Дос Көшiм. Қазақстандағы этносаралық қатынастарды жақсартудың жолдары
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiмнiң ҚР Парламентiнде өткен «Қазiргi Қазақстан және «Европаға жол» атты халықаралық ғылыми-практикалы конференцияда сөйлеген сөзi
1. Бiрiншiден, бiздер мынаны мойындауымыз керек. Қазақ жерiнде басқа этностардың арасында (орыс пен белорус, ұйғыр мен татар, немiс пен украин, т.б.) ешқандай кикiлжiң не түсiнбестiк болған жоқ. Этносаралық қатынас дегенде, бәрiмiздiң көзiмiзге түсетiнi қазақ пен қазақ жерiн мекендеген басқа ұлт өкiлдерiнiң арасындағы мәселе. Осыны мойындап алайық та, осы мәселенiң негiзiн зерттеп, осы мәселенi жақсартудың жолдарын iздестiрейiк.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiмнiң ҚР Парламентiнде өткен «Қазiргi Қазақстан және «Европаға жол» атты халықаралық ғылыми-практикалы конференцияда сөйлеген сөзi
1. Бiрiншiден, бiздер мынаны мойындауымыз керек. Қазақ жерiнде басқа этностардың арасында (орыс пен белорус, ұйғыр мен татар, немiс пен украин, т.б.) ешқандай кикiлжiң не түсiнбестiк болған жоқ. Этносаралық қатынас дегенде, бәрiмiздiң көзiмiзге түсетiнi қазақ пен қазақ жерiн мекендеген басқа ұлт өкiлдерiнiң арасындағы мәселе. Осыны мойындап алайық та, осы мәселенiң негiзiн зерттеп, осы мәселенi жақсартудың жолдарын iздестiрейiк.
Бұл қатынастардың нашарлауының ең басты себебi екеу – бiрiншiсi, қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгi деңгейiнiң қазақ елiндегi басқа ұлт өкiлдерiмен салыстырғанда төмен тұруы, (бұл баяндаманың мақсатына оның себептерiн талдау жатпайды), екiншiден, тәуелсiздiктен кейiн қазақтар күткен ұлттық құндылықтарды жаңғырту жұмыстарының нақты жүргiзiлмеуi. Бұл екi себептiң бiр-бiрiмен байланысы бар екенiн де ашық көруге болады. Қазақтың алғашқыда Ресейдiң қол астындағы отар елi болып тұрған уақытта, кейiннен, Кеңестiк тоталитарлық заманда сан түрлi зорлық жолдармен жоғалып кеткен, немесе жоғалуға жақын қалған ұлттық құндылықтарды жаңғырту - әлеуметтiк жағдай төмендеп, күнделiктi тiршiлiк нашарлаған сайын алдыңғы орынға шыға бастайды. Өздерiмен қатар өмiр сүрiп жатқан басқа ұлт өкiлдерiнен тұрмыстық жағдайларының төмен екендiгiн көрген адамдар «бiздiң тәуелсiз, егемендi ел болғандағы жеткен жетiстiгiмiз осы ма?» деген сұрақтарды да жиi қоя бастайды. Осындай жағдайда диаспора өкiлдерi қазақтың ұлттық құндылықтарына күле қарайтын немесе оны мойындамайтын iс-әрекеттерге, ой-пiкiрлерге бара қалса, қазақтардың оларға деген терiс көзқарасы күшейе түседi. Сондықтан да этносаралық жағдайды жақсартудың ең басты жолы – тәуелсiздiктiң алдында халықтың үмiтiне айналған қазақ мәселесiн (қазақ мемлекетi, қазақ тiлi, мұсылман дiнi, мәдениет, салт-сана, әдет-ғұрып, т.б.) iс жүзiнде шешуге кiрiсу және бұл бағыттағы мемлекеттiң жұмыстарына диаспора (ҚХ Ассамблеясы) тарапынан қолдау көрсету болып табылады. Қарапайым қазақтардың көпшiлiгiнде «Мен өз жерiмде тұрамын, осы тәуелсiздiк үшiн сан рет алаңға да шықтым, жұмыстан да қуылдым, бiрақ нелiктен басқа ұлт өкiлдерi бiзден артық тұрады» деген пендешiлiк ой бар. Демек қазақтың тұрмысы түзелмейiнше, қазақ пен басқа этностардың арасындағы түсiнбеушiлiк мемлекеттiк проблема болып қала бермек.
2. Этносаралық қатынастардың жақсаруы және қазақтар мен диаспора өкiлдерiнiң арасында түсiнiстiктiң орын алуы үшiн ұлттық-мәдени орталықтарды мемлекеттiк саясаттан тыс ұстау керек. Әрине, өздерiнiң мәдениетi мен әдет-ғұрпын ұстануларына, ана тiлдерiн үйрену мен әдебиеттерiн таратуға ешқандай кедергi келтiрмеу қажет. Алайда олардың өкiлдерiне Парламенттен орын беру, ұлттық-мәдени орталықтарды қаржыландыру – бiрiншiден, қазақтардың iшiнде қазiрдiң өзiнде түсiнбестiгiн тудырып отыр, екiншiден, этностардың бөлектенуiн күшейте түседi. Бөлектену арқылы олардың қазақ тiлi мен тарихын, мәдениетiн үйренуге деген ықыласы да, сөз жоқ, төмендей түседi. Ұлттық мәдени орталықтардың, олардың жетекшiлерiнiң көзқарастары қазақтың ұлттық бағыттағы беделдi азаматтарының, ұйымдарының көзқарастарымен көп жағдайда үйлеспейтiндiгi қазiрдiң өзiнде анық көрiнiс берiп отыр (Ресейдегi саяси оқиғалар, Грузидағы жағдай, оралмендар мәселесi, Шаңырақтағы қақтығысқа берiлетiн баға, Казактардың мәселесi, т. б.). Кейiннен бұл жағдайдың шиеленiсе түсетiндiгенде күмән жоқ. Орыс тiлдi БАҚ арқылы олардың пiкiрлерiнiң көбiрек таралатыны да түсiнiктi. Бұл жағдай қазақтарды тағы да ашындыра түседi деп есептеймiн. Бұдан шығудың ең тиiмдi тәсiлi – диаспора өкiлдерiнiң, Ассамблеяның, түрлi этностық топтардың жетекшiлерiнiң қазақ халқының ең маңызды мәселелерiн көтеруi немесе ұлттық-патриоттық ұйымдардың бастамаларына қолдау көрсетуi болып табылады. Оның жолдары мен тәсiлдерi жеткiлiктi.
3. Этносаралық қатынастарды жақсартудың тағы бiр нақты жолы – ұлт өкiлдерiнiң түрлi көзқарасарына тиек болып отырған, кейбiр кикiлжiңдердiң себебi немесе соның туындауына келешекте негiз болатын мәселелердi заң тұрғысынан бiржақты етiп шешу болып табылады. Ол мәселелердi «қызыл шүберек» деп атасақ та болады. Мысалы, алғашқыда аймақтық деңгейде, кейiн (қазiр) республикалық деңгейде «қызыл шүберек» болып тұрған «Ұйғыр ауданының» атын ауыстыру, «Павлодар», «Петропавл» қалаларының атын қазақшаландыру немесе Алматыдағы «Верный», «Алма-Ата», Өскемен¬дегi «Ермак», т.б сияқты шын мәнiндегi қырсықтық бағытта қойылған дүкендердiң атауларын өзгертудi заңды жолмен жүзеге асыру қажет. Ол үшiн «Ономастика туралы» заңды қабылдап, соның iшiнде жоғарыдағы мәселелердi арнайы бап ретiнде енгiзуге болады. Екiншiден, осылардың барлығын «этностар арасындағы түсiнбеушiлiкке негiз болатын мәселелер» деп қабылдап, Ассамблеяның бастамасымен де өзгертуге болатын сияқты. Сонымен бiрге «Тiлдер туралы» заңның орындалмай жатқан әрбiр бабының өзi болашақ ұлтаралық кикiлжiң ошақтары деп түсiну қажет. Заңның орындалуы мемлекет тарапынан нақты ұсталынса, прокуратура осы заң баптары бұзылған жағдайда басшылар мен жеке азаматтарды қатаң жазаға тартып отыратын болса, этносаралық қатынас та бiршама жақсара түседi. Әрине, бас кезiнде Прибалтикадағыдай «бiздердi мемлекеттiк тiлдi бiлуге зорлап көндiрейiн деп жатыр» деген айқайдың шығатыны рас, бiрақ сол Балтық елдерi көрсеткендей, кейiннен оның барлығы орын-орнына келедi.
4. «Әкiмшiлiк кодексi» мен «Қылмыстық кодексте» этносаралық жағдайды ушықтыратын қылмысқа деген жазаны қатайту керек. Әрине, Конституция бойынша, барлық қылмыс және оны жасаған адамдар тең болуы шарт. Бiрақ этносаралық қақтығысқа себеп болған қылмыстың орны да, деңгейi де, түрi де ерекше, сондықтан оған берiлетiн жаза да артық болуы керек. Сонда ғана бiрiншiден, «қазақтарды ұрып- соғып жатыр, егер өзiмiз осы мәселенi қолға алмасақ, қылмыскерлер ертең-ақ ақша берiп құтылып кетедi» деген сөздi сирек еститiн боламыз, екiншiден, сондай бағыттағы қылмыстардың саны азая түсуi мүмкiн. Сонымен қатар, ұлттың намысына тиетiн, ұлтты қорлау немесе оның тiлiне, әдет-ғұрпына, дiнiне мазақ ретiнде бағытталған сөздер мен сөйлемдерге, мақалаларға да жаза тағайындау шарт. Этносаралық кикiлжiңнiң барлығы дерлiк әлеуметтiк мәселе мен қылмыстық әрекеттердiң салдарынан туып жатқаны белгiлi, демек сол қылмыскерлердiң әдiл жазасын алуы – мемлекетке деген сенiмдi күшейтiп қана қоймайды, этносаралық қақтығыстарды да болдырмауға септiгiн тигiзедi. Ұмытпауымыз керек, Атыраудағы қазақ пен түрiктердiң арасындағы қанды қырғынның қозғаушы күшi болған жалғыз ауыз сөз – «Күндiз сендер бiздiң құлымызсыңдар, ал түнде сендердiң әйелдерiң бiздердiң күңiмiз» болса, Қазаткомда қазақтың жiгiтiн машинамен қағып, аяғынан атып кеткен шешеннiң «Сөйлескiлерiң келсе, келiңдер, бiз мынадай жерде тұрамыз» деп кеуде қаққаны қазақ жiгiттерiн атқа мiнгiздi. Ал осыдан үш жыл бұрынғы Шелек оқиғасында «Ұйғыр жастары «Билiк - сендердiкi, жер – бiздiкi» деген ұран көтерiптi» деген сөз жақын жердегi қазақ жастарының жан-жақтан сол жерге жиналуына тiкелей әсер еттi. Демек ондай сөздердiң айтылуына қатаң тыйым салу – этносаралық қақтығыстардың алдын-алуға тiкелей әсер етедi.
5. Мемлекеттiк тұрғыда этносаралық қақтығыстарды азайтуға бағытталған тәрбие жұмысы жүргiзiлмейдi немесе өте тиiмсiз жүргiзiлiп жатыр. Тарихпен тәрбилеу назардан тыс қалған. Мектеп оқулығында қазақ жерiне диаспора өкiлдерiнiң қалай, қашан келгендiгi туралы мәлiмет жоқтың қасы. Қазақ жерiне Сталиннiң бұйрығымен зорлықпен көшiрiлген сан түрлi халық өкiлдерiнiң трагедиясы, оны қазақ халқының қалай қарсы алғаны туралы деректi, көркемсуреттi бiр де бiр фильм жоқ. Сондықтан болуы керек, ұйғырдың жоғарғы класс оқушыларының көпшiлiгi «Ұйғырлар қазақ жерiне қашан, қандай тарихи жағдайға байланысты келдi» деген сұраққа жауап бере алмады. Тәрбие жалпықазақтық бағытта болғаны дұрыс. «Қазақстан тарихындағы казактардың рөлi» немесе «Ресей империясының отаршылдық саясаты», «коллективтендiру кезеңi», «тың игеру жылдары» деген сияқты күрделi де қиын тақырыптар бар. Оларды күлтелеуге немесе атүстi қарай беруге болмайды. Ол жердегi әңгiме орыстарға немесе басқа ұлт өкiлдерiне қатысы жоқ екендiгi, бұл екi ғасыр бұрынғы Ресей империясының саясаты екендiгi ашық айтылуы шарт. Оны жасыру немесе басқа этностардың арына тиiп кетпеймiз бе деп қорқа соғу – керi әсер бередi.
6. Қазақстандағы ұлттық мәдени орталықтардың жұмысында жариялылық пен ашықтық жетiспейдi. Олардың жалпыхалықтық бағыттағы iс-шараларда басқа да бейүкiметтiк ұйымдармен бiрiге жұмыс iстеуi немесе олардың жұмысына, дөңгелек үстелдерге, конференцияларға қатысуын қамтамасыз ету керек. Олардың бөлектенуi – қоғамдық аренада мүлдем күдiктi көзқарасты туғызады. Өкiнiшке қарай, ұлттық-мәдени орталықтар өздерiнiң «қабыршақтарынан» шықпайды. Оның басты себебi – олардың көпшiлiгiнiң мемлекет тарапынан құрылуы (орыс ұйымдарының көпшiлiгi бұл аурудан аман. Олар шовинистiк бағытта төменнен не Ресейдiң жәрдемiмен құрылған). Сондықтан да «бiрдеменi бүлдiрiп аламыз» ба дегендей, ешбiр басқосуларға қатыспайды. Бiздiң ойымызша, төменгi деңгейде қазақ және басқа да ұлттық-мәдени орталықтардың диалогы болуы керек. Сонда ғана ұлтаралық түсiнiстiк жүзеге асады. Ал қазiр журналистердiң «көмегiмен» ғана газет беттерiнде пiкiр алысып, әрқайсымыз өзiмiздiң көзқарасымызды «дұрыс» деп отырамыз.
7. Мемлекеттiң нақты жүргiзiп отырған этносаралық саясаты жоқ. Оның стратегиясы да жасалмаған. Әлi күнге дейiн баяғы Кеңестiк дәуiрдегi «ештеңе болған жоқ» пен «арақ iшiп алған басбұзар, тентек жастардың төбелесi ғана» дегенмен келе жатырмыз. Бiрде бiр ұлтаралық қақтығыс терең зерттелiп, қорытындысы шығарылып, талқыға түскен жоқ, ал бюжеттiк БАҚ ондай оқиға туралы жұмған ауызын ашпайды (мүмкiн, үкiмет орындары болып жатқан оқиғалар, көтерiлiп жатқан мәселелер, қоғамның құлағына жетпесе, халық та дүрлiкпейдi деп ойлайтын шығар. Ең үлкен және өте қатерлi қателiк!). Жалпы ұлтаралық қатынастың даму жолдары, сол жолдың нәтижесiнде қандай нәтижеге жететiндiгi анықталмаған. Барлығы жергiлiктi билiктiң қолына берiлген сияқты. Өкiнiшке қарай, жергiлiктi билiктiң өкiлдерi мемлекеттiк деңгейде жұмыс iстей алмайды. Оған шамалары да келмейдi. Ал нақты бiр бағыт, бiрыңғай саясат жасалмаған. Мүмкiн жасалған да шығар. Қазiргi бағытпен жүре берсек, көп кешiкпей Парламенттен «Ұлттар палатасы» ашылады, одан соң iрi диаспораларға «мәдени автономия» берiледi, тағы бiршама уақыт өткеннен соң диаспораларға орыс тiлiнде ғана сөйлеп, жазу құқығы сыйға тартылады, ал одан кейiнгi жағдайды олардың өздерi-ақ жасайды! Кейбiр диаспора өкiлдерiнiң тәуелсiздiктен соң топтаса бастауы, нақты бiр елдi мекендерге шоғырлана бастауы да қаперден шығып кеткен. Демек, этносаралық қатынастардың кем дегенде он-онбес жылдық стратегиялық жоспары жасалынуы керек.
8. Этносаралық қайшылықтардың алдын-алу жұмыстары еш жерде жүргiзiлмейдi. Жергiлiктi өкiлдiк органдар, ҮЕҰ-дар ұлтаралық қатынастың қандай деңгейде екендiгiне үзбей мониторинг жасап отыруы шарт. Қазiр оны жергiлiктi атқару билiгi жүргiзедi. Бұл қойды қасқырға баққызғанмен бiрдей. Олар оқиға орын алғанда ғана араласады. Түрлi ұлт өкiлдерi тұратын жерлерде бүгiнге дейiн тұтанбаған, бiрақ бықсып, кез келген уақытта лап етiп жануға дайын тұрған этносаралық мәселелер бар. Оларды жергiлiктi тұрғындар қазiрдiң өзiнде айтып, көрсетiп отыр. Осы мәселелердiң алдын-алу - жергiлiктi билiктен көрi мемлекеттiң басты мiндетi. Бiрiншiден, жергiлiктi атқару органдары өздерiне жаман сөз келмес үшiн көптеген мәселелердi сыртқа шығармауға тырысады, екiншiден, күнделiктi көрiп жүрген жағдайға көздерi үйренiп кеткен жергiлiктi тұрғындар оның астарында үлкен қауiп бар екенiн түсiнбейдi. Мысалы, Ұйғыр ауданындағы жазбаларды мемлекеттiк тiлге көшiру жолдары қазiрдiң өзiнде ашық та, жабық та түрде кейбiр ұйғыр өкiлдерiнiң тарапынан қарсылық тудырып отыр. Ал Қазақстанның солтүстiк аймақтарында iс қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiру мәселесi – келешекте лингвистикалық мәселеден көрi ұлтаралық мәселеге ауысуы әбден мүмкiн. Қысқасы, этносаралық мәселе терең ғылыми, әлеуметтiк саралауды, сараптауды қажет етедi. ҚХ Ассамблеясы осы бағытта ендi ғана жұмыс iстей бастаған сияқты.
9. Жергiлiктi атқарушы билiктiң «халықтық дипломатия» түрiнде қазiргi қолданып жүрген жергiлiктi қоғамдық ұйымдарының, «ақсақалдар алқасының», «кiшi ассамблеяның», т.б. беделi тым төмен. Осының iшiнде ақсақалдар кеңесiнiң формасын, жұмыс iстеу әдiс тәсiлдерiн, сайлану жолдарын толық жаңарту керек. Кездесулерде айтылған пiкiрлерге қарағанда «ақсақалдар алқасы» мүшелерiнiң көпшiлiгi бұрынғы кеңес өкiметiнiң атқару билiгiнде, партия қызметiнде iстеген жандар. Олардың басты қызметi – атқару билiгiн қолдау, солардың жұмысын жүргiзу. Өзiндiк пiкiрлер, халықтың көзқарасын жеткiзу және оны қорғау жұмысы көзге көрiнбейдi. Сондықтан болуы керек, соңғы уақытта орын алған этносаралық кикiлжiңдерде жергiлiктi беделдi адамдардың, үлкен кiсiлердiң рөлдерi көрiнбедi. Олардың көпшiлiгi ондай жерге барып, халықты тоқтатуға араласпады да. Тек қана Оңтүстiк Қазақстан облысындғы Маятас ауылындағы ақсақалдар белгiлi бiр деңгейде қақтығысқа араласа алды. Жергiлiктi атқару органдарының қоғамдық ұйымдарды өздерiне қолбала қылуы, сол арқылы қоғамдық пiкiр қалыптастыруға тырысуы – мәселенi уақытша бiр тоқтата тұруға ғана мүмкiндiк бередi. Қысқасы, ұлтаралық дау-дамайдың басталар алдында немесе басталған уақытында жастарды тоқтата бiлетiн, қанды қақтығысқа жiбермейтiн «халықтық дипломатия» жолдарын түбiрiмен қайта қарау керек.
10. Түрлi этнос өкiлдерiнiң жастарын жақындастырудың жолдарын табу керек. Мүмкiн, бұл спортттық ойындар болар, мүмкiн бiрiге өткiзетiн iс-шаралар болар, алайда бiр жерде тұрған этностардың арасындағы түсiнушiлiк бiрге өткiзетiн iс-шаралардан тұрады. Және бұндай жұмыстардың барлығы тек қана мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуi шарт. Орыс тiлдi мектептер мен қазақ тiлдi мектептердiң арасында бүгiнгi күнi ешқандай байланыс жоқ деуге болады. Онсыз да «орыс тiлдi қоғам» мен «қазақ тiлдi қоғам» болып екiге бөлiнiп отырған заманда жастардың арасында тәрбие жұмыстарын жүргiзу – келешектегi этносаралық қатынастарды жақсартудың бiр жолы болып табылады. Мысалы, осы уақытқа дейiн Тәуелсiздiк күндерiнде Желтоқсандықтарды орыс мектептерiне шақырып, кездесулер өткiзiптi дегендi естiген жоқпын. Оны былай қойғанда, орыс тiлдi мектептерде тәуелсiздiк үшiн күрескен азаматтармен кездесу өткiздi дегендi де естiмеппiн. Демек бiздер екi түрлi «кеңiстiкте» өмiр сүрiп жатырмыз. Бұл «кеңiстiктердi» бiрiктiрiп, бiрiмен-бiрiн байланыстыру қажет.
Этносаралық теке-тiрестiң басы 1991 жылы «Қазақ Советтiк Социалистiк республикасын» - «Қазақстанға» ауыстырудан басталды. Осы жалтақтық пен жасанды интернационализмнен шыққан, дүбәрә атау «қазақ халқы өзiнiң мемлекетiн құратын болды-ау» деп қабақтарын тыжырып, бұрынғы басымдылықтан айрылып қаламыз ба деп қорыққан кейбiр орыс тiлдi топтарға қанат бiтiрдi. Бiз, шын мәнiсiнде де, дүбәрә ел болдық. Этнос өкiлдерiнiң көпшiлiгiнде «Бұл - қазақтардың елi» деген ой жоқ. Оның орнына «осы ел шынында да қазақтардың елi болып кетедi ме» деген қорқыныш басым сияқты. Осы бiр екi ұдай жағдайды жою үшiн бiздiң мемлекеттiң қазақ елi екендiгiн, бiрақ қазақтарға да, басқа ұлт өкiлдерiне де ешқандай артықшылық берiлмейтiн¬дiгi, азаматтық, саяси құқықтарының тең екендiгi терең түсiндiрiлуi шарт. Сонда ғана пиғылы қара жандардың үмiттерi үзiледi, ортаға от салмай, амалсыз өздерi қалаған жақтарына кетуге мәжбүр болады, ал қазақ елiнде өмiр сүремiн, балаларымның болашағын қазақ елiнiң болашағымен бiрге деп санаймын дегендер қазақтың сан ғасырлар бойы қатталған мәселелерi көтерiлгенде бiздiң қолдаушымыз болады.
«Жас қазақ үні» газеті