Ғайыпқа иман келтірудің маңыздылығы
Ислам дінінің басты ерекшелігі – ғайыпқа сену. Яғни, көзімен көрмеген нәрсесіне шын жүректен илану деген сөз. Алланың өзіне және Оның елшісі Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у.) нәзіл болған иләһи үкімдерге, әкелген хабарларына күмәнданбастан сенумен жүзеге асады.
Жаратушы Раббымыз: «Сондай олар көмеске (ғайыпқа) иман келтіреді», -деп шынайы момындардың кәміл иманы туралы баян етті. Демек, адамдардың көзге көрінетін барлық нәрсеге сенуі әсте оңай. Бірақ, көзге көрінбейтін нәрсеге сену әркімнің қолынан келе бермесі анық.
Исламның әуелгі шарты – иман келтіру болса, толық иман келтіру жеті тармақ арқылы жүзеге асады. Алла Тағалаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, Пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырдағы жақсылық пен жамандықтың тек қана Алладан екендігіне және өлгеннен кейін қайта тірілудің бар екендігіне сену аталған жеті тармақ болады.
Иман сөзі – сену мағынасында болса, осы айтылған тармақтың барлығы дерлік біздер үшін ғайып саналады. Демек, ғайыпқа иман келтірудің маңыздылығы – мұсылман адам үшін бірінші орында тұруы тиіс.
Бәзбіреулер «ол жаққа кім барып-келіпті, бұл айтқандарың ертегі немесе қиссаға көбірек ұқсайды»,- деп айтатындар да көптеп кездеседі, ғайыпқа иман ете алмайтындар турасында Алла Тағала: «Күнәһарлардың, Раббыларының жанында бастарын иіп: «Раббымыз! Көрдік, естідік, енді бізді (дүниеге) қайтар, ізгі амал істейік. Рас сендік дегендерін бір көрсең!», - дейді.
Егер де ғайып деген нәрсе жоқ, болғанды біздер оны міндетті түрде көруіміз керек еді дейтін болсақ, расында адам баласының көру мүмкіндігінен тыс қаншама әлемдер, электр тоғы, ауа, адамның ақылы, сезімі, ойлау қабілеті т.б.с.с. бәрі ғайыпқа жатады, алайда мұның бәрін ешкім жоққа шығара алмайды.
Бірақ, аталған ғайыптардың бұл мәселеге қатысы жоқ екендігін айта кеткеніміз орынды болар. Өйткені, мұндай дүниеге сену иманға жатпайды, бәлки, иман шарттарына сену арқылы ғана мұсылмандығымыз кәміл болмақ.
Жаратушы Иеміз «Бақара» сүресінің 3-ші аятында: «Олар ғайыпқа иман келтіреді» ,-деп мұсылмандардың басты ерекшелігін атап өтеді. Ғайып – сезім мүшелермен яғни, көру, есту, ұстау, иіскеу, дәмін тату немесе есеп, тәжірибе арқылы анықталмайтын, түсінілмейтін нәрсе деген сөз.
Атақты Имам Раббани (р.һ.) былай деген: «Ақыл және қиялымыз Аллаға жақындай алмайды. Еш нәрсеге ұқсамайтын және ақылмен де түсінілмейтін жаратушыға, ғайып жолымен сенуден басқа шара жоқ. Өйткені, көріп, ойлап сенуге тырысумен иман болмайды. Ол өзінің ойдан құрағанына сенген болады, ал бұл иман емес.»- деген.
Алла Тағала әу баста адам баласын мына дүниеге сынақ үшін жіберіп, Өзін тануға талпыну арқылы құлшылық жасау үшін жаратпады ма, барлық көместі көзге көрсетіп, емтиханның жауабын алдын-ала беріп қойса, оның несі сынақ болмақ?! Сол себепті де, мына дүниеде сынағынан сүрінбей өткен тақуа құлдарын мадақтап, олардың ерекшеліктерін айтқан кезде олардың ғайыпқа сенгендігін білдіреді және Пайғамбарымызға: «Шын мәнінде сен, үгітке еріп, Рахманды көрмейақ қорыққан кісілерге ескерте аласың. Алланың жарылқайтынын ең жақсы сауап (берілетінін) айтып, қуанышты хабар бер», -деп сүйіншілейді.
Алла Тағала баршамызды шынайы иман еткен сүйікті құлдарының қатарында болуымызды нәсіп етіп, таразыда сауабымызды басым қылғай!
Сұңғат Саметов,
Ақтөбе қаласы, «Қайырқожа» мешітінің имамы
Abai.kz