Жексенбі, 24 Қараша 2024
3239 1 пікір 4 Қазан, 2021 сағат 11:21

Арон Атабектің туыстары мәлімдеме жасады

2 қазан күні «Шаңырақ ісі» бойынша сотталып, денсаулығына байланысты түрмеден босатылған диссидент ақын Арон Атабектің туыстары мәлімдеме жасады. 

Cаяси тұтқынның қызы Айдана Айдархан facebook парақшасында Арон Атабекті толық ақтауды және еш кедергісіз шетелге ем-дом қабылдауға жағдай жасауды сұраған.

«Арон Атабекке ең әуелі шұғыл түрде қымбат ем-дом қажет және «Шаңырақ ісі»  бойынша толық ақталуы тиіс. Оған ойдан құрастырылған айыптар тақты, онымен бірге Ерғанат Тараншиев, Рүстем Тұяқов және Құрманғазы Өтегенов көп жылға заңсыз сотталды. Арон шартты түрде босатуды да, "рақымшылық та", "реабилитация да" сұраған жоқ. Ол өздерін («Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандарды) толық ақтауды талап етеді. Аронды іс жүзінде үйіне өлуге жіберді деп санайтындар көп, бірақ жаратушы дұғамызды қабыл етіп, Аронға бұрынғы қауқарын аздап болса да қайтарып берер деп үміттенеміз. Азаматтық қоғамнан ең алдымен, бостандығын шектейтін шешімнің күшін жойып, аса зәру ем қабылдауы үшін еш кедергісіз тезірек шетелге аттануына жағдай жасауға жәрдем сұраймыз»,- делінген мәлімдемеде.

Мәлімдеме авторлары көпшіліктен Арон Атабекке біраз уақыт ес жинауына мүмкіндік беруін сұрап, мазаламауын да өтінген.

Хабарламада Арон Атабек қамаудан шыққанша бір кезде төңірегінде болған жақын адамдары мен күрескер достары, жақтастары мен әріптестерінің қатары сиреп, өмірден озғаны айтылады. Онда 2020 жылы пандемия кезінде қайтыс болған інісі, 1990 жылдардағы диссиденттік қозғалысқа атсалысқан Рашид Хабибулла (Нұтышев), Арон жайлы мақалалар жазған Ербол Құрманбаев, биыл дүниеден өткен, «Шаңырақ ісі» бойынша жүйелі түрде хабар таратып, мақалалар жазған журналистер Қазис Тоғызбаев, Бақытгүл Мәкімбай, оппозициялық саясаткер, режиссер Болат Атабаев, композитор Бақтияр Аманжол, ақын Дүйсенбек Нақыповтың аты-жөні аталған.

Айта кетейік, Арон Атабек 2006 жылы Алматыда болған «Шаңырақ» оқиғасына қатысқаны үшін 18 жылға сотталды. Оған оқиға барысында полиция қызметкерін өлтірді деген айып тағылып, 15 жылын Павлодардағы түрмеде өтеді.  Ал, 2021 жылдың 1 қазанында Павлодардың №2 соты Арон Атабек денсаулық жағдайына байланысты жазасының қалған бөлігін шартты түрде өтесін деген қаулы шығарған. Сол күні түнде оны жолаушы ұшағымен Алматыға жеткізілді. Алайда, Арон Атабекті қарсы алу үшін әуежайға жиналған жұртқа көрсетпей, ұшақтан бірден үйіне апарған.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5564