Сейсенбі, 25 Ақпан 2025
Әдебиет 139 2 пікір 25 Ақпан, 2025 сағат 10:16

«Әдебиет деген – канондарды бұзу...»

Сурет: Сәкен Сыбанбайдың жеке мұрағатынан алынды.

Кеше ғана дүниеден озған қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабеков – қашанда өз пікірін бүкпейтін, ашық айтып, ашық жазатын кісі еді. Мен ол кісімен ресми болсын, бейресми болсын көп сұхбаттастым. Сол сұхбаттарда талай әңгіме айтылды. Сондағы ағаның кей ойларын түйіп, жинап қойып едім – оқырман қауымға ұсынайын.

– Кез келген тақырыпты ести сала жазу – кемшілік, оны пісіріп, кілтін таба білу керек. Менде де талай тақырып тұр. Соларды жазып, көрерменді жылатуға да болады. Бірақ мәселе онда емес. Ең бастысы – оқиғаны екшей білу. Ал қазіргі көп пьесалар – драма емес, сахналық поэзия. Оны пьеса деп беру – қателік! Мұны драматургияға қарсы жасалып жатқан әрекет деп есептеймін.

– Біз «капитализм келді, нарықтық экономика табалдырықты аттады, енді таза әдебиет қана шығып, «халтура» тоқтайтын болады» деп ойладық. Қазір таза әдебиет тасада қалды да, арзанқол дүние алға шығып кетті. Содан кейін біздің оқырман шатасып жатыр: «Осы бір кітапты оқиыншы» деп сатып алса, болмайтын бір дүние болып шығады. Ал жақсы кітаптар бар болғаны 2000 данамен тарайды. Ол кімге жетеді? Содан кейін «халтуралар» жақсы кітаптардың алдын орап, жарнаманы да солар иеленіп жатады.

– Бала кезімізде «қызық кітап» іздеуші едік қой. Қазір оқырманға сондай «қызық кітаптар» керек. Мәселен, бір оқиғаны 10 адам бірдей көруі мүмкін, бірақ соның ішінде сол оқиғаны қызықтырып айта алатын бір адам болады. Жазушылық деген – шеберлік. Майын тамызып, қызықты етіп жеткізе білу, оқыған адам сол шындықтан бір ғибрат алатындай, көкейіндегі сұраққа жауап табатындай, бей-жай қалмайтындай жазу қажет. Оқырманның көкейіндегісін дөп басып тауып, ол «түу, бұрын мен мұны қалай байқамағанмын?» дейтіндей болуы керек. «Мен де осылай жазып, айта алатын едім ғой» дегізсе, ол – шығарманың шыншылдығы, шынайылығы. Ал соны өзің тыңнан жазып көрші. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Шыншыл әдебиет, суреткерлікпен жазылған шығарма өміршең болады. Қандай шындық болсын, егер шебердің қаламынан шықпаса, құнсыз, жансыз күйінде қалады.

– Жазушылар одағына жеті жүз ақын-жазушы мүше дейді. Солардың көпшілігін мен танымаймын да. Оның ішінде менің құрдастарым да бар. Атын естімегем. Көбісі – зейнеткерлікке шығып барып, жазушы болған ғой. Онда да жергілікті тақырыпты жазып. Тіпті кейбірі өздерінің жерлестері туралы жазатын болды. Руының шежіресін зерттеп, немесе кездейсоқ аудармалар жасап, жазушы болғандар да бар. Олар әдебиеттің домна пешінде қайнамаған, әлі руда күйінше қалып отыр. Жазушылардың көбейіп кеткендей көрінуі содан. Әйтпесе әлдебір оқиғаға байланысты жазушылардың тізімін жасайын десем, өз басым жиырма-отыздан асыра алмаймын.

– «Гауһартас» хикаятының желісімен кино түсірілгенде қиналғаным сонша, «әй, енді киноға жоламаспын» деп едім. Ол кезде фильм түсірудің сан-сапалақ қиындығы, адамның ойына келмейтін күлкілі кедергілері болатынын қайдан білейін. Бір ғана монтаждың машақатының өзі жас авторды әп-сәтте қартайтып жіберерліктей. Одан басқа сценарная коллегия, Госкино, ЦК дегендер бар. Олардың әрқайсысының қырық түрлі пікір айтатын (енді... білгірлігін танытуы керек емес пе?) қырық «уәзірі» болады екен. Содан ал кеп талқылау, түзету, өзгерту басталды. Әуелі бас кейіпкер – Ыбыштың аты өзгертілді. Орысша айтқанда ыңғайсыздау бейәдеп сөзге ұқсап кетеді дегесін, оны «Тастан» деген есіммен алмастырдық. Сосын кейіпкердің мінез-құлық, болмысына түзету енгізілді. Ол кездегі шығармаларда бас қаһарман үнемі қоғамдық жұмыстан қолы тимей жүретін белсенді күрескер болуға тиіс еді. Сондықтан да әлгі «уәзірлерге» Тастанның жеке қойшылығы ұнаған жоқ. Олар қайтсе де кеңестік коллективизмнің артықшылығын көрсетуге тырысып, ақыры комплексная бригада деген бәлені сценарийге күштеп енгізді. Сөйтіп, әлгі... естеріңде шығар, киіз үйдің ішіндегі жиналыс көрінісі пайда болды. Режиссер марқұм Шәріп Бейсембаевтың да оны түсіргісі келген жоқ, бірақ оны енгізбесе, фильм мүлде түсірілмей қалар еді. Әлі күнге теледидардан тамашалап отырып, сол көрініс бастала бергенде темекі тартуға балконға шығып кетемін. Көргім келмейді...

– Ешқандай жүлде алмаса да, түсірілуі мен техникалық жағынан кемшілігі болса да, қазақ үшін «Қыз Жібек» қымбат. Қазақ өз өмірін экраннан көрді. Бізге «Оскарды» бермейді, ешқайсысы дәметпей-ақ қойсын. Қалған-құтқан бірдемелерді ұстата салатын шығар, бұлар соған мәз боп жүреді. Мылқау, тамдары құлағалы тұрған, көрген адамды өмірден түңілдіріп жіберетін, әбден тозып біткен, кружкамен арақ ішетін әйелдер, базардағы будканың ішінде секспен айналысатын жігіттер – Құдай-ау, осындай ұлт бола ма? «Шынайы өмірді көрсетеміз» дейді де, біздің режиссерлер әбден құрып біткен жерлерді іздеп жүреді. Жарайды, жаманымызды жасырмай-ақ қояйық, бірақ бүтін қазақ ондай емес қой!

– Тарихи фильмдерді көріп отырып, «бұ қазақтарда жаздық киім болмаған ба?» деп ойлап қаласың. Менің «Тіршілік» хикаятым бойынша түсірілген Ұлжан Қолдауованың «Тауқымет» картинасын алыңыз. Жаз мезгілі, алтыбақан тебіліп, ақсүйек ойналып жатыр. Кейіпкерлер болса басына құлақшын, үстіне күпі, аяғына саптама етік киіп жүреді. Өлді ғой сорлылар, биттеп-құрттап!

– Қазір шындықты айтатын адам аз. Жағымпаздардың, үндеместердің бүтін бір буынын қалыптастырып жатырмыз. Жазушыларымыз да «мен емес, басқалар айтсын» деген ұстанымға көшті. Егер бір мақала жазып, ащылау сөз айтсаң: «Сен айтпағанда кім айтады?» деп жорта көтермелеген болады. «Өзің неге айтпайсың?» десең, «Мені кім тыңдайды?» дейді. Олар өздерін солай үйретіп алған, өз үнін өздері өшіріп алған.

– Бізде театрға баратын көрермен мәдениеті төмен. Дамыған елдерде театрға адам авторға, режиссерға, актерға бола барады. Бізге бәрібір, әйтеуір үйден шығып кетсек болды. Театрда отырып алып, телефонмен сөйлеседі, балалар жылап жатады, біреулер кешігіп келіп, енді біреулер ортасынан шығып кетіп жатады. Шеттен келгендер «Мына елге театр керек пе өзі?» деп қалатындай жағдай. Англиядан келген қонақтарды театрға апаруға қатты ұялдым.

– Біздің театрларда талай пьесам қойылды. Шүкір. Бірақ бізде автормен санасу деген жоқ, тексті алады да, нағыз керек жерлерін қиып алып тастайды. Мүмкін, мен ол туындыны сол екі-үш сөз үшін жазған шығармын? Петерборда бір пьесам қойылды, сонда режиссерлер «бір сөзді алып тастасақ қайтеді?», «мына сөзді былай өзгертсек деп едік...» деп күнде хабарласады. Мәдениет деген сондай болуы керек.

– Оқу – рухани оттегі. Оқуды тоқтатқан адамның шығармашылық өнері де тоқырайды.

– Кейде мен өзімді өз ойларымның секретарь-машинисткасы сияқты сезінемін.

– Қазір жұлқынып көзге түсіп жатқан шығармалар аз. Техникалық жағын жақсы, аздап ойы бар, сезім бар, бірақ дүрліктіретіндей проблема, образ, таң-тамаша қалатындай оқыс оқиға, сюжет, характер жоқ. Әдебиет «ненормальный» болуы керек, әдебиет деген – канондарды бұзу, бұрынғы сезімдерге басқаша көзбен қарау. Мен студенттерге үйге тапсыра беремін. Ескіше жазады. «Біз секілді жазбаңдар, мен түсінбейтін бірдеме жазып әкеліңдерші. Біз бірінші курста ғашық болып, төртінші курста үйленетін едік. Қазір бірінші курста ғашық болып та, үйленіп те, ажырасып та үлгереді. Осының себебі неде? Осыны жазыңдаршы» деймін. Олар баяғы бізше жазады, ұзақ баяндау көп. Бұл – драматургия емес.

– Мен кітапты екіге бөлемін. Бірі – баспадан жай ғана шығатын, екіншісі – дүниеге келетін кітаптар. Мысалы, мына үстел үстінде телефон анықтамалығы мен Құран кітабы қатар жатыр. Анықтамалық – өркениет, Құран – мәдениет. Былай қарасаң, екеуі де – кітап. Біз қазір осы екеуін теңестіріп қойдық. Осыны саудаға салсаң, телефон анықтамалығы тез өтіп кетіп, Құран жатып қалуы мүмкін. Соған қарағанда Құран кітабы бәсекеге қабілетті емес-ау. Қазір «жазсаң, бәсекеге қабілетті, өтімді кітап жаз» дейтіндер шықты ғой. Біз қазір не құнды, не құнсыз – ажырата алмайтын халге жеттік.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір