Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5003 0 пікір 21 Маусым, 2012 сағат 12:31

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ. Ұлт киносы – ұлы мұрат

Әңгімені қазақ киносының күн санап қанатын керіп келе жатқандығынан, олардың шетелдерде ұйымдастырылатын үлкенді-кішілі бәйгелерде бірінен бірі асып сыйлық алып жүргендігінен, жеке киностудиялардың да өркендеп келе жатқандығынан, болмаса соңғы жылдары мемлекет мол қаржы бөліп, «Қазақфильм» киностудиясы шыттай жаңаланғандығынан бастап кеп жіберуге болар-ақ еді. Бірақ, қазіргі қазақ киносы жайында сөз қозғай бастасаң, қалам ұшына алдымен көпшілік көрермен қауымның көңіл-назы, көп сұрағы оралады. Аттап кете алмайсың. Айналып өте алмайсың. Бәрін тізбелеп отыру тағы мүмкін емес. Негізгі түйін - бүгінгі қазақ киносындағы ұлттық болмыстың кемшіндігі. Бетімен кеткен бейәдеп картиналарға шамырқаныс. Ұлт пен ұят мәселесінде тамыр тепсінткен намыс. Талас-тартыс. Мұндай наз-наланың бөгеуін ағытпай-ақ қоялық. Біздің мақсат, екі арадағы отты шаланы қағыстырып қойып, жалынына алақан қақтап отыру емес.

Әңгімені қазақ киносының күн санап қанатын керіп келе жатқандығынан, олардың шетелдерде ұйымдастырылатын үлкенді-кішілі бәйгелерде бірінен бірі асып сыйлық алып жүргендігінен, жеке киностудиялардың да өркендеп келе жатқандығынан, болмаса соңғы жылдары мемлекет мол қаржы бөліп, «Қазақфильм» киностудиясы шыттай жаңаланғандығынан бастап кеп жіберуге болар-ақ еді. Бірақ, қазіргі қазақ киносы жайында сөз қозғай бастасаң, қалам ұшына алдымен көпшілік көрермен қауымның көңіл-назы, көп сұрағы оралады. Аттап кете алмайсың. Айналып өте алмайсың. Бәрін тізбелеп отыру тағы мүмкін емес. Негізгі түйін - бүгінгі қазақ киносындағы ұлттық болмыстың кемшіндігі. Бетімен кеткен бейәдеп картиналарға шамырқаныс. Ұлт пен ұят мәселесінде тамыр тепсінткен намыс. Талас-тартыс. Мұндай наз-наланың бөгеуін ағытпай-ақ қоялық. Біздің мақсат, екі арадағы отты шаланы қағыстырып қойып, жалынына алақан қақтап отыру емес.

Кез келген дүниені сынаса жерге тығып, мақтаса аспанға шығарып жі­беру әділдік тұрғысынан сөйлегенге жатпайды. Әділдік дегенді хакім Абай «әр неге дәл өзіндей баға бермек», дейді. Бұны әрдемеге баға беріп, пікір айтатын сыншыға ғана емес, режис­сердің кинодағы әр деталін тап басып танып, оған дәл өзінің бағасын беріп, шынайы мәнін ашып көрсете алуына дейін қатысты сөз деуге болады. Бұл, ең алдымен, режиссердің, сценарийшінің, тіпті, кез келген шығармашылық иесі­нің өз туындысына деген әділеттілігі. Ал әркім өзінің әлі жеткен жерге дейін ғана әділетті бола алады, дәлдікті соған дейін ғана ұстай алады. Ары қарай «артық қылу» басталмақ.

Сонымен, қазақ киносының бүгінгі жай-күйін әліміз жеткен жерге дейін аз-кем сөз қылуды мақсат еттік. Әңгімені еліміздегі түрлі мереке-мейрамдар ке­зінде болатын «Қазақ киносының он­күндігі», «Қазақ киносының күндері», «Қазақ киносының апталығы» деген секілді арнайы бағдарламалардан бас­тасақ. Басқаларға қалай екенін қайдам, осы бір сөз тіркестері біздің құлаққа «қазақ бойындағы қазақылықтың он­күндігі» деген секілді ыңғайсыз ес­тіледі. Анығында, қазақ мемлеке­тінде айтылып жатпай-ақ, жыл бойы қазақ киносының күндері болуы тиіс қой. Өзіміз білетін өзге елдерде түгел сондай. «Жапон киносының Қазақстан­дағы онкүндігі» немесе «Қазақ кино­сының Франциядағы апталығы» десе орынды-ақ. Әр қазақтың үйінде жыл бойына өзге жұрттың киносы сайран салып, мереке-мейрамдарда ғана сырттан келген қонақтай болып «Қазақ киносының күндері» өтуі - көрер көз, естір құлаққа ерсі емес пе?! Және ол күндері міндетті түрде бүкіл қазақ көрермендері өздерінің әбден жаттап алған «Қыз Жібек» пен «Менің атым - Қожаны» қайта бір пысықтап алуға тура келеді. Осы киноларды әр көргенде бір құпиясы ашылып отыратын етіп жасап қойғандай әсер қалдырады. Өт­кенде ғана көргенсің, міне, тағы көріп отырсың. Енді, әлгі ойдан орып, қырдан қырып, артынан қуып жете алмаған жүлдені алдынан тосып, құрықтап жүрген кейінгі кездегі «біртуар» кинолар қайда? Біз олар неге қойылмайды деп отырған жоқпыз, әрине, неге көпшілік көрерменнің есінде қалып, тым болмағанда келесі мерекелерде асыға күтіп отырардай көңіл жауламайды? Бұл жағдай - көп мәселенің бір көрінісі. Бағамдап көрелік.

Қазіргі қазақ киносы фестивальшіл болып алғаны рас. Оны жаман де­мейміз. Бірақ, фестивальдің де фес­тивалі бар, олардың пиғыл, мақсаттары да әр түрлі. Әр фестиваль өз мақсатына керек кинотуындысын таңдап жүлде береді. Сондықтан бұл күнде фестивальдерден жүлде алу оңай да емес, қиын да емес. Мақсатын дөп бассаң болғаны, серкедей маңырап алға озасың. Соңғы үш-төрт жылда фестивальге қатысатын қазақ кинолары «Арулар байқауына» баратындай жа­лаңаштанып, ел бетіне шіркеу болардай әр түрлі ерсі қылықтарымен танымал бола бастауынан да бірдеңелер аңға­руыңызға болады. Шетелден жүлде алып келсе болды, шедевр санап біз отырамыз. Жанымызға жақындығынан немесе іздегенімізді тапқандығы­мыз­дан емес, фестивальде сыйлық алғаны үшін керемет дейміз. Ұлттың ділі, тарихы, мұңы, қуаныш-қайғысы, арманы, мұраты қайда? Бұлар жайында кино түсіріп жүрген бірлі-жарым режиссерлер көбінесе фестиваль аясынан тыс жерде.

Ешкі сүйреп Еуропаны шарлап шықтық. Жүлдеден жүлде қойған жоқ. «Тюльпан» деп аталатын бір киноның фестивальдерде алған сыйлығын санап көріңіз. Цюрихтегі кинофестивальде Гран-при алған - «Тюльпан», Мон­реальдағы бәсекенің үздік фильмі аталған - «Тюльпан», Түркияның Бурсадағы фестивалінде режиссурасы үшін марапатталған - «Тюльпан», Котбустегі кинофестивальде Гран-при алған - «Тюльпан», Францияның білім министрлігінің арнайы жүлдесін алған - «Тюльпан»... С.Дворцевойдың бұл кинокартинасының баяндайтыны - ен далада мал баққан қазақ қызының (Тюльпан деген қыздың аты, айтпақшы) сіркесін сығып, қанын жалап, үй ішіне дәрет сындырғаны сынды әрекеттері. Қалғанын соған дейінгі және содан кейінгі көріністер деп айта беруіңізге болады. Ал бізге ең әуелгі керегі жүлде емес, киноның өзі еді ғой...

Осындайда, түсірген киносын көріп отырып Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаевты: «Тірісінде бір көрер ме еді» деп тамсанатынымыз еске түседі. О кісілерге деген осыншалық сүйіспен­шілік олардың алған жүлдесінен емес, қалдырған өнер-өнегесінен екен. Мәжит Бегалин: «Мен фильмдi қазақ көрермендерi үшiн түсiремін. Ең әуелi менiң фильмiмдi өз елiм қабылдауы керек. Содан кейiн өзге жұрт мойындасын», -депті. Бізге керегі де осы еді. Өкінішке қарай, оны өзімізден емес, өзгелерден көп көреміз. Бүгінде көп елдерде жеке режиссер ғана емес, тұтас жүйе ең әуелi өз елінің iшкi рыногына жұмыс iстейді. Оған мысалдар жетер­лік. Алысты айтпағанда, іргелес отыр­ған Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Түркіменстан, Түркия елдері өздерінің ұлттық келбетін кестелейтін туындылар жасауды басты нысана етіп жұмыс істеуде. Оның нәтижесін, әрине, елі көріп отыр. Және олар сол себепті көштен қалып қойған жоқ. Өздері де уызға жарып, «әлемдік деңгейге» де сарқыт ішкізіп жүр. Бұл мысалдар аздық етеді десеңіз, жылына 300-ден аса киноөнiм шығаратын Ресейдің өзін ғана емес, айналасын қоса шарпып отыр­ғанын айтайық. Үндiстанның жылай жүріп билеп, жырлай жүріп төбелесетін талай киносы айдалада жатқан біздің көз жасымызды бір-бір сығып алуы­мыз­ға себеп болғанын еске алып қойыңыз. Тіпті, олар халқының тұрмыс жағдай­ларының ауырлығын, кедейлігін ескере отырып, қанша қиындыққа ұшыраса да, соңында қалайда жеңіске жететін кейіп­керлер сомдап, өз халқына үміт, жігер сыйлайды. Сөйтіп, кинодағы бас  кейіп­кер соңында мұратына жететін (біздің ертегілер секілді) мелодрама жанрын өздері жеке иеленді. Қазір бүкіл әлемдегі кино саласындағы оқу орындарында Үндістанды мелодрама жанрымен қоса айтады. Олар ауыр қиын­дық астындағы миллиондаған халық бұндай фильмдерді көру арқылы рухани азықтанып, өмір сүргеніне көз жеткізді. Бұл ел қазір де өз ішкі қажетін өзі қамдап отыр.

Ал бүгінде еліміздің кино кеңісті­гінде 94 пайыз шетелдік кино өнімдер мен 6 пайыз қазақстандық туындылар жарысқа түсуде. Мұның өзі соңғы екі жыл ішінде 3 пайыздан жоғары қар­қын­мен көтерілген. Енді осы 6 пайызды жаңа ғана айтқан рухани, ұлттық өлшемдерге салып кеп жіберсек қаншасы бар, қаншасы жоқ болып шығатынын бір Құдай білсін.

Десе де, мысықтай көз жұмып, мыс­қылдай сөз қуып, ауызды қу шөппен сүртпек ойымыз жоқ. Жекеменшік киностудиялар өнімі болсын, «Қазақ­фильм» өнімі болсын соңғы жылдары түсірілген біраз кинокартиналардың жұрт көңілінен шығып, кино сыншы­лардың да оңды бағасын алып жүргенін білеміз. Олар «Мұстафа Шоқай», «Қош бол, Гүлсары», «Сардар», «Біржан сал», «Балалық шағымның аспаны», «Шұға» және осы күннің оқиғаларына құрылған «Әкем екеуіміз», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Адасқандар», «Ағайын­дылар» секілді туындылар.

«Ағайындылар» демекші, осы арада қазақ телеарналарында тапшылық танытып отырған қазақ сериалдары жайындағы мәселенің қанды іріңі бұрқ ете қалады. Өйткені, халқымыздың басым бөлігі, сондай-ақ, спутниктік телеарналарға қолы жете алмаған бөлігі кинотеатры Кеңес Одағымен бірге құлап қалған ауылды жерлерде тұрады. Енді оның орнын тек телеарналар толықтырады деген сөз. Режиссер­леріміз фестиваль қуалап жүріп алыстап кеткенімен, ауылдар өз орнында дейік. Халқы да сонда өмір сүруде. Әнші-бишінің ыртың-жыртыңына әб­ден «тойып» отырған оларға енді тәлімі күшті, тәрбиесі мол, күнделікті өмі­рінің айнасы іспетті сериалдар қажет. Ол өзімізде жоқ болса қайтпекпіз? Өзге жұрттың тарихы мен салт-сана, болмыс-бітімін «үгіттеп» отырғаннан басқа амалың жоқ. Осы күні теле­арналардың белгілі бір уақытын «жаулап» алған өзге елдердің сериалдары осы қажеттіліктің орнын толтыруға жарап бағуда. Ал өзіміздің сериалдар санаулы ғана. Санаулының өзі көңіліңді көншітпейтін қойыртпақ дүниелер. Өйткені, қазақ қоғамының нақты бір қырын немесе қазақтың өз болмысын жасандылықтан ада картиналармен халқымыздың өзіне көрсеткен бірде-бір ұзақ сериал жоқ. Айналасы 4-5, әйтпесе 10-15 сериялы фильмге дәрігер, мұ­ғалім, ұщқыш, ғалым, мүгедек, молда, әнші, маскүнем, қоғам қайраткері, т.б бейнелерін тықпалау шынында да қойыртпақ жасау үшін жеткілікті. Бәрін айтам деп бірін де айта алмау дейді мұны. Сенбесеңіз, о бастағы «Тоғысқан тағ­дырлар» дүниесінен бастап, осы күнгі «Бо­лашаққа» дейінгі қазақ сериалдарын қазақтың өзі неге қызығып көр­мей­тінін ойлаңыз. Кинотану сабағынан шәкірт тәрбиелейтін бір апайымыздың: «Осы біздің қазаққа сериал жараспай ма, қалай өзі?» деп әзілдегені бар еді. Бұл әзілдің ар жағында көп мәселе жатыр. Біріншіден, біздің сериал түсіру тәжірибеміз аз. Екіншіден, көптеген режиссерлердің оны менсінбейтіні бар. «Менсінің­кі­рейтіндері» ұлттық болмысымызды тап басып тани алмауда. Енді, осы мәселені шешудің бір-ақ жолын айтайық. Сериалдар көптеп түсірілуі қажет. Сериал­дың қарапайым халық­тың рухани азығы екенін түсінетін кез жетті деп ойлаймыз. Рухани азықты молайтып отыру арқылы ғана әр сериалды өз жүгін өзі арқалайтындай етіп жасауға болады. Бүгінгі Корея, Қытай, Түркия бұл өткелектерден өткен. Сондықтан жақсы ма, жаман ба, сериалдар түсірілімі көбейе берсе, біз де аз жылдың ішінде «сериал жарасатын» елге айналып шыға келерміз.

Тізбекті фильмдер (сериалдар) жайын­дағы ойымызды осы арадан тоқ­тата тұрып, жоғарыда аталған мақтаулы кинокартиналардың ішіндегі біріне оқыр­ман назарын аударғымыз келеді. Ол - «Біржан сал». Досхан Жолжақсынов пен Рымбек Әлпиев режиссерлік еткен бұл фильм, ең алдымен, өзінің тарихи сипатын толығымен аша білді. Фильм басында тазы жүгіртіп, қызықтап қуып жүрген көк­жалдарын ақ патшаның әскерлері мыл­тықпен атып құлатып, «бұлар еркін өскен көшпенді халық» деп күлісіп кетуімен басталады. Фильм соңын ала Біржан поштабайдан қамшы жегенде үзеңгілес жолдастары орыс ояздан төрелік сұрай барғаны және қазақтың игі жақсылары түгел сол үйге имене кіріп көңілін аулауға жанталасқаны көрсетіледі. Бұл, ашығын айтқанда, қазақ халқының бодандықты қабылдап алу кезеңі еді. Тіпті, Біржан да сол қайқы мұрт генералдың құлағына жағымды үн тыңдату үшін қолқаланып шақырылып отыр. Біржанның: «Қазақ қартайыпты, бәрі пәс, бәрі еңкіш!» деп қара түнді қақ жарған айқайы шындығында, отарлықтың бұғауынан бұлқынған халықтың ащы өксігі еді. Ол фильмде ұшқары да, жасырын да емес сол кездің шындығын дәл басуымен сәтті шыққан.

Екіншіден, бұл фильмдегі көрсетіл­ген сол уақыттағы салдар өмірінің көрінісін қазақ киносында бұрын-соңды болмаған жетістік деуге болады. Себебі, көшпенділік өмірді көре қалған біздің өзіміз бұрынғы сал-серілердің ауылға қалай келетінін, қасындағы нөкерлері қалай киінетінін, бәдік дегеннің кім екенін әр кітаптан оқып, әр түрлі елестетіп жүргеніміз болмаса, нақты білмеуші едік. «Салдар алты қырдың астынан ән салады екен, қыз-келіншек жиналып барады екен, олардың ішіндегі ең сұлуы салдың атының сулығынан ұстап түсіріп алады дейді...» дегендерді ертектей елесте­туші едік. «Біржан салды» көргенде ертегідегі арманымыз шынға айнал­ғандай қуандық. Салдың тізгінін өз қолымызбен ұстағандай көңіліміз көн­шіді, сал-серілер өмірі жайлы ойымыз орнықты. Бұны қазіргі қазақ баласы­ның тарихи санасының жаңғы­руына қосылған өлшеусіз үлес деуге болады.

Үшіншіден, ұлт болмысы, сөз құдіреті, кісілік, кішілік сипаттарды айшықты бере білген. Фильмде өз арасынан сайлаусыз шыққан билерінің сөзі заң есептеліп, халық оған қарсы келмей сөзге тоқтайтын асыл қасиетіміз қайта жаңғырады. Бүгінде бұл мінезге қа­зақты қойып бүкіл адамзат зәру. Сөзден жеңіліп, оған іспен қарымжы қайтару нағыз кісілік белгісі еді.

Ән салу, ғашық болу, аға-іні ара­сындағы дау-дамай шынайы тарихи жағдай. Басты мәселе бұлар да емес. Мәселе салдық дәуреннің, дала еркіндігінің соңғы рет тұяқ серпуінде: Жазылмаған дала заңымен өмір кешкен асқақ Біржанның: «Жанбота осы ма еді өлген жерім, Көкшетау боқтығына көмген жерің, кісісін бір болыстың біреу сабап, бар ма еді статьядан көргендерің?!» деп естанды, шарасыз халде өзіне жат «статьяға» жүгінуінде...

Небір өнер туындысы адам қолы­нан шыққан соң кемшіліксіз болмайтыны секілді, ұсақ-түйек кемшілік мұнда да бар. Оны біреулер дұрысқа санап жатар, ол әркімнің өз дәргейіндегі шаруа. Алайда, біз фильмнің музыкасының бастан-аяқ пианино аспабының үнімен өрілгеніне «әттеген-ай» айтамыз. Әсі­ресе, сол кезеңдегі қазақ даласының қа­мырықты күйін бейнелеуге бұл аспап­тың үні тіптен қажет емес еді. Шынды­ғында, қазақ пен даланың үндестігі қо­быздың қырық ішегінің бір тал қылын­да, домбыраның тоғыз пернесінің тол­ға­малы бір иірімінде ғана жасырынып жатқан-ды. Басып қалса болғаны, Сары­арқаның тау-даласы қазақтікі еке­ні рас болса өзі-ақ иіп, жайылып сала берер еді. Боздап қоя берер еді. Онысы қазақтың жанымен қапысыз табысып, алпыс екі тамырын қуалап ағар еді. Енді фильмнің әлі де жеткізе алмаған нәзік тұстарын осы үн арқылы көрер­мен тұла бойымен өзі-ақ сезінер еді.

Оқиғасын өңі түңіл түсінде жаңыл­мастай білетін «Қыз Жібек» фильмін қазақ баласы неге қайта-қайта көре береді? Онда дәл осындай сыр жатыр. Фильм музыкасын жазған Нұрғиса Тілендиевтің тылсым тұңғиығы. Ақ­қулардың қиқуы, домбыраны төбесіне көтеріп аттың шабысымен үндестіре бебеулеткен Шегенің шертісі, Қыз Жібектің садағынан ұшқан жебенің үні, тіпті Төлеген мен Бекежанның бір-біріне белгі бергендегі барабан үндері, Төлеген өлгендегі сұрғылт даланың кешкі сүркейіне қосылған дауыс, ақбоз аттың кісінеуі, дәл соған үндестіре жан баласы қайталай алмас Қыз Жібектің жылауы, көрісу, әндегі гәкку сөзінің жартысы Қыз Жібектің таңдайында қалуы... бәрі-бәрі... есіңізде шығар.

Қазіргі даңғаза әуендер үсті-үстіне төпелеп жатса да, өлмей келе жатқан бұрынғы қазақ тұрмысы, дала табиға­тымен астасып кеткен үндестік музыкасы осы. «Қыз Жібек» фильмінің атын естігенде-ақ жанның терең түкпірінен көзі жылтырап бас көтеретін сағыныш - сол әуен. Ол әуенде қазақтың рухы жатыр. Әлдебір құпиясымен өзіне тартып тұратын «мәгниті» де сол. Оны, әрине, қарақорым қазақтың ортасында қайнап өскен Нұрғисадай таланттар ғана тап басады. «Біржан сал» музыкасы осындай болмаса да, осыған жетеға­был болса да жарар еді деген ой біздікі.

Бұл фильмнің сәтті шығуының ең басында талантты жазушы, талғамды тарихшы Таласбек Әсемқұлов тұр. Біржан салдың өмірі мен қазақ тари­хының қайғылы парақтарын астастыра бейнелеген сценарийшілік шеберліктің арқасында фильм осы деңгейге көтері­ле алды.

«Біржан сал» фильмінің сценарийін Таласбектің жазуы өзіміз көп айта беретін өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қазақ киносының алтын дәуірін еске салады. Неге?

Қазақ киносы әу баста жазушылардан басталды. Алғашқы «Амангелдi» фильмiнің сценарийiн Б.Майлин, Ғ.Мүсiрепов жазды. Одан кейін де ел есінде қалған көптеген фильмнің басы-қасында қаламгерлер жүрді. 1940 жылы ең үздiк киносценарийге бәйге жарияланып, оны М.Әуезовтiң «Райхан» деген шығармасы жеңіп алған болатын. Одан кейін Мұхаңның шығармасы бойынша әр жылдары «Қараш-Қараш», «Көксерек», «Абай әндері» фильм­дері өмірге келді. Бұны жазушы­лардың киноға деген жаппай бетбұры­сының алды деуге болатын еді. Айтулы алпысыншы жылдары қазақтың кәсiби кинодраматургиясы О.Сүлейменов, Ә.Та­рази, Қ.Ысқақов, А.Сүлейменов, Д.Исабеков, т.б есімдерімен белгілі болды. Бар еңбегін тізбелемесек те бір-біреуін айта кетейік. Ғ.Мүсіреповтің сценарийі бойынша «Қыз Жібек», О.Сүлейменов­тің сценарийі бойынша «Атамекен», Ә.Таразидің сценарийі бойынша «Тұл­пардың ізі», Д.Исабековтің сценарийі бойынша «Гауһартас», Ш.Құсайы­новтың сценарийі бойынша «Балкон», А.Сүлейменовтің сценарийі бойынша «Құлагер», С.Жүнісовтің сценарийі бойынша «Заман-ай», Б.Соқпақбаевтың шығармасы бойынша «Менің атым - Қожа» сынды көптеген айтулы шығар­ма­лар өмірге келді. Олармен қатар, әрине, М.Бегалин, С.Қожықов, А.Қар­сақбаев, Ш.Айманов, олардың ізін баса Қ.Қасымбеков, А.Қарпықов, С.Нарымбетов сынды режиссерлер шықты.

Бұдан біз өз халқыңның жүрек қылын тербейтін жанына жақын, үнемі айналып соғар аяулы кинотуындысын жасау үшін алдымен ұлттық фолькло­рына, тарихына, әдебиетіне терең бойлау керектігін анық аңғарамыз. Біздің қазіргі кино өнімдеріміздің көпсандысы осылармен санаспайды. Санаспайын демейді, несін алып, несін қоюды біле бермейді. Себебі, біздің қазіргі киноре­жиссер­леріміздің көбі кезінде Мәскеу­дегі оқу орындары нені үйретсе соны қайта­лайтын режиссерлерден тәлім ал­ған. Қазақтың миымен ойлау мүмкін­дігі жоққа тән. Екіншіден, бізде кино маман­дығы саласы бойынша оқытатын оқу орындарында әдебиетке маңыз беретін жүйе жоқ. Сондықтан оны бітіріп жатқан жастарда техникалық жағы алға шығып кетті де, өте нәзік адами, ұлттық құндылықтар көміліп қалып жатыр. Олар енді немен болса да жұртты бір таңырқату мақсатында сенсация қуып, сорақы қылықтарды қызықтауға көшті («Әке қорлығы»). Сосын онысын қорғап бағады. Ондайға өзімізден «үлгі» табыла қойсын ба, біздің ол жағынан әлі «кенже қалып келе жатқанымызды» айта келіп, шетел­дік небір кино режис­серлердің атын тізбектей бастайды. Бұны түсінуге көрермендерде өре жоқ деп соғады аздан соң. Енді еріп жүріп түсіндіріп беру керек пе дейсіз.

Байқасақ, бастапқы бір даудың байлауын тағы ағытқалы отырған се­кілдіміз. Біздің айтқымыз келгені, әде­биетінен ажыраған кино өнері ешқашан еліне қызмет ете алмайды. Қазіргі күйімізде өзге елдерде болған мына бір жағдайға назар аударған жөн. Қытай елінің «Су бойында», «Батысқа саяхат», «Қызыл сарай түсі» сынды әлемге әйгілі үш әдеби шығармасы болса, сол үш шығарманың желісімен жасалған «Су бойында» («Өзен иірімдері» деп те аталады) «Батысқа саяхат», «Қызыл сарай түсі» дейтін әлемге әйгілі үш көпсериялы кинофильмі бар. Мұны өздерінің таусылмас қазынасы, мақ­танышы есептейді. «Қытай киносы өзінің ішкі рыногын қолға алған кез - үш фильмнің (жоғарыда аталған фильм­дер - Ұ.Н) негізінде ұлттың рухын шыңдайтын тарихи фильмдердің артынан жарыққа шыққан кез» дейді мамандар. Бүгінгі біздің экранды жаулап бара жатқан Кореяның жағдайы бір кезде бізден бетер болған екен. Ол ел амери­калық кинолардың тұрақты көрермені болыпты. «Сол кезде олар ел тарихын негіз еткен кинотуындыларды көптеп шығарумен әрі шетелдік киноларды көрсетуге тыйым сала отырып, тығы­рық­­тан шыға алды» дейді кинотанушы Дәулетжан Махмұт. Францияда шетел­дік кинодан түскен қаражаттың бір мөл­шерін ұлттық киноны дамытуға жұм­сайтынын білеміз. Осындайда елімізде­гі тағы бір қитұрқы фильмнің тұсауке­серінде бір ақсақалдың: «Америкадан басқаның бәрі ұлттық фильм түсірумен айналысып жатқанда, мы­наларың не?!» деп залдың ішінде айқай салғаны еске түседі. Ресей де кезінде ұлттық фильм­дерді көптеп түсіріп әрі оларды салық­тан босату арқылы өз киносын сара жолға салып, қарқынды дамыта алды.

Белгілі кино сыншысы Бауыржан Нөгербек бір сұхбатында: «Өз басым «Біржан салды» фестивальдерге, ше­т ел­дегі қазақ киносы апталықтарына қатыстыруға көркемдік кеңестерден өткізе алмай-ақ қойдым, бұл өкініш. Ал студенттерге көрсетсем, олар: «Мынандай фильмдерді неге көрсетпей жүрсіз, неге ол прокатта жоқ?» деп, өзіме «шабуыл» жасады... Қазір ұлттық көрер­мен­нің мүддесі қорғалмай отыр. Бізге телеарналарда қанша пайыз қазақ киносы болуы керек, заңмен бекіту керек. Голливудтың киноларын қазақша ау­дарғанша, сол ақшаны сериал тү­сіруге неге жұмсамасқа?» дейді.

Біз бұлардан қазақ киносы ұлттық кинокартиналар арқылы өз көрерменін мо­лайта алатынын, сөйтіп, ішкі рынок­тағы орнын жоғарылата алатынын, бұл да әлемдік кино өнімдермен бәсекеге түсудің жаңа қыры екендігін, сонымен қоса, ұлттық рухымыздың тіктеліп, мемлекет қуатының нығая түсетіндігін, қысқасы, қазіргі күн тәртібінде тұрған қаншама мәселені қатар шешіп беруге қауқарлы екендігін ұққандаймыз. Ол үшін дарияның қасынан құдық қазып әуреге түспей-ақ, қазақтың қабырғалы жазушыларының шығармаларын шыт жаңа қолға алып, олармен жүйелі түрде жұмыс жасау қажет екендігі айдан анық. Әрине, онда да гүл мен тікен­дер­дің аттарын тізіп «міне, роман» дей­тін жаһандандырудың жаршыларын емес, қан-сөлі сорғалап тұрған қазақы жазушыларды ұйымдастыру ләзім. Киномыз өз ағысымен келіп құйылып жататын кәдімгі өнер дәрежесіне көтері­луі тиіс. Ұлттық болмыс сонда көрінбек!

Р.S. Осыдан біраз жыл бұрын осы киноның оқуын оқып жүргенімізде, дип­ломын алып, енді кино түсіруге аттанып бара жатқан бір жас талап режиссермен сөз таластырып қалғанымыз бар. Әңгіме тағы «Қыз Жібектен» шықты. «Қыз Жібектің маржанын жұлғаны несі? Бекежандай батырдың ұшы жерге де шаншылмаған таяқтай-таяқтай үш найзаның басын буып байлап қойғанға босай алмай отырғаны тіпті барып тұрған жасандылық», деп ашығын бір-ақ айтты.

Он екіде бір гүлі ашылмаған Жібек қыздың тұңғыш рет жар төсегіндегі жастыққа басы тигенін есті ағалары­мыз­дың емеурінмен қалай тамаша бер­генін айтып түсіндіре алмайсың. Беке­жанға үш жүздің билері үш жағынан найза тіктеуі оған бүкіл қазақтың ортасында енді орын жоқ екенін ұқтырған ар жазасы екендігін, ал қазақ үшін ар жазасы бар жазадан ауыр екендігін ол бейбақ қайдан түсінсін!..

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ.

Астана.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282