Сәрсенбі, 9 Шілде 2025
Алашорда 175 0 пікір 9 Шілде, 2025 сағат 12:57

«Алашия» рисәләсі хақында айтар сыр

Сурет: satbayev.university сайтынан алынды.

ӨЗІМЕ ЖӘНЕ ӨЗГЕГЕ

«Алашия» рисәләсі хақында айтар сыр

Тарихи туындылардан тұратын топтамамды 2004 жылы «Рух-Сарай» деген жалпы атпен жариялай бастағандағы ұстанымымда мен жас оқырманға сіңімді, құнарлы рухани азық ұсынудың шартын дерек пен көркемсөз кестесі үйлесіміне қол жеткізу деп ұйғарғанымды айтқан едім. Сосын сомдамақ рухи ғимаратымның «кірпіштері» мен «құжыралары» қандай болатынын меңзеген болатынмын. Мұным тарихи деректерді көркем тілмен әңгімелеу дегенге  саятын. Ал қандай деректердің құнарлы, санаға азық боларлық  рухани нәр беруі ықтимал? Мен бұл орайдағы ізденістерімнің басты нысанасы етіп, қазақтың мыңдаған жылдық тарихының шешуші үзіктерінің бірі ретінде, жиырмасыншы ғасырды таңдап алғанмын-ды. Өйткені қазақ ұлты ғұмырындағы күллі тағдырлы бетбұрыстардың бәрі сол жүзжылдықта жасалған-тын. Барша тағылымды деректер сонау уақыт кесіндісінде жатыр деп білгенмін-ді.

Атап айтсам, олардың негізгілерін мен белгілі бір жүйемен мынандай кезеңдерге бөлгенмін: 1) Халқымызға елдігін қалпына келтірудің соны бағытын нұсқаған Мың тоғыз жүз бесінші жыл; 2) Сталин «қара Ресей» деп дәл таңбалаған отар жұрттардың бірі әм бірегейі қазақ бұлқыныс күшін көрсеткен Он алтыншы жыл;  3) «Халықтар түрмесінің» бас қожайыны мен күзетшісі тақтан құлаған Он жетінші жыл; 4) Қазақ халқын жаңа империя құрамында жер-суының негізгі аумағымен әуелі Он жетінші жылы алаштық, артынша Жиырмасыншы жылы советтік автономия деп аталатын құрылымдарға жинау әрекеттері, сосын қазақтың жер-суы мен халқын бір шаңырақ астына біріктіруге тұңғыш рет тарихи мүмкіндік жасаған Жиырма төртінші жыл; 5) Бергі заманда жер-жаһанды тітіреткен «зұлымдық империясының» көбесін сөгіп, империя тұншықтырған барлық одақтас республикалардың еңсе көтеруіне, сөйтіп олардың баршасының ұлттық мемлекеттік тәуелсіздігіне қазақтың намысын жыртуымен жол салған Сексен алтыншы жыл...

Мұның бәрін халқымыздың тарихындағы елеулі кезеңдер десек те, менің қайта құру саясаты дәуірлегеннен бері әр кезде жариялаған және жарияламақ жұмыстарымда қамтылатын уақыттық кеңістіктер бұлардан да ауқымды-тын. Бұлар негізгілері. Олармен сабақтас сан белес, тағылымды, маңызды кезеңдер бар. Солардың баршасы менің топтамамда әртүрлі жолмен қарастырылады деп шешкенмін. Осы кезең-белестердегі күрделі оқиғаларға бойлаған ізденістерімнің нәтижесі жөнінде замана сұранысына сай ой қорытуға тиіс-тұғынмын.

Содан туған халқымыздың саяси ояну жолындағы алғашқы қадамдары мен тәуелсіздікке жеткенге дейінгі шежіресінен жекелеген суреттер көркемдік зерттеуіме алынды. Сөйтіп-сөйтіп, ғасырға ұласқан ұзақ жолдың тарихи тағылымды тұстарынан сомдалып, ғимараттың сүйегін құрап-тұтастыратын туындылар тізбегі нобайланды. Сол тізбек жас азаматтарға рухани нәр берерлік танымды шығармалар шоғырын құрайтын болады деп білдім. Мен бұл рухи-ғимаратым әлденеше сериямен өріледі деп жобалаған едім. Оны ұлттық рухты ұлықтайтын рухани үй сынды бейнеде көргенмін. Рухани  үйдің іргетасы, еңсе көтерер негізі – туған топырақ болмақ. Сол себепті де  «Рух-Сарай» әлемінің іргетасы іспетті алғашқы туындылар шоғырын біріктіретін желі жәй ғана «Топырақ» деп аталды. Бұл сериядан қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіруді тұңғыш рет озық өркениеттік саяси ой деңгейінде пайымдай бастаған кез – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси тыныс-тіршілік көріністерін бейнелейтін этюдтер орын алады деп жоспарладым. Ал іргетас үстіне қабырға өрілетіні белгілі, мен оны құрайтын туындыларды «Кереге» деп аталатын серияға топтастырмақ едім. Оған уақыт жағынан ХХ ғасырдың алғашқы үштен бірінде орын алған бетбұрысты өзгерістер жайындағы этюдтер кіреді. Олар жекелеген ұлт қайраткерлерінің ғұмыры мен қызметін арқау ету арқылы бейнеленеді.  Керегеге уық бекітіледі, уық шаңырақты көтеріп тұрады. Топтамада бұл қызметті «Уық» сериясы атқарады. Осы сериямен тоталитаризм кезеңінен қазіргі тәуелсіздік баспалдақтарына дейінгі аралықты жалғастыратын шежіре түзіледі. Ал ғимараттың шатыры, шаңырағы – тәуелсіздік белесіндегі рухани күмбез тәрізді серия – «Тәж» деген атаумен бедерленеді. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ізденістерді, тәуелсіз ел азаматтарының көзқарасын, ұстанымын көрсететін, оның қалыптасуына арқау болатын этюдтер кіреді. Бұл алдыңғы үш топтаманың қорытындысы іспетті болуы керек. Өстіп, тәуелсіздік азаматы көзқарасының тұғырын қалауға септесуі тиіс «Рух-Сарай», төрт серияға жүйеленген, тұтастай бір ғасырды қамтитын этюдтер дестесі, – рухи-ғимарат ретінде бой түзейді деп шешкен едім.

Түсінем, этюд деген жанрлық анықтамам соншалықты дәл болмауы ықтимал. Шынтуайтында алғашқы «Топырақ» сериясымен жарық көрген этюдтерім барлық белгілері бойынша кәдімгі роман, оларға тек  деректі деген анықтама қосу сұранып тұрған тәрізді. Турасын айтқанда, әдебиеттанушының топтамадағы  әр туындыны белгілі бір жанрға жатқызуы әбден мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Мәселе менің үлкен уақыттық кесінді ішіндегі бетбұрысты белестерді, елеулі оқиғаларды мейлінше шынайы бейнелегім келгенінде жатыр ғой деп ойлаймын. Ал солай жасау жолында менің қолға алған көркемдік құралым сан түрлі болды. Сондықтан да осынау рухдестеге кіретін туындыларды әдеттегі әдеби жанрлар бойынша топтастыруды қош көрмедім. Маған бұл ретте, өзімнің жас кезімдегі елти қараған, орны ерекше ұстаздарымның бірі, мәңгі өлмес ұлы Бальзактың өзінің эпопеясын нобайлауда қолданған тәсілі көңіліме қонды. Ол  суреткерлігінің шыңы ретінде танылған үлкен және шағын романдарын да, сыни көзге журналистік жұмыс іспетті әсер қалдыратын үлкенді-кішілі барша тамаша шығармаларын да жанрға жіктемей, ортақ атаумен этюдтер деп атаған болатын. Бұл жерде ертеде сөз өнері зергерлерінің әдеби де, ғылыми да, философиялық та очерктерді бір сөзбен этюд деп таңбалай бергенін де есте ұстаған жөн. Осы атау маған да ұнайды. Сондықтан «Рух-Сарайдың» көркемдік тұтастығын сақтау үшін,  туындыларды жанрға бөліп-жармай-ақ, – өзінше жеке этюдтер ретінде беруді орынды көрдім. Жарыққа шыққан туындыларда ешқандай жанр атауын көрсетпеуім содан. «Рух-Сараймен» танысқанда, жас оқырман романдар мен әңгімелерге, зерттеулер мен көсемсөз үлгілеріне, ғылыми монографиялар мен анықтамалықтар сипатты шығармаларға кезігеді. Бірақ, менің өз иланымымша,  олардың мәні түрінде емес, бәрін біріктіретін өзегінде, мазмұнында. Олардың әрқайсысы –  тарихтың бір кішкене пұшпағы, тарихи миниатюра, халқымыз бастан кешкен белгілі бір кезеңнен елес беретін өзінше бір көркем полотно. Сондықтан да олардың қайсысының қай жанрға жататыны мен үшін соншалықты маңызды емес.

Әйтсе де дәстүрлі жанр атауларынан қашқақтауым оқырманға ұнамауы мүмкін. Сөз өнерінің қай салада жасалатынын көрсету – талап етілетін қарапайым шарттардың  бірі  іспетті емес пе... Дегенмен менің ұғымым мынандай... Жанр – түр ғана. Түр – мазмұнды ашу тәсілі ғана. Мазмұн – көрсетілуі тиіс ойға алған тұтастықты айқындаушы жәйт, тұтастың бөліктерінің жиынтығы. Ал тұтастың бөліктері сан түрмен ашылуы ғажап емес. Ойлап қарасам,  қолға алған тұтас әлемді бейнелеу үшін мен неше-алуан жанрды пайдаланылуда екенмін. Ендеше, оларды жіктеп қажеті қанша? Бәрін бір ортақ атпен атай берсем де болмай ма? Көркемдік түр әдебиеттің өзіндік анықтауышы секілді болғанмен, көркем тұтастықтың жүгін көтере алмайды. Мен жасамақ көркем тұтастықты тану үшін бір түрге, яғни бір жанрға  иек арту жеткіліксіз, менде олар аралас қолданылады. Сондықтан да мен байырғы түрлік атауды қару еттім. Маған сол қолайлы көрінді...

Себебі – мәселе тек түрде емес қой. Өнерді биік өнер дәрежесіне көтерудегі  ізденісте шек болмаса керек. Тек өнеріңді сол биік өнерге жеткізудегі мақсат не, міне, бұл ойландыратын мәселе... Өзім қолға алған жобамның тұрғысынан айтсам, менің көздегенім – барлық жағынан мүлтіксіз туынды жасау емес, мен оқырманымды тарихпен тәрбиелеуге атсалысуды күйттеген қарапайым ғана мұрат ұстанудамын... Бірақ мүлтіксіздікке жетуді армандамаймын десем,  шындыққа жанаспас еді. Алайда бұл – арман ғана,  шығармашыны мәңгі ұмтылысқа жетелейтін биік меже... Рас, өзінің шығармашылығына «өнер – өнер үшін» ұранын негіз еткен, мінсіздікті көксейтін шеберлер бар, солармен қатар, өнерді өнер үшін жасаймыз деп, ел мүддесін көзге ілмейтіндер де бар. Тек мен солардың бәрін, он жерден халықаралық жүлдеге, үлде мен бүлдеге оранса да, жалпыадамзаттық деген алдамшы ұранның жетегінде кетіп, өздерінің ұлттық-тектік сипатын жоғалтқандары үшін жоғары бағалай алмаймын. Маған ғасырлар бойы тарихи құқтары шектеліп, кемсітіліп келген, күллі тұрмыс салты өзгерген, қазір де шынайы ұлттық мүддесі тиісті дәрежеде қорғалмай келе жатқан халқымыздың атын ғана қалдырып, затын  «жалпыадамзаттық» кейіпке түсіруді көздеген бағыт ұнамайды. Мен қазақ өзінің таза ұлттық сипатын жалпақ әлемге терең таныту арқылы жалпыадамзаттық деңгейді игереді, солай етуге тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да  өзімнің рухи-ғимаратымды тұрғызуда осынау «өнер – өнер үшін» делінетін аспани-көркем ережеге емес, «өнер – өмір үшін» деген жасампаздық қағидасына сүйенгенді мақұл көрем. Менің қолға алған жобам бүгінгі таң сұранысына қызмет ететін, оқырманын баянды болашаққа жаңа сезіммен апармақ ерекше жәдігерлік болып шығуға тиіс. Солай. «Рух-Сарай» оқушысын тарих арқылы тәрбиелеуді мұрат етеді...

Алайда «Рух-Сарай» жобаланған тұрпатта толық жарық көрмеді. «Топырақ»  сериясының бес этюді,  «Кереге» сериясының екі этюді төрт кітап болып шығып, алғашқы орыс революциясы жылдарындағы қазақ саяси ойы және оны дамытушы тұлғалар, ұлт-азаттық қозғалысы жайында сыр шертілді.  Топтаманың 5-ші томында «Тәж» сериясымен әр жанрды қамтитын этюдтер шыққан. «Қостаған» – қазіргі таңдағы болмысымыздың бірер пұшпағының айнасы болуға тиіс көркем хикаяттар, «Біз – қазақ ежелден...»  – тақырып астына «өзіңді өзің тану тәжірибесінен» дейтін анықтама қоса берілген ғылыми зерттеу, ал «Көрік» – әр жылғы публицистика, ұзын-ырғасы жарты ғасырға жуық мерзімді қамтитын, көзқарас, белсенді өмірлік позиция мәселелерін қозғайтын  публицистикалық хроника.  Бүгінгі тәуелсіз ел азаматына белгілі дәрежеде қоғамдық сана, тарихи сана, қажетті ұстаным хақында ой салуға тиіс этюд.

Өкінішке қарай, тап осы 2012 жылы жарық көрген 5-ші томнан соң «Рух-Сарайдың» кезекті кітаптары шығарылмай қалды. Нақты себебін, мемлекеттік тапсырыспен бастырудың неге күрт тыйылғанын баспагерім маған ашып айтқан жоқ, өзімнің бұлдырлау тұспалымды есепке алмағанда, осы жәйттің шындығы маған күні бүгінге дейін беймәлім. Мен, әйтеуір, бұл күтпеген кедергіге алаңдамауым керек деп түйдім де, үлкен жобама біршама түзету енгіздім. Топтамамда жарық көрген туындылар тізбегінің бір бөлігін  жалғастырып,   бүгінде Алаш қозғалысы ретінде кең танымал қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихына арнайы тоқталуымды, яғни көркемделген Алаш дастанын толықтырып жазуымды қажетсіндім. Осылай он дәптерден тұратын «Алашия» рисәләсі дүниеге келіп, 2018 жылы жеке баспадан үш том болып жарыққа шықты...

Сонымен, «Рух-Сараймен» басталған осынау деректі-көркем, тарихи-танымды туындыма қазақ азаттық қозғалысының тууын, даму барысын және қол жеткізген нәтижесін арқау еттім.  Кең көлемді дастан, эпопея тұрпатты «Алашия» атты шығармамда  еліміздің елдігі жойылған, империя отары ахуалындағы жай-күйін, халықты жер-судан, ұлттық рухани санадан айыру саясаты дәуірлеген кезеңдегі саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігін, ХХ жүзжылдық бастала туған жалпыреволюциялық қозғалыс толқынында өзге ұлттармен қатар бастан кешкен ояну үдерісін жаңғыртуға тырыстым. Сөйтіп, Алаш қозғалысының бодандықта өмір сүріп жатқан түрк-мұсылман халықтары қозғалысымен бірге өрістеуі барысында, ХІХ ғасырда жоғалтқан мемлекеттілігінің 1917 жылы қайта жаңғыруын көрсетуді, оны жас оқырманға танымды боларлықтай етіп суреттеуді мақсұт еттім. Дамуы 1905 жылдан 1917 жылға дейінгі мерзімді – отарлық кезеңнің ақырғы мүшелін қамтитын, империядағы жалпыреволюциялық қозғалыспен, жалпымұсылман қозғалысымен астасқан Алаш қозғалысы сынды осы ерен де ерек құбылысты  не себептен бүгінгі дербестігіміздің, мемлекеттік тəуелсіздігіміздің іргетасына балайтынымды жас оқырманыма бейнелеп түсіндіргім келді.

«Алашияны» неліктен рисәлә деген айдар-жанрмен ерекшелегенімді айта кетейін. Рисəлə тұңғыш рет орта ғасырда араб тілінде, өз заманындағы қолданылу ретіне сай – жолдау деген мағынамен өмірге келген де, біртіндеп араб, парсы, түрк қарасөзінің өзіндік жанрының аталымына айналған болатын. Осы атаудың түпкі мағынасы ұнағандықтан, өзімнің ойыма алған мақсатыма қызмет етеді деген сеніммен, мен оны жанр ретінде  жаңғыртуға ниеттендім де, топтамама рисəлə деген айдар тақтым. Ал рисəлəні құрайтын туындыларды ешқандай əдеби жанрға жіктемей, əр шығарманы бір дәптер, өзінше бір этюд, рисəлəнің бір бөлігі деп санағанды жөн көрдім. Бұлардың қай-қайсысы да қазіргі жаһандандыру үдерісі дәуірінде ұмыттырыла бастаған уақыт тұңғиығынан бүгінгі замандасқа арнайы жолданған жолдау, болашақ өмірге қажет ескертпе іспетті қызмет көрсетеді деп санадым.

ХХ ғасырдың басында ұшқындаған жалпыресейлік революциялық қозғалыспен, империяда тұтанған жалпымұсылмандық қозғалыспен астаса дамыған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының тууын жəне оның Алашорда шаңырақ көтергенге дейінгі өрістеуін, тиісінше, қазақ қоғамдық-саяси ойының дамуын көрсететін жеке-жеке бөлімдерге жіктелген тарихи-танымды он дәптерден тұратын «Алашия» рисəлəсі қалың оқырманды ең әуелі 1360 бетке созылған көлемімен шошыта ма деп ойлаймын. Қалың оқырман түгіл, санаулы әм саналы әдебиет сыншылары да тап сондықтан бұл туындыға беттемей ме деп қорқамын. Қазіргі заман үшін байырғы заманның зілмауыр фолиантындай көрінетін мұндай қалың кітапты оқимын деп уақыт өткізгеннен гөрі, оның азаматтарымызды тарихпен тәрбиелеу тұрғысынан бүгінгі күн үшін өте маңыздылығына, өткен жолымыз бен  сол жолдағы жан-тәнімен халыққа қызмет еткен тұлғаларымызды іс-әрекет үстінде танып-білуге жәрдемдесетін танымдылық сипатына үңілгеннен гөрі, бұларға еш мән берместен, «әдебиетімізде елең етерліктей шығарма әлі күнгі жазылмады» дей салу әлдеқайда оңай, әрі мұндай тұжырым, көпшілік оқырман бейтаныс болғандықтан, ешкімнің тарапынан дау да, күдік те туғызбайды. Жоқ дегенге сот та жоқ.

Қалай болғанда да, біз бәрібір «Алашия» түптің түбінде оқырманға оқулық секілді танылады деген үмітімізді үзбейміз – өйткені оның бүгінгі жас ұрпаққа ата-бабасы ғұмырынан құнды мәлімет беріп, өзін өзі тануына жәрдемдесетін танытқыш анықтамалық рәуішті құнды туынды екенін білеміз.

Рисәләнің алғашқы дәптерінде  1905 жылы маусымдық Қоянды жəрмеңкесінде патша үкіметі басшысының атына  петиция әзірлеу кезіндегі оқиғалармен, оқыған жастармен, танымал тұлғалармен, қазақ даласына отарлық дəуірдің қалай орныққанының тікелей куəгері, бертінде аймақта қарсылық қозғалысына қатысқаны үшін айдалған, бәрібір каторгадан қашып келген Еркіндік қартпен, оның әскермен шайқаста опат болған көтерілісші серігінің баласы жас Өтеміспен, империя орталығы жағынан келген шетін көзқарасты Жасаймен  танысамыз. Бұл іс жүзінде біз бүгінде Алаш қозғалысы деп атап жүрген құбылыстың – ұлт азаттығын көксеген жаңа тұрпатты күрестің бастапқы ірі белесі болатын.  Екінші  дәптерде олардың сол дәуірдегі түрк зиялыларымен бірге Нижний Новгородтағы мұсылмандар съезіне қатысуы суреттелген. Ал үшінші дәптерде оларды Қарқаралы өңіріндегі басқарудың жаңа үлгісін аңсаған өзгерістерге, Нілді кенішіндегі жұмысшылар толқуына, Оралдағы тұңғыш қазақ саяси партиясы жиналысына қатысушылар қатарынан көреміз. Сонымен, бұл үш дәптерде қазақ даласының жаңа саяси күрес жолына түсуі, жалпы түркі әлемімен мұраттастығын айқындап, күрес жолдарын белгілеуі, елдікті жаңғыртудағы   болашақ саяси құрылым жобаларын түзуі сөз болады.

Бұлардан кейінгі төрт дәптер қазақ қайраткерлерінің парламент жұмысына қатысуына арналған. Халық өкілдерінің империядағы заң шығарушы мекемеге артқан үміті,  Бірінші Мемлекеттік дума мінберінен қазақ мәселесінің көтерілуі, ұлт үшін өзекті мәселелердің Екінші Думада қаралуы, Үшінші Думада қазақ қайраткерлері жүргізген парламенттік күрестің тоқырауы туралы әңгімеленеді.

Сегізінші, тоғызыншы,  оныншы дәптерлердегі этюдтарға ел мүддесін көздеген зиялылардың Он алтыншы жыл көтерілісіне орай империяның биік орындарындағы, Төртінші Дума қабырғасындағы күрестері, патшаның тақтан түсуіне байланысты туған жаңа саяси мүмкіндіктерді  пайдалану мақсатындағы іс-әрекеттер, жалпықазақ құрылтайлары, ұлттық қозғалыстың квинтэссенциясы секілденген жұлдызды сәт – байырғы Қазақ Ордасының заманауи өркениетке сай жаңғыруы  іспетті Алаш Ордасының дүниеге келуі арқау болған.

«Алашия» рисәләсінде Ресей патшалығының отарына айналған түрк халықтарының орыс мүддесіне   қызмет етіп жүрген озық өкілдері өз ел-жұрттарының мұң-мұқтажын ойлап, мұсылман қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосқаны көрсетіледі. Әсіресе  империяның орыс емес халықтарын басқару ісіне, Мемлекеттік думаға отар халықтардан өкілдер сайлаудың заңнамада қарастырылуына белсене атсалысқан генерал Ғұбайдолла Жәңгірханұлы Шыңғысхан, түрк халықтарын ағарту саласындағы жұмыстарға айрықша әсер еткен әйгілі жәдидші Ысмайыл Гаспринский, Алаш қозғалысының әр кезеңінде танылған Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов, Сәлімгерей Жантөрин, Құтлұмұхамед Тевкелев, Шаһайдар Сыртланов, Тимофей Седельников, Ахмет Бірімжанов, Ильяс Бораганский, Мұстафа Шоқаев,  Жаһанша Досмұхамедов, Ғаяз Исхаков, Халел Досмұхамедов, Зәки Валидов, Ахмед Цаликов, Көлбай Тоғысовтар  нақты іс-әрекет үстінде бейнеленген. Сондай-ақ оқырман рисәлә мәтінінен Ресей империясының ІІ Николай патша, премьер-министр Петр Столыпин, Төртінші Дума төрағасы Михаил Родзянко, Мемлекеттік дума мүшесі, «Еңбекшілдер» фракциясының төрағасы Александр Керенский секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерін де, Ресей Республикасын төңкеріс жасап құлатқан, жер-жерде советтер билігін орнықтыруға кіріскен большевизм көсемдері Владимир Ленин, Иосиф Сталин бейнелерін де  кездестіреді. Жалпы «Алашия» ұлттық қозғалыс барысында көрінген көптеген тарихи тұлғалар хақында оқырманға ұмытылмас мағлұматтар береді.

Қорыта айтқанда, «Алашия» рисəлəсі алғашқы орыс революциясы кезіндегі петиция науқанынан серпімді түрде басталған қазақтың азаттық жолындағы жаңа тұрпатты қозғалысын бейнелейтін дəуірнама болып сомдалды және солай танылады деген үмітімізді үзбейміз. Еліміздің заманауи өркениет палитрасына өзіндік өрнегімен қосылуына апарар жолдың алғашқы баспалдағын бейнелеген тарихи дастан қазіргі таңдағы біздің қыз-жігіттеріміздің патриоттық сезімін арттырып, отаншыл, мемлекетшіл азамат ретінде қалыптасуларына да септесеріне шүбәсіз сенеміз.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір