Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 4455 2 пікір 25 Қараша, 2021 сағат 13:35

Шаршаған қоғам есін жимаса, етегіне шалынып құлайды

«Дат» газетінің тілшісі Алматыда өтетін Халық Құрылтайын ұйымдастырушылардың бірі, белгілі қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлымен алдағы жиынның жоспар-жоралғысы жөнінде сұхбаттасқан еді.

– Ең алдымен қазақ қоғамы тағы да екіге жарылып жатыр деген сөз бар: екі астанада – екі жерде өтетін құрылтай туралы әлеуметтік желіде гуілдеген дау-дамайға қатысты не айтасыз?

– Алматыдағы құрылтайға қатысты өткізілген баспасөз мәслихатының ақпаратын газетте жарияладыңыздар. Сіздерге рахмет! Оқырманға құрылтайдың неліктен екі жерде өтетіні жайында мағлұмат берілді. Ақиқаты айтылды. «Ел тірегі» деген партия құруға ұмтылып жүрген Нұржан Әлтаев Алматыда біздің құрылтай өткізу туралы жоспарымызды менен естіп білген соң, алдымызды орап, Астанада біз жоспарлаған тақырыптарда Құрылтай өткізетіні жайында өз адамдары арқылы едел-жедел хабар таратқызды. Оған таңдандық, әрі ренжідік. Онысы аздай, белгілі оппозициялық саясаткер, екі құрылтайдың ұйымдастырушысы Балташ Тұрсымбаев екеуміздің бір жыл бұрынғы сұхбатымызды, сонда видеоға түсірілген құрылтай көріністерін өз мақсаттарына пайдаланыпты. 27 қарашаға жоспарлаған жиындарының жарнамасы ретінде бейнеролик жасап таратқан. Сөйтіп қалың қауымды алдаған. Астанадағы жиынды құдды біз өткізетіндей пікір қалыптастырған. Жұртты сендіру үшін мұндай алаяқтық жасағандары ұят қой.

Анық-қанығын білмеген, мән-жайды түсінбеген адамдар әлгілердің бастамасын қолдай кетті. Өйткені қоғамдағы қазіргі жағдай, өзгерістің тезірек болғанын қалаған, қажыған халық сондай жиынды күткен еді.

– Сонда астаналық құрылтайды өткізушілердің мақсаты не деп ойлайсыз?

– Биліктің саясатпен шұғылданатын технологтары екі мақсатты көздеді. Біріншіден, Құлыбаевтың партиясы болатын ұйымға азаматтық белсенділерді құрылтай арқылы жақындастырып, өз жағына шығару, әлтаевшыларды әрекетшіл етіп көрсету. Екіншіден, билікпен бітіспес, оңды бағыт-бағдар беретін оппозициялық демократиялық күштердің халықты бастап шығуын ұйымдастыруына кедергі келтіру. Қауіпті саналатын құрылтайды болдырмау, оның орнына жетекке жүретін жиын жасау.

Мұны әлі түсінбегендер де бар. Әлтаевты екінші Қосанов дейтіндердің күдігі бекер емес. Елімізде жаңа партиялардың көптеп құрылғанын қалаймын. Жұртшылық арасындағы саяси-көпшілік, ағартушылық жұмыстарды жүргізу, шіріген жүйені көп болып шайқалту үшін партиялар керек. Ал дәл мынандай партияны қолдамаймын.

– Ал астаналық «құрылтайшылар» дауы неден және қалай туды?

– Біз астаналықтардың, әлде нұрсұлтандықтардың дейміз бе, қаланың атын қор еткені осындайда қатты білінеді, ұрлық әрекеттерін қолдамадық. Өйткені оның басы-қасында жүргендер және қамқоршылары сенім туғызбады. Құрылмаған партияға жалақы үшін жанын салған, бізге қандай жетекшісі болса да бәрібір, сол топқа қосылып алайық, кейін оны лақтырып тастаймыз дейтін «белсенділердің» түсінігі түңілдірді. Сондықтан нұрсұлтандық бастамашылардың «ұлттық құрылтай» деп атаған жиынына қатыспай, бөлек, шын мәніндегі құрылтайды жалғастыруды дұрыс көрдік. Дау осыдан басталды.

Бізде әлдекімдер отқа май құйып айтатын қызғаныш, көреалмаушылық жоқ. Біздің мақсатымыз – пандемия салдарынан мүмкіндік берілмеген құрылтайды жоспарланған тақырыптарда өткізу. Астанадағы құрылтайшыларға сәттілік, түсіністік тілейміз. Өйткені оған қатысқысы келетін адамдардың Назарбаев режимін өзгертуге деген ықылас-ниеті бізбен бірдей. Алматыдағы құрылтай өнеге боларлық шешім қабылдаса, оны суық қаладағы жиынға жиналғандар жылы қабылдайды деп үміттенеміз. Мұндай басқосулар батыс, шығыс өңірлерде де өтсе, көптік етпейді.

«Екіге жарылды деген қазақ қоғамы» ортақ бір байламға тоқтаса, күрестің жеңіске жеткізер дұрыс жолын тапса, екі жердегі жиын да қоғам үшін пайдалы болмақ. Анығын айтайықшы, қазақ қоғамы кешеге дейін екіге ғана емес, одан көпке бөлшектеніп кеткені рас қой. Ұсақталып, шашырап жүр.

– Ел аймақтарынан құрылтайға қатысуға ниетті азаматтар газет редакциясына телефон соғып, Алматыдағы Халықтық жиын қалай және қашан өтетін болды деп сұрап жатыр. Осыған не айтасыз, Рысбек аға?

– Құрылтай қаланың қақ ортасында, атақты Көк базардың төменгі қарсысында, М.Мақатаев көшесіндегі «Партнер» деп аталатын іскерлік орталығына жақын маңда 26 қарашада, сағат 11-де басталады. Егер келісілген орынды әдеттегідей бергізбей қойса, онда қала әкімінің ғимаратына барып, жиынды сонда өткізуге талап қоямыз. Мұны көп адам қатысқан шеруге ұластырғысы келмесе, мүмкіндік беруі тиіс.

Бізбен хабарласушылар да өте көп. 150–200 адам сыятын орын бар. Салауатты, салихалы сөздер айтылып, күрес жолының айқын тактикасы белгіленеді, қойылатын талаптар, оларды іске асыру бағдарламалары қабылданады деген сенімдеміз. Әдеттегідей «титушкалар» жіберілсе, халық оларды залдан қуып шығары хақ.

– Бұл құрылтайда талқыланатын күн тәртібі қалай болмақ?

– Күн тәртібінде қаралатын мәселелер мынандай: Қазақстан Тәуелсіздігіне төнген қатер және оны қорғау. Саяси өзгеріс жасаудың кезек күттірмейтін міндеттері. Биліктегілер – миллиардерлер, халық – кедей, әлеуметтік теңсіздік.

Осы тақырыптар аясында көрші мемлекеттердің экономикалық, саяси үстемдік жүргізуі, шенеуніктердің жемқорлығы мен сатқындығы, назарбаевтық жүйенің дәуірлеуі мен күйреуі, одан құтылудың тәсілдері, елдегі саяси қуғын-сүргін, қоғамдық белсенділерді, азаматтардың құқығын қорғау, Конституцияны, заңдарды өзгертуді талап ету, онсыз бірде-бір сайлау өткіздірмеу, билік тармақтарын талаптарды орындауға мәжбүрлеу шаралары, халықты кедейшіліктен құтқару, әлеуметтік әділеттілік, т.б. жайттар талқыланады.

– Құрылтайдың бір тақырыбы – АЭС салу мәселесін ел президенті бұл елде тұратын халықтың рұхсатынсыз шешіп қойған сияқты. Бұған қарсы қоғамның наразылығы құрылтайдағы сөзбен ғана шектеле ме?

– Солтүстіктегі көршінің өз АЭС-тарын тықпалауына көп болды. Экологиялық жағынан ғана емес, саясат мәселесінде де мұның өте қауіпті екендігі баяндамада анық көрсетіледі. Жаппай қарсылық жасалмаса, халық Путиннің өктемдігінен асып түсетін тегеурін танытпаса, Тоқаев тоңқаңдап жүріп, ел тағдырын қатерге байлап береді. Осыны айтып қана қойса, ондай жиыннан не пайда?! Жұртқа жігер беретін, жұмылдыратын, наразылық пен қарсылық деңгейін көтеретін талаптарды алға шығарып, митингілер, ереуілдер арқылы қысым жасауымыз керек.

Біз 2006 жылдардан бері АЭС-пен алысып, Кедендік, одан соң Еуразиялық одақпен күресіп келеміз. Митингілер өткіздік, мыңдаған адамның қолын жинадық. Бірін тежесек, екіншісіне әліміз жетпеді. Қоғамның қауқары солай болды. Кезінде жете мән бермегендер, салғырттық танытқандар өзімізге ненің тиімді, ненің қатерлі, керексіз екенін өмірден көрді, түйсінді. Сондықтан қарсыластар қатарын көбейтуге, топтастыруға жұмыс жасауымыз керек. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде қоғамдық пікірдің осы мәселе төңірегінде нық ұстанымы болуы маңызды.

– Елдің ақпараттық қауіпсіздігін Ресейдің СБЕР компаниялар тобы «қамтамасыз» ететін болды. Бұған қарсы наразылық әлеуметтік желідегі буырқанған сөзден арыға бармады. Билік ел ішіндегі қарсылыққа қыңқ ететін түр байқатпады. Енді не істемек керек?

– Қолындағы телефонды шұқылап, ақпарат іздейтін, өсек-аяң теретін, батырсынып жасырын коммент жазатын мына заманда күрескерліктің де сипаты өзгеріске ұшырады. Алаңға барып, митингке қатысып, жалынды сөз тыңдап, желпініп қайтудың, іштегі зарды сыртқа шығарып, айғайлап ұран тастап, қол соғып қолдаудың орнына үйде жатып, «тамашалайтын» әдет шықты. Бір өкініштісі – осы дерт асқына бастады. «Көше батырлар» азайып, «диван батырлар» көбейіп барады.

Кейбір біз сенген бірлестіктердің, топтардың жетекшілері жергілікті қалалық, аудандық әкімдіктердің ықпалынан шықпай қалды, баяғы екпіндерін жоғалтты. Майыстырды ма, майлады ма, кім білсін, әйтеуір жуасыды. Жығылған жүндерін кейде күдірейткен болады. Билік қамшысын сілтеп, тәттісін беріп, жұрт алдында жүргендерді өз ығына көндірді. Соларға қарап, көптің көңілі қалады, сенімдерін жоғалтады. Үмітсіздік ұялайды. Сол себепті де көшеге шыққысы келмейді.

Нағыз, қайтпас белсенділерді жаламен соттап, түрмеге қамау, бас бостандықтарынан айыру үрей туғызды. Мұның да салдарлары бар. Алаңдағы азғантай адам биліктің күштік құрылымдарына, билік тармақтарына сес емес. «Қыңқ» етпеудің гәбі осында. Мұндай жағдайда өлімсіреген намысты тірілту, жігерлендіру, сенім ұялату, батылдарды қолдауға, қатарға қосылуға үзбей шақыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды.

– Ал осы екі құрылтайдан кейін қазақ қоғамы тағы да екіге жарылады деген қорқыныш жоқ па сізде?

– Бөлшектену көшбасшылардан басталады. Олардың өзімшілдігі, менмендігі, өздерін жоғары қойып, басқаларды қомсынуы, келіспегендерді, қолдай қоймағандарды жау санап, даттауы, ымыраға келмеуі қоғамды бөлшектеді. Авторитарлық, жиіркенішті билікпен шайқасудың орнына бір майданға кіретін «қаруластарымен» алысып әлек. Бұрын-соңды қателескен сәттерін, кінәсін көлденең тартып, қайта-қайта айыптау арқылы тұқырта беретін, ақырында күресушілер санатынан шығарып тынатын көсемдер бар. Олар өздерін ғана періште сияқты бағалайды. Кешіріммен қарау, түсіністікке келу сирек. Кем-кетігі жоқ, кемшіліксіз адамдармен ғана бірлесіп, одақтасатын болса, мына Қазақстаннан, күнәлілері жетіп артылатын елден мыңдаған адал, сенімді серікті қайдан таппақ? Мен осыны түсінбеймін. Ақылы асқандардың астамшылығы, орынсыз кідділігі оппозициялық ортада пайда келтіріп жатқан жоқ. Зияны тимесе.

Сайлаулар кезінде біздің ұстанымымызды теріс көріп, сыртымыздан небір сөздерді бұрқыратқандар, жамандағандар қазір қасымызда жүр. Сондағы түсінбестіктері, қателіктері үшін жауласып, дауласып қоймасақ, ортақ «жауымызды» қалай жеңеміз? Осы құрылтайлар үшін де бізді қаралағандар, шаптығып, шаңқылдағандар кездесті. Кейін көздері жетер, біз оларға ренжісек те, кешіріммен қараймыз. Шаршаған, шашыраған қоғам есін жинамаса, етегіне шалынып құлайды. Бұл енді анық нәрсе. Бірікпестер бірікпесе де, бір бағытта қозғалу қажеттігін түсінер. Құрылтай осыны ұқтырса, ол да олжа.

– Иә, іске сәт, Рысбек аға! Сұхбатыңыз үшін мың алғыс!

Айсұлу Оспан,

Дереккөзі: «Дат» газеті

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354