Қанат Әбілқайыр. Тырнақшаның ішіндегі һәм сыртындағы әділдік
Тырнақшаның ішіндегі һәм сыртындағы әділдік немесе қорғаушы Ясын Төкенов мырзаға наз
Тырнақшаның ішіндегі һәм сыртындағы әділдік немесе қорғаушы Ясын Төкенов мырзаға наз
Аса, қадірменді Ясын Төкенов мырза! Армысыз. Интернет беттерін ақтарыстырып отырып, сіздің «Мистер Х-ДӨКЕЙ» кім емес, ол - «ӘДІЛДІК»!» деп жар салған мақалаңызды оқып, жағамды ұстадым (masa.kz, abai.kz сайттарынан) (http://old.abai.kz/content/yasin-tokenov-mister-kh-dokei-kim-emes-ol-edildik). Әрине, сөзді мың құбылтуға болар, ал қылмыстық істі мың құбылту сіздің ғана қолыңыздан келеді, білем. Мен осы іс басталғалы барлық жайды назарымда ұстап келемін. Неге? Себебі, туған жерім, туған елімнің қабырғасын қайыстырған ауыртпалық менің де қабырғама батады. Жатсам-тұрсам: «Туған ауылымның халқының табанына кірген тікенек, менің маңдайыма қадалсын» деген тілекпен жүрген азаматпын. Ал, сіз? Сіз өз салаңыздың майталман маманысыз. Шек келтірмеймін... Десе де бұл мәселенің жілігін шағып, халыққа шынайы жеткізе білген «Егемен Қазақстан», «Алматы», «31», «КТК», «Астана», «Жас Алаш», «Сақшы», «Жас қазақ» және басқа да ақпарат құралдарының жазғанына қадалмай неліктен нысанаңызға «Қазақстан ZAMAN» іліге қалды. Осыны түсінбей отырмын. Меніңше, «Х-ДӨКЕЙДІҢ» әңгімесі шықса, ол «X-тің» бірі сіз болып шығасыз. Осы сөзім үшін мені сотқа берсеңіз, құлдық. Өйткені, меніңше сіз бұл істе заңды қорғаушы ғана емессіз... Қалғаны... Сәл шыдаңыз! Кейінірек айтайын...
Аса мәртебелі, Ясын мырза! Мен неге бұлай батыл сөйлеймін. Сіздің пікіріңізше, Райымбек ауданының сүттен ақ судан таза адамдарын полиция қызметкерлері көшеден ұстап алып, «Сен 72 бас мал ұрлағансың» деп ұрып қылмысты етеді екен. Осыған саналы адам сене ме? Қазір Райымбек ауданындағы Тасащы, Сарыжаз, Кеген ауылдарында мал ұрлығы сап тиылды. Халық басын бәйгеге тігіп, сотпен сабылып жүрген (оны сабылтып отырған кім?) алты полиция қызметкеріне дән риза. Сенбесеңіз екеуміз бірге ауданға барып сауалнама жүргізелік. Өйткені сіз де, мен де (қала берді қалың бұқара да) құзіретті органдарға «сене» бермейді екенбіз (Сіз бас ұрының үш жылға сотталғанын негізсіз деп отырсыз ғой). Төрелігін ел айтсын. Таразының басы қай жаққа қисаяр екен? Сіздің айтқан ӘДІЛДІК менің тарапыма ауатынына бек сенімдімін. Егер сіздің қорғауыңыздағы азаматтар ұрлық істемесе, мал ұрлығы неліктен тоқтап қалады? (Халық айтса, қалып айтпайды. Сіздің ұрыларыңыз елдің семіз малдарына дәрі салып, өлтіріп, сол өлген малды сатып алады-мыс (он-он бес мың теңгеге). Бұл әрине, сыбыс. Десе де, осы жігіттерге айып тағылған соң, Құдайдың құдіретімен ауылда себепсіз мал өлімі де тоқтаған.)
Аса құдіретті Ясын мырза! Сіз өте сенімді түрде: «Райымбек АІІБ төрт қызметкерінің ұрлықты ашқаны туралы бүкіл ел шулады. Бірақ, оның қандай жолмен ашылғаны көпшілікті аса ойландыра қоймаған сынды. Олай дейтініміз, полицейлердің А.Тастеев пен оның сыбайластарына балаған Е.Едігеев, Н.Шалабаев, Б.Азатов, К.Оқасовтарды қалайда ұры етіп шығару мақсатында қолданған айла-шарғы, азаптау нәтижесінде Алмасбек Тастеев 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Онысымен қоймай, ұрланған-ұрланбағаны белгісіз 11 жылқының құнын төлеп берді. Алайда, тәртіп сақшылары оған қанағаттанбай, бұлардың мойнына 72 бас малды тағы іліп отыр. Айыптау қорытындысында да, сотта да келтірілген заттай айғақ жалғыз тұсамыс болды. Басқа айғақ жоқ» деп айды аспаннан бір-ақ шығарыпсыз. Енді мысалға келейік. Сіз көшеде келе жатырсыз. Себепсізден-себепсіз сізді полиция қызметкерлері ұстап алып, ұрлықшы ете ала ма? Онымен қоймай 11 бас ірі қараны (былайша айтқанда 11 мың доллар, қазіргі заманда 11 мың доллар емес, 11 теңгені біреуге кім жазықсыздан өтеп береді) төлете ала ма? Мысалға мені өлтіріп тастаса да, істемеген ісімді мойныма алмаймын. Және сіздің қорғауыңыздағы азаматтар секілді күні-түні ауыл адамдарының есігін қағып, мал беріп, кешірім сұрамаймын. Сіздің қорғауыңыздағы азаматтар секілді ешкімнің аяғына жығылып, кешу өтінбеймін. Және мені ешкім де салдарсыз үш жылға бас бостандығымнан айыра алмайды. Өйткені, қанша дегеніңізмен бізде Заң бар. Ал, заңгер ретінде: «Бізде Заң жоқ, тіпті Райымбек ауданы басымен кетті» деп айтыңызшы. Азаматтық арыңыз не дейді екен? «Ешбір айғақ жоқ» деген сөзіңізге келейік. Сол «ұрлық істеді» деп айыпталған азаматтардың қорғаушыларының қатысуымен (ол кезде сіз бұл істі қолға алмаған болатынсыз) болған тергеу ісімен таныстыңыз ба? Видеолары мен суреттерін көрдіңіз бе? Әрине, таныстыңыз. Әрине, көрдіңіз... Бірақ, көрмеген адам секілді сыңай танытасыз. Көрмедім десеңіз, «31», «Алматы», «Астана» телеарналарында берілген сюжетерге интернет арқылы көз жіберіңіз. Бір емес, екі шұқырға көмілген малдың бас-сирағы, тері-терсегі анық айғақ ретінде сізбен қауышады. Қапқа ықтиярлап салынған сол сансыз малдың сүйегі, сол сүйекке айналған малдардың егелерінің көз жасы кімге лағнет айтып жатыр екен? Соны ойлаңызшы... Сол иістеніп сасыған тері-терсектің сіз үшін айғақтыққа жарамай қалғаны өкінішті. Ал, ауыл адамдары сол жерді көзбен көріп, жағаларын ұстап, шуласып жүр... Бәріміз мал баққан қазақпыз... Ешқайсымыз малдың терісін қапқа салып, шұқырға тастамаймыз. (Ол шұқырды көрсетіп берген де, қалай жасырғандарын баяндаған да сіздің «сүттен ақ, судан таза» қорғауыңыздағы азаматтар екенін есіңізге саламыз) Қала берді бас сирағын түгел үйтіп, бірқанша күн ас-ауқат етеміз... Қадірлі қонақтың алдына тартылар басты, қадірсіз ұрлықшы ғана шұқырға көме салады. Енді басқаны білмесеңіз де, осыны білетін шығарсыз. Менің бір ұққаным сіздің қорғауыңыздағы азаматтар он бір бас ірі қараны төлеп беріп, 72 бас малдан құтылып кетпек болған сыңайлы. Енді келіп, басқаша сөйлеп отырсыздар. Хош!
Аса алғыр Ясын мырза! Сіз өз сөзіңізде: «Мұны айтып отырғаным, «Егемен Қазақстан» (басқа қателессе де, бұл газет қателесуі мүмкін емес, өйткені оның әр санын Елбасымыз қадағалап оқиды), «Жас алаш», «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» газеттерінде шыққан тәртіп сақшылары мен ата-аналарының сөздері көпшілікті «прокурорлар ұрыларды жақтап отыр ма?» деген де ойға қалдыруда. Үлкен кісілер көп нәрсені түсінбеуі мүмкін. Ал, көзі ашық, мемлекеттік қызмет сеніп тапсырылған жігіттердің бар мәселенің тек «дөкеймен» шешілетінін ашық тұспалдауы, жалпы, құқық қорғау органдарының атына кір келтіріп отырғандай» деп тағы да жаңалық ашып отырсыз. Әсілі, мұндай ірі қылмыс ашылғанда заң қызметкерлері марапатқа ие болуы керек еді. Оған сіз қылмысты деп отырған алты полиция қызметкері әбден лайық. Бірақ, бәрі керісінше болып отыр. Осындай «кір келтіретін» әңгіменің шығуына кім себепкер? Халықты зар қақсатып, тапқан таянғанын ұрлап, онымен қоймай ешқандай қорғаушы дөкейі жоқ алты полицейді алты ай сабылтқан ұрылар кінәлі емес пе? Әділдік іздеп сабылған сол жігіттердің дәлелдерін іске тікпей, ойына келгенін істеген облыстық прокуратура емес, жекелеген қызметкер. Сол жекелеген қызметкердің «мен білемдігі». Яғни, құзіретті органға кір жұқтырушы да, оны сосын өз мүддесіне пайдаланушы да сол жеке қызметкерлер... Демек, сіздің тарап болмақ. Ал, бұл жерде мемлекеттік қызмет сеніп тапсырылған жігіттердің бар мәселенің тек «дөкеймен» шешілетінін ашық тұспалдауға итермелеп отырған да ұрлықшылар тарапының қолдаушыларының мықтылығы. Сол мықтылық бүкіл халықтың заң орындарына деген сенімін азайтты. Меніңше, бұған алты қызметкерден бұрын сіз жауап беруіңіз керек. Неге дейсіз бе? Өйткені, ұрлықпен айыпталған азаматтар уақыт көші ұзап, бір айға жуықтап қалған кезде: «Бізді ұрып-соқты» деп арызданыпты. Кімге? Аудандық прокуратура тақияларына тар келгендей облыстан бір-ақ төбе көрсеткен. Демек, ауданды менсінбеген болып шықпай ма? Ауданның ешқандай емханасына жалтақтамастан, дереу Еңбекшіқазақ ауданының емханасынан денсаулықтарын тексерткен. Егер шынайы жарақаты болса, аудандық емхана өздерінің бастарын бәйгеге тігіп, «жарақаты жоқ» деген анықтама бере алар ма еді? Аудандық прокуратура істі жылы жауып қоя салар ма еді? Жоқ. Ендеше, «кір келтіруші» кім? Ясын мырза, себебін өзіңіз айтыңызшы... Жарайды делік... Ал, осы жігіттерге (полицейлер) Есік пен Құлжа күрежолының бойында Еңбекшіқазақ ауданының Қаржы полициясының қызметкері қоқан-лоқы жасаған. Ол: «Облыстық прокуратураға істі алғыза салып, өздеріңді қаматамын» депті-міс. Мұны естіп тұрған куәгерлер де бар. Газеттегі «Х-ДӨКЕЙДІҢ» бірі осы емес пе? (Полиция қызметкерлері тергеушілерге сол ДӨКЕЙДЕН түсінік алу жөнінде өтініш білдірген. Бірақ, тергеушілердің тісі негізгі көзірге батпаса керек). Сіз сөз еткен «кір келтірушінің» ұшығы сол жақта жатыр емес пе? Сол қаржы полиция қызметкерінің айтқаны айдай келіп, кінәсіз полицейлер темір торға тоғытылғалы отыр. Енді, көзі ашық, көкірегі ояу сіздің аузыңыздан мұндай «кір келтіру» туралы айыптау есту - ұят. Кешірерсіз. Кешірмесеңіз, төрелігін Алланың құзырына бердік... О дүниенің шынайы соттында менің мерейім үстем болатынына имандай сенемін...
Аса білгір, Ясын мырза! Сіздің сөзіңіздің ыңғайын бағамдасақ, бұқаралық ақпарат құралдары тек біржақты пікір беріп жатқан көрінеді. Егер олай болса, сол басылым, телеарналардың есігін неге қақпайсыз? «31» арнадан сіздердің «адам күлкісін келтірер» сюжеттеріңізді көргеннен соң, полицей қызметкерлері сол арнаның есігін қағып, елдің көзін шындыққа жеткізбеді ме? Сіз таза қазақ тілді Райымбек ауданының екі пайызы да оқымайтын «Время»-ның оқырмандарын дүрліктіргенде де, бұл жігіттер ол басылымға барып бар жайды баяндап берді. «Заң» газетіне де бас сұқты. Ал, екінші тараптың пікірін бергісі келмеген ол басылымдарға 6 полиция қызметкерлерінің ата-аналары ренжіген де, өкпе-наз айтқан да жоқ. Тек сіз соттың алғашқы күні «Біздің «Заң» газетіндегі журналисіміз келмей қалды. Соның диктофонын қосып қойсам» деген сөз ыңғайында өтініш айттыңыз. Сонда республикалық «Заң» газеті сіздің «жекеменшігіңіз» бе еді? Ол сіздің емес, халықтың газеті екенін қалай ғана ұмыттыңыз? Осы сөз заң білетін адамның сөзі ме? Қай қоғамда жекелеген тұлға өзіне «жекеменшік журналист» жалдаушы еді? «Біздің журналисіміз, сендердің журналистерің» деп жіктеуге бола ма? Онда қоғамдық пікір туғызып, шындықты жазатын БАҚ не үшін қажет? Егер де «Біздің «Заң» газеті» деп айтатын құзіретіңіз болса, ол газет кімнің газеті болып шықпақ?
Аса зерек, Ясын мырза! Оқасовтың денесіндегі жарақатты (оны кім қандай мақсатпен, қандай жағдайда салғанын бір Құдай біледі. Өйткені арда қаншама уақыт өтті.) Тәстеевтің денесіндегі жарақат деп «31 арнадан» көрсетіп, елді алжастырған кім? Тағы да өзіңіз жауап беріп көріңізші. Адам малды танымай қалуы мүмкін, ал ауыл адамдары Оқасов пен Тастеевті шатастыруы әсте мүмкін емес. Бұлай журналистерді жаңылыстыру арқылы, істі бүркемелеу, елдің жағасын ұстатып, заң қызметкерлерінің атына кір келтіру кімнің қолынан келді екен? Кімнің осыған ары барды? Тағы да жауап сіздің құзіретіңізде... Ал, енді «малдың енін, түр-түсін ұрлықшы қалай біледі» деген уәжіңізге келейік... Не деген тапқыр сөз. Сіз осы тергеу барысындағы ұрлықшыларды беттестіруді видеодан көріңізші... Өздерінің қылмысын азайту мақсатында әрқайсысы бірінің қылмысын бірі ашып, сарнап отыр. Бұған не дейсіз? Әрине, қолдарында кісен де жоқ. Қастарында қорғаушысы (бұрынғы). Бұған қарап отырған адам «полицей ұрып-соқты» дегенге әсте сенбес. Сенсе де, ақылы ауысқан пенделер ғана иланар. Ал, енді «ұрып-соқты» деген қаруларға келейік. Жаланы да жөнмен жабу керек. Полицей қызметкерлерінің айыптау қорытындысында сіздің қорғауыңыздағы азаматтар «электрошоктың» қандай болатынын білмей, терлепті. Адам өзін қинап қорлаған қаруды ұмыта ма? Ал, «қарумен қорқытты» деген жігіт төрт күндік іссапармен Жалаңашта жүріпті. Тіпті, істе тіркелген қарулар түрі аудандық ішкі істер бөлімінде жоқ екенін ешкім қаперге алмаған. Таяқ іздеген тергеушілер (болжам бойынша таяқ болуы қажет екен) түк таппай, қиюы қашқан үстелдің аяғы болып тұрған темірді айғақ зат еткен. Мұның да куәгерлері бар. Нағыз қызықты «түйе сойғанда көресіз» деген. Оны да көрдік.
Аса игі Ясын мырза! Сіз қорғап отырған азаматтардың екеуі осы мал ұрлығы аз болғандай, тағы бір ауылдасын тонап, істі болғанын неге сөз етпейсіз? Жоқ, әлде ұялмай ұрлықшылар бұл бассыздығын тағы да полицей қызметкерлеріне жаба салмақ па? Бәлкім, «осыны тона» деп жәбірлеген біреу бар шығар. Әлде сіздің қорғауыңыздағы «аса таза», «кінәсіз», «пәк азаматтар» қылмыстың қандай түріне болсын машықтанып алған ба? Олар бір іс аз болғандай, екінші қылмысқа барып отыр. Оны дандайысытып жіберген кім? Өзіңіз айтыңызшы... Кімге сеніп отыр, олар? Меніңше...
Аса әділ Ясын мырза! Талай сұмдықты естіп едік. Десе де, мұндай сұмдықты, мұндай жаланы сізден, яғни заң қызметкерінен есту арға сын екен... Сіз мақалаңызды: «Біздің айтарымыз, сіздер сабылып іздеп жатқан «мистер Х-ДӨКЕЙ» ешкім де емес, ол - «ӘДІЛДІК» әрі оның жеңеріне сенеміз дегіміз келеді» деп әдемі аяқтапсыз. Десе де, ӘДІЛДІК деген сөзді неліктен тырнақшаға алғаныңыз түсініксіз. Тырнақшаға алынған сөз кейде кекесін, кейде антоним сөзді меңзейтінін білмеуші ме едіңіз? Демек, ол тырнақша әділетсіздік деген мағана беріп тұр. Ол әділетсіздіктің бір ұшы сізге барып тіреледі. Мақаланың басында: «Өйткені сіз бұл істе заңды қорғаушы ғана емессіз... Қалғаны... Сәл шыдаңыз! Кейінірек айтайын...» деген едік. Енді сол сөзге келелік. Сіздің балаңыз осы ауданда мал дәрігері болып қызмет істейді. Полицей қызметкерлерінің «осы ұрлықшыларға жалған анықтама берген сіздің ұлыңыз болуы мүмкін» (Әрине 72 басқа дей алмаймыз. Десе де, бұл сөзіміз негізсіз емес) деген күдіктері бар. Иә, ашығын айтқанда халық сол өзіңіздің бауыр етіңіз, балаңыздан күдіктенеді... Себебі, полицей қызметкерлері сіздің балаңыз берген жалған анықтамаларды баяғыда анықтап, бойтұмардай сақтап келеді. Ал, жалған құжат берудің жазасы қандай болатынын менен де жақсы білесіз. Сіз бәлкім осы үшін шырылдап жүрген боларсыз (қорғаушыларыңызбен туыстық қатынас жайлы сөз етпей-ақ қоялық).
Ал, менің шырылым жалғыз малын жоғалтқан мүгедек шалдың шырылы, күйеуі қаза болып жесір қалған әйелдің шырылы, әкесінен айрылған шиіттей баланың шырылы, балаларын заңсыз жаладан арашалай алмаған ата-ананың шырылы, полиция қызметіне келгеніне небары үш-төрт ай болған (жалпы ұру дегенді біле ме екен?) жас оғланның, жас маманның шырылы... Сан жылдар осы саланың суығына тоңып, отына күйген, «әне-міне» зейнетке шығамын» деп отырған сақа маманның шырылы... Үйінде бірден-екіден бүлдіршіні бар жас әкелердің, жас жұбайлардың, қала берді бесікте жатқан сәбилердің шырылы. Ал, осы сөзім үшін заң алдына жауап беретін болсам, мен разы... Құдай ақы... Өйткені, мен де сіз секілді тәуелсіз елімнің Заңына ҚҰРАНДАЙ сенемін. Бұл істе сіздің мерейіңіз үстем болса, Алла алдыңыздан жарылқасын... Өйткені, мен заң саласының қызметкері емеспін! Бірақ, ненің ақ, ненің қара екенін сырттай бағамдай білетін көрерменмін...
Ал, белдесерге қара таппай қалсаңыз маған келіңіз... Жығылсам, жер көтерер... Ар алдындағы сөзім аяқ астында қалмасын...
P.S.
Біздің елде сөз бостандығы бар. Егер де, менің қателескен тұсым болса, «жаңылмайтын жақ жоқтыққа» салуға болады. Ал, сіздің қателесуіңіз, кешуге келмейді. Өйткені, заңды қорғаушысыз... Егер де менің көзім, мен секілді халықтың көзі жетпей жатқан жайттар болса, «қараңғы қазақ» көгіне, өрмелеп шығып күн болыңыз!» Ал, жап-жарық күнде қолына шырақ алып, жол көрсетуші қай кезде де табылады. Оны немерелеріңізге ертек қылып айтарсыз...
«Абай-ақпарат»