Ресей қазақ тілін фашизм тілі санай ма?
Кейінгі кездері елімізде бір жаман үрдіс ешкімге де бой бермей, кең етек жайып барады. Ол - жан-жағына қоқилана қарап, өзгелердің барлығын жау санайтын көршіміз - Ресейде қазақ еліне деген таза дұшпандық пиғылдың күн сайын үдей түсуі десек, артық айтпаспыз.
Мұның өзі сол елдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров дегеннің өздеріндегі беделді бір баспасөзге берген сұхбатында: «Қазақстанда орыс тілділерге деген ксенофобия, яғни жеккөрушілік етек алуда», - деген арандатушылық сөздерінен басталды. Осыны естіген Ресейдің баспасөзі жерден жеті қоян тапқандай, «жаптым жала, жақтым күйені» басты тақырыбына айналдырып, ұпай жинауға көшті. Енді тіпті, бізде біреу істі болса да, мұны «орыстілерді ашықтан-ашық қудалауға» бағалап, бүкіл қазаққа жала жабуға айналды.
Бұған осы жақында ғана Ресейден Қазақстанға келіп, әртүрлі алдамшы жолмен қазақ кәсіпкері Нұрсұлтан Шоқановтың бизнесін тартып алған, сол елдің азаматы Виктор Балашовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғандағы Ресей баспасөзінің байбаламы анық дәлел бола алады.
Осы процесті жазып көрсеткен көршіміздің атақты «Лента.ру» порталы Балашов дегенді сүттен ақ, судан таза етіп шығарып, мұның бәрі «қазақ ұлтшылдарының әдейі істеген қастандығы» деген ойды алға тартады. Айтпақшы, «ұлтшылдық» деген айдар бұлар үшін тым аздық ететін секілді. Енді олар біздерді нацистердің яғни, фашистердің қатарына қосып қояды. Сол мақалсымақтың тақырыбына көз жіберсеңіз, аза бойыңыз қаза болады. Мұны «Қазақстанда орыстарға деген көзқарасты нацизмен теңеп отыр» («Отношение к русским в Казахстане сравнили с нацизмом») деп айқайлатып қойған.
Осы жерде «бұларды нацизмге теңеп отырған кімдер» деген сұрақ туындамай ма? Өйткені көптік жалғаумен яғни, «сравнили» деп тұр емес пе? Сөйтсек, «Бақсақ бақа екен» дегендей, қазақтарды фашистерге теңеп отырған әлгі қылмыскердің туған анасы Ирина Балашова деген келімсек екен. Оның айтуынша, баласы 50 жасқа келгенге дейін нацизм көрінісімен алғаш кездесіпті. Ол аздай әлгі Шоқанов бұған: «Қазақстанда орыстарға орын жоқ», - деген көрінеді. Ал енді мұны аз десеңіз, жаңағы қылмыскер «тергеушінің өзі маған: «Сені Ресей де қорғай алмайды, мұнда орыстар ештеңені де шеше алмайды», - деп айтты деп, еш дәлелсіз өтірікті қардай боратады.
Мінекей, мәселені ешбір тексерместен, қылмыскердің өзін ақтау үшін қандай да өтірікке баратындығын біле тұрса да, осындай арандатушылық мақаланы басқан бұл порталдың көксегені не? Көршіміз енді Украинаға жасаған құйтырқы әрекеттерін бізге жасамақ па? Осылайша ой түюге мәжбүр боламыз. Өйткені бұл - сондағы биліктің ашықтан-ашық жаулық саясатынан туып отыр. Мұны біз жаңағы Лавров дегеннің Ресейден тысқары тұратын орыстілділерді (мұны әрине, орыстарға деп түсініңіз) қанатының астына алуға деген таза шовинстік пиғылы анық дәлел.
Жалпы, бұл Лавров дегенің Қазақстанға тиісумен шектеліп қоймайды. Қазақ елі ол үшін тым тар. Содан болар, ол Мәскеуде «Болашақты қорғаймыз» деген атпен өткен ксенофобия, антисемитизм мен нәсілшілдікке қарсы тұру жөніндегі Халықаралық конференцияда тағы да баяғы гөй-гөйіне басады. Өздері ұйымдастырған, атының өзі жау шақыратын осы бас қосуда ол: «бұлардың бәрі Еуропада, ең алдымен Украина мен Балтық елдерінде бой алып барады», - деп аттан салады. Онсыз да пәле іздеген Ресей баспасөзіне мұның өзі, көктен іздегені жерден табылған «аса өзекті» тақырып емес пе?
Жалпы, бір жағынан Лавровқа ренжудің өзі артық секілді. Өйткені, қазақты екінші сортты ұлт ретінде қарап, оған ешбір негізсіз тіл тигізу тәрізді арам пиғылды, шовинизм уымен әбден уланған өзге ұлт өкілдері бізде де жетіп артылады. Бұларды сол Лавровтың осындағы нитеттестері десек, артық болмас. Мұндайлардың, тіпті өзгесін былай қойғанда қазағы қалың дейтін оңтүстік өңірлерден табылуы бізді мүлдем басынғандықтан басқа түк те емес.
Мәселен, ғаламторда өзіндік пікірлерімен танымал болған «Polit.kaz» дейтін блогердің жазуына қарағанда Шымкент қаласында тұратын Ресей бизнесінің өкілі Александр Светенков деген блогер өзінің ютуб арнасында қазақтарды жерден алып, жерден салуға әбден машықтаныпты. Бірде өтірік такси жүргізуші болып, оның жүрісіне наразы болған бір қазақ жолаушысын жарты жолда тастап, ақшасын да қайтармастан кетіп отырса, енді бірде көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемін азайту керек деп көкиді, ал енді бірде такси жүргушілерін мемлекетке ешбір салық төлемеуге шақырады... Мұны аз десеңіз, бұл «батырыңыз» Қуат Ахметовтың «Тіл майданы» қозғалысын қолдау жөнінідегі митингке шыққан қазақ азаматтарын малға теңеп, тіпті құтырады. Ол Қуат Ахметовты кінәлі деп санайды. Өйткені ол орыстілділерге тіл тигізіп, қорлаған көрінеді. Сол үшін де айыпты-мыс. Мінекей, орысшасы мынау: «Если бы он не оскарблял не было бы статья, а раз как животные не может сдерживаться, пусть сидить в Киеве и на русском раговаривает». Артық-кем емес, дәл осылай.
Осының бәрі өзінің блогында жазулы тұр. Сірә, ол қазақтардың ынжықтығы мен көнбістігіне әбден сенсе керек.
Ал біз болсақ, сонау Лавровқа қыр көрсеткіміз келеді. Алдымен өзіміздегі еркінсіп кеткен арандатушыларымызды жөндеп алайық. Әлде оған шамамыз жетпей ме? Мүмкін, солай да шығар. Әйтпесе, қазағы аздау солтүстік өңірлерде емес, шырайлы Шымкенттегі әбден есіріп, жүгенсіз кеткен шырық бұзғандардың бұлайша тайраңдауы қалай?
Жайберген Болатов
Abai.kz