Бүгінгінің Біржаны...
Айтыс өнерінде алтын айдарлы ақын боп танылып, туған халқының көз қуанышы боп жүрген Аманжол Әлтаев қалың қазақты қанша жыл жыр бесігінде тербетті десеңші?! Сол әлдидің қалың ортасында мен де болдым, Сіздер де болдыңыздар.
Мынау мен тілге тиек етіп отырған, ғасырдан ғасырға сол даңқты Біржан – Сара айтысы секілді боп жететін жыр додасы Аманжол ақынның шабыт тұлпарына қамшы басқан бір сәтіне ғана куә.
...Сол лапылдаған жыр жалынына молынан жылынып, осы бір зәмзәм шумақтардан әркім-ақ дәм татса екен деген ниетпен оны кітапша етіп шығарып, күйтабаққа қаттап жүрген кезеңде Аманжолдың тағдыр-аспанын қара жолақ тіліп түсті – жары Ақмарал мен бүлдіршіні Ханзада жол апатынан қаза болды. Бұл күндерді Сіздің естімей, біздің көрмей-ақ қойғанымыз абзал еді... Құдірет-ай, адамның қайғысы мен ақынның қайғыруы жер мен көктей болады екен! Сол бір аспанның бар бұлты жер бауырлаған күндерді Жаратқан Алла қайта оралтпасын!
Мынау – сол Айтыс, мынау – сол Жыр, мынау – сол қазаға Наза. Сол нұрлы тамшыларға да шомылып, сол темір балқытар өртке де қатар оранып тұрған айналайын Аманжол асылым-ай, қайтейін?!
БІРЖАН МЕН САРАНЫҢ АЙТЫСЫ
Бұл жолғы Біржан – Аманжол Әлтаев, Сара – Сара Тоқтамысова. Осы айтысты көріп, тыңдаған күннен бастап, менің санамда мына бір ауыз түйін лүпілдеп соқты да тұрды: «Япыр-ау, мынау сол баяғы Біржан мен Сараның айтысы ғой!»
...Айтыстың өкіл әкесі атанған Жүрсін Ерман ою-өрнегін төгілте жабулаған ақбоз атының құйысқаны мен өмілдірігін күмістен, шылбыр-тізгінін қоңыр қайыстан тілгізіп салып, айтыскерлер «көшін» Болашақ ауылына бастап бара жатқан шеруі кезінде өз басым жол бойында тұрып, осы салтанатқа қол шапалақтаған көп көрерменнің бірі ғанамын. Бұл көрініс кезінде алақанымды да аямаймын, көңіл-көзімді де әр ақыннан алмай тесіле қараймын. Өйткені мен айтыс өнерінде жоқ іздеген жанмын. Әрбір айтыс көрген сайын сол жоғымды тауып келіп жатамын.
Тәубе, күндей күркіреген Көкен атамызды, сыбызғыдай сарнаған Көпбай атамызды көрдім, айтыс анасындай Тәушен апамыздың, айтыс әпкесіндей Әселхан, Әсиялардың тұнық жырларына шашу шаштым, бірі Әселханға: «...Ар жағын өзім білем деп айтасың, Әзімбек түн көрмеген бойдақ бала!» – десе, бірі Әсияға: «...Сан ақын дүниеге келмей кетті, дәріден болып, әттең, ажалдары», – деген Әзімбек Жанқұлиев пен Есенқұл Жақыпбековтердің адам өлтірер әзілдері мен жан жарасына дауа іздеген небір астарлы өлең жолдарын жаттадым, Мұхамеджан Тазабеков айтысқанда тікемнен тік тұрып тыңдадым, Қуаныш Мақсұтов тіліп айтқанда тұрған жеріме отыра кететінмін, Қатимолда Бердіғалиевтің өмірдің соқпағын сөзімен «іздеген» сәтінде алдынан есік ашып тұрар едім, Оразалы Досбосынов пен Бекарыс Шойбековтің жебедей сөздеріне қоғам соқыр болған соң өзім-ақ нысана болатынмын, Айнұр Тұрсынбаева жыр кесесін мөлдіреткен кезінде шырыны төгілмес үшін алақан тосқанмын, Ақмарал мен Құралай, Балғынбек пен Айбек, Мэлс пен Мақсат, Айтақын, Армандардың айтқан жырларынан маржан теретінмін, айтыс ауылына таяуда ұлар үніне салып ұшып келген Қарлығаш пен күні кеше ғана тұсауын кескен Аяндарға аямай қол шапалақтаймын...
«Көштен» көз алмаймын. Салтанаты келісті, қарасы мол, қызылды-жасылды жортуыл жан-жағым. Әлгіде көз қиығын тастаған бала Аянға дейін қаз-қатар тізіле желе-жортқан небір тұлғалардың биік бөрігінен жанар тайып түседі: патша көңіл көш алдына айтыс өнерінің өр кеуде тарланбоздарын тізіп әуре − Шөже, Шашубай, Әсет, Кемпірбай, Ұлбике, Сүйінбай, Кенен, Балаораз, Жамбыл, Доскей, Иса. Ия, айтпақшы, Біржан мен Сара – одан ары әлгі көзкөргендерім... Сәбиінің жаялығын жырдан жайған қазағымның бар ақынын түгендеу ауыр-ақ. Әйтсе де бүгінгінің Біржаны қайда? Тарихтың доңғалағы кері айналмай алға айналғанның өзінде өткеннің өршіл сурет-сәулесінің сынығы болса да жүзжылдықтар көгінен көлеңкесін көрсетпес болар ма? Уһ, бар екен! Әне, анау шымқай күрең атқа тақымын жабудай жабыстырып, денесін тіке түскен күн сәулесіндей тік ұстаған зерлі шапанды, үкілі бөрікті азамат сол − мен іздеген Біржанның бүгінге жеткен бейнесі, ертеңге қалар елесі емес пе?! Біржан бабамызды өзім көрмегенмен көз алдымызда ән-жырымен қалған бейнесі осы жігітті сол Біржан салдың шаң түспес суреті-ау дегізгелі талай болды емес пе?! Өзі де, көзі де сол атақты салға ұқсаған, тұлғасы да, сұлбасы да сол серінің суретінен баян берген, әні де жыры да әйгілі айдын көлге үйрек ұшырып, қаз қондырған от ауыз, орақ тіл, алтын таңдай, күміс көмей сол Біржанын сағынған қазаққа тарих көшінің, Жаратқанның молқолдынып бере салған жұбанышы емес пе?! Әніне сәні жарасқан, жырынан жүріс-тұрысы кем түспеген осы өнерпаз ұлын қазақ құшағына басқалы көп те болған жоқ-ау. Аз десем бақытын бағаламайды екен деген асылыққа ұрынармын – әнші Біржан, ақын Біржан бүгінде құшағымызда, ол – Аманжол Әлтаев!
Біржанын көрген көңіл сәтінде сол санадағы қиял-суретке қарап, Сарасын іздейтіні заңды екен. Ел ішінде айтыс десе «Біржан мен Сара айтысы» демей сөз сөйлемейтін қазағым бұл тіркесті ол айтыстың айқайлы даңқынан ғана емес, арманға айналған болмыс-бітімінен, қос тұлпардың тарпаң аяқ тастасының тау құлатып, өзен ағызар екпінінен, әрине, бүгінде таразының екі басына тең тартылып, әркім қажетін алып жатқан осы айтыстың болған-болмағандығынан да, тіпті бүгінгінің базар-таразысының «болған» деген басын білдірмей бармағымен басып қалатындардың молдығынан да Біржанын тауып, Сарасын іздеп жүрген кезең еді осы ХХІ ғасыр басы. Ел болса ер ғана емес, еркесін де туғызбай тұра ала ма тәйірі, тарих талап еткен Сара да Біржаны секілді сол елдің өз құшағында, өз аспанының астында, сол бесік тербетілген топырақта туа салғаны, туып қана қоймай, сол Сара жайлы армандарымыз бен қиялдарымызға гүл егіп, гүлдей жайнап ілескені қандай ғажап әлгі көшке?! Аты да, заты да қазақтың қыз-жігітке айтыс өнерінің символы болған сол сұлудың өзі де Сара, сөзі де Сара болғанына не берерсіз?! Осы қауырсындай ғана қыз тағдырымен ХХІ ғасырдағы қазақ тарихында ХІХ ғасырдың тұтас кезеңі тағы қайталанды десем, «болды-ауды» болғанша қабылдаған маған кешірім берер ме екен бекем жұрт?! Тағы «жоқ» деп қала ма, әлгі тарихтың алға айналған доңғалағының өзі туғызған арман бейнелі жыр сұлуын атап үлгерейін, ол – Сара Тоқтамысова!
...«Көш» салтанаты көз тұндырады: басқа киген қалпақтары қол созымнан-ақ Алатаудың шыңдарына ұқсаған, иыққа ілген шапандары Жетісудың майлы баяулы табиғатының көрінісіндей, аналардың бастарындағы қарқарадай-ақ орамалдары шың басындағы ақ қардай боп, үлкендер бастаған, оған құнан-тай мініп шапқылаған бала біткен ілескен, жайлы жорғаға бар сән-салтанатымен отырғызып жіберген бәйбіше мен бойжеткен араласқан, олардан сәл ғана кейіндеп, көзбен де, сөзбен де бір-біріне сыр айтысқан орта буын өкілдері қостаған осынау «көш» келбеті көп оқыған тарихына тез сендіреді – қазақта бұл салтанат күнде болмаса да күнара болған. Атырау мен Алтай, Көкше мен Кереку, Хантәңірі мен Баян тауларының арасы, Каспий, Арал, Көктеңіздің жағалары мен айдындары, Жайық, Ертіс, Іле өзендерінің бастау, арна, құйғандары, беті аулақ, қақтығыс, шайқас, барымта, шапқыншылақтардан ғана емес, жыр додаларынан да дүбірлеп жатқанын менен естуге зәру емес еш қазақ.
Тек сол «көшке» қарап тұрып, қайдағың мен жайдағың ойға оралады екен, әлденені аңсатады екен, жүректі жиі соқтырып, көңілді теңіз суындай сапырады екен, көзіңді кең аштырып, құлағыңның құрышын қытықтайды екен. Ол сағынышыңды осы «көш керуенінен» қанша іздесең, үлкендердің мазасын алмауды ұмытпайсың, балалармен бала болғың келмейді, көз жанарың орта буынға түскенде, үлкендердің өкшесін басып келе жатса да олардан кейін іркіліп, ат тізгінін қызуынан қарлы шың еріген нағыз деген шақ тобына қарайлай-қарайлай қаққан Біржан мен оған сынай да, ұнай да қараған, бірақ атақты серіден жанары тайқымаған Сараны таңдайсың, мың оқыған, жүз естіген осы тарихты көңіл көкжиегі мен көз алдыңнан тағы бір өткізіп барып, тарихи қос тұлғаны бір-бірімен қайта жолықтырасың, алдарына халық жинап, ауыздарына сөз саласың, сөйтесің де біреу көрген-көрмеген, біреу білген-естіген Біржан мен Сараның айтысының тууына тағы куә боласың. Кезінде бүкіл қазақ даласын құстай шарлаған ол айтыстың бүгінде алтын қазына болған сұлбасын Сара мен Біржанның өзі айтты ма, әлде Әріп ақын жазып қалдырды ма, бұл бүгінде шешілуі қажет те емес жұмбақ. Бізге керегі ол айтыстың жақұттай жыр жолдары ғана... Ал, өздері айтып, мен тек қана тыңдаушы әрі таңғалушы болған «Біржан мен Сараның мына айтысын» өзге жыр жиналған сөреден бөліп алып, шамам жеткенше болашаққа шашу етіп ұсынып отырған – мына мен, қаламгер Несіп Жүнісбайұлы. Бұл жолғы менікі тек, Мұқағали ақынша айтқанда, «күпі киген» кешегі тарих елесіндей бұл айтысты бүгін «шекпен жауып» тыңдарманға қайта ұсыну ғана.
Сара ақын мен сал Біржанның сол айтысы қай жылы, қай жерде болды екен дегенге бүгін жауап жоқ. Тіпті жауаптың қажеті де бар ма осы?! Бүкіл қазақ даласын ән-жырымен дүрілдеткен Біржан салға Жетісуға жол тартып, онда өзіндей өнер саңлағы Сарамен жүздесіп, бес-он ауыз сөз қағысуын қызғану шындыққа қаншалықты дәрі? Біржан Сараны іздеп Тұрысбектің ауылына Абайға жолыққан жылы барды ма, әлде арнайы ат ізін салды ма, екі дүлдүлдің жолыққанына күмән келтіру − таркеуделік. Тіпті, айтыс нұсқасын Әріп жазсын, баспаға Әмірхан жолдасын, ол жандардың да алға қойған мақсаты теңдессіз екі ақынның жолығуын тарихқа жазып қалдыру болған болар.
Менің де мақсатым осы! Бүгінгі компьютер мен кибернетика заманында болған оқиғаның, ғасырлар өтсе де, тұтас сөзі түгілі, бір әрпі де ұмытылмайды деуге болар. Мүмкін. Әлгі ХХІІ ғасырыңда кім өмір сүріп көріпті? Әйтсе де бүгін айтылғанның әріп-нүктесін қалтқысыз беретін әлгі компьютерлеріңнің ол оқиғаның «дене қызуын», «жүрек соғысын», «сезім тербелісін» тірі куәдай мөлдіретіп бере алмасы анық. Мына бүгінгінің Біржаны мен Сарасының айтысын алақанға салып аялап, тебірене тілге тиек етіп отырғанымыздың себебі де осы. Ғасыр өте «Бұл қашан? Қайда? Кімге? Неге?» дейтіндерге айтарымыз мынау: «Біржан салдың өзіндей боп туа салған Аманжол Әлтаев пен тарихи Сараның көзі тірі жалғасы, өз аты да Сара, Тастанбек қызы болмаса да Тоқтамысқызының бұл айтысы ХХІ ғасырдың алтынша жылы көктем туа Алматыдағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрда Жүрсін Ерманның 55 жасқа толу құрметіне болған «Жүрсіннің жүлделері» атты жыр сайысында орын алды. Бұл бір көрген жан қайта аңсайтын, тыңдаған жан тамсана іздейтін, ал дақпыртын ғана естіген есті жан іздеп тауып, шөлін қандырмай тыныштық таппайтын нағыз қыз бен жігіттің сөз қағысы болды. Тақырыбымда есімінің алдына Біржан бабасын қойғаныма есті Аманжол ренжімес деймін, себебі ХХІ ғасырдағы осы бір сөз жарысы сонау ХІХ ғасырдағы болған-болмаған жыр додасының өзіндей, қазаққа аса қымбат қос саңлағының көзіндей көрініп, ал талант туу әрі ғасырлар бойы аңсаған бейнелерді қайталап дүниеге әкелу – бір ата-ананың емес, тұтас ұлттың мансұғы, арманы болған болса керек. Дариға, сондай мың арманның біріне жеткен көктем болды 2006-ның сол бір кеші...
* * *
Әуезов театрының сахнасы Сара мен Аманжол келіп жайғасқанда әуелгіден де жайнап кетті. Киім киістері қандай: ақ көйлек пен қызыл қамзол, қара шалбар мен көк шапан, бастарындағы үкілі бөрік пен биік те шошақ сәукеле қалпақ, ортаға қарай аттаған он қадамдарынан-ақ білінген бай мінез, бағлан түр-сипат – шын мәнінде біз көрмеген сол бір Сара – Біржан заманының сурет-бейнесін сол күйінде көшіріп әкелгендей бүгінге. Бебеу қаққан домбыра даусы қандай?! Үздіге сыбырлап, шығындап шарықтатқан үндері ше?!
Әні мен сөзін егіз тербеп, өзі домбыра шертіп, өзі әнін айтқан Біржан бабамыздың өнеріне «Қалай екен?» деген сұрақ қоюдың өзіне ерлік қажет, ал бүгін осы сахнада сол даңқты сал-серінің тарихи жүгін өз мойнына алып, Біржан боп тербер, Біржан боп сөйлер Аманжол домбырасының көмейіне бұлбұл қондырып әкелген екен, алтын тордың алтын қақпасын ашқан кезде-ақ домбыра-бұлбұл сайрап қоя берді. Дархан домбыра салтанатты сарайға лық толған жырсүйер қауымның нәп-нәзік жүрек қылын шертіп болды-ау деген кезінде саф алтындай тұнық дауыс анық та ажарлы сөздерімен бұлбұлдан үн асырып шырқай жөнелді:
«Нұр жұтып топырағы аспан емген
Алла деп атқа міндім қасқа белден».
Даусына бір қылау да жұқтырмай, жаңа ғана кеудесіне тартқан бір-ақ деммен осы ойын тастай қып түйіп тастады:
«Досқа − ырыс, дұшпанға − қылыш болған,
Бас иіп амандастым асқар елмен».
Қарсыласын қол созымға қондырып алып, өзі ұзақ сонар толғауға беріліп, бұл өнер сайысының жаттаған жырды айтып беру емес, сөз сайысы екенін әрең түсіндіретін сәттер де жиі жолығып жүр ХХІ ғасыр айтыстарында. Мына айтыс мүлдем басқа. Аманжол екінші деммен-ақ Сараға сөз арнап, іздеп келген үйінің алдында атынан түспей-ақ: «Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері!» – дейтін Біржан бабасындай, қыран болып тұйғынға бірден түседі:
«Бұлаң басып жайғасқан бұл кім десем,
Кәдімгі Қарауылдың қызы ма едің?
Саңлақ Тастанбектің Сарасының
Өнерін жалғастырған ізі ме едің?
Тоқтамыстың қызына сәлем бердік,
Ай қабақ, найза кірпік, қызыл ерін».
Ақынның соңғы сөзі және келесі жыр дестесінің тұла бойы тұнып тұрған биік баға, қарсыласын құрметтеу, Сарадай ақын қыздың жыр айнасындағы жарқ-жұрқ еткен суреті:
«Дидарың Сарыарқаның ақ таңындай,
Көңілің Алатаудың ақ қарындай.
Аршын төс, бота көзді, алма мойын,
Сырлысың Сегіз сері Мақпалындай.
Ақанның Қадишасы емес пе деп,
Қараймын кірпігіңді қаққаныңда-ай.
Қимылың Әйгерімге ұқсайды екен,
Керіліп жүріп келе жатқаныңда-ай.
Еңлікті көргендейін елеңдеймін,
Үкіңді үлпілдетіп таққаныңда-ай.
Тастанбектің қызынан кемдігің жоқ
Төгілтіп тереңнен сөз тапқаныңда-ай».
Бұл әдемілікті сезіне отырып, ХХІ ғасырға аяқ басқың келмейді...
ХІХ ғасырдан бері не өзгерді, білмеймін, бірақ Біржан мен Сараның аңыз болған сол айтысындағы ақындардың, керісінше, бір-біріне күйе жаға жырлағанын түсінуге біздегі өзі аз ақыл жетпеді. Біржандай тұнып тұрған сезім иесі Сараға: «Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері, іздеген келіп тұрмын Біржан сері. Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар, ауылы Тұрысбектің өлер жері», – дегеніне түсіну қиын, ал қас қағымнан кейін: «Найманның болады екен қызы надан», – деуін көңілге сыйғызу мүлдем мүмкін емес. Сара ақын да былғаныш сөзден тартынбайды: «Жөнімен сөз білген соң сөйлеу керек, Сандалып арғынмын деп қылмай егес», – деп бір сүйкенсе: «Хауаға бұрын барған Адам ата, жоқ па еді естігенің мұны да, ақымақ?» – деп тағы тас төбеден ұрады.
Алдын көріп, тәлімін алған Б. Кенжебаев сынды үлкен әдебиетші ұстазымыз 1959 жылы бастырған «Біржан сал менен ақын Сараның айтысқаны» деген кітапшада мұнан басқа да талай ауыр сөздер бар. Сараның Біржанға «Кетерсің жерге кіріп жынды антұрған», «Сен итке ұстатпаймын қолымды аппақ», «Әкеңнің менен қорықсаң кір көріне» дегендері оқыған жанды дел-сал қылады. Өкінішке қарай, Біржан да өз даңқына лайық емес сөздер айтқан: «Есекке қосақтаулы бір қашырсың», «Күң сырын көпке жаяр шыдай алмай», «Қыз иттің тантықтығы, міне, осындай», «Түстен кейін болдырып, сандаларсың», «Жігітпен жастан үйір болсаң-дағы, қоймайсың қыз басыңмен жалмауыздай». Бұл сөздерді санаға сыйғызу ғана емес, құлаққа сіңірудің өзі азап.
Имандай шыным, аңыз айтыстың жаман сөздерін теріп алып, жайып тастап, жайқалып отырған жай жоқ. Бүкіл айтыстың бас-аяғы теңдесі жоқ сөз қағысы, пікір соғысы, өз басы мен ру артықшылығын алға тарта сөйлеген өліспей беріспеудің ерен үлгісі. Әсіресе, екі дүлдүлдің сөз кезегін тоспай-ақ жұлып алып жауап берулері бүгінгі сөздерін «тисе терекке, тимесе бұтаққа» бағыттап, өзін де, қарсыласын да, тіпті тыңдарманын да «таңғалдырып» қоятын айтыскерлерге үйренетін-ақ үлгі. Рас, Біржан да, Сара да бұл айтыс барысында бір-бірін аяусыз сынайды, бітіспес жаудай аямай сөз қамшысын сілтейді бір-біріне, сонымен қатар, бір-бірінің биік өнерін де, өрелі ой-парасатын да, ақиық ақындық шабыттарын да мойындап, бағалап отырады. Жалпы айтысқанның бірі Сара, бірі Біржан демесең, әлгідей қара күйелі тіркестеріне қарамай-ақ қолпаштай түсетін сөз шайқасының ғасырлық үлгісі ол. Сөз реті келгесін талдап жатқаным ғой, болмаса Біржан – Сара айтысын мақтаудың да, даттаудың да тізгіні маған қалған жоқ, оған баға сұраудан да, баға беруден де алыспын. Тек бүгінгінің Біржан – Сарасының өздерін көріп, бұлақ суындай сылдыраған сөздестесіне куә бола отырып, келесі бір ұрпақтың кешегі бабалардан өте туатыны қандай керемет деген ішкі қуанышымызды ірке алмай қалған сәттің суреті ғана деп ұқсаңыздар жеңіл болар еді бізге. Шын әңгіме – кешегі бабаларымыздың кемшілігі жайлы емес, бүгінгі буынның жарқындығы жайлы, сөз – даңқты Біржан мен Сараның сарқытындай Аманжол мен Сараның айтысы жайлы. Әрі бұл айтыс сол ғасыр көлеңкесінде қалған айтыстың айнадағы заңды суреті дейтінім, екі ақынның да сол бабаларының үлгісіне сүйене отырып, соларға сиына отырып, солармен сырласа отырып, солардың жыр аманатын бүгінге жеткізе отырып толғауларында. Мысалы, Аманжолдан сөз қалып, ой жасырынған ба:
«Бұл үйде Сара болса «кірсем» деймін,
«Шықсын!» деп сөзін айтпай бабамыздың.
Біржанға айтқан сыны сол емес пе,
Айтыста сенің апаң Сара қыздың», –
деп дауылдатады.
Сара – сыр сауыты. Тұла бойында қайнаған жыр қазанының буы қақпағынан сыздықтағандай, домбырасы бебеу қағып, қазір-қазір төгіп өтер жыр нөсерінің иісінен хабар бергендей, көрермен атаулы бір сәт демсіз қалады. Домбырасын соңғы қағысына сәл қарлығыңқы, бірақ сырға толы Сара даусы қосыла жөнеледі:
«Бісміллә, ерін салып Кертөбелдің,
Жолымен Теккене мен Бөртелердің...
Солардың үлгісіндей азаматсың,
Белгісін бабалардың сенен көрдім.
Кешегі серілердің салтыменен,
Ырғалып сахнаға әрең келдің.
Сарамен сайысуға келіп тұрған
Салдардың сарқытына сәлем бердім!»
Сәлем беріп, сәлем алған соң ырғалып көп отырмай, ХІХ ғасырдағы аттас апасынша қарсыласының босаң сөзін шап беріп ұстайды:
«Келе салып төріме кіремін деп,
Қайнап тұр от секілді қыз-қыз денең.
Білесіз, баяғының серілері
Барыстай басқан ізін білдірмеген,
Қалың ел жатқан кезде шарт ұйқыда
Оятпақ түгілі итін үргізбеген,
Ал сен болсаң «кірем» деп айқайлайсың,
Айтайын сескенгенін бұл қыз неден.
Дәстүр білер ақынның бірі емес пе ең,
Қырандай тілдесетін шың-құзбенен.
Өзіңіз әп-әдемі болғанменен,
Сөзіңіз біртүрлі екен «кіргіз» деген», –
деп іліп түскен кезде көрерменге лық толған театр залы ғана емес, ен дала дүр еткендей болады. Кешегі Сара кешегі Біржанның «шықсын берісіне» «Адам ата Хауа анаға бұрын барған» деп жеңіске бергісіз тапқыр сөзін айтса, бүгінгі Сара бүгінгі Біржанға одан кем емес келісті «айып» тағады. Кешегі Біржан да бір пері, екпінімен тау құлатып, бұл түгілі «алыстан алты жастағы бала келсе алпыстағы атаның сәлем беретінін» тал етіп қармап, одан ары, өзі айтты ма, кейін айтыс үлгісін хатқа түсіргендер «айтқызды» ма, шайпау мінез көрсетіп, Сараны сөзбен шағып-шағып алады. Ғажабы – дәстүр жалғастығы үзілмеген.
Аманжол – бүгінгінің Біржаны. Бұл ақыннан қатты сөз түгілі салқын жүз көрмейсің, есесіне жауабы жау түсірердей дәл, нақты және дәлелді. Әуелі Сараға гүл сыйлағандай шоқ-шоқ шумақтарына шомылдырып алған Аманжол жауабын да кірпіштей қалайды:
«Ұрын келер бозбала емеспін ғой,
Қара түнде келгені білінбеген.
Керегеден қол созу қиын емес,
Ол үшін кінә таппа, күнім, менен.
Қызды ауылға келгенде Біржан бабам,
Ауыл түгіл, кең дала дүбірлеген», –
деп ойқастайды ол.
Аманжол бүгінгі айтыс ақындарының арасындағы бес-он сөз жаттап келіп, бірер ой сайлап алып, ары қарай сол сөздерді аударып-төңкеріп, болмаса әлгі ойлардың маңын шиырлап отырып алатын ақын емес. Кешегі Біржан бабасы да: «Ой желке, қамыс құлақ, теңбіл көкпін, тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын», – деп өз бағасын өзі бергендей, сөз дауылынан құйын тұрғызған құдірет ақын болса, оның ізін жалғаған Аманжол да анау-мынау тоспаға іркілетін тұлпар емес.
Әрі ол төрт аяғын тең тастаған жорға, дала желіне қыл құйрығын ғана сипатқан жүйрік. Сараның сөзден ұстадым деп қасын керген кінәсіне әлгідей деп қана қоймайды, қою шайға қаймақ қатқандай етіп мына шумақтарды шашудай шашады:
«Баураған Айшадайсың Қараханды,
Жолыңа қатарлайын нар атанды.
Жігітке бұл дәуренде өкініш жоқ,
Қарсы алса сұлуменен ала таңды.
Кешегі сал Біржанның бауыры едім,
Жиенқұлдан құтқарған Сара апаңды...
Бұл кім еді демей-ақ, құдаша қыз,
Жөн болар алдан шығып жүзін көрген.
Алшынбай ауылының баласы едім,
Құнанбайдың ұлына қызын берген.
Шыңғыстау мекен болған дана жұртқа,
Сарыарқа қоныс болған сан алыпқа.
Құс жолындай ізі бар ер жігіттің,
Тал бесік – жер бесіктей аралықта.
Жараймын құда десең құдалыққа,
Тұрармын аға десең ағалыққа».
Сара – ғажап. Жүйелі сөз жүрегіне бал боп тамғандай, лезде парасатты ананың шешімін қабылдап, ақылды бойжеткеннің сөзін саптайды. Әрі қандай ірілік, қандай жарасым, қандай нәзіктік:
«Ақылың өнеріңе дос деймісің,
Болмайтын жігіт едің бос кейде ісің.
Арқаның төрінен сен келіп тұрған
Мәди ме, Шашубай ма, Доскеймісің?
Ентелеп келе салып кірем демей,
Осылай сөз түйінін шешпеймісің.
Е, айтпақшы сіз құдам екенсіз ғой,
Құда болсаң шыда деп кешпеймісің
Аңқылдап Құдай қосқан құдам болып,
Есілден соққан желдей еспеймісің.
Құда болсаң есігім әр кез ашық,
Жөніңе бағанадан көшпеймісің.
Құда болсаң күндей қып күлгізейін,
Қуантып бетіңе қан жүргізейін.
Жолымен құдалықтың келе алсаң,
Кермеге ат шылбырын ілгізейін.
Қолтықтап атыңыздан түсіріп ап,
Қошеметтеп төріме кіргізейін.
Қарсы алған Біржан салды құрметпенен,
Абайдан қалған қалай жырды үзейін?
Тектілікті сақтаған ұлы Абайдың
Ұрпағы екенімді білгізейін».
Сара – дара. Енді айтысуға келген азаматтың нұр бейнесін бетіне айтпай, ата дәстүрімен, келген өлкесін, биік беделді бабаларын тізіп беріп, сол арқылы өзіменен айтысуға кім келгенін айғақтап береді қалың жұртқа. Сөйтеді де, айтыстың желісін үзбей, қазақы мінез, қазақы қонақжайлық, қазақы табиғат танытады. Ең кереметі, бұл шумақтардың соңын да сезімі бар жүректі дір еткізетін екі жолмен түйіп тастайды:
«Білуші ем жігітке сай ерлігіңді,
Ең басты қонағымсың сен бүгінгі.
Екі-үш күн уақыт болса қонақ болып,
Байқаңыз қазаққа сай кеңдігімді.
Ұйықтағанда домалап жүрмейсіз бе,
Қаңбақтай маған қарай желді күнгі?
Құдашадан құр қалмас ойың бар-ау,
Сара қыз түп төркінін енді білді.
Құда жігіт әдептен аспасын деп,
Ортамызға тастайын белдігімді».
Аманжол – арда ақын. Бүгінге дейін Аманжолдан сөз қалғанын көргенім жоқ. Ойы мен сөзі домбыраның қос ішегіндей өрілген өр үнді ақынның «сыйға сиы, сыраға балы» әрқашан дайын. Ол ерекше желпініп Сара туған топырақты, сол топырақта өнген-өскен танымалдарды мөлдірете тізіп берген соң қыз бен жігіт айтысының бір сәт қолдан шықпаған жібек жібін саумалай тартып, алтын алқадай жыр жолдарымен тыңдарманын естен тандырып, жанарын тұманға орап жібереді:
«Алтайдың марал шығар орманынан,
Арқаның арлан шығар жолдарынан.
Жалыны жүрегімді шарпи ма екен,
Сараның бір ұстасам қолдарынан?
Ортамызға тастайтын белдігіңіз
Қытайдың қиын болды-ау қорғанынан.
Жігіт ем арғымағын жетелеген,
Айтпаймын сұлу қызға бекер өлең.
Қасыңа ақ жеңгеңді шақырып ал,
Қонуға қорықсаңыз жеке менен.
Байлаулы қол-аяғым жатса-дағы,
Домалап қызға қарай кете берем».
Қарап отырып сезім тұңғиығына сүңгисің де қайта шыға алмайсың. Шыққың да келмейді. Осы айтылғандарды түсіне алған, сөзіне емес, сезіміне шомыла алған жанда арман бар ма екен?! Дәл соны айта алған, дәл соны түсіне алған ұлттың ұл-қызы болудан асқан бақытты тауып бере алар ма еді бөтен біреу?!
Сара – сұңғыла. Аманжол ақынның ойнақшыған сөз қағысуын тез қағып алып, оны өз демімен дуалап, өзіне қайта жолдайды. Ол жауап қандай қылықты, қандай жарасымды:
«Шабытың сыймай отыр кенереге,
Қонсын деп айттым екен неменеге?..
Домалап қызға қарай кетем дейді,
Қарай көр ағамдағы делебеге.
Әдейі белдігімді қоям дегем,
Сүйеніп ата дәстүр, өнегеге.
Домалайтын болсаңыз маған қарай,
Қолыңнан байлап қоям керегеге».
Ой соңын одан да тереңдетіп, қазақ дәстүрінің ана сүтімен бойға бітер құдіретінің тағы бір тармағын қосып жібереді жүйрік ойына:
«Шырағын жеңгелерім жағып тұрар,
Шолпысын бұрымыма тағып тұрар.
Қасымда жеңешем бар, байқа, құда,
Әр басқан қадамыңды бағып тұрар».
Сөйтеді де сөз соңын әзілмен түйеді. Мәні де маңызы мол әзіл. Іле әзіліне назын қосады:
«Өткен жолы айтыста, есіңде ме,
Алатауға қыдыртам дегеніңіз?
Алма теріп беремін деп едің ғой,
Қытайдың алмасы әзір жегеніміз».
Бұл жеке бастың назы емес, осы төрт жол өлең айтыс арнасын қоғамдық, әлеуметтік арнаға бұруға тиек болғанын оза шауып жарияласақ та жарасар.
Аманжол – алтын жал жүйрік. Сара салған салмақтың бәрін көтеріп, бәрінен шығар жол табады. Өзге әзілдерін оқуды оқырманның өзіне қалдырғанда, әлгі жеңгесін көлденең тартқан Сараға жауап ретінде:
«Қасында құдашаның жеңгесі бар,
Келмесең, Жүрсін аға, болар емес...
Ініңнің басындағы сері дәурен
Өзіңдей ағалардан қалған ғұрып.
Сара мен екеумізге бөгет болар,
Жеңгесін ап кетіңіз алдандырып», –
деу арқылы сұлу қыздың сылтауы – жеңгесі болса, өнерлі жігіттің сыр бөлісер ағасы барын білдіріп, ұлт ұлағатының өзгеден табылмас ұшы-қиырсыз өнегесінің тағы бір өрелі тармағын ұсынады.
Сара салған сауалға жауап екі арнамен беріледі. Бірі − дәл сол кезеңде қазақ қоғамын дүр сілкіндірген оқиға – қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың және оның тағдырлас достарының өліміне байланысты ақын айыптауы:
«Тау жақта «арыстандар» көп дейді ғой,
Бізді де атып кетпесін абайсызда».
Осы жарты шумақ, түсінген жанға, оқтан да ауыр. «Оқ жарасы жазылып, сөз жарасы жазылмаса», осыны оқыған қандықолдар мейлінше ауыр ақын жазасын алғанына дау жоқ. Жауаптың екінші желісі одан жеңіл емес. Ол да қазақ қоғамындағы жегі құрт − жең ұшынан жалғасқан заңсыздық атаулының басына жыр жебесін қадайды:
«Жұлқынып ұмтылғанмен алға бекер,
Алма терем дегенім арман екен.
Алма бақтың барлығын күреп тастап,
Орнына бір-бір вилла салған екен.
Көздің жауын алатын алма бақтар
Ресторан, казино боп қалған екен», –
дейді Аманжол. Ақын айтарын айтты. Ендігі жауап ел болам деген халықтың естілерінде.
Сара – сыршыл ақын. Айтыстың нүктесін қояр қайырманы да Аманжолдың сөз-қылығына сүйеп сөйлейді:
«Көңілің неге, аға, мазаланды,
Қойсаңшы пердеме көз қадағанды.
Жүрсін аға, көмекке келіңіз деп,
Мазалап отырсың-ау әз адамды.
Жеңгемді айтсаң намазы бұзылады,
Азғырмай тыныш отыр қажы ағамды», –
дейді.
Сөйтеді де, той иесінің бүкіл қазақ қол соғар қасиет-қарымын даралап келіп, кеудемізде күй тартқызып, ән айтқызған осы бір қимас айтыстың соңғы қоңырауын қағады:
«Аманжол, ағатайым, сен де аман бол,
Қимайды өзіңіздей өренді ешкім.
Қазақтың тұлғалары аман болса,
Қытайдың алмасын жеп мен өлмеспін», –
деуі – бұл күнгі нағыздар сөз қағысының даусыз нүктесі. Осы төрт жолмен Сара қыз қоғам жарасына да дәрі жағады, азаматын да арашалайды, ел тұлғалыларына қайраткерлік білек те тілейді.
Аманжол – абыз. Сараның саралаған тақырыбын іліп алып, ірілерше той иесіне інілік құрмет шашуын шашып, ақындық ақ батасын арнайды:
«Таңдадың таланттарды іздеп елден,
Үлгілі өнегең көп бізге берген.
Талшыбық ақындарың орман болды,
Ағасының нұрымен гүлдеп өнген.
Өзіңді, ұрпағыңды көгертеді
Қалың елдің батасы сізге берген.
Айтысты өркендетіп, жүргізе бер,
Жамбылдай шал болғанша жүзге келген!» –
деп түйеді тау талант ақын.
Осы бір сегіз жол өлеңде өз еңбегіне баға іздеген пендеге молынан жетер мақтау да, құшаққа толар құрмет те, тегеурінімен тауға шығарар тілек те бар. Қазақ қоғамының абыздары ХХ, ХХІ ғасырларда өнерлі өреніне «Жамбылдай бол, жүзге келден» қымбат тілек те таппасы әмбеге аян. Аманжол абыз сөз түйінін де дәл осылай ғасыр шалындай шудалай бітіреді.
Сара – сағыныш. Ақын қыз сол сағынышын ақындық құдіретпен біздің кеудеге де егеді. Ел соңғы бас изер сәттегі оның:
«Аманжол – Сара болып біз айтыстық,
Біржан – Сара сап кеткен жарқын ізбен», –
деген екі жол өлеңі сүт орнына сөз емген әр жанның жан дүниесін төңкеріп тастайды. Әуелден бұл Аманжол – Сара айтысы деп қабылдап отырған көңіл терезесі кеңірек ашылып, осы сарайдағы бір уыс тыңдарманның тарихи Біржан – Сара айтысына куә болғаны тағы бір айғақталды.
Әрі ғасыр өткізіп барып туған Сарасы қандай?! Біржаны ше?! Мұндай жарасым қанша іздесең табылмас, қос ақынға қанша қарасаң көз тоймас, ол жайлы қанша айтсаң тіл құрышы қанбас. Оларды көруге көз, тыңдауға кеңсарай кеуде, бағалауға бағлан жүрек қажет. Біз бұл жазумен Аманжол және Сара ақынды ашып отырған жоқпыз. Ол екеуі де қазақтың айтыс өнерінің көгіне ілінген жарық жұлдыздары болғалы қашан. Біз тапқан қазына – сол жұлдыздардың жарығына ілесіп жүріп, ғасыр қойнауында қалған құдіретті жыр үлгісінің үстінен түскеніміз. Сонау ХІХ ғасырда болған жыр сайысы тыңдарманына қайта оралып соқты. Халқының мәңгілік сүйген ұлы мен қызы атанған Біржан мен Сараның жарқын бейнелерін, одан да жарқын жыр үлгілерін жаңа ғасырда жаңғыртқандар – Жаратқанның өзі Біржаны мен Сарасын сағынған халқына Аманжол мен Сара бейнесінде құлпырта сомдап, қайта ұсынған қос ақыны еді. Олар солар. Олардың өзі емес деп кім айтады, кәне?!
Ал тілге тиек болған бұл айтысты кезінде сол сарайда отырып-ақ шағын үнтаспаға түсіріп алып, бүгін өзінің сол Қожанасыр тірлігіне тәубе етіп отырған жырсүйер пенде, қаламгер, спортшы – Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ.
Жалғасы бар...
Abai.kz