Сенбі, 23 Қараша 2024
Арандату 4806 8 пікір 17 Қараша, 2021 сағат 13:39

Армения әрекеті: Жығылған күреске тоймас

16 қараша күні Армения мен Әзербайжан әскерлерінің арасында екі ел шекарасының маңында кескілескен шайқастар басталды. Әдеттегідей кішігірім атыс емес, ұрысқа ауыр техника мен артиллерия қосылды. Тараптар бір-бірін аталмыш шиеленіске жауапты деп атады. Армения тарапы соңғы уақытта Әзербайжанға қатысты арандатуды жиілеткен болатын. 

8-15 қараша аралығында шекара маңында Армения тарапы ондаған арандату әрекеттеріне барды. Тіпті Әзербайжан сарбаздары мен Ресейдің бітімгерлік күштері тұрған әскери бекетке шабуыл жасап, граната лақтырған көрініс те болды.

16 қараша күні армян жасақтары Әзербайжанның Келбажар және Лашын аймағындағы биіктіктерді басып алуға әрекеттеніп, шабуылға шықты. Олар артиллериялық соққы жасап, артынша ауыр техниканы қолданбақ болды. Алайда Әзербайжан тарапы қарсы жауап беріп, жау әскерін шегіндіріп, техникасын жойды. Атыста екі Әзербайжан сарбазы жараланды.

Сағат 15:00 шамасында ұрыс қарқыны қызып, шайқас үдей түсті. Әзербайжан әскері Арменияның минометтік топтарын жойғанын мәлімдеді, өз кезегінде Ереван адами шығынның барын мойындады. Желіде 12 армян сарбазының тұтқынға түскен видеосы тарап кетті.

Ұрыс қимылдарының қарқынына байланысты Армения тарапы Мәскеуден көмек сұрады. Ол туралы Арменияның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян телеэфирде айтты.

«Шабуылдың Арменияның аумағына жасалғанын ескере отырып, біз 1997 жылғы келісімге сай Армения аумағының тұтастығын қорғауды Ресейден сұраймыз. Қазіргі уақытта хат түріндегі үндеу жасауға дайындалып жатырмыз», - деді ол.

Әзербайжан қорғаныс министрлігі Бакуде халықаралық ұйымдар мен әскери мамандарды Арменияның арандату әрекеттеріне қатысты құлағдар етіп, нақты ақпараттарды жеткізді. Бұл 44 күндік соғыстан кейінгі ең ірі әскери қақтығыс болып отыр. Келбажар ауданын Әзербайжан әскері кері қайтарып алғаннан кейін, Әзербайжан әскері Арменияның Сюник аймағымен шектесетін жерге орналасты. Армян содырлары мен сарбаздары арандату мақсатында Әзербайжан әскери бекеттеріне ұдайы шабуыл жасап келеді.

Арменияның арандату әрекеті ішкі саяси дағдарыспен де тікелей байланысты. Пашинян билігі сайлауда жеңіске жеткенімен, ел арасында соғыстағы жеңілісті мойындамайтын және келісімді капитуляция деп санайтындар жетерлік. Тіпті Пашинян билігін құлатып, соғысты қайта бастауды мақсат ететін қозғалыстар да құрылуда. Ереван үшжақты келісімді (Армения, Әзербайжан, Ресей) бұзып, кінәні Әзербайжанға артуды ойлайды. Әзербайжан территориямызға шабуыл жасады деген үндеуді тастап, қақтығысқа ҰҚШҰ елдерін де араластыру жоспарында бар. Алайда ҰҚШҰ бұл қақтығысқа араласуға ниетті емес. Оны 2020 жылғы позициясынан да, кешегі қақтығысты «дипломатиялық жолмен реттеу керек» деген үндеуінен де аңғаруға болады.

Екі тарап арасындағы тағы бір даулы мәселе, шекараны заңдастыру болып отыр. Армения ұлтшылдары бұл мәселеде біраз аумақ Әзербайжанға өтіп кетуі мүмкін деп алаңдайды, ал ресми Баку демаркацияны тез арада шешкісі келеді.

Армения тарапын алаңдататын сұрақтың бірі Зангезур дәлізі болып отыр. Үшжақты келісім бойынша Армения дәліздің ашылуына келісім берген, алайда оның іске асуын кешеуілдетіп келеді. Дәлізде қақтығыс болмауы үшін оны ресейлік бітімгерлік күштер күзетпек. Нахчеван мен Зангиланды 40 шақырымға бөліп тұрған бұл дәліз жақын арада ашылмақ. Ол туралы 11-12 қарашада Түркияда өткен «Түркі мемлекеттері ұйымының» отырысында да айтылды. Дәліз түркі елдерін біріктіруші алтын көпір болады деген болжам бар. Түркиядан Нахчеванға, артынша Зангезур дәлізі арқылы Әзербайжанға, кейін Каспий теңізі арқылы Орталық Азиядағы түркі елдерінің арасында тауар айналымының еселеп артуына себепкер болмақ. Сонымен қатар «Шығыс-Батыс» сауда жолының да дамуына әсер етпек.

Әзербайжанның соғыстағы жеңісі Ресей мен Иранды алаңдатып отыр. Ресей өз бітімгерлік күштерін орналастыру арқылы аймақтағы ықпалын сақтап қалса, Тегеран керісінше позицияларын әлсіретіп алды. Әзербайжан шекарасының маңында Тегеранның ірі әскери жаттығулар өткізуі күш балансына көңілі толмайтынын анық көрсетеді. Мәскеу де, Тегеран да Түркияның оңтүстік Кавказға жыл өткен сайын ықпалы артып бара жатқанына алаңдаулы. Бітімгерлік күштерін аймақта ұзақ ұстау үшін Мәскеуге шекара маңында атыс-шабыстың болып тұрғаны да керек.

Армения тарапы шекара маңында арандату жасап, халықаралық ұйымдардың есігін қағып, арыз тасып жүрген сәтте, Әзербайжан басқыншылардан азат етілген Қарабақта экономикалық жобаларды іске асыруда.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5471