Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5457 1 пікір 29 Маусым, 2012 сағат 12:44

ҚАЗАҚСТАН ҚАРЫЗҒА ҚАЛАЙ БАТТЫ?

 

 

Сырттан бей-берекет қарыз алып, ысырапшылдыққа ұрынған ұлттық компаниялардың кесiрiнен Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 123 млрд. доллардан асып түскен. Үкiмет акциялары мемлекет меншiгiндегi ұлттық кәсiпорындардың шет елдерден несие алуына тыйым салды. Бiрақ берешектiң салмағы ауырлағанын ескерсек, ертеңгi күнi не болмақ? Әр қазақстандықтың мойнына 7422 долларлық қарызды «iлiп» қойғандар жазаға тартыла ма? Бақылаусыз борыштарды қайтаруда қиындықтар тумай ма? Қадағалауға мiндеттi құзырлы органдар неге «қолдарын мезгiлiнен кеш сермедi»?
ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАР СҰРАМСАҚ ЕКЕН
Халықаралық қаржы қоры мемлекеттік борыш көлемі бойынша дүние жүзінің барлық мемлекетінің тізімін жасаған еді. Арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесінде Жер шарындағы бүкіл елдің қарызы 59 трлн. доллардан асып түскен. Ал Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 2011 жылдың соңында 123 млрд. 800 млн. долларға жетіпті. 2010 жылы бұл көрсеткіш 118 млрд. 226 млн. долларға теңгерілген екен. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтеріне сүйенсек, осы аралықта қазақстандық банктердің сыртқы берешегі 16,8 пайызға қысқарған - 14,600 млрд. доллар. Былтыр мемлекеттік және мемлекет тарапынан кепілдендірілген сыртқы борыш үлесі 4,3 пайыздан 4,4 пайызға дейін өскен. Есесіне, мемлекет кепілдендірмеген қарыздың көлемі 95,7 пайыздан 95,6 пайызға төмендеген. ҚР Ұлттық банкі 2012 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтерде жалпы сыртқы қарыздың 48,4 пайызы фирмааралық берешектердің үлесіне тигенін хабарлаған. Яғни шетелдік басты компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындары, сондай-ақ, біріккен кәсіпорындар, шетелдік компаниялардың Қазақстанда жұмыс істейтін филиалдарының қарыздары. Демек, несиені борыш алған компаниялар қайтаруға міндетті.
Қарыз көлеміне келгенде ҚР Қаржы министрлігі ұлттық компаниялардың шет мемлекеттерден бей-берекет қарыз алуға көшкеніне алаңдаулы. Жуырдағы үкіметтік отырыстардың бірінде «Бақылаусыз борыштардың өсуі қазақстандық экономикаға төнген қауіп болып табылады» деп мәлімдеген ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев еліміздің жалпы сыртқы қарызы төмендегенмен, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың шекара сыртынан жаппай қарыз алуға көшкенін жеткізді: «Егер мемлекеттік сыртқы және ішкі қарыз көлемі 22 млрд. доллар, яғни ЖІӨ-нің 12 пайызы болса, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың берешегі ЖІӨ-нің 11,5 пайызына тең». Министрдің пікірінше, аталған компаниялар уақытылы өтелмеген төлемдер, дефолт немесе олардың борышын мемлекеттік бюджет есебінен төлеу мәжбүрлігінен қарызға белшеден батып, сырттан несие ала берген. Осы себепті қазір ұлттық компаниялар борышын қадағалау мәселесі қолға алынған: «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро» құрамына енетін компаниялар мен Қазақстанның даму банкінен басқа ұлттық компаниялардың сырттан борыш алуына тыйым салу қажет». Бұдан былай алатын несие көлемі белгіленген деңгейден асып кеткен жағдайда міндетті түрде Үкімет тарапынан бекітілуі тиіс. Алайда мұндай қадамды депутаттар құптаған жоқ. Мысалы олардың жалақысын қысқартуды ұсынған Мұхтар Тінікеев: «Қарызға белшеден батып жатса да ауыздарынан ақ май ағады. Алатын жалақылары да жақсы. Одан да айлықтарын қысқарту керек», - деді. Тінікеевті қостаған оның әріптесі Айгүл Самақова Есеп комитеті жыл сайын ұлттық компаниялардың тең жартысы шығынға ұшырайтынын ескертті: «Олар негізінен бюджеттен, яғни салық төлеушілер есебінен қаржыландырылады ғой. Демек Қаржы министрлігі барлық ұлттық компаниялардың қарызын реттеуге баса назар аударуы қажет». Еліміздің жалпы сыртқы берешегіне алаңдаған депутаттардың тағы бірі - Гүлжан Қарағұсова 2008 жылы 107,9 млрд. доллар болған борыштың 2011 жылы 123,8 млрд. долларға көтерілгеніне қынжылды: «Борыш көлемінің артуына оны өтеуге және қызмет көрсетуге кететін шығындардың өсуі себеп. Ұлттық банктің хабарлауынша, 2011 жылдың алғашқы 9 айында ұзақмерзімдік қарыз көлемі 15,6 млрд. доллар болған. Елімізден сыртқа ағылған ақша ағыны сыртқы қарыз көлемінен әлдеқайда жоғары».

БЕРМУД АРАЛЫНА ҚАНША БЕРЕШЕКПІЗ?
Халықаралық тәжірибеде әрбір елдің мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 60 пайыздан асып түссе, қауіпті деңгей саналады. Ал Қазақстандағы бұл көрсеткіш ендігі 66 пайызға жеткен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі, ҚР Ұлттық банкі акцияларының 50 пайызы немесе одан көп бөлігі мемлекет меншігінде болған мекемелердің қарызын қадағалау мақсатында бірқатар шара қолға алынған. Бұл жерде еліміздегі екінші деңгейлі банктердің борыштары есепке алынбайды. Өйткені Ұлттық банк тарапынан қойылатын талаптар банктердің берешегін бақылауда ұстап отыр. Басты мақсат - мемлекет мойнындағы және мемлекеттік компанияларға тиесілі қарыз көлемін ЖІӨ-нің 60 пайызына төмендету. Парламенттегі үкіметтік сағат барысында еліміздің Сейшел аралдарына 300 млн. доллар қарыз болғаны жайлы мәселе көтерген депутат Нұртай Сабильянов: «Ең қызығы, Қазақстан аралдар алдында да қарызға батқан. Сонда бұл не қылған қарыз? Меніңше, фирмалардан алған борыштар. Мәселен Бермуд аралдарына біз орасан зор көлемде берешекпіз. Мәселен сіз естімеген болсаңыз, Геримсей деген арал бар. Қазақстан осы аралға 32 млн. доллар қарыз. Яғни менің пайымдауымша, Қазақстан бұл аралдарға берешек болмауы тиіс», - деп Б.Жәмішевке шүйліккен. Депутаттың бұл сауалына министр: «Бүгінде шет елдерден қарыз алатындардың барлығы қандай да бір қаржылық құрылымдардың көмегіне жүгінеді. Аталған қаржылық құрылымдардың бір бөлігі оффшорлық аймақтарда, оның ішінде, аралдарда тіркелуі мүмкін. Әңгіме қарыз алудағы елдік құрылымдар туралы болып отыр. Мұндай құрылымдар оффшорлық аймақтарда тіркелген мекемелерге тиесілі. Бұдан туын­дайтын қиындық жоқ», - деп жауап берді. Қаржы министрлігіндегілер үшін елімізде жұмыс істейтін кәсіпорындардың кірісті сыртқа алып кетпегені, оффшорлық компаниялармен әрекеттесе отырып, салық көлемін төмендетпегені маңызды. Аталған мәселе күн тәртібіне шығарылғалы да көп болған. Ал қарызды кімнен алдың, қашан алдың, несие берушілер оффшорлық аймақта тіркелген бе, жоқ па деген сауалдар аса бас қатыратын шаруа емес. Өйткені Қазақстан экономикасына одан келетін зиян жоқ.

ӘРБІР ҚАЗАҚ -
7422 ДОЛЛАРЛЫҚ ҚАРЫЗ
Егер мемлекеттің жалпы қарызы 123 млрд. 800 млн. доллар екендігін ескерсек, Қазақстан Республикасының 16 млн. 680 мың 100 тұрғынына шаққанда, орташа есеппен 7 мың 422 доллардан келеді екен. Халықаралық қаржы қоры жасаған тізімнің басында тұрған Жапонияның мемлекеттік берешегі 13,5 трлн. доллар, яғни әр азаматына есептегенде, 105, 5 мың доллардан. Әлемдік қаржылық дағдарысқа себеп болған АҚШ-тың мемлекеттік борышы Ирландиядан сәл-ақ төмен. Әр америкалықтың мойнындағы қарыз - 49,8 мың доллардан. Қазақстаннан әлдеқайда төмен (99-орында) тұрған Ресейдің жалпы сыртқы борышы әрбір ресейлікке шаққанда 1247 доллардан келіпті. Көп жағдайда мемлекет неғұрлым бай әрі халықтың әлеуметтік ахуалы неғұрлым жоғары болған сайын мемлекеттік қарыз көлемі соғұрлым жоғары болмақ. Бұл әлеуметтік міндеттер мен жүзеге асырылуы тиіс макроэкономикалық бағдарламалардың қосымша қаражатты қажет етуіне байланысты. Түрлі бағдарламалар бюджет шеңберіне сыймайтындықтан шығындар көлемі артатыны белгілі. Ал басы артық ақшаны тек несие арқылы тартуға болады. Негізі мемлекеттің сыртқы қарызының жоқтығы елдің экономикалық тұрғыда табысы мен жетістігін білдірмесе керек. Мәселен Халықаралық қаржы қоры жасаған тізім соңындағы Мадагаскардың мемлекеттік қарызы адам басына шаққанда 26 доллардан келеді екен. Ал Либерияда - 1 доллар, Конго Республикасында - 69 доллар. Аталған елдердегі мемлекеттік қарыздың төмендігі жеке қорларына байланысты емес. Керісінше олардың шатқаяқтаған экономикасы мен сырттан қарыз тартудағы әлсіздігі себеп. Тізімдегі 88-орынға жайғасқан Қазақстанның қазіргі жағдайын саралаған Қаржы министрлігіндегілер «борыштың көлемі емес, ЖІӨ-ге шаққандағы көрсеткіші көңілді алаңдатады» дейді.

«АЛМАҚТЫҢ ДА
САЛМАҒЫ БАР»
Мәжілісте өткізілген «Мемлекеттік, мемлекеттік тарапынан кепілдендірілген және мемлекеттік компаниялар қарыздарын басқару» тақырыбындағы үкіметтік сағатта Болат Жәмішев әлемдік қаржылық дағдарыстың барлық дамушы және дамыған мемлекеттерге әсер еткенін, оған мемлекеттік және жекеменшік саланың аса көп мөлшерде несие алуға құныққаны себеп болғанын айтты. Жалпы сыртқы борыш көлемі жағынан алғанда, Қазақстан әлем бойынша 36-орында. Ал ЖІӨ-ге шаққанда - 43-орында. Сандық көрсеткіштерге шақсақ, мемлекеттік қарыз 5 млрд. доллар немесе ЖІӨ-нің 4 пайызы; ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың борышы - 21 млрд. доллар (17 пайыз); екінші деңгейлі банктердің берешегі - 8 млрд. доллар (7 пайыз); корпоративтік сала мойнындағы қаржылық міндет - 90 млрд. доллар (72 пайыз). Осылайша жалпы сыртқы қарыздың қомақты үлесі корпоративтік саланың мойнында тұрғаны байқалады. Оның 60 млрд. доллары фирмааралық борыштар еншісінде. Яғни тікелей тартылған инвестицияның бір бөлігі саналатын бұл қарыздар несиені алғандардың шетелдік қатысушылар мен тәуелді кәсіпорындар алдындағы міндеттері болып табылады. Қаржыгерлердің айтуынша, қарыз уақтылы қайтарылмаған жағдайда сыртқы кредиторлардың мемлекетке қысым жасай қоюы неғайбыл. Өйткені несие беруші қарызгердің қызметін басқаруда оның қаржылық белсенділігіне жауапты саналады. Әзірге Үкіметтегілер Дүниежүзілік Экономикалық Форумның 2011-2012 жылдарға арналған есебінде жарияланған деректерде Қазақстанның «Мемлекеттік қарыз» көрсеткіші бойынша 12-орында тұрғанын көлденең тартады. Жағымды цифрлар мен көңілді қуантатын хабарламаларды тізбектей берсеңіз, тізіле бермек. Бірақ бізді алаңдататыны, «өзім білемдікке» салынған ұлттық компаниялардың сырттан қаражат тартуда ысырапшылдыққа жол беруі. «Әй дер ажа, қой дер қожа» болмағасын, яғни мемлекеттік құзырлы органдар мен тиісті мекемелердің солқылдақтығынан, өз ісіне жауапкершілікпен қарамағандығынан, мемлекеттің жалпы сыртқы қарызы 123 млрд. доллардан асып түскен. Анығырақ айтқанда, қарызды әр отандасқа шаққанда, 7 мың доллардан асып түскен. «Қолдарын мезгілінен кеш сермеуге» әдеттеніп кеткен Үкіметтегілер қашанғы әдетінше, «тиісті шараларды қабылдаймыз» деп құлшынып отыр. Ал Қазақстанды қарызға белшеден батырып қойып, жайбарақат отырғандар кімдер? Депутаттар айтпақшы, берешектің бір бөлігі олардың жалақысынан ұстала ма? Әлде «қабылданатын шаралар» тағы да қағаз жүзінен аса алмай ма?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

«Түркістан» газеті

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345