Жұма, 22 Қараша 2024
Анық 5186 9 пікір 21 Қазан, 2021 сағат 14:14

Ресейге жауап: Тіл мәселесін өз ішімізде шешеміз!

Кейінгі уақытта Ресей ақпарат құралдары «Қазақстанда орыстілділердің құқығы аяққа тапталды» деген сарында айғайлаған тақырыптарды көптеп шығара бастады.

Атышулы Владимир Жириновский: «бұрын орыстарға қарсылық тыныш қана жүргізілсе, кейінгі уақытта қазақ ұлтшылдары шерулер ұйымдастырып, дөңайбат көрсететін болған. Бұл кейін күшейіп, өз іштеріндегі Талибанға айналады», - десе, Мемлекеттік Дума депутаты В. Никонов: «Қазақстан жері – Ресейдің берген сыйлығы», - деген көлкілдек пікір айтқан. Одақтас деп дәріптеп жүрген солтүстік көршінің ықпалды саясатшылары айтқан пікірлер айғай-шуға ұласпады, ал, қазақстандық белсендінің іс-әрекеті Ресей қоғамында резонанс тудырды.

Биыл тамыздың ортасында Қостанайлық белсенді Қуат Ахметов «Тіл майданы» атты ресми емес қозғалыс құрып, бірнеше қаланың дүкендерінде және басқа да қоғамдық орындарында қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен шеру ұйымдастырған. Оның You Tube арнасында әр «бақылаудың» видеосы жүктеліп отырды. Кремль осы оқиғадан кейін Қазақстан билігі «ұлтшылдардың» тірлігіне «тәйт» демеді деп, түрлі қысым жасай бастады.

ТМД істері, шетел­де тұратын отандас­тар және Халықаралық гу­ма­­ни­тарлық ынтымақ­тастық жөніндегі феде­рал­дық агенттіктің  (Рос­сотруд­ничество) басшысы Евгений Примаковтың: «Халықтар достығы бітті, ұлттық мүдделер алға шықты», - деген сөзі Ресей БАҚ-та жарияланды.

«Қазақтар Ресейге жұмыс істеуге келмейтін болған соң, олар өз-өздерін толық қамтамасыз ете алатын жағдайдамыз деп ойлайды. Шындығында ешкім де қауіпсіздік және экономикалық жағдай жағынан толық қамтамасыз етілмеген. Барлық республикалар бұрынғыша Ресейге тәуелді, оның ішінде Ресеймен құрлықта ең ұзын шектесетін Қазақстан да бар. Бірақ көріп отырғанымыздай, бұдан еш сабақ алынбады», - деді,  Мемлекеттік Думаның ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыстар комитеті төрағасының орынбасары Константин Затулин.

Осы оқиғадан кейін белсенді Алматы көшесінде ұсталып, оған 340 доллор айыппұл тағылды, Ресей ІІМ Қуат Ахметовтың 50 жылға дейін елге кіруіне тыйым салды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа жолдауында Қазақстанда орыс тілін қолдануға кедергі келтіру заң бойынша дұрыс емес екенін атап өтті. Азаматтарды тілі мен ұлтына қарап кемсітетіндер жазаланатын айтты.

Расында «орыстілді азаматтар мен азаматшалар» неден қағылып жатыр? Қазақстанда олар тіл үшін қысым көріп жатыр ма?.. Бұл туралы ел азаматтары не дейді? Қараңыз:

ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты Юрий Жулин: «Ресей БАҚ-нан Жириновский, Соловьев, Никонов, Федоровтардың осындай сандырақтарын естіген сайын оларға мән бермей, құлақ салмай өтіп кетуге тырысамын. Сайлау өткен соң, бұл жасанды ақпараттар тоқтайтын шығар деп ойлаған едім, әрі Жириновский партиясының жеңілгені «Қазақстандағы орыс тілі» тақырыбы Ресей ақпарат кеңістігінің де, ресейлік электораттың да еш қызығушылығын тудырмайтынын көріп отырмыз. Бірақ, тіл тақырыбын қозғау еш тоқтар емес. Тақырыпты қаузай беру, Қазақстанда туып-өскен менің және өзім сияқты этникалық орыстарға қауіп төндіреді», - деген пікірін білдірді.

Онан соң: «осындай ресейлік саясаткерлер мен журналистер тарапынан болатын тілге қатысты агрессивті, мазақ әрекеттеріне қазақ орыстары дер кезінде тойтарыс беріп отыруы керек», -  деді депутат.

Қазақстандық блогер Глеб Понамарев «Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы туралы» ресейлік басылымға сұхбат бергенін өз әлеуметтік парақшасында жариялаған болатын. «Менен өздері қалаған жауапты алғысы келгендей тілге қысым жайында сұрақтарды қайта-қайта қойды. «Тіл сақшылары» туралы сұрақ болды. Мен көптеген қазақстандықтар олар туралы ресейлік БАҚ-тан естігенін айттым. Қызық парадокс, сонда шетелдік журналистер Қазақстанның жағдайы туралы қазақстандықтардан артық біле ме? Бізді уайымдағаныңызға рахмет, ел ішіндегі жағдайды сараптауды қазақстандықтардың өзіне қалдырыңыз. Ал, сіздер өз іштеріңіздегі шаруамен айналысыңыздар», - деп жауап берген. Бұл басылымға ұнамаған болуы керек, сұхбат жарыққа шықпаған. «Достар, провакацияға берілмейік, біздің күшіміз – бірлікте, сыйластық пен махаббатта», -  дейді ол өз постында.

«LINGVA TEN» тіл коучингі орталығының директоры, қазақ тілі онлайн мектебінің негізін қалаушы Владислав Тен болса: «бәріміз енді қазақпыз! Енді қазақ тілін үйреніп алсақ болды! Ешқандай ұлт я болмаса тіл принципі бойынша бір-бірімізді бөлуімізге ешқандай себеп те табылмайды. Бір-бірімізді жақсы көрсек қана, арамызда махаббат деген қасиетті сезім болса ғана, ел ретінде әр жақтан дамып кетеміз», - деп пікір білдірген.

Жақында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңітуді қолға алған блогер Яков Федоров Facebook әлеуметтік парақшасында сүйінші жаңалығын бөлісті. «Біз бүгін тілді таныту мақсатында көп жұмыс атқарып жүрген достарымыз, қазақ тілінде хабар жүргізетін Марина Захарова, Tik-Tok-та көрерменге қазақ тілін үйретіп, домбыраның құлағында ойнайтын Алексей Лодочников , қазақ тілі мен мәдениеті туралы кез-келген филологтан артық білетін Аскер Пириев, қазақ тілін үйреніп жүрген тәжірибесімен бөлісетін Марина Шаповаловамен кездесіп «Менің елім – менің тілім» деген қозғалыс құру туралы шешім қабылдадық. Мақсатымыз – айқын. Қазақстан азаматтарын мемлекеттік тіл төңірегінде топтастыру. Өйткені, тағы айтамын, тәуелсіз елімізде қандай да мәселені Қазақстан азаматтары ғана шешуі тиіс деп санаймыз.

«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген қазақта әдемі сөз бар. Біз бір елміз, берік елміз, тәуелсіз мемлекетпіз. Сондықтан өз мәселемізді өзіміз ғана шешеміз», - деп өз жоспарын айтты.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5199