Қуаңшылық зардабын тізгіндеу тетіктері
Бұл түйткілдің түйінін шешу турасында «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Берік Бейсенғалиев ой толғайды
Жұртқа мәлім, биыл кейбір астықты өңірлерді қуаңшылық жайлап алды. Осыған байланысты орын алған ахуалдың егжей-тегжейін білу мақсатында бұл өңірлерде Премьер-Министр, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және «ҚазАгро» холдингінің басшылығы болды. Өңірлерде қазір жағдай қалай қалыптасып отыр, қандай шаралар қолданылып жатыр? Біздің осы және басқа қойған сұрақтарымызға «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ былай деп жауап қайтарады.
Бұл түйткілдің түйінін шешу турасында «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Берік Бейсенғалиев ой толғайды
Жұртқа мәлім, биыл кейбір астықты өңірлерді қуаңшылық жайлап алды. Осыған байланысты орын алған ахуалдың егжей-тегжейін білу мақсатында бұл өңірлерде Премьер-Министр, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және «ҚазАгро» холдингінің басшылығы болды. Өңірлерде қазір жағдай қалай қалыптасып отыр, қандай шаралар қолданылып жатыр? Біздің осы және басқа қойған сұрақтарымызға «ҚазАгро» холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ былай деп жауап қайтарады.
- Иә, өзіңіз білетіндей, Қазақстанның жекелеген өңірлеріндегі қуаңшылықты ауа райына байланысты ауыл шаруашылығы саласында алаңдатарлық жағдай қалыптасып отыр. Бұл ауылшаруашылық дақылдарының өсуіне және дамуына кері әсерін тигізуде. Ол өз кезегінде агроөнеркәсіптік кешеннің басқа салаларында да көрініс табуда.
Егер еске алатын болсақ, 2010 жылғы қуаңшылық кезінде де елімізде дәл осындай жағдай қалыптасқан болатын.
Қуаңшылықтың аяусыз соққысына сонымен бірге астық өндіруші және экспорттаушы негізгі елдер де тап келді (АҚШ, Еуроодақ, Австралия, Аргентина, Ресей, Украина, Қазақстан), және де сәйкесінше өндіріс көлемінің елеулі түрде төмендеуі де болжануда. Бұның бәрі астыққа және басқа ауылшаруашылық дақылдарына деген алыпсатарлық бағаның өсуіне түрткі болуын туындатады. Соңғы онкүндікте әлемдік нарықта астықтың бір тоннасы 35-89 АҚШ долларына өсті. Сондай-ақ Қазақстандағы ішкі баға жыл басынан бері бір тонна үшін шамамен 15 000 теңгеге көтерілді (20 000 теңгеден 35 000 теңгеге дейін). Әлемдік және ішкі нарықта бидайға, жүгеріге, сояға және басқа да дәнді дақылдарға бағаның одан әрі өсуі үрдісі сақталады.
Тұтастай алғанда республикада Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын-ала мәліметтері бойынша 353 мың га дәнді дақылдар егістігі есептен шығарылуға жатады. Облыстардың болжамдық теңгерімі бойынша жаңа астықтан 12,8 миллион тонна дән жиналмақ. Бұл әр гектардың берекесі 8,1 центнерден айналады деген сөз.
Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұтастай алғанда ауылдық аумақтарды және агроөнеркәсіптік кешенді әлеуметтік-экономикалық дамытудың деңгейі, ауылшаруашылық бизнесінің негізгі қатысушыларының қаржылық ахуалы тәрізді мәселелер Мемлекет басшысының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің үнемі ерекше бақылауында тұр.
Сондықтан да Елбасы қуаңшылық салдарының алдын-алу үшін бірқатар міндеттер мен нақты тапсырмаларды қойды, оны жүзеге асырудың негізгі тетіктері Жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияда, Үкімет отырысында және Қостанайда болған арнайы дөңгелек үстелде қаралып бекітілді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мұндай құралдарының арасында мыналар бар: ұнға және нанға бағаның өсуін болдырмау үшін өңірлерге арзандатылған баға бойынша астық жеткізу, дизель отынымен жабдықтау мәселелерін шешу, мал азығын дайындау, құс шаруашылығының және шошқа шаруашылығының қажеттіліктерін мал жемімен қамтамасыз ету, мал шаруашылығының түйткілдерін шешуге ауылшаруашылық тауар өндірушілерін несиелік қаржымен қамтамасыз ету, көктемгі-дала жұмыстарына бұрын берілген қолданыстағы займдардың мерзімін ұзарту және басқалар.
- Фермерлерге, олардың өнімдерін тұтынушыларға төніп тұрған қауіп бар ма және бұл орайда холдинг қандай шаралар қабылдамақ?
- Астық бағасының күрт көтерілуі ұн мен нан бағасының қымбаттауына келіп ұласуына байланысты, нанға және бірінші сұрыпты ұнға бағаның қымбаттау тәуекелін туындататыны ерекше алаңдатады, бұл кезек күттірмейтін мәселе және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі түйткілін қозғайды.
Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі» АҚ, Ұн тартушылардың одағы және облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің арасында 1-сұрыпты қалыпты нанға, 1-сұрыпты ұнға бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар, сондай-ақ облыстарда мал басының санын кемітуге жол бермеу бойынша шаралар туралы меморандумға қол қойылды.
Астыққа байланысты және нан өндірісіне қажетті бірінші сұрыпты ұнға алыпсатарлық операцияларды жібермеу үшін белгіленген баға бойынша өңірлерді астықпен қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданды. «ҚазАгро» холдингі» АҚ еншілес компаниясы «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ бірінші сұрыпты ұн өндірісі және белгіленген баға бойынша наубайхана кәсіпорындарына одан әрі бағыттау үшін, тиісті өңірдің үйлестіру кеңесі анықтауымен тікелей ұн тарту кәсіпорындарына астықты бір тоннасы үшін 28 мың теңге баға бойынша жеткізеді. Өз кезегінде өндірушілер бөлшек сауда жүйесі арқылы өндірілген нанды белгіленген бағамен жібереді. Ұн тарту өндірісі үдерісінде пайда болған кебектер мал шаруашылығының қажеттілігін қанағаттандыруға жөнелтіледі.
Жоғарыда аталған меморандумды жүзеге асыру шеңберінде қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерінен арзандатылған астық алуға өтінімдер түсті. Осыған орай, холдинг өзінің еншілес компаниясы - «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының ұн тартушыларына 8 000 тонна көлемінде арзандатылған астықтың алғашқы тобын тиеп жіберді.
Облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері, сондай-ақ жұртшылықтың, республикалық партиялардың және құқық қорғау органдарының қатысуымен өңірлерде құрылатын үйлестіру кеңестері белгіленген баға бойынша халыққа өнімдерді жеткізу жөніндегі шартты сақтауды қамтамасыз ететін болады.
Бұл жүйенің бәрі былайша құрылып, астық шығымдылығының төмен болуы жағдайында бағаның шарықтап кетуіне түрткі болатын алыпсатарлық операцияларды және сәйкесінше алыпсатарлардың араласуын болдырмауға бағытталған.
Мынаған ерекше тоқталғым келеді, өткен жылы, астыққа нарықтық теңбе-тең бағаларды ұстап тұру мақсатында, холдинг ауылшаруашылық тауар өндірушілермен оның өндірісіне жұмсалатын нормативтік шығындарды есепке ала отырып баға бойынша артық қалған астығын сатып алуды жүзеге асыруға мәжбүр болды. Өйткені, нарықтық тренд астықтың бағасын оның өндіріс рентабельділігінен төмен деңгейде айтарлықтай төмендетуге ұмтылды. Бұл АӨК-тің 7,5 мың субъектісінің қаржылық жағдайын нашарлатуға мүмкіндік бермеді (ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің саны, олардан сатып алу жүзеге асырылған болатын).
Ағымдағы жағдайда холдинг өңірлерде астықты оның өзіндік құнынан нақты төмен баға бойынша өңірлерге сатуды жүргізеді, қалыптасқан шығындар нарықтағы астықтың бос қалдықтарын сату есебінен жабылатын болады.
Қалыптасқан жағдай соңғы кезде басымдықтардың қатарында тұрған агроөнеркәсіптік кешеннің тұтас бірқатар салаларына жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін.
Астық шығымдылығының төмен болуы мен жем-шөп және мал жемін дайындаудың жеткіліксіз деңгейі мал шаруашылығы мен құс шаруашылығындағы жеткен жетістіктерді жоюға әкеліп соғары ғажап емес. Міне, қалыптасып отырған жағдай республикада малдың және құстың санын сақтауды қамтамасыз ету бойынша түбегейлі пәрменді шаралар қабылдаудың қажеттілігін талап етеді. Бұл өз кезегінде, әсіресе, тұтастай алғанда, Қазақстандағы мал шаруашылығын стратегиялық дамытуға негіз болатын аналық мал басын сақтап, оны ұдайы өсіруді ұмытпауымыз керек.
Мал жеміне жеткіліксіздік құс шаруашылығы мен шошқа шаруашылығына да кері әсерін тигізері хақ (шошқалар мен құстардың 70-80% рационын мал жемі құрайды).
- Бұл бағытта қандай шаралар қабылдануда?
- Біріншіден, аналық мал басын қорада ұстап тұру кезеңі бойынша шығындарды Үкімет резервінен субсидиялау туралы шешім қабылданды;
Екіншіден, холдинг «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржыландырудың көлемін ұлғайтуға қосымша ресурстар әзірледі, ол фермерлік шаруашылықтар мал сатып алуға және оны одан әрі ұдайы өсіруге қалдыру, жем-шөп сатып алу, сондай-ақ жайылымдарды суландыру үшін бағытталған. Біз облыс әкімдіктеріне аталған мәселені шешуге көмектесуге өтініш білдірдік.
Үшіншіден, холдинг жем-шөп сатып алуға, мал жемін жеткізуге несиелік ресурстарды беру жолымен мал шаруашылығы және құс шаруашылығы саласында қызметін жүзеге асырушы ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдауға дайын.
Сондай-ақ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-тың қорындағы мал жемін құс шаруашылығы мен шошқа шаруашылығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатына жұмсамақ.
Жоғарыда аталған меморандум шеңберінде, ауылшарушылық тауар өндірушілері өндірген кебектер (бағаланған көлемі 250 мың тоннаға дейін) мал шаруашылығы кәсіпорындарын қолдауға белгіленген баға бойынша жеткізіледі. Сонымен бірге, тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін мемлекеттік ресурстарға мал жемін сатып алу мәселесі қарастырылуда.
Тағы бір елеулі тәуекел, оны былайша ерекше бөлуге болады. Біз 2013 жылғы көктемгі-егіс жұмыстарына дайындық, оның ішінде сапалы тұқымдық материалмен қамтамасыз ету мәселесі бойынша барлық қажетті жұмыстарды жүргізуіміз қажет.
Ауылшаруашылық құрылымдарын 2013 жылғы егістікке тұқыммен қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілерінде және астық қабылдау қосындарында бар тұқымдарды түгендеуге әкімдіктердің шешімі қабылданды. Бұл тұқымның жетіспейтін көлемін анықтауға және тапшылықты жабу көздерін іздестіруге, сондай-ақ барлық сұрыпты егістіктерді есепке алуға бағытталып отыр. Сапалы тұқым алу мүмкіндігімен кейіннен оларды тұқымдық мақсаттарға пайдалану үшін істеліп жатқан жұмыстардың нақты көрінісінің бірі.
Қазіргі уақытта мемлекеттік ресурстарда бидайдың 22,4 мың тонна сұрыбы бар. Бұдан басқа, мемлекеттік тұқым ресурстарын пайдаланудан түскен ақша қаражаты 1134,6 млн. теңге құрайды, бұл 25 мың тонна көлеміндегі дәнді дақылдар тұқымын сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
- Берік Тұрсынбекұлы, біраз ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің ағымдағы қаржылық жағдайы жеткілікті түрде тұрақты болмай тұрғандығы жасырын емес, олардың қазіргі ахуалы ағымдағы жағдайда нашарлап кетпей ме?
- Шындығында, агроөнеркәсіптік кешеннің жүйе құрушы сегменттерінің бірі болып табылатын астық нарығы дамуының оңды динамикасына қарамастан, соңғы жылдар ішінде бірқатар жағымсыз факторлар АӨК субъектілерінің жағдайын елеулі түрде нашарлатып жіберді. Мәселен, олар қолайлы бағалар кезеңінде астық экспортына тыйым салу, теңгенің девальвациясы, астық экспортының дәстүрлі нарықтары жекелей алғанда күшін жоғалтуы, астық ұсынысының өсуі және 2009-2010 жылдары астыққа бағаның еселеп төмендеуі, 2010 жылғы құрғақшылық пен астық шығымдылығының төмендеуі, 2011 жылғы мол астық және оны өткізу мен артығын сақтау тәрізді түйткілдердің болуы әсерін тигізбей қоймады.
Сәйкесінше АӨК субъектілері астық көлемінің төмендеуі жағдайында қаржы институттары алдындағы борыштық міндеттемелеріне қызмет көрсетуге елеулі қиындықты бастарынан өткеретін болады.
Сондықтан саланы реттеу мен қолдау және нарыққа қатысушылардың қаржылық жағдайын жақсарту, республикалық бюджеттен холдинг тартқан несие қаражаты есебінен берілген ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің несиелерін ұзартуды қарастыру мақсатында шешім қабылданды.
Сонымен несиені ұзарту дербес негізде заем алушыларға берілетін болады. Егер олардың қолдарында қуаңшылықтан зардап шегуі, өтімділікті қамтамасыз ету және заем алуға уақытылы берген өтініштерін растайтын құжаттардың болуы жағдайында ғана рұқсат етіледі.
Холдинг ағымдағы жылы көктемгі-дала және астық жинау жұмыстары бағдарламасы бойынша іс-шараларға 70,5 млрд. теңге сома жұмсады. АӨК субъектілерін қаржыландыру одан әрі жалғасуда.
Біз әкімдіктерге қуаңшылық салдарынан ең көп зардап шеккен өңірлердегі заем алушылардың тізбесін жасауды құрылымдауға өтініш білдірдік.
- Сіздер оқиғаның өрбіп кететін түрлі нұсқаларына дайынсыздар ма?
- Үстіміздегі жылғы жағдай, жоғарыда айтылғанындай, 2010 жылғы оқиғаны еске түсіріп отыр. Біз ағымдағы жылы жүзеге асырып отырған дағдарысқа қарсы барлық шаралар қазірдің өзінде ойдағыдай сынамадан өткізілді.
Барлық шаралар мен тетіктер мұқият екшеленді және есептелінді. Оны Мемлекет басшысы мен Үкімет мақұлдады. Ерекшелікті тәуекелдер Үкіметтің және холдинг тараптарынан қарсы шаралар бойынша төмендетіледі. Қосымша туындайтын тәуекелдер болжанып отырған жоқ.
Сондай-ақ тұрақты негізде шешілетін жүйелік мәселелер де бар, олардың қатарында ауыл шаруашылығы өндірісін техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, жаңа астықты қабылдауға элеваторлардың қуаттылығын дайындау сияқты жұмыстар тұр.
«Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ астық сақтайтын қуаттылықтарды босату мақсатында меншігіндегі 500 мың тонна көлеміндегі астықты солтүстік облыстардағы астық қабылдау қосындарынан республиканың басқа облыстарындағы бос тұрған астық қабылдау қосындарына ауыстыруды жүзеге асыруда. Қуаңшылыққа байланысты Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай және Ақмола облыстарының солтүстік бөлігіндегі элеваторлардан, жекелей алғанда, қуаңшылық аз шарпыған өңірлерде орналасқан астық қабылдау қосындарынан ғана астық ауыстырылатын болады.
Алайда элеватор қуаттылықтарын арттыру мәселесі жүйелік болып табылады, өйткені холдинг республикадағы қолданыстағы элеватор қуаттылықтарын кеңейтуде және олардың жаңа құрылыстарын салу бойынша инвестициялық жобаларды, сондай-ақ астық кептіру мен сақтаудың түрлі баламалы тетіктерін қаржыландырады.
Қазіргі таңда холдинг жиынтықты сақтау сыйымдылығы 339 мың тонна болатын астық қоймасының құрылысы бойынша 18 жобаны қаржыландырды, жобалардың жалпы құны 5 886,4 млн. теңге құрады, олардың ішінен 2010-2011 жылдары жалпы сақтау сыйымдылығы 284 мың тонна болатын 14 жоба іске қосылды.
2012 жылы барлығы жиынтықты сақтау сыйымдылығы 138 мың тонна және жалпы құны 2 472 млн. теңге болатын 9 жобаны пайдалануға беруді жоспарлауда.
2012-2014 жылдары кезеңінде барлығы 1 563 000 тонна болатын сақтау сыйымдылығын іске қосу жоспарлануда. Олардың жиынтықты құны 32 840 млн. теңге.
Холдинг 2012 жылғы астықты дер мезгілінде жинап алуды шешу үшін «Астық-2012» жаңа лизингтік бағдарламасы бойынша қаржыландырудың жеңілдік шартын ұсынады. Бұл бағдарламаның негізінде Ресей және Қазақстан өндірісінің астық жинайтын техникаларын сатып алуға («Нива», «Енисей», «Есіл», «Вектор») болады. Әрине, оны несиелеудің мерзімі 7 жыл, мөлшерлемесі 4% (отандық техника) және 8% (өзге өндіруші елдер үшін); астыққа кепілдік берудің аванстық төлемін төлеу бойынша бөліп төлеу ұсынылады (қараша айына дейін).
Сайып келгенде, бұл шаралардың бәрі қалыптасып отырған ағымдағы жағдайда ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдауға, нанға тұрақты бағаны қамтамасыз етуге, сөйтіп оңтайлы мерзімде астық жинау науқанын аяқтауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»