Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 4348 4 пікір 17 Қараша, 2021 сағат 16:59

Ресей қаупі: «Шекара маңы бос жатпауы керек»

Ұлттық қоғамдық кеңес отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы елді-мекендерді дамыту туралы Үкіметке ұсыныс беруді тапсырды.

«Соңғы кезде шекара бойындағы елді мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Мұның өзіндік себептері бар. Бірақ, шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөніндегі ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді президент Тоқаев.

Шекара аймағын дамыту мәселесі бұрыннан БАҚ беттерінде жарияланып, қоғамның қызу талқысына түсіп жүрген тақырып.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл мәселеге байланысты өзінің Facebook парақшасында: «Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай елді мекеніндегі қалыптасқан жағдайды сараптап шықтым. Кейбір карталарда, құжаттарда сол кездегі кеңшардың территориясы ілгеріде болған. Шекараны айқындаған кезде, ішкері еніп кеткен. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша Қазақстан Өкіметі Ресей тарабымен келіссөзге отыруы қажет. Өзбекстанмен болған келіссөздердің тәжірбиесіне сүйене отырып, бір экономикалық аймақта екенімізді ескере отырып, шекараны жергілікті халықтың ыңғайына оңтайландыру амалын қарастыру абзал», - деп жазған болатын.

Бірнеше жылдың жүзі болды, Ресейлік шенеуніктер Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтары туралы түрлі алып-қашпа, негізсіз әңгімелер таратуда. Мәселен, 2017 жылы Парламенттің кезекті отырысында Дума депутаты Павел Шперов: «Біз - ұлы елміз, дүниежүзіндегі өз мүддемізді қорғауымыз қажет. Таяу шетел деп жүрген елдерде әзірге мұндай мүмкіндік бар. Қазақстандағы орыс отандастырымызды диаспора деу қате, өйткені олар отырған жер - уақытша шетел иеленген біздің жеріміз.Мәңгілік шекара жоқ, біз әлі Ресей шекарасына қайта ораламыз және ол таяу уақытта жүзеге асады», - деген болатын. Ресей мемлекеттік думасының халықаралық істер бойынша комитеті төрағасы Леонид Слуцкий: «депутаттың сөзін украиндық БАҚ өкілдері бұрмалады», - деп жуып-шайғандай болды.

Былтыр ғана жарық көрген «Ресей. Кремль. Путин» фильмінде де Путиннің: «Кеңес Одағына кірген ел, Ресейдің тарихи жерінен орын алса, Одақтан шығарда сол жерді тастап кетсін. Орыс халқының сыйлығын өзімен алып кетпеуі керек», - деген сөзі бар.

Келесі күні тағы да Президенттің ресми өкілі Дмитрий Песков: «Ресейдің көршілерге аумақтық мәселеге қатысты айтар талабы жоқ. Ол сыйлықтар туралы айтқан жоқ. Ол Конституцияда бұрын жіберілген жүйелік қателіктер туралы айтты», - деп жауабын берді.

Ал,  ресейлік шенеунік Вячеслав Никонов: «Қазақстан территориясы – Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы», - деп Путиннің сөзін құптаған пікір айтқан.

Соңғы жылдары жиілеп кеткен мұндай пікірлерге байланысты саясаткер Сергей Лавров: «Кейбір ресейлік саясаткерлер сенсация қуып жүргендер, өздерін ұмыттырмау мақсатында осылайша көзге түскісі келеді... Саясаткерлердің, жаңа парламентарийлердің тарапынан күмәнді, кейде арандатушы сөздердің айтылуы демократиялық өмірдің ажырамас бөлігі деп ойлаймын», - деп екі ел арасына сызат түсіретін, соғыс шақыратын арандатушылықты ақтауға тырысқан.

Онан бөлек, Ресейлік саясаткерлердің соңғы жылдары Қазақстандағы орыс тілінің, орыс тілділердің құқығын қорғау мақсатында жоқ жерден ілік іздеп, саяси қитұрқылық, арандатушылық жасап жүргені белгілі.

Қазақстан мен Ресей  мемлекеттік шекараны 2005 жылы 18 қаңтарда Мәскеу қаласында ресми түрде бекітті. Арада 16 жыл өтсе де Ресей саясаткерлері әлі күнге дейін арандатушылық жасауды тоқтатқан емес.

Тақырыпқа орай айта кетелік, күні кеше ғана Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен шекарада 100 мың орыс әскері тұрғанын айтқан. Орыс әскерінің Украинаға қарай жылжуы Киев мен Батыс елдерін алаңдатып отыр. Олар Украинаға басып кіру қаупі бар деп болжайды. Мәскеу бұл болжамды арандатушылыққа балап, аймақта НАТО әскерінің көбейгеніне қарсы дайындық деп мәлімдеді. Сондықтан да, кешегі президент Тоқаевтың шекаралық аймақтардың қауіпсіздігі жайлы айтқандары көңіл аударарлық мәселе!

Айжан Темірхан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475