Сенбі, 23 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 16754 4 пікір 11 Қараша, 2021 сағат 10:51

Қазақтың батыры тәжікке керек, қазаққа ше?

1992 жылы Тәжікстанда азамат соғысы бұрқ ете қалды. Билікке таласушы топтар Тәжікстанды қан майдан, қызыл шайқас алаңына айналдырып жіберді. Орталық Азия – ортақ үйіміз. Көршінің үйі өртенсе, оты сені де шарпуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан Тәжікстанға арнайы бітімгерлік күштерін аттандырды.

1993-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында болған соғыс қимылдарында 48 қазақстандық әскер қаза тапты. Солардың ішінде Шығыстың (Қатон-Қарағай ауданы) тумасы 19 жастағы кіші сержант, өрімдей қазақ батыры Раджан Батырханов та бар еді.

Жоғары Кеңестің 1993 жылы 15 сәуірде «Тәжік-ауған учакесіндегі ТМД сыртқы шекарасын күзетуді күшейту туралы» қаулысы бойынша 500 сарбазды сапқа жинаған жеке құрама атқыштар батальоны құрылады.
Раджан Күршім взводы жеке құрама атқыштар батальонына өз еркімен қосылып, Тәжікстан Республикасына аттанады.

1994 жылы 28 қыркүйекте Хаким бандасы бастаған 200-ден астам қарулы жауынгер 9 автокөлікпен Тәжікстан шекарасы Хорог қаласының аумағы арқылы Ауғанстанға кесіп өтпекші болады. Олардың алдынан Қазақстан-Ресей сарбаздары тосып тұрды. Ұрыс басталып, ең бірінші боп алға шыққан жас сарбаз Раждан Батырханов өз кеудесін оққа тосты. Оның осы ерлігінің арқасында арттағы батальон дереу жинақталып, тылдан оқ ата бастайды. Раджан соғыста қаза табады. Осы ұрыста моджехедтердің тұтқынында жатқан адамдар құтқарылды.

Оның майданда бірге болған жолдастары «Раджан Батырханов бізді қорғау үшін өз өмірін құрбан етті. Біз тау арасында, бірнеше шақырым алыстан оқ аттық, ал ол болса, нағыз қан-майданның ортасында ұрыс жүргізді. Егер ол болмағанда, тау ішіндегі біз қоршауға түсер едік» – дейді есте мәңгі сақталған жас батыр туралы естеліктерінде.

Раджан Батырхановтың отан қорғау жолында қаза болғанына биыл 27 жыл толды. Оның ТМД елдерінің шекарасын қорғауда көрсеткен ерлігі үшін Қазақстан Республикасының Президенті жарлығымен «Айбын» II дәрежелі ордені берілді. Туған өлкесі Қатон-Қарағайдың бір көшесі батырдың атымен аталды, ескерткіші қойылды. Бірақ, ерлігі ерен батырға «Халық Қаһарманы» атағы берілмей келеді.

Раджанның командирі болған Алексей Володин қанша уақыттан бері «Халық Қаһарманы» атағын беруді жазып та айтып та келеді.
Біз «Айбынмен» шектелгенде, Тәжікстан Республикасы 2021 жылы 30 қыркүйектегі Президент Рохмонның жарлығымен батырды I дәрежелі генералдарға берілетін «Спитамен» орденімен марапаттады.
Орденді Тәжікстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ибодзода Хайрулло Раджанның анасы Батырханова Қизат Жылқыбаққызына табыстады.

Ал, екінші қарашада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі - халықаралық ұйымы батырдың анасына «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекараларын нығайтқаны үшін» медалін берді.
Батыр-шекарашыны марапаттау туралы шешімді ТМД мемлекеттерінің (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Украина) 11 шекара ведомствосының Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі қабылдаған.

Қазанның алтысында жеке құрама атқыштар батальонының бұрынғы командирі Алексей Володиннің интернет желісіне жас батырға «Халық Қаһарманы» атағын беруді сұраған петициясы шықты. Ол петицияда былай деп жазған:

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай Қазақстан халқы өз батырына лайықты құрмет көрсетіп, әділдік орнатуы тиіс деп санаймын. Осыған байланысты алдарыңыздағы петицияға қол қойып, достарыңызға, әріптестеріңізге, таныстарыңызға таратуларыңызды сұраймын. Бүкіл халық қолдауының арқасында осы жолы ел басшылығы менің келтірген деректеріме сеніммен қарап, назарға алады деп сенемін».

Дәл қазір петицияға 5385 адам қол қойған. Қоғам белсенділері, танымал қайраткерлер, журналистер, блогерлер Раджан Батырхановқа «Халық Қаһарманы» атағын беруді талап етіп отыр. Біз тәжік-ауған шекарасындағы қанды майданда ерлікпен қаза тапқан жалғыз қазақ баласының қаһармандығы шын бағалануы керек деп санаймыз.

Жат жерді шарпыған жалын туған еліне өтпесін деп өмірін қиған жас батырды қазақ билігі ұмытқан ба?! Петиция жазылып, қол қойылуда. Тәжік билігі құрметтеп, арнайы орденін табыстады. Қазақтың батырын қазақтан басқаның бәрі басына көтеріп, рухына төрден орын беруде. Тек қазақ билігі емес. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында құрметке лайық жанға неге құрмет көрсетілмейді? «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын».

Ел үшін кеудесін оққа тосып, жанын берген жауынгерге отыз жылда бір марапат бере алмау ұят. Намысты елдің ісі емес. Тәжікстанның суық тауында тәнін қалдырған батырға Парламенттің жылы креслосы мен министрліктің жұмсақ тағында отырған шенеуніктер «Халық Қаһарманы» атағын бере алмаса, несіне отыр? Мереке сайын бір-бірлерін жарыса құттықтап, кеуделеріне лайықты-лайықсыз медаль тағып жататын биліктегілер, шын лайықтыға келгенде үнсіз қалғаны қызық. Бұл – батырды бағаламау, жауынгердің рухына деген құрметсіздік. Өз батырын өзі құрметтей алмаған ел өзгенің батырына тамсанумен жүреді. Қысқа қайырып айтқанда, тәжікке керек болған қазақтың батыры қазаққа керек болмағаны ма?

Дәурен Қуат

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338