыс», «дыбыс сызбасы», «сөз сызбасы» секілді шартты белгілер оқулықты шәкірт пен ата-анаға, мұғалімге бірлесіп пайдалануды мейлінше жеңілдете түскен.
Үшіншіден, «Әліппе» – оқу құралы ғана емес, Мұқағали ақын айтқандай «тарыдай боп кіріп, таудай болып шығатын» ұл-қыздарымызды ұлттық дәстүрде тәрбиелеудің құралы. Мәселен, «О» әрпін өткенде әр кезең үшін киелі «от», «ошақ» сияқты сөздерді, «Д» әрпіне келгенде «дала», «дауа», «данамен» қатар «домбыраны», «З» әрпіне келгенде «қазақ», «қазан», «таза» сөздерімен қатар халқымызбен бірге жасап келе жатқан «қобызымызды» да қосқан. Несін жасырайын, бұл менің көп босаңси қоймайтын жүрегімді елжірете түсті.
Төртіншіден, «Әліппенің» өн бойында ұлттық құндылықтарға мол орын берілген. Оқушылар «Ә» әрпін өткенде қыз балаларымызды іскерлікке тәрбиелейтін: «Әселдің әжесі текемет басады. Әжей – сырмақ жасаудың да шебері. Сондықтан ол кісіні «шебер әжей» дейді», – деген әп-әдемі мәтін берілген. Дұрысы «сырмақты сырады». Авторлар мұны ұмытпаған. Оны «құрастыр» деген шартты белгімен «сырмақ сырады» деп берген. Жаңа «Әліппеден» мұндай ұтымды әрі ұрымтал мысалдарды көптеп кездестіруге болады.
Бесіншіден, оқулықта осы заманғы ғылым-білім мен технология жетістіктеріне жеткілікті орын берілген. Мен ілгеріректе жас балаларға арналған оқулықтарды сынай келе оның «хайуанаттар паркіне» ұқсап кеткендігіне назар аударған едім. Кіп-кішкентай «Әліппеде» бұл да ескерілген. Кітаптың ішкі мұқабасында-ақ түрлі-түсті суреттермен көркемделген «ғарыш», «зымыран», «ұшақ» сияқты осы заманғы ұғымдар, ал сабақтарды өту барысында «кеме», «аквариум», «робот», «электробус» арқылы жалғасып, өз бетінше ай-жұлдызды, аспан әлемін телескоп арқылы зерттеуші балалардың айшықты суретімен өрнектелген. «Ғ» әрпіне келгенде «Ғарышкерлер» деген шағын мәтін беріліп, онда ғарышкерлеріміз Тоқтар, Талғат, Айдын ағаларының суреттері қоса бейнеленген. Әрине, «Әліппенің» көлемі де, мүмкіндігі де шектеулі, бірақ авторлар қажет материалдарды қисынын тауып керек жеріне орнымен кіріктіріп отырған. Ғылым мен спортты да ұштастырып, кітаптың өн бойында түрлі спорт түрлерін ұдайы насихаттап отырады. Олимпиада мен оның чемпиондары туралы мәтін беріліп, өмірден тым ерте озған боздағымыз Бекзат Саттархановтың суреті де бейнеленген.
Алтыншыдан, мәтіндердің мазмұны да, онда келтірілген үзінділердің авторлары да талғаммен таңдалған. Жасырып, жабатын ештеңесі жоқ, кейбір оқулықтардағы келтірілген шығарманы былай қойып, авторының аты-жөнін әдебиеттен әжептәуір хабарымыз бар біз де білмей қаламыз. «Әліппедегі» балалар әдебиетінің көрнекті классиктерінен бастап бүгінгі заман танымал авторларының шығармалары оқулық ажарын ашып, мазмұнын байыта түскен.
Әліппенің тағы бір айрықша жаңалығы ретінде оның осы заманғы технология жетістіктерін ретімен пайдалануын айтар едім. Оның кез-келген бетін ашып қалып, «сөзтаным» белгісімен берілген «QR» түймесін басып қалсаңыз сол беттегі мәтінді де, өлеңді де кәсіби диктордың көркемдеп оқуымен тыңдауға болады. Бұл – бұған дейінгі бірде бір «Әліппеде» болмаған жаңалық. Кітаптың электрондық нұсқасы да бар екен. Сөз жоқ, мұның бәрі – оқулық құндылығын арттыра түсетін артықшылықтар.
«Әліппе» – оқу құралы ғана емес, бар білімнің, ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар бастауы. Мен мұны бұрын да әлденеше рет айтқанмын, тағы бір қайталасам артық болмас. Сол себепті сан мәрте шалағай авторлар жазған шаласауатты оқулықтарды сынадым, ащы да болса ақиқатын айттым.
Мен – Парламент депутаты ғана емес, көп балалы әкемін. Солардың сабағын қадағалай отырып, оқулықтағы өрескел қателерді көзім шалып қалатын кездер аз болған жоқ.
Бұл жолғы «Әліппені» қолыма қалам алып, астын сызып тұрып оқыдым. Бұл көлемі шағын болғанымен, көтерер жүгі мол оқулық екен.
Небәрі төрт-ақ ай оқытылатын кітапта бәрін қамту қиын болар, бірақ ынта мен ықылас, ең алдымен пейіл дұрыс болған жерде қажетті білімді қисынын тауып орналастыруға болатынын жаңа «Әліппе» анық, айқын көрсетіп берді.
Бізге мұғалім айтқанын қайталап отыратын шәкірт емес, өз бетінше ойлап, ізденіп, оқиға мен құбылысты талдап, саралай алатын зерделі оқушы керек. Тәуелсіз Қазақстанды әлем елдерінің алдына шығаратын ұрпақ сонда ғана қалыптасады. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов ұсынған дамыта оқытудың басты шарты да осы деп білемін. Жаңа «Әліппеде» кезінде жанашырлықпен айтылған сыннан тиісті қорытынды шығарылып, заман талабынан туындайтын жаңа үдерістер мен ұмтылыстар молынан ескеріліпті.
Биыл мектеп табалдырығын аттайтын жас бүлдіршіндерге білім ғана емес, ақыл-кеңес беріп, ұлттық тәлім-тәрбиеге бастайтын, ұлы ұстаз А.Байтұрсынов рухымен қанаттанған «Әліппенің» айдыны ашық, ғұмыры ұзақ болсын, ағайын!
Бекболат Тілеухан,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының иегері, профессор
(«Қазақ «әдебиеті» газеті, №35, 27.08.2021 ж.)
Abai.kz