Бопсалау-босқындар: Лукашенконың ойлағаны не?
Бүгінгі таңда Польша мен Беларусь шекарасында үлкен саяси дағдарыс басталды. Оған Минсктің қырсық саясаты себепкер. Лукашенко билігі шекара маңына мыңдаған Таяу Шығыстық босқындарды алдап әкеліп, оларды Батысқа қысым жасау құралы ретінде пайдалануда. Бұл босқындар дағдарысына кім себепкер, Путин бе, әлде Лукашенко ма деген сұрақ Батыс сарапшылары арасында кеңінен талқылануда.
«Frankfurter Allgemeine Zeitung» журналының сарапшылары дағдарыстың артында Путин емес, Лукашенко тұр дейді. Олардың ойынша, бұл саясатқа Кремль араласқан емес. «Менің ойымша Лукашенконы Кремль басқарады деген үлкен қателік, олай емес», - дейді неміс сарапшысы Штефан Майстер. Оның ойынша, бұл стратегияны Лукашенконың қорғаныс саласындағы сарапшылары ойлап тапқан және осы арқылы олар Батысты бопсалап, үзілген диалогтарды қалпына келтіруді мақсат етеді. Осы арқылы ол тіпті, санкцияны алдырып, Мәскеумен келіссөз жүргізуде де маневрлар жасауға алаңдар ашуды көздейді.
Тағы бір неміс сарапшысы бұл дағдарысқа тек Лукашенко жауапты деген ойда. «Лукашенко жасайтын әрекеттің барлығы да Мәскеудің ойы деу дұрыс емес», - дейді «Ғылым мен саясат» қорының сарапшысы Сабина Фишер. Оның ойынша, « Мәскеу расымен де Лукашенконы қатты қолдайды, сол арқылы оның билігін сақтап қалуға мүдделі, дегенмен оны толық бақылауда ұстамайды». «Минскте отырған Лукашенко Путиннің жүйкесіне салмақ салуда. Путиннің Лукашенкоға әсері жайлы әңгіме тым асыра айтылған», - дейді Фишер.
Лукашенко билігінің тақта отырғанына міне 26 жылдың жүзі болды. Осы уақытқа дейін Лукашенко өз билігін ұстап қалу мақсатында оппозицияны қатаң басып-жаншып келді. Сонымен қатар, ол Ресей мен Батыс арасында түрлі кезеңде ойын ойнап, екі жақты саясат ұстануға тырысты. 2020 жылғы сайлау мен артынша болған ірі халықтық толқулар Лукашенконың бұл ойынын тоқтатты. Бұл жағдайда оны Путин құтқарып қалды. Ресей арнайы күштерін жіберіп, билікті ұстап қалды. Ресейдің өз мүддесі де бар еді, Мәскеу толқулар Ресейге де әсер етеді деп санады. «Ешқандай майдан Беларусь жеріне өтпеуі тиіс», - деді Ресейдің Мемлекеттік Думасы.
Лукашенко үшін Ресейдің көмегі оның билігін сақтап қалса да, Мәскеуге деген тәуелділігін арттыра түсті. Ол енді Кремльге қарыздар еді. Ал Еуропа бұл жолы Лукашенконың әрекетіне барынша қатаң қарап, санкциялармен соққылай бастады. Беларусь басшысы Батысқа қарсы жауап жасаудың амалын іздеді. 2010 жылы ол босқындарды алғаш рет Еуропаға қарсы қолдануға тырысқан, дегенмен ол ойы іске аспады. Ал 2021 жылы бұл идеясын жүзеге асыра бастады. Кей мамандар бұл саясатты ұстану барысында Минск Түркияның Сирия босқындарына қатысты тәжірибесіне сүйенбек болған дейді.
«Лукашенко Батысты өзімен диалогқа келуге көндіруге тырыспақ. Егер оған Ангела Меркель қоңырау шалса, онда бұл ол үшін жетістік. Сәрсенбі күні Меркель екі мәрте оған қоңырау шалған болатын. Ол осылайша тығырықтан шығып, өзінің тәуелсіз саясат ұстнау жүрістерін арттыруды көздейді», - дейді срапшы Майстер.
Польша шекарада барынша әскер топтастырып, қатаң саясат ұстануға тырысса да, 2021 жылы Беларусь шекарасы арқыл германияға 10 мыңнан астам босқын келіп үлгерген. Қазір Беларусь жерінде кемі 15 мың босқын бар, Минск оларды барынша саяси саудада қолданбақ. Польша шекарада көзден жас шығаратын газ бен су қолдануда, алайда бұл босқындар легін азайтар емес. Беларусь арандатушылары мен БАҚ өкілдері алдыңғы шепке босқын балалар мен әйелдерді жіберіп, түрлі сюжет жасауға тырысып жатыр. Оны Лукашенко «Батысты құбыжық ету» үшін жасауда.
Берлиннің айтуынша Лукашенконың бұйрығымен түрлі елдерден босқындарды әкелудің жолы жасалған. Олар Таяу Шығыс елдеріне барып, «Беларусь жері арқылы Германияға өтуге болады» деген жалған ақпаратты барынша таратып жатыр.Тіпті Марокко, Тунис елдерімен қатар, Латын Америкасындағы Венесуэлаға дейін аталмыш хабарды таратқан деген ақпараттар бар.
Мәскеу бұл дағдарысқа еш қатысы жоғын бірнеше мәрте мәлімдеді. Алайда кей сарапшылар олай емес деген ойда. Себебі Беларусь ұшақтарының әлеуеті осынша босқынды әкелуге қауқарсыз, сондықтан Ресей ұшақтары қолданылуы мүмкін. Лукашенко тіпті босқындарды өткізбесе Еуропаға баратын газды тоқтатып тастайтынын да айтты. Бұл тек қана Еуропа елдерін емес, сонымен қатар Мәскеуді де алаңдатады. Себебі Мәскеу келісімшартты орындамаса, оған жаңа санкциялар салына бастайды. Путин бұл мәлімдемеге бірден жауап қатып, «олай болмайды» деді. Дегенмен Беларусь басшысы өз айтқанынан қайтпайтын сияқты. «Лукашенко газды жауып тастаймын дегені, тек қана Еуропаға емес, Ресейге де үлкен сигнал», - дейді Майстер.
Путин билігін Польша-Беларусь шекарасындағы сарбаздардың көптігі де алаңдатады. Оқыстан тараптар арасында қарулы қақтығыс болса, онда Ресей оған араласуға тура келеді. Ал Польша НАТО құрамындағы мемлекет, сондықтан мұндай қақтығыстың соңы үлкен соғысқа айналуы мүмкін. Кремль Украина маңына жүз мыңнан астам әскер топтастырды және Мәскеу үшін қазір Киевтің ұстанымы маңыздырақ.
«Frankfurter Allgemeineның» жазуынша Путин мен Лукашенко бір бірін ұнатпайды. Олардың қатынасы ушыққан күйде және тек медиада ғана жылы көріністер бар. «Оның мақсаты тәуелсіз беларусь мемлекетінде өмір сүру», - дейді Майстер.
Босқындар бойынша дағдарыс ушыққан сәтте, Беларусь пен Германия арасында келісім жасалуы мүмкін. Алайда Польша билігі ешқандай келісімді мойындамайтынын айтты.
«Мен Германия президентіне Польша ешқандай келісімді мойындамайтынын айттым. Егер келісімдер біздің көзқарасымызды, ұстанымымызды ескермесе, бізді қандай да бір міндеттеме алдына қойса, онда біз ол келісімдерді әлбетте мойындамаймыз. Біз ешқандай да келісімді мойындамаймыз да, орындамаймыз да. Бізбен келіспей ештеңе де іске аспайды. Біз өзіміздің саясатымызды өзіміз анықтайтын тәуелсіз елміз», – деді Польша президенті Дуда.
Босқындар дағдарысы ушықты. Алда қақаған аяздар. Дағдарыс Польша шекарасымен бірге Балтық елдерін де шарпуы мүмкін. Лукашенко тәуекелге баруға дайын.
Ка Мырза
Abai.kz