Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6700 0 пікір 14 Маусым, 2012 сағат 10:02

Ұлт зиялысы деп кімді айтамыз?

14.06.12.

Зиялы адам - айналасына нұр беруші, жарық шашушы, шұғылаға бөлеуші адам. Яғни жақсы адам. Дүние жақсылардың дұғасымен аман тұр делінеді. Белгілі бір қоғамның бүтін-болмысын сары майдай сақтап, түзу жолдан тайқымауы үшін зиялылардың атқаратын қызметінің маңызы орасан.

14.06.12.

Зиялы адам - айналасына нұр беруші, жарық шашушы, шұғылаға бөлеуші адам. Яғни жақсы адам. Дүние жақсылардың дұғасымен аман тұр делінеді. Белгілі бір қоғамның бүтін-болмысын сары майдай сақтап, түзу жолдан тайқымауы үшін зиялылардың атқаратын қызметінің маңызы орасан.

Атақты Мұстафа Шоқай былай депті: «Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қа­рағанда, жеңiл көрiнгенiмен, шын мәнiнде бұл сауалға дұ­рыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адам­ның бәрiн «зиялы» деп атап, оны сол адам өзi тән болған ұлттың «ұлттық зиялысы» қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателе­семiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгiлi мұ­рат-мақсаттар төңiрегiне жи­налған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, эко­но­микалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт дең­гейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар бол­ған халық бұқарасын бiр­лестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi». Міне, Алаштың ардақты ұлы Мұстафаның зиялылыққа берген анықта­масы осындай.
Осыған сайсақ, біздің бү­гінгі зиялылық деңгейіміз қай деңгейде? Бұрын қалай бол­ған? Қазір ше?
Қазақ - әлімсақтан мұ­сыл­ман халық. Ал бір заманда дүрілдеген мұсылман елде­рінің бүгін қай деңгейге дейін құлдырағанын көріп-біліп отырмыз. Қазақ та одан шет емес. Ендеше, неге мұсылман елдері, оның ішінде біздер де кері кеттік? Алдымен бір сәт тарихқа үңілейікші. Араб халифатында 750 - 1258 жылд­ардағы Аббасидтер билігі кезінде Жердің шар тәріздес домалақ екендігі әрі өз осін айналып тұратыны дәлелденіп қойылған. Оны дәлелдеген - әл-Бируни. Ал еу­ро­центристікке негіздел-ген ғы­лым-білім оны біздің са­намызға Ко­перник пен Гали­лей аш­қан деп сі­­ңіріп кел­ді. Әлі де солай. Аме­риканы аш­қан еш­қан­дай Хрис­­­тофор Ко­лумб емес, мұсыл­ман­дар екен. Соңғы жыл­дар­дағы зерт­теулер анық­та­ған­дай, 1312 жыл­дар ша­масында Батыс Афри­ка мұсыл­мандары мұхит арқылы Сол­түстік Америка құрлы­ғына, дәлірек айтқанда, Мек­сика шыға­нағына келіп жеткен. Мис­сисипи өзенін бой­лай жүзе отырып, құр­лық­қа іш­кері ен­гені туралы мәлімет­тер жаз­баша және заттай айғақ­тар­мен анық дәлелденіп отыр. Медици­наның атасы - Ибн Сина (Авиценна). Алгебраның ата­сы - әл-Хорезми. Музы­ка­ның атасы - әл-Фара­би. Ең ал­ғашқы университет­тер­ді ашқан да - мұсылмандар. Сен­бейсіз бе? Англияда 1100 жылы тұрғызылған Оксфорд университеті, 1200 жылы құ­рылған Кембридж уни­вер­ситетінен де бұрын 970 жылы ашылған Египеттегі әл-Азхар университетін қайда қоя­сыз?! Басында мешіт-медресе бо­лып ашылғанмен, сол кезде-ақ ол жерде университеттік білім берген. Әлемнің ең ежелгі оқу орындары қа­та­рына Тунистегі әл-Кай­руван мен әл-Зайтуна, Ма­рок­кодағы әл-Каравийин оқу орындарын жатқызуға бо­лады. Тіпті алысқа бармай-ақ, Бұхара мен Самарқандты, өзі­міздің Түркістанды-ақ ала­йықшы. Сопы Қожа Ахмет Йассауи бабамыз қырық мың шәкірт тәрбиелепті. Осман импе­риясын құрған - сол Йас­са­уидің шәкірттері еке­нін тү­ріктер аузынан тастамай­ды. Өз заманын дүр сілкінтіп отыратын осындай зиялы­ларымыз болған. Баяғыда.
Әлемге ілім-білім нұрын шашқан әлгіндей күш-қуа­тымыз құмға сіңген судай жоғалды. Тоқтап-тоқырадық. Кері кету дәуірі басталды. Жа­сампаз ғасырлардың ор­нын жат­тампаздық ғасыр­лар басты. Әлемді дүр сілкінт­кен жаңа­лық ашулар жоғарыда аттары аталған ғұла­малармен бірге аяқталды. Олар­дан кейінгілер өздері­нен бұрынғылар жасап кеткен ілім-білімді жинақтап, түптеп, шұқшиған қағазбас­тылықпен ғана айналысты. Әлі де солай. Жаттампаздық ғасырлар деп отырғанымыз - сол.
Бұл алапат індет неден басталды? Мұның бәрі Ақыл мен Жүректің қоштасуынан, яғни Дін мен Ғылымның ажы­рауынан басталған. «Ғылым­сыз адам - ақсақ, дінсіз адам - соқыр» деп кетіпті қасқа бас Эйнштейн. «Дін - ғылым­ның атасы, ғылым - діннің баласы» дейді Мұқағали Ма­қатаев. Ғылым мен діннің бірінсіз бірінің күні жоқ. Екеуі екі жаққа бөлінген соң-ақ бүліну басталды. Ғылым азды, дін тозды. Зиялылар ту­дыратын алтын жүлге, жол-жүйе жоғалды. Жүйе болма­ған соң әр-әр жерде бөлшек­теніп, бөлектеніп шыққан қадау-қадау зиялыларға ғана күніміз қарап қалды. Соның бірі - Абай. Абай -жалғыз. Жалғыз болғандықтан да, қанша жерден ғұлама болса да, мектеп қалыптастыра ал­мады (бұл жерде Абайдың ақындық мектебін айтып отырған жоқпыз). Заманы со­лай болды. «Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне» деп күңіреніп кетті.
Ұлттық зиялылар буы­нының үзіліп қалуына, әрине, түрлі фактор: аштық, соғыс, жаппай жазалау әсер етпей қоймады. Қазақтың шын, иманды зиялылары ке­шегі тар заманда атылды, асылды. Зиялылар шоғыры үзілді. Кешегі ширыққан за­манда ширығып туған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Қожанов, Төреқұлов, Рысқұ­лов, Сәкен, Ілияс, Бе­йімбеттер секілді арыстары­мыз бен алып­тарымыздың соңы Әуе­зов, Сәтбаев, Мар­ғұлан­дар­мен аяқталғандай әсер бе­реді. Әрине, одан кейін де бір­талай буынды санап шы­ғуға болар еді, бәрібір си­рек, қадау-қадау ғана. Жал­ғыз-жарымдар.
Қанша жерден техноло­гия, интернет дамысын, бә­рібір біздер энциклопе­дия­лық дең­гейдегі сауат­ты­лыққа жете алған жоқпыз. Ол сауат­тылық интернеттен ала сала­тындай нәрсе емес, оның бәрі біздің санамызда болуы тиіс. Ал ин­тернет - ғылым емес! Көп оқу, көп білуде тұрған ештеңе де жоқ. «Көп оқыған адам жүк арқалаған есекпен тең» дейді дініміз. Көп оқу, көп білу жү­зеге аспаса, оңды нәти­жесін бермесе, керісін­ше, адасты­руға алып барса, одан не пай­да, не қайыр?! Онда ол зиялы емес, зиянды.
Сонымен, бүгінгідей қол­дан жасалған қуыршақ тұл­ғалар емес, нағыз ұлттық зиялыларымыздың қалып­тасуы үшін бізге әлі қанша жыл керек? Мүмкін, елу, алпыс жыл өту керек шығар. Бәлкім, одан аз, бәлкім, көп. Мәселе онда емес. Мәселе зия­лыларымызды қалып­тастыра білуде. Дәл бүгін «зия­лыларымыз жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртудің де қажеті жоқ шығар. Зия­лыларымыз, Құдайға шүкір, аз да болса бар. Бірақ сол зия­лыларымыздың аузын бағып, айтқанына құлақ түріп, ең­бегіне өтеу беріп отырған қоғам, билік бар ма? Кез кел­ген адам бейнетінің зейнетін көруге қақылы. Әбден қа­қылы. Ендеше, зиялылары­мызға қоғам тарапынан аздап болса да ілтипат көрсетілуі ке­рек. Аткөпір ақша арзан, жалған шоуларға, арзымай­тын ғылымға емес, нағыз ға­лым­дарға бөлінуі тиіс. Әлемдік маңызы бар жаңалық иелерін ашушылар ешқандай жалаң­аяқтар емес! Оларға жақсы жағдай жасалған. Мәселен, Батыстың бір ғалымы саналы ғұмырын бір ғана өрмекшіні зерттеуге арнапты. Сонда­ғысы - тор тоқитын өрмек­шінің еркегі ме, ұрғашысы ма екенін анықтау. Нәти­жесінде тор тоқитын тек ұр­ғашылары екен. Осы секілді Батыста біреулер тек қыбырлаған қо­ңызды, құмырсқаны зерттеу­мен шаштарын ағартады. Олар кейбіреулер ойлай­тындай ақымақ емес. Олар­дың есеп­шоттарына үлкен ақша түсіп тұрады. Белгілі қорлар, ұйым­дар ақша аударады. Кейін әлгі ғалым еңбегінің нәтижесін телеар­наларға сатып, тағы байиды. Өрмекші, құмырсқа, қоңыз - Құдайдың жаратқан жәндігі. Құдайды тану үшін әуелі оның жаратқанын тану керек. Міне, Құдайға да, адам­ға да керек ғылым - осы. Ал жақында біреу 11-планета­ны тапты. Салмағын, тығызды­ғын жариялады. Сол 11-пла­нетаны тапқаннан қоғамда ештеңе өзгеріп кеткен жоқ. Кедейлер байыған жоқ, аштар тойынған жоқ. Бірақ оның бәрі болашақ үшін керек. Сол үшін әлгі ғалымға миллион­да­ған қаржы бөлініп отыр. Бұл жерде айтпағымыз, зей­нетсіз бейнеттің нәтижесі болмай­тын­дығы. Арзанның сорпасы татымайтындығы. Әрине, на­ғыз ғалымдар аш­құр­сақ жү­ріп те бір Құдайдың риза­шы­лығы үшін тырбанып ең­бек ете беретін болар, бірақ та...
Тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйіні: бізге ұлттық зия­лыларды тәрбиелейтін жүйе қалыптастыру қажет, бізге жалаң ұлтшылдар емес, иман­ды ұлтшылдар керек! Ол үшін қазақтың шын иманды зия­лылары қалыптасуы тиіс. Сірә, ол зиялылар қазіргі ғы­лым мен дінді қатар ұстанған жастардан шығып, қалып­та­сатын болар деп үмітте­неміз.

Төреғали ТӘШЕНОВ

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475