Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 5395 7 пікір 10 Қыркүйек, 2021 сағат 09:53

Cоветтік қуғын-сүргіндер бастауы

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің өзіндік сипаты мен ерекшеліктері патшалық режим кезіндегі отарға деген астам көзқарастан арылмаған большевизмнің Дала және Түркістан өлкелеріне совет өкіметін күшпен орнатуында жатқан еді...

1

Құрамында Қазақ Елі де болған империялардың түпкі мақсаттары ұқсас: патшалық та, совет өкіметі де мемлекетті күшейту үшін негізгі халық ұсақ ұлыстарды өзіне құйылыстырып, сіңіріп алуға тиіс деп білді. Патша заманында қараңғы қазақ түптің түбінде этникалық бітімі сақталса да, бара-бара тілі, ділі, өмір салты тұрғысынан кәдімгі орыс мұжығына айналуы тиіс еді. Қазақтың әйгілі қырғындардан аман қалған бөлігін жарқын болашаққа бастаған советтік билік те осыны – дамудың жаңа сатысына сай ассимиляцияланған, орыс ұлтына сіңген, коммунистік рухтағы жаңа адам тәрбиелеуді көздеген болатын.

Дұрысында, царизмді «халықтар түрмесі» ретінде әшкерелеген большевиктер әуелде езілген жұрттарға өз тағдырын өзі айқындау мүмкіндігінен бастап, империя құрамынан шығып кетуге дейін берілетін құқтарды қамтамасыз ететіні жайында ұран көтерген-ді. 1917 жылғы 2 қарашада «Ресей Республикасы атымен Ұлт мәселелері бойынша халық комиссары Иосиф Джугашвили-Сталин, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В. Ульянов (Ленин)» қол қойған Совет өкіметінің алғашқы құжаттарының бірі «Шаруалар мен жұмысшылар құқтарының декларациясында»  патша үкіметінің  ұлт саясаты ел ішінде «халықтардың құлдығын» туғызған «ұлттық езгі саясаты» ретінде айыпталған-тын. Сөйтіп жаңа революциялық өкімет Ресейдің тең құқықты халықтарының ерікті одағын құруды ұсынды. Бұл үшін олардың теңдігі мен егемендігі, бөлініп, дербес мемлекет құруына дейін еркін түрде өзін-өзі билеуге қақылығы, сондай-ақ барлық ұлттық және ұлттық-діни артықшылықтер мен шектеулердің жойылатыны, аз ұлттар мен этнографиялық топтардың еркін дамытылатыны көрсетілді. Декларацияда большевиктер билігі ұстанбақ ұлт саясатының осындай төрт негізгі принципі жария етілген болатын.

Осынау Ресей халықтары құқтарының декларациясына иек артқан «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Жаһаншаһ Досмұхамедов 1918 жылғы наурызда Мәскеуге Оралдан алаштық арнайы делегацияны бастап барды. Делегация совет өкіметі көсемдерімен келіссөз жүргізді. ІІ Жалпықазақ съезі хаттамасын тапсырды. Кіші Халкомкеңесте Алаш-Орда мекемелерін советтік рельске аудару жобасын жасады.  Ұлттар істері жөніндегі комиссардың Орталық Алаш үкіметімен төте желі арқылы сөйлесуіне мұрындық болды (төте желі сұхбатының мазмұны жайында Семейдегі қазақ баспасөзі – «Сарыарқа» газеті, «Абай» журналы – жазып, Совет үкіметінің Алаш автономиясын мойындағанын 1918 жылғы сәуірде шаттана хабарлаған). Халкомкеңестегі келіссөз нәтижесінде ұлт комиссариаты ішінен қазақ бөлімі ашылатын болды, Орал облыстық земствосына (төрағасы –  арнайы делегацияның Жаһаншаһ секілді басшысының бірі,  «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Халел Досмұхамедов) өз қызметін жалғастыра беруге пұрсат етілді, алаштық мекемелерді советтік жүйеге сай рәсімдеу үшін ірі көлемде қолма-қол қаржы босатылды. Қайтар жолда, Саратов жұмысшы, солдат жә­не шаруа депутаттары советінің Атқару комитетінен Алаш құрылымын советтік негізде Орал облысында қайта құруға жәрдемдесетін нұсқаушы жіберу және ақтар қоластындағы қазақ елді мекендеріне делегацияның арнайы үндеуін аэропланмен жеткізу келісілді. Совдеп Аткомы  өзінің отырыстарында делегацияның барлық мү­шелерін тыңдады. Тек делегация же­текшісі Жаһанша Досмұхаме­дов­тің өзіне үш мәрте сөз алуға тура келді. Одан Атком мүшелері өз­дері оңаша пікірлесті. Ақыры Жанша Дос­мұхамедовті соңғы мәжілісіне же­ке шақырды.

Делегацияның Саратовта қа­лай большевиктік тезге салын­ға­нын советтік зерттеуші Бақытжан Қа­ратаев өзінің Алаш-Орда жайын­дағы еңбегінде (ҚР ОМА, 1227-қ., 1-тізім, 2-іс, 1-байлам) то­лық жазған екен. (Қарт қайраткер ХХ ғасырдың басында қазақ азат­тық қозғалысының бастауында тұрған­мен, кейін алдымен социал-де­мок­раттар, одан большевизм жа­ғына біржола ойысқан болатын. Қа­зан төңкерісінен кейін совет плат­формасында біраз жыл бел­сенді жұмыс атқарған да, 1926 жы­лы коммунистік партиядан шы­ғып, қалған өмірін ұлт-азаттық кө­терілістер мен революциялық қоз­ғалыс тарихын зерттеуге арна­ған еді). Оның «Алаш-Орданы» өте ұнатпағаны белгілі, сондықтан, тиі­сінше, зерт­теуі ұлттық құрылым мен оның қай­раткерлерін барынша қаралау тұрғысынан жазылды. Және бұл та­қырыпты А.К. Бочаговтың ар­найы жұмысы (Алаш-Орда. Крат­кий исторический очерк о нацио­на­льно-буржуазном движении в Ка­захстане периода 1917–1919 гг. Кзыл-Орда, 1927) мен Н.И. Мар­ты­ненко құрастырған алашор­далық құжаттар жинағы (Алаш-Орда. Сборник документов. Кзыл-Орда, 1929) шыққаннан кейін көтеріп отырғандықтан, со­веттік оқырманның қолына тиген сол кітаптарда келтірілген дерек­тер­ді қайталамай, оларда жоқ мә­ліметтерді айналымға қосуды мақ­сат етіпті. Олары қа­зіргі зерттеуші үшін маңызды де­ректер еді. Алаш-Орданы қатты сы­на­п, оның қайраткерлеріне аяу­сыз қара күйе жаққанымен, Қа­ратаев жұ­мысы, бәрібір,  соларды біздің заманға жет­кізуі­мен құнды.

Сонымен, большевик-зерттеушінің оқиғаны бір жақты бағалауға, яғни белгілі-бір тенденцияға құрылған зерттеуінен  біз Мәскеуге 1918 жыл­ғы наурыздың ортасында бар­ған «Алаш-Орда» делегациясының елдегі би­лікті бекем қолға алған Совет өкі­меті басшылығымен бірінші ке­ліссөзі қандай жеңіске жеткенін кө­ре аламыз. Ленинмен, Ста­лин­мен кездесулерінде ұтымды ке­ліс­сөздер жүргізіп, Кіші Совнар­комда тиісті құжаттарды сенімді түр­де дайындаған, алға қойған мәселесіне орай Үлкен Совнар­ком­ның шешімін шығартқан, сол орайда елде атқарылуға тиіс саяси жұмысқа қажет қаржы бөлдіртіп, өзде­рімен алып келе жатқан деле­гация мүшелері өздерін Саратовта өте лайықты деңгейде ұстады. Көзқарастары мен ұстанымдарын дә­лелді түрде қорғады, орталықпен ке­лісімдерін жүзеге асыруға Сара­тов совдепшілерінің жәрдемі қа­жет­тігін дәйектеді. Саратов Атқару комитетінің Орал делегациясы мәселесін қараған соңғы мәжілісіне Жанша ғана қа­тыстырылған-ды. Ол тағы да ор­талыққа сапардың мақсаты мен қол жеткізген нәтижесін тілге тиек ете келе, Орал совдепін ақ казактар үкіметінің құла­т-қаны делегацияға Мәскеуде ғана мәлім болғанын еске алды. Саратов совдепімен бір­лесіп атқармақ жұмыс нобайын аян етті. Делегацияның Орал өңірінің ақтар қоластындағы тұрғындарына арнаған үндеуін ұшақпен Жайық сыртына жеткізіп тара­туға совдептен көмек сұрайтынын айтты.

Жаһаншаһ (Жаһанша, Жан­ша) Досмұхамедовтің 1918 жылғы 17 сәуірде Саратов Аткомы мәжілісінде мақұлданған, артынша совдеп баспаханасында көбейтіп басылып, Зауралье елді мекендеріне аэроплан апарып тастаған үндеуінде:

«Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Ха­лық Кеңесі Ресей Федеративтік Рес­публикасының советтік билігін мойындады да, Халық Комиссар­лары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты», – деген жаңалық жария етілді. Сосын келіссөз барысында орнатылған қарым-қатынаста қол жеткізілген нәтижелер ретінде: «Халық Комиссарлары Кеңе­сінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құ­рылады да, ең қысқа мерзім ішін­де қазақ өлкесінің автоно­мия­сы жайында декрет жарияланады», – деп хабарланды. Оған дейін: «Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде өт­кен Халкомкеңес мәжілісінің № 335 Қаулысына сәйкес, Заура­лье­нің земство ме­ке­мелері өздерінің әдеттегі мін­дет­те­рін бұрынғысынша атқара беру­ге тиіс» екені айтылды.

Келіссөздің осындай маңызды түйіндерін хабарлай келе, делегация «Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақ­тың барлық земстволық және қоғамдық ұйымдары мен лауа­зым­ды тұлғаларын, барша қазақтарды совет өкіметіне қарсы бағытталған қозғалыстардың ешқайсысына да қатыспауға, сондай қарсылық қоз­ғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге» ша­қырды.

«Естеріңізде болсын, қандас қа­зақ бауырлар, – деген қаратпа сөздермен, үндеуде мына жәйтке ерекше назар аударылды, – сіздердің ұлттық тағ­дырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңіз­ге тұңғыш рет еңбекшілердің Со­вет өкіметі ресми түрде құлақ асты! – Осылай деп жар сала келе,  делегация одан әрі: – Совет өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін-өзі би­леу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау сая­си тектілік-мәрттігін бағалай бі­ліңіздер!» – деп, қазақ халқының ұлттық-мемлекеттілік болашағын совет өкіметімен байланыстыра бағалады.

Не керек, Үндеуге 1918 жылғы 17 сәуірде делегация атынан қол қойған «Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Ха­лық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұ­хамедов» қазақ халқына осындай жүрекжарды сөздер арнаған-ды. Бұл, шынтуайтында, Алаш-Орда мемлекеттік құрылымын советтік платформаны тиімді пайдалана отырып, советтік жүйе ішінде сақтап қалудың бірден-бір ықтимал жолы болатын (яғни осылай,  Алаш-Орда құрылымын Совет жүйесіне кіріктіру арқылы – ұлттық тұтастықты бұзбай, отарлық қалыптан жаңғырған ұлттық мемлекеттілікті баянды ету, болашақ советтік саяси-экономикалық солақай реформалардың алдын алу, қазақты үш дүркін қызыл қырғынға душар еткен «аштық саясатына» жол бермеу қамтамасыз етілер еді). Үндеуді ақтар қоластындағы қазақтар да, казачествоның Оралдағы Әскери үкіметі де оқыды. Әрине, Оралдағы совет өкіметін таратып, совдепті тұтқындап үлгерген Әскери үкімет алаштық делегацияны Оралға жеткен бетте қамауға алуға әзір тұрған. Бірақ олай етпеді, өйткені совет билігінің Алаш-Ордадан теріс айналғаны жайындағы хабар Алаш-Орда делегациясы еліне келгенге дейін-ақ шартарапқа жетіп үлгерген-тін...

2

Совет үкіметі басшыларының Алаш-Орда делегациясына берген уәделерінен айнып, баспасөз арқылы халыққа және жер-жердегі өкілдеріне жеделхатпен жолдаған ұрандары («еңбекші халық, мойныңнан өз буржуйларыңды, досмұхамедовтеріңді сыпырып таста, теңдікті совет өкіметі береді, қазір советтік қазақ автономиясын жасау жобасы жасалып жатыр, ұлттар комиссариаты ішінен қазақ бөлімі ұйымдастырылады, тт.») Ташкентте 1918 жылғы сәуірдің ортасында ашылмақ Түркістанның Советтік автономиясын жариялап, Түркістан Республикасын құруға тиіс Советтер съезіне Лениннің құттықтау хат жіберген уақытына сай келді.

Бұл екі жолдаудың арасында тағдырлы сабақтастық, тамырластық бар еді. 1917 жылғы 10 желтоқсанда Қоқанда шаңырақ көтерген «буржуазиялық» Түркістан Республикасын құлату үшін Ташкент большевиктері  орталықтан эшелондап қарулы күш тасымалдануына қол жеткізген. Сөйтіп содан екі ай ілгеріде  арнайы алдырылған әскермен бірге Түркістан өлкесіндегі дер кезінде қаруландырылған армян-дашнактарды қоса жұмылдырып,  Қоқан қаласын тас-талқан қаусатқан, халқын 1918 жылғы ақпанда кемпір-шал, бала-шағасына шейін үш күн бойы қырғынға ұшыратқан. Ұлттық автономияға, жалпы түркі халқына қарсы большевиктер тарапынан жасалған сол қанішерлік және шын бостандыққа жету шарты жайында «Бірлік туы» газетінде Қайретдин Болғанбаев «Тұла бойлары қан сасиды» деп сол күндері жазды.

Сондағы асқан жауыздықпен жасалған қанды қылмысты жуып-шаю үшін, орталық үкімет өлкенің Советтік автономиясын әзірлеуге шұғыл кірісуді қош көріп, арнайы тапсырмамен мұсылман өкілдерін Ташкентке жұмсаған да, өлкеде тактикалық тәсілмен автономия жариялауға тиіс Советтер съезіне дайындықты қызу жүргізе бастаған. Осы кезде Семейден Алаш-Орданың ұлттық мүдде тұрғысынан тұжырымдаған талаптары Мәскеуге жетіп, олардың тым дербестікті күйттеуі, дәлірек айтқанда, жергілікті облсовдепті көзге ілмей, орталық биліктің қазақ автономиясын жариялауын сұрауы  советтік үкіметке ұнамады. Бұл соның алдында ғана Досмұхамедов делегациясымен жасалған келіссөздегі уағдаларынан большевик-басшылардың  тайқып кетуіне қосымша бір себеп болған-ды: өлкелерде автономия совет өкіметі ұсынған үлгіде ғана, Түркістан өлкесіндегідей түрде жасалуға тиіс...

Қазақ халқының жарты бөлігі Орта Азия аумағында:  негізгі бөлігі Қоқан хандығында (патша заманында – Түркістан генерал-губернаторлығының, советтік дәуірде – Түркістан Республикасының Сырдария, Жетісу облыстарында, сондай-ақ бірқатары бұрынғы Бұхара  әмірлігі және Хиуа хандығында (Ақпан революциясынан кейін большевизм ықпалымен жасалған Бұхара және Хорезм Халық Республикаларында) тұратын. Монархия құлағаннан кейін көп ұзамай Ташкентте қос өкімет орнаған-ды: билікте бір жағынан –Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті (оның қарамағында үкімет әскері бар-тын), екінші жағынан – жұмысшылар мен солдаттардың Ташкент советі тұрды (оны қала жұмысшылары мен гарнизонының солдаттары қолдайтын).  Ұзамай  Ташсовет сайлаған Атком мен Ревком өлкедегі нақты билікті қолға алды. Петроградтан Мұстафа Шоқаймен бірге Ташкентке барып қоғам жұмыстарының бел ортасында жүрген Зәки Валидов сол шақта-ақ совдеп мүшелерінің өлкеге келіп жатқан жартымсыз азықтан жергілікті халыққа мүлдем ештеңе бермеуді мақсат еткенін кейін Түркияда жазған  «Хатираларында» айтқан-тын. (Билік біржола қолға тигеннен кейін олар қазақтардың жылқысын, барша малын армия қажетіне тартып ала отырып, азық-түлікті «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ» көшпенділерге емес, «әлемдік революция жасайтын қызыләскерлерге» ғана бөлуді дұрыс көрген).

Большевиктер өлкенің байырғы тұрғындарымен ешқандай да санаспайтынын 1917 жылғы қарашаның ортасында, ІІІ советтер съезінде Түркістанның Халық Комиссарлары Кеңесін сайлаған кезде ашық танытты. Өлкедегі аз ғана (бес пайыз) келімсектердің жергілікті (тоқсан бес пайыз) халық өкілдерінен үкімет құрамына ешкімді қоспауын әділетсіздік деп санап, өлке үкіметінің халық құрамына сай пропорционал негізде жасақталуы тиістігін съезде мұсылман ұйымдары атынан мәлімдеген Серәлі Лапиннің сөзін көзге ілмеді.

Қоқанда өткен Төртінші төтенше мұсылман съезі болашақ Ресей Федерациясы құрамында болуға тиіс Түркістан автономиясын (мұхториятын) қарашаның соңына қарай (жаңа күнтізбекпен 10 желтоқсанда) жария етті. Съезді ашқан сөзінде Мұстафа Шоқай бірден толық мәніндегі мемлекет құрудың оңай еместігіне назар аударды. Өйткені бұл тарапта тыңғылықты істер атқаруы ықтимал,   мемлекеттік қызметте істеп тәжірибе жинақтаған азаматтар қатары кемшін-тін. Ең бастысы, автономияға қорған боларлық армия жоқ болатын. Ал қазір «Ресей қаншама әлсіреп қалса да, күш-қуаты бізден әлдеқайда артық», сондықтан да  «біз географияның өзі мәжбүрлеп тұрған» ахуалды ескеруіміз керек, яғни «Ресеймен бейбіт және достық рәуіште өмір сүруге тиіспіз», – деді. «Мен Советтердің саясатын қабылдай алмаймын», – деп ағынан жарылды ол. Сосын билігін найза ұшымен орнатып жүрген олардың, яғни «большевиктердің күйреткіштік күш-қуатына сенемін» деп, өз пиғылдарын орындау жолында кешегі патша үкіметі секілді озбырлыққа салатынына күмән келтірмейтінін айтты.

Мұстафаның күдігі ұзамай-ақ расқа айналды. Мұхторият құрметіне, ел болуды  қуаныштауға 1917 жылғы 13 (26) желтоқсанда Ташкентте жиналған жергілікті түркістандықтар (ішінде жан-жақтан салтатпен келген түркістандық қалың қазақ та бар) қарулы большевиктердің оқшашармен тасадан атқылауына тап болды. Мұстафа Шоқай бұл қасіретті күннің ешқашан ұмытылмайтынын жазды. Алайда ұлттық мемлекеттіліктің жаңғыруына жаулықпен қараған советтік биліктің қарулы күші автономия үкіметін құлатып қана қоймай, 1918 жылғы 15 ақпаннан бастап бірнеше күн бойы жауыздықпен Қоқан қаласын қаусатып, халқын қынадай қыруы арқылы ұмытылмас қаралы оқиғаларды үстемелей түсті.

Өлкеде большевиктер «совет өкіметін мылтық найзасымен орнатып» (С. Қожанов),  «әлемдік революция мүддесі» үшін репрессиялармен астасқан «аштық саясатын» (М. Шоқай) жүргізді. Түркістан Советтік Республикасында Аштық комиссиясын басқарған Тұрар Рысқұловқа келімсек «революционерлердің» жергілікті халық мүддесімен санаспайтын астамшылығымен жанкешті күрес жүргізуге тура келді.

3

1920 жылдың басында Жетісу ақтардан тазартылып, азамат соғысы аяқталды. Монархия құлап, совет өкіметінің орныққанына көздері жеткен соң, патшаның 1916 жылғы Маусым пәрмені тұтатқан көтерілісті қарулы әскери күшпен басу салдарынан Қытайға өтіп кеткен қырғыз-қазақтар кері орала бастады. Еліне қайтқан босқындарды туған жеріне қайта қоныстандыру үшін Түркреспублика Орталық Атқару Комитеті арнайы комиссия құрып, төрағалығына коммунист Төреқұл Жанұзақовты тағайындады.   Комиссия Жетісуға аттанып кетті. Ресей Федерациясының Түркістан Республикасындағы Жетісу облысына оралып жатқан босқын қырғыз-қазақтарды жайғастыру жөнінде Түркатком Айрықша Комиссиясының төрағасы  арнайы бағдарлама мен жұмыс жоспарын жасаған-ды, ол 1920 жылғы мамырда Жетісу обләскериревком шешімімен бекітілді.

Бұл құжатта Т. Жанұзақов «жергілікті халықтың өкілі ретінде оның тұрмысын, әдет-ғұрпын және дәстүрлерін білетіндіктен», «оның Совет Билігіне көзқарасын қысқаша сипаттап, соған сәйкес қазақ-қырғыздар арасында жұмыс істеу үшін» арнайы жасалған бағдарлама ұсынуды жөн көргенін айта келе, облыстағы совет өкіметін басқаратын өзге ұлт өкілдері үшін пайдалы мағлұматтар береді. Совет билігі орнағалы бері жол беріліп келе жатқан басты кемшілікті атайды: «Барлық іс-шаралар, шығарылып жатқан декреттер бұқараға оның ана тілінде жетпейді, сондықтан да оның тыныс-тіршілігінің эволюциялануына,  тиісінше советтік құрылыс принциптеріне нақты ықпалын тигізбейді. Бұл тұрғыда ауызекі яки басылымдар арқылы түсіндірмелер жасалмайды, жергілікті совет органдары тарапынан ешқандай шара қолданылмайды, сөйтіп заңдар мен декреттер бұқара үшін белгісіз болып қала береді». Қырғыз-қазақ арасындағы қалыптасқан ахуалды түсіндіреді: олар сәті түскенде ашық таптық күреске апаратын товарлық өндірістің капиталистік тұрпатымен, индустриялық өнеркәсіппен таныс емес; қырғыз-қазақта манап, бек, бай мәртебелері эксплуатация нәтижесі емес, Құдайдың дарытқаны деп саналады...

16, 17 және 18-ші жылдарғы ...оқиғалар мүлдем дайындығы жоқ қырғыз-қазақ басына түсті де, ...мәдени деңгейі төмендіктен, ...жеткіліксіз білім мен тәжірибені қарсы қоя алмады. Қырғыз-қазақты білмейтін адамдар келтіріп жатқан мың-сан кедергілер салдарынан олардың барша революция құбылыстарына белсене қатысуына мүмкіндік берілген жоқ. Таптық тәрбие көрмегендіктен, революцияның саяси және экономикалық талаптары ішінен дұрыс бағдар таба алмай қалды. Осылардың бәрі бірлесе келе, халықтың ахлақи құлдырауына, экономикалық тұрғыда күйзелуіне себеп болды.

Қазіргі жағдайда бұлар жаңа да нақты, мәдени және прогресті тіршілікке бейімделуге деген құлшыныс туғызып отыр. Олардың «социалистік бастауларға негізделген саналы қозғалысын, надандықтан мәдениетке, саяси маужыраудан революцияшылдыққа, экономикалық тәуелділіктен дербестікке беттеуін ретке келтіру мақсатында» жүргізілуге тиіс шараларды атайды. Қолға алынуы қажет саяси жұмыстарды, партия ұйымдарының міндеттерін, экономика саласында атқарылуға тиіс істерді, советтік құрылыстың баяу даму себептерін ашып, оны партия съезі шешімдеріне сай өркендету жолдарын тұжырымдап, тізіп көрсетеді.

Ресей (большевиктер) Компартиясы Орталық Комитетінің жариялы шешімдеріне үндес жасалған бұл бағдарламаны орындатпау үшін Жетісу облысының орталығы Верный (Алматы) қаласында Дмитрий Фурманов бастаған орталық билік өкілдері қилы арандатушылық әрекеттер жасап, Төреқұл Жанұзақовты Айрықша бөлім арқылы тұтқындайды. Ал жеріне кірмелер «егіс егіп қойғандықтан», еліне «демократиялық өкімет орнады» деген сеніммен оралған босқын қырғыз-қазақтың өз атамекеніне қоныстандырылуын кейінге қалдыртады. Жалпы, жергілікті халықтың ұлттық мүддесін тек тактикалық тәсіл ретінде, шектеулі ауқымда ғана ескеру Орталық совет билігінің басты ұстанымы болатын, сондықтан да Түркреспублика Орталық Атқару Комитетінің қызметін Ташкентке жіберген эмиссарлық ұйымдары (Түркбюро, Түрккомиссия, Түркмайдан Әскериревкеңесі), Верныйда үш-төрт ай билік құрған Фурманов секілді арнайы өкілдері арқылы қатаң бақылауда ұстайтын. Қолына айрықша билік берілген  Фурманов өзінің солақай шешімдерімен қала гарнизонының наразылығын туғызады, солдаттардың 1920 жылғы 11 маусымда көрсеткен қарсылығын Түрмайдан басшысы Михаил Фрунзеге «ақтар бүлік шығарды» деп хабарлайды. Нәтижесінде «бүлік» басылып, үлкен сот жүреді де, бір оқ шығармаған «бүлікшілдердің» үлкен бөлігі ату жазасына кесіледі. Халықты репрессиямен қорқытып, үрейлі жағдайда ұстау – большевиктерді жеңіске жеткізіп отырған негізгі тәсілдердің бірі болды...

Сол 1920 жылы күзде Предсовнарком Ленин Мәскеуде Түркатком төрағасы Рысқұловты қабылдап, оған Ташкентте ұлттық бірлікті көздеген Түрк Республикасы және Түрк халықтарының коммунистік партиясы жайында жыл басында қабылданған шешімдердің қате екенін мойындатты. Одан соң серіктеріне құпия түрде Орта Азияны бөлшектеу жөнінде тапсырма берді...

4

Колчактан күдер үзіп, Совет өкіметін мойындауға бекінген Алаш-Орда қайраткері Ахмет Байтұрсынов «монархияның төрінде отырғаннан, социализмнің етегінде жүргенді» қалайтынын айтқан еді. Қазәскериревком мүшесі, алғашқы ағарту халық комиссары болды. Қазақ республикасының жағдайын жақсарту жайында Ленинге ұсыныстарын жазды.  Ленинге жолдаған хаттарында езілген халық мүддесін Тұрар Рысқұлов та, өзге қайраткерлер де көтерді.

Ұлттар істері жөніндегі халық комиссариатында екі жыл істеп, шетелге жасырын өтіп кеткен әзірбайжанның аса көрнекті қайраткері Мәмед Әмин Расулзаде  1923 жылы Бас хатшы Иосиф Сталинге Стамбулдан: «...Ресейде қазір жасалып жатқанның бәрі осында жүз жыл ілгеріде болғаннан іс-жүзінде ештеңесімен ерекшеленбейді, – деп жазды. – Тура бұдан жүз жыл ілгергі кездегідей, Ресей тағы да өзіне жаңа отарлар қосып алуда. ...билікке келген коммунистік партия өзінің бұрынғы идеологиялық ұстанымынан айнып, ресейлік империяны қайта жаңғыртуға бел байлады.

...Ұлыдержавалық шовинизмді жұмысшылық космополитизммен алмастыру ештеңе өзгертпейді, түптің түбінде ұсақ ұлттарды жоюға әкеледі. Оның үстіне сіздер өз қаруларыңыздың күшімен Кавказ бен Түркістанда ұлттық қозғалысты тұншықтырып жатырсыздар және оны жергілікті пролетариат мүддесі үшін жасап отырмыз дейсіздер. Бірақ мұнда пролетариат патшалықтың орыстандыру саясаты салдарынан пайда болған, әрі елеуге тұрмайтын азшылық санатында. Сіздер осы азшылық мүддесі үшін жергілікті халықтың басым көпшілігінің өз тағдырын өзі айқындауға және тәуелсіздікке деген заңды құқығын еш күдіктенбестен аяққа таптадыңыздар.

Әзірбайжан мен Түркістанда жарияланған пролетариат диктатурасы өз мәні жөнінен баяғы Мәскеудің диктатурасы, одан басқа түк емес.  Империя астанасы Петроград болып тұрғанда да бәрі тура осылай болатын...

Бәрібір сіздер қалағандарыңызға жете алмайсыздыр. Шығыс, атап айтқанда  түрк халықтары, қайткенде, ештеңеге қарамастан, түптің түбінде тәуелсіздікке қол жеткізеді. ...Шығыс халықтары коммунистік нормалар мен принциптер бойынша емес, өз қалаулары бойынша өмір сүретін болады»...

5

Түрк халықтарының тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз қалаулары бойынша өмір сүруіне мүмкіндік 1991 жылы туды. Ал 1917 жылы билікке келгеннен империяшылдық-тапшылдық көзқарас совет өкіметі жүргізген қуғын-сүргіндердің тұғырына айналған-ды. Идеясын өмірге күшпен енгізу, репрессиялық шараларды  бұрын да, қызыл террор жайында арнайы заң қабылдаған соң да әдеттегі тәсілі ету большевизмнің өмір салты болды. Қазақстанда ол негізінен ұлттық мүддені күйттеушілерге қарсы қолданылды. Республикадағы ойы өзгешелер түсірілген қуғын-сүргін табиғаты сонда еді...

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия
құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5246