Тағы сол тақырып: Бағдат Мусин және СБЕР...
Мусин Багдат әңгімені әдемі бастады. «Ақпараттың дұрыс түсіндірілмеуіне байланысты пайда болған көзқарастардың басын ашқым келеді» дегенде көзімізді ашар деп үміттенген едік. «Біріншіден» дей бергеннен-ақ бәрі түсінікті болды. Бұрынғы айтқанын езіп-созып қайталап шықты. Ары қарай «Sambob» IT компаниясының басшысы, досым Сәкен Кенжеев өзі айтсын:
– Министр бүкіл ақша сыртқа кетпейді деп жатыр. Бұл онсыз да түсінікті. Келісім-шарт жасасқаннан кейін қаржының бір бөлігі елде қалатыны, мұнда да тапсырыс орындаушылар болатыны белгілі. Осы саладағы кез келген жобаға біздің тілімізде "железа" деп аталып кеткен құрал-жабдық алатын, байланыс арналарын тартатын мердігерлер жұмыс істейді. Бірақ темір-терсектің не қажеті бар, сол «железаны», байланыс арналарын жұмыс істететін СБЕР-дің платформасы емес пе?! Халықты бұлай алдаудың қажеті жоқ. Сөзі құрғақ, жауап бұлыңғыр. Қанша қаржы сыртқа кетеді, қанша пайызы өзімізде қалады, нақты ақпарат жоқ.
Шындап келгенде мәселе ақшада да емес. Халықтың қарсы болып жатқаны – egov платформасының Ресейге берілуі. Тақырыптың, наразылықтың өзегі – сол. Министр саналы түрде осы мәселеден ауытқып, елдің назарын басқа тақырыпқа бұрғысы келіп отыр. Ақша анда қалады, «железа» алады деген анау-мынау уәждері жай ғана «отмазка». Темір-терсек ештеңе де шешпейді, оны СБЕР-дің игілігіне береді. Қайталап айтамын: алаңдаушылық, қарсылық платформаның өзге мемлекеттің қолында кетуінде болып отыр!
Өзіміздің жеке IT компанияларға неге уақыт, мүмкіндік бермеске? Ашық тендер ұйымдастырсын, отандық мамандар бағын сынап көреді. Өзіміздің айтишниктердің жобаны іске асыра алатынына сенемін. Бастапқыда кемшілік болуы мүмкін, кейін жетілдіреді. Қош, біздің айтишниктердің қолынан келмегеннің өзінде Ресейге тікелей беруі ақылға қонбайды. Тендерді әлемге жариялау керек. Барлық ел қатыса алатындай болуы керек. Солардың ішінен СБЕР ұтып шықса, бөлек әңгіме. Млрд-таған ақшаны Бағдат Мусиндер неге өздері ұнатқан компанияға бір көзден бере салуы керек?
Сосын, министрдің СБЕР-ді бағдарламамен қамтамасыз етуде вендер деп алдында құрдай жорғалап жүргеніне таңым бар. Иә, компанияның IT тобы бар, бірақ әлемді мойындатқан емес.
Министр өз жазбасында бағдарламалық платформамен қатар техникалық қолдауды да алатынын келтірді. Бұл СБЕР бізден жылдар бойы жабысып айрылмайды деген сөз. Мәселен, мекемеңе бір компаниядан 1С бағдарламасын сатып алсаң, содан жылда техникалық қолдау алып отырасың. Амал жоқ, әйтпесе жұмысың жүрмейді. Бұл да сол сияқты. Жылда СБЕР-ге млрд-тап ақша аударып тұруға тура келеді. Бес жылда келісілген соманы игеріп болғасын, СБЕР жаңа талап қояды. Яғни техникалық қолдаудың бағасын өздері қояды. Қойғанда да әкесін танытып қояды. Өйткені, өздері жасаған системаға өздерінен басқа ешкім қызмет көрсете алмайтынын біледі. Біздің айтишниктер де көмекке бармайды. Тіпті, АҚШ-тан шақырсаң да келмейді. Жұмыс барысы осылай өрбитінін кез келген айтишник түсінеді. Сондықтан бес жылдан кейін Қазақстан СБЕР-ге сұрағанын аударып отырады.
Әлі де кеш емес, уақыт аз демей, өзіміздің IT мамандардың әлеуетін сынайық. Қай қызметі де арзанға түседі. Аз болсын, көп болсын қаржы өз компаниямызда, өз елімізде қалады. Экономикаға плюс. СБЕР-ге кеткен қаражат ешқашан бізге қайтпайды. Мұны Бағдат Мусин біледі, білсе де Ресейдің лоббиін ілгерілетіп, өз рөлін сомдап отыра береді.
Бәрін айт та бірін айт, Бағдат Мусиннің «ақпарат ешқайда шықпайды» деп кепілдік бергеніне күлкім келіп кетті. Тағы құрғақ уәде. Әлемде ешқандай айтишник ақпараттың ұрланбайтынына кепілдік бере алмайды. Бұған 100 пайыз сенімдімін. Пентагонның сайты бұзылып жатқанда Бағдат Мусиннің бұлай деуі ұят. Бұл – сауатсыздықтың белгісі. Дүниежүзінде бұзылмайтын жүйе жоқ. Кез келгені шабуылға ұшырауы ықтимал. «Открытый исходний код» деген бар, көптеген беттен тұратын шимай-шатпақ код. Оны біздің мамандар тексереді, ұры-қарыдан қорғайды деп ақталып жатыр министр. Ал платформаны іске қосатын кезде СБЕР мамандары жүреді, техқолдау кезінде де «удаленкадан» қосылады. Сол сәтте біздің мамандар ақпаратты қадағалап отыра алмайды. Ондай ертегіні мұрнын сүрте алмай жүрген балаға айтсын. Платформаны өз еліңнің компаниясы жасаса, сатып кетеді деген алаңдаушылық, уайым аз болады.
Әңгіменің қысқасы, халық қарсы шығып отырған жобаны ары қарай үкіметтің ілгеріте беруі, санаспауы – сорақылық.
Дәурен Сейітжанұлы
Abai.kz