Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 4537 6 пікір 5 Қазан, 2021 сағат 14:47

Биыл Нобель сыйлығын кімдер алды?

Қазан айы басталысымен биылғы Нобель сыйлығын алғандардың есімі жаһан жұртына жария болды. Олар америкалық ғалымдар­­­­­­­ – Дэвид Джулиус пен Ардем Патапутян.

Ғалымдар медицина саласы бойынша «температура» және «жанасудан» пайда болатын сезу рецепторларын ашты. Қарапайым тілмен айтқанда, адамның жүйке жүйесі ыстыққа, суыққа және механикалық тітіркендіргіштерге қалай реакция береді? Осы күрделі сұрақтың жауабын терең зерттеулерден кейін анықтады. Бұл жаңалық медицинадан бастап робот құрастыру саласына дейін пайдалы болмақ.

«Біз әдетте оттың ыстық, мұздың суық екенін білеміз. Ыстық-суықты айыра алу адамзат бойына берілген керек дағды. Осы дағды неден пайда болды? Егер адамның жүйке талшықтары температураға ешқандай реакция бермесе, өз денесінің күйіп не үсіп қалғанын сезбес еді. Табиғаттағы кез-келген нәрсеге жанасқанда пайда болатын реакцияны туғызатын нерв талшықтарының қызметі бізді қоршаған ортаға бейімдейді».

Дэвид Джулиус 1955 жылы Нью Йорк қаласында дүниеге келген, қазіргі таңда Калифорния университетінің профессоры. Ал Ардем Патапутян 1967 жылы Ливан астанасы Бейрутта туып, жас кезінде АҚШ-қа қоныс аударған. Қазір Калифорниядағы Скриппс ғылыми-зерттеу институтының профессоры. Ғалымдардың зерттеу нысаны бір болғандықтан алғашында күшті бәсекеге түскен.

«Екеуміз де «температураны» зерттегендіктен, арамызда жарыс болды, ұлы ғалыммен бәсекелесу әрдайым қуаныш сыйлайды, Дэвид сондай ғалымның бірі», - дейді доктор Патапутян.

Нобель Ассамблеясы ғалымдарға керемет жаңалықты жеткізу үшін хабарласып екеуін де ала алмаған. Ардем Патапутян Нобель сыйлығын алғанын 94 жастағы әкесінен естісе, Дэвид Джулиас қайын апасынан білген.

Жыл сайын Швеция мен Норвегия комитеттері химия, медицина, физика, экономика ғылымдары бойынша жаңалық ашқандардың, әдебиет саласында ең үздік танылғандардың, «Әлемді бейбітшілікке шақырған» белсенді тұлғалардың еңбегін бағалап, Нобель сыйлығын табыстайды. Олардың күллі адамзат игілігі үшін төккен еңбегіне алғыс айтады. Былтыр Ослода пандемияға байланысты құттықтау рәсімі онлайн өткен болатын. Биыл да кең көлемді жиын өткізілмей, сыйлық жеңімпаздарға желтоқсан айында өз елдерінде берілетін болды.

Биыл Нобель сыйлығын алуға 329 үміткер өтініш білдірген. Әр жеңімпазға берілетін Нобель сыйлығының құны былтыр 10 млн швед кронына дейін өсті, яғни 1,1 млн АҚШ доллоры.

Айжан Темірхан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562