«Сақау сынға» сауатты жауап
«Әліппе» – ғылым-білімге ұмтылған кез келген елдің оқу жүйесінде бар кітап. Сондықтан оны ата-аналар мен ұстаздар қауымы «Бар кітаптың атасы» деп ерекше құрметтейді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Әліппе» оқу бағдарламасынан алынып, республика жұртшылығының үлкен алаңдаушылығын туғызды. А. Қ. Аймағамбетов министр қызметіне келгенде «Әліппе» білім жүйесіне қайта оралып, үздік оқулыққа ашық конкурс жариялады. Бірнеше сатылық талқылау, сараптау, конкурстардан, әлеуметтік желідегі ашық қоғамдық талқылаудан өтіп, осы мақала авторларының қатысуымен жазылған «Әліппе» жеңімпаз деп танылып, бес жыл бойы оқытылып келеді.
«Әліппе» – әлем халықтарының бәрінде бар оқулық. Біз оны жазуға ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесін және алғашқы нұсқасы 1912 жылы «Оқу құралы» ретінде басылып, 1928 жылға дейін үздіксіз жетілдіру негізінде «Жаңа Әліпби» деген атпен жарық көрген оқулығын басшылыққа алдық.
Әрине, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлына дейін де болған, бірақ орыс «Азбукасы» негізінде танылған мұндай оқулықтардың ғұмыры ұзаққа бармаған.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлт ұстазы ғана емес, ұлы ғалым Қазақстанның алғашқы Халық ағарту министрі де еді. Сондықтан өзіне дейінгі бар тәжірибені түгел қорытып, қазаққа керегін ғана алды. Ол: «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген», – дей келіп: «Һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып» білім беруі керектігіне ерекше назар аударады (Байтұрсынұлы А., Он екі томдық шығармалар жинағы, А., 2023 жыл, 4-том, 7–8-беттер).
Осыдан біраз уақыт бұрын өзін «бастауыш сынып маманы» деп есептейтін А. Абишбаеваның «Тик-Ток» желісі және т.б. арқылы осы жолдар авторлары жазған қолданыстағы «Әліппені» ешбір дәлел, дерек, қисынсыз сынаған бейнежазбасы жарияланып, әлеуметтік желіні шулатты. Бұл қайта оралған «Әліппеге» ғана емес, ұлттық педагогикаға жасалған шабуыл болғандықтан, кереғар сынға қисынды жауап беруді жөн көрдік.

Ахаңның «Әліппесі» ана тіліміздің бар байлығын, ерекше әуезін, дыбысталуын, таңбалануын «өз тілінің жүйесі» арқылы тамаша жеткізе білген. Сондықтан ұлт ұстазы ұстанымына сәйкес біз жазған «Әліппеде» мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін әуелі әріпті танып, дыбыстан сөз, сөздерден сөйлем, сөйлемдерден тиянақталған ойды білдіретін мәтін жасауға дағдыланады.
«Әліппе» шартты түрде 2 бөлімнен құралып, оқу бағдарламасына сәйкес 96 сабақтан тұрады. Әр сабақтың өз мазмұны мен мақсаты бар.
Бірінші бөлімде ұстаз бен шәкірт бірлесе жұмыс істеп, суреттер арқылы еліміздің ең ұлық рәміздері – Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранмен танысып, өзі оқитын мектеп, үлкенді сыйлау, сәлемдесу әдебі, жолда жүру тәртібі, қоршаған орта сияқты тақырыптарға әңгіме құрайды, суреттерге қарап дыбыс, буын, сөз жігін ажыратып, сөйлем құрау тәсілін меңгереді.
Оқулықтың әліппеге дейінгі кезеңінде дыбыспен жаттықтыруға арналған 12 сабақ өткізілген соң, «Әліппенің» әріп үйретіп, дыбыс пен әріптің аражігін ажыратуға арналған негізгі бөлімі басталады.
«Әліппе» жасаудың теориясынан хабары шамалы оқырмандар осы тұста шалыс басып, «неге «А» әрпінен кейін «Ә» әрпі оқытылмайды?» деп бұра тартады.
Ұстаз шәкіртке дыбыс пен әріпті танытып қана қоймай, сол әріптерден сөз жасауды да қатар үйретуі керек. «А» мен «Б» немесе қатар келетін «А» мен «Ә»-ден қазақ тілінде жасалатын сөз жоқ. Ұлы Ахаң мұны жақсы білген. Сол себепті өз «Әліппесінде» «А»-дан кейін «Р» әрпіне түсіп, екі-үш әріптен құралған «ар», «ара» сөздерін үйретеді.
Біз Ахаңның қазақ тілінің терең тамырынан бастау алатын осы әдісін ұстанып, «А»-дан кейін «Р» әрпіне көшіп, «ар», «ара» сөзіне қосымша суреттер көмегімен құрамында осы екі әріп кездесетін «қар», «раушан» т. б. сөздерді тануды үйретеміз.
Айтолқын Абишбаеваның А. Байтұрсынұлы ұсынған «Р» әрпіне неге «риза болмайтынын» өзі түсінбесе, біз түсіне алмадық.
Енді Абишбаева «қақалатын» «Қ» әрпіне келер болсақ, бұл «Әліппенің» орта тұсында – 31–32-сабақтарда оқытылады. Бұл кезде бірнеше әріпті үйреніп, өз бетінше сөз, сөйлем құрауға дағдыланып қалған шәкірт дәл осы әріп сөздің басы, ортасы, соңында келетін «ақ», «лақ», «қар», «қара», «қала», «тақта» сияқты сөздерді еркін жазып, осыған дейін өзі білетін әріптерді пайдалану арқылы «Анау – Қаратау. Ол – қала. Қанат, қала арала» деген үш сөйлемнен тұратын шағын мәтін құрастыруға дейін жетеді.
Ал, құрметті оқырман! Осындай қысқа да нұсқа сөздерден қалай «қақалуға» болады?
Енді Абишбаеваны «шашалтып» жүрген «Ш» әрпіне келейік. Бұл дыбыс пен әріп 43–44-сабақтарда өткізіледі.
Біршама әріпті үйреніп, сөз, сөйлем құрауға жаттығып қалған шәкірт бұл сабақтарда «шаш», «шар», «шашу», «шырша», «моншақ», «оқушы» т. б. сөздермен қатар «Қуаныш» деп аталатын бес сөйлемнен тұратын мәтінді еркін оқуға қол жеткізеді. «Ш» әрпін үйрететін мәтінде бала шашалатын бір сөз де, сөйлем де жоқ. Бәрі ұғынуға жеңіл, айтуға оңай сөздер.
Абишбаева сынағанның жөні осы екен деп, «С» әрпін өткенде «сақауланасың» деп әбестікке дейін барған. Ал, оны да көрейік, Сіз де бізбен бірге талдаңыз, құрметті оқырман.
«С» әрпіндегі сөздер қазақ тілінде жиі кездесетіндіктен, бұл дыбыс пен әріп 25–26-сабақтарда өткізіледі. Бұған дейін оқушылар «А», «Р», «Л» «У», «Н» әріптерін ғана үйренгендіктен, алты әріптен сөз құрау мүмкіндігі шектеулі болса да, балалар құрамында «с» әрпі кездесетін «ас», «сан», «сана», «асу», «асау», «сала» т. б. сөздерді үйреніп, шағын да болса танымдық мәні бар «Анау – асу. Нан – ас» сияқты сөйлем құрастыруды меңгереді. Ал осыларда «сақауланатын» бір сөз бар ма? Бірде-бір сөз, сөйлем жоқ, бірақ оқулық авторларына кінә тағып, ұстаздар мен ата-аналарды адастыратын жала жабу бар. Еліміздің педагог-ғалымдары мен білікті ұстаздары жазған, республиканың көптеген мектептерінде кеңінен өткізілген талқылау, сараптамадан кейін жарық көрген оқулыққа: «Мәтіндері мәнсіз, суреттері сәнсіз» деп жадағай, жалаң сөздермен мін тақпақ болады. Ал, шындығына келер болсақ, шағын ғана оқулықта Ө. Тұрманжанов, Е. Өтетілеуұлы, Ш. Смаханұлы, М. Әлімбай, Қ.Мырза Әли, Ф. Оңғарсынова т. б. ақын-жазушылардың балалар ұғымына жатық ата-ана, ұстаз, мектеп, тіл, Отан туралы қиыннан қиюластарған әдемі мәтіндері бар. «Әліппеде» қазақ халық ауыз әдебиетінің інжу-маржаны сандығынан алынған ертегі, аңыз әңгіме, мақал-мәтел мен жұмбақ, жаңылтпаштар да аз емес. «Әліппе» басынан аяғына дейін балалар суретшісі Б. Ералиеваның суреттерімен әсем безендірілген.
Біз жазған «Әліппе» – оқушыға ғана емес, онымен жұмыс істейтін ұстаздар мен ата-аналарға да мейлінше қолайлы етіп жасалған оқулық. Ондағы әр беттің қолдағы алақандай телефонның көмегімен ашылатын «QR» коды бар. Осы арқылы әрбір шәкірт, ұстаз, ата-ана «Әліппедегі» мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақтарды кәсіби диктор көркемдеп оқитын аудиожазбадан тыңдауына болады.
«Әліппеде» түрлі шартты белгілермен «айт», «оқы», «тыңда» деген өз бетінше жұмыс істеуге арналған тапсырмалар беріліп, «жаса», «құрастыр», «ойлан», «тап», «саралау тапсырмалары» оқушының ақыл-ой жүйесін жетілдіріп, таным көкжиегін кеңейтеді.
Баласының сабағын қадағалап отыратын ата-анаға да түсінікті болу үшін түрлі түсті бояулармен ажыратылған «дыбыс», «дауысты дыбыс», «дауыссыз дыбыс», «сөз сызбасы», «сөйлем сызбасы» аңғартпалары үйде пысықтауға мол мүмкіндік береді.
Жаңа «Әліппе» еліміздің мектептерінде бес жылдан бері оқытылып келеді. Оны республикамыздың ұстаздары, ғылыми-педагогикалық, жалпы жұртшылық өте жылы қабылдады. Бар ғұмырын бала оқытуға арнап, ұстаздық өнердің шыңына шыққан, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова апамыз кезінде осы оқулық туралы: «Жаңа «Әліппені» дайындау барысында бұрын-соңды болмаған бірқатар жұмыстар атқарылды. Мысалы, соның тек біреуін ғана айтар болсам, бұрын сараптамадан өткізген кезде оқулықтарды «Оқулық» орталығының сайтынан ғана көруге болатын, ал осы жолы «Әліппе» оқулығы бірнеше ай бойы әлеуметтік желіге қойылып, қоғамдық талқылауға салынды. Мұнда барлық Қазақстан азаматтарына оқулық туралы ой-пікірлері мен ұсыныстарын қалдырып, таңдау жасауға толық мүмкіндік берілді. Мен де тәжірибелі ұстаз ретінде осы бастаманы қолдап, «Әліппе» оқулығының дайындалу барысын жіті қадағалап, «Әліппенің» қайта оралуына тілекші болып отырдым.
Бұл «Әліппенің» тек аты ғана емес, құрылымы мен мазмұны да, қойылатын талабы да бұрынғыдай сақталыпты. Оқулықта оқу мен жазуға даярлау және жаңа дыбыс пен әріпті таныту, оқу-жазуға үйрету оқу тапсырмалары жүйелі де мазмұнды берілген. ...Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесінің негізінде ұлттық табиғи логикамен жазылған «Әліппе» ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлғаның қалыптасуына негіз бола алады деген сенімдемін», – деп жазды. Қазақстанның аса көрнекті педагогінің осы пікірімен ұштасатын жүздеген пікірлер бес жыл бойы түрлі баспасөз бен әлеуметтік желілерде жарияланып келеді.
Абишбаева үндеуінде ата-аналар баласын «шапалақпен шарт еткізеді» деп педагогикалық этикаға жат, «балаға қол көтеру» сияқты заңға қайшы әрекетке итермелейтін сөздерді айтады. Мұндай арандатушылықтың бағасын құқық қорғау органдары беруге тиіс деп санаймыз.
Бірде-бір нақты аргументі жоқ, тек кінарат іздеуге, жала жабуға негізделген А. Абишбаеваның үндеуінде оқулықты «теориямен емес, бастауыш сынып маманы» жазуы керектігі жөнінде де сын айтылыпты. Бұл сұраққа да жауап бере кетуді жөн көрдік.
Жаңа «Әліппе» – ұжымдық еңбек жемісі. Оның авторлар тобын әуелі Қызылорда қыздар педагогикалық училищесін «Жалпы білім беретін мектептің бастауыш кластарында оқыту» мамандығы бойынша, кейін Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп, кандидаттық диссертациясын «Бастауыш мектептегі сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмысының әдістемесі», ал докторлығын «Бастауыш мектептегі қазақ тілі синтаксисін дамыта оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта қорғап, 40 жылдан астам ғұмырын оқу-білімге арнаған педагог-ғалым, көптеген оқулықтар, оқу құралдары мен әдістемеліктердің авторы Ә. Е. Жұмабаева басқарды. Екінші авторы Орал педагогика институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған кәсіби педагог, кандидаттық, докторлық диссертацияларын қазақ тілін оқыту және тіл дамыту әдістемесі бойынша қорғаған педагог-ғалым, ондаған оқулық, оқу-әдістемелік құрал мен мақалалардың авторы, профессор А. Ж. Құрман болса, үшінші авторы – Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтын «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша бітірген, 1995 жылдан күні бүгінге дейін отыз жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі ұстаз Б. Сәбденова.
Біз бар ғұмырымызды ұлттық педагогикаға, ұстаздыққа арнаған жандармыз. Оқулық жазу оңай емес. Оны дүниеге әкелу үшін авторлардың теориялық білімімен қатар, бүкіл ғұмырлық тәжірибесі жұмсалады. Ол үлкен сүзгіден, сараптаудан өткеннен кейін ғана басылады. Оқулық жарық көргенше оның мазмұнын жетілдіруге көптеген мамандар қатысады. Сондықтан мұндай ұжымдық еңбекті «қақаласың», «шашаласың», «сақауланасың» деген мән-мағынасы жоқ, жеңілтек жаңылтпаш сияқты жайдақ сөздермен кінәлау педагогикалық этикаға да, адамгершілік нормаларына да жатпайды.
Абишбаеваның «сақау сыны» «Ғылым және білім министрлігіне» жолданыпты. Үндеудің асығыс, қалай болса солай жазылғаны соншалық – ол қазіргі Қазақстанда ондай министрлік жоқ екендігін де білмейді. Жоқ министрлікке жазылған үндеуді жауапсыз қалдыруға да болар еді, бірақ оның әлеуметтік желі арқылы кейбір ата-аналарды алаңдатып қойғанын ескеріп, осы жауап хатты жазып отырмыз.
Өзін «бастауыш сыныптың маманы» деп жар салған А. Абишбаеваның қандай педагогикалық оқу орнын тәмамдағанын білмедік, бірақ ашық ақпарат көздерінен оның «ИП Дидактика бастау» деген қытай тауарларын сату арқылы саудасы дөңгеленіп тұрған жеке кәсіпорны бар екенін көзіміз шалды. Тура осы кәсіпорын «Тик-Ток» желісі арқылы «қытайдың алмасын» өз дауысымен жарнамалап, «қытайлар мені таңғалдырудан шаршамайды» деп таң-тамаша қалады. Енді бір роликте «қытайдың жұмыртқаларын» көрсетіп, одан «неше түрлі ойындар құрастыруға болады» деп қызыға құмартады. Қазақ балаларына «Қытайдың алтыны мен күмісі» деп тырнақшасыз айдармен берілген жарнамада қазақ теңгесінің үлгісімен жасалған қытайдың жылтырақ монеталарын «хит сатылымға» (өз сөзі) шығарып, оны «Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізетінін» масаттана хабарлайды. Мұнымен де тоқтамай қытайдың пластик шелегінің де мақтауын келістіріп, оны мұғалімдердің тапсырысымен алдырғанын айтып, көрнекі құралдар ретінде пайдалануға ұсынады.
А. Абишбаева жарнамалап отырған қытай тауарларының балалар қолданатын заттарға қойылатын санитарлық, медициналық, гигиеналық және экологиялық талаптарына қаншалықты сай келетінін тиісті органдар тексеруге тиіс. Өйткені кейінгі қытай пластик тауарларының адам ағзасына тигізетін зиянды зардаптары жөнінде жазылып жүр. Ұрпақ саулығына қатысты мәселеге аса абай болуымыз керек.
Бізді тағы бір таңғалдырғаны – «Әліппеге» келгенде тілі «қақалып», «шашалып», тіпті «сақауланып» қалатын кәсіпкердің дауысы қытай тауарларын мақтауға келгенде жадырай шығып, тілі жортақтап кететіні. Сонысына қарағанда оны оқулықтан гөрі базар саудасы қатты қызықтыратын сияқты.
«Дидактика бастау» деп айқайлатып ат қойып, қытай тауарлары саудасының көрігін қыздырып отырған «бастауыш сынып маманының» бар тірлігі осындай. «Әліппені» «бастауыш сынып маманы» ретінде оңдырмай сынап отырған А. Абишбаеваның баспасөз бен ғаламтордан бірде-бір мақаласын таба алмадық.
Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушының талантты шәкірті, академик Зейнолла Қабдолов «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қанатты сөз қалдырып еді. Біз А. Абишбаеваның қандай ұстаз болғанын білмейміз, білетін әріптестері айта жатар. Өкінішке қарай, «ұстаз» деген қадірлі мамандығын оп-оңай қытай тауарын жарнамалайтын саудагерлікке айырбастаған А. Абишбаева өз мамандығын аямаса да, осы салада қызмет етіп жатқан әріптестерінің еңбегін аялауы керек еді. Әттең, оның ұстаздық этиканы белден басқан үндеусымағынан мұны аңғара алмадық. Өкінішті-ақ.
Абишбаеваның «сақау сыны» әлеуметтік желіде шынайы педагог-мамандардың үлкен наразылығын туғызды. Солардың қатарында өзі де «Әліппе» оқулығын жазып, бізбен ашық бәсекеге түскен, белгілі ұстаз Жанат Қажығали: «Зуылдаған жалпы сөз. Нақты ескерту, ұсыныс жоқ. Мына әріптесіміздің бас-көз жоқ қаралай салуын білім саласына жасалған ауыр соққы, болашақ оқушылардың ынтасын құртып жіберетін оба деп бағалаймын. Мына мұғалім жауапқа тартылуы керек», – деп шырқыраған шындықты айтып, әлеуметтік желіні шулатқан арандатушының заң алдындағы жауапкершілігін қарауға шақырыпты. Әріптесіміздің адал көңілден шыққан бұл пікіріне біз де толық қосыламыз.
«Әліппе» – «бар кітаптың атасы» ғана емес, ұлттық тәрбиенің, қазақты танудың бастауы. Сондықтан ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалап, оқушылар, ата-аналар, ұстаздар қауымы қуана қабылдаған «Әліппеге» жабылған жала, балаларға қол жұмсауға итермелейтін арандатушылық әрекеті үшін А.Абишбаеваға заң жүзінде шара қолдануын талап етеміз.
Оқулық авторлары:
Ә. Жұмабаева,
Б. Сабденова.
Abai.kz