Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3519 0 пікір 13 Шілде, 2009 сағат 20:34

Амангелді Айталы. Адамзат діндер арасындағы диалогқа қатты зәру

 

 

Осы аптада күллі әлемнің назары Астанада өтіп жатқан  әлемдік және дәстүрлі діндердің съезіне ауды. Бұл жиынның адамзатқа, соның ішінде Қазақстанға берері қандай? Біз осы сұрақ төңірегінде Қазақ гуманитарлық заң университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Айталымен әңгімелескен едік. Әңгіменің съездің қарсаңында болғанын қаперіңізге саламыз.
Діндер қақтығысы һәм әлемнің болашағы

Батыстың белгілі ғалымы Самюэл Хантингтон өзінің «Өркениеттер қақтығысы» деген кітабында «Дүние жүзіндегі екі лагерьдің бірі - Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлемде екінші бір қарама-қарсы күштер пайда болды, ол - діндер, өркениеттер қақтығысы, дәлірек айтсақ, христиан діні мен ислам дінінің арасындағы қақтығыс. Болашақта адамзат тағдырын осы екі діннің арасындағы диалог шешеді»  деген пікір айтады.
Әрине, бұл пікірмен келісуге де, келіспеуге де болады. Бүгінгі саясаткерлер бұндай байламды мойындай бермейді. Бірақ та әлемдегі діндердің арасында күрделі мәселелердің бар екенін жасырмайды. Өйткені бұл көзге көрініп тұрған дүние. Оны мемлекет басшыларынан бастап қарапайым адамдарға дейін сезіп, біліп отыр. Иудаизм, будда діндерінен гөрі ислам мен христиан діндерінің ортақ мәмілеге келуі әлемнің тағдырына оң әсер ететіні бүгінде әмбеге аян. Сондықтан  Астанада үшінші рет өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндердің съезінің маңызы өте үлкен.
Бұрын Кеңес өкіметі мен Батыс мемлекеттерінің арасында идеологиялық, экономикалық бәсеке болғанымен діни алауыздық болған жоқ. Өйткені КСРО -дінсіз мемлекет еді. Ол құлап, социалистік жүйе ыдыраған соң көптеген халықтар өз діндеріне оралды. Ислам, христиан һәм басқа да діндердің жаңа күш-қуат алатын кезі келді.
Жалпы, ислам мен христиан діндерінің арасындағы тәжіке бүгін басталған жоқ. 1979 жылы Иранда Аятолла Хомейнидің АҚШ-қа ашық қарсы шығуы бұл ислам діні мен мәдениетінің Батысқа деген қарсылығының үлкен көрінісі еді. Бірақ ол кезде бұл қарсылық әлемдік сипат алады деп ешкім ойлаған жоқ.
Сол тұста әлем мемлекеттерінің коммунизмнің де жай ғана таптық мәдениет екеніне көзі жетті. Барлық діндерді ығыстырып оны коммунистік идеологиямен ауыстырғысы келетінін пайымдады.  Батыс пен социалистік елдерден біржолата түңілген мұсылман мемлекеттері енді әлемге өз мәдениеттері мен салт-дәстүрлерін үлгі ретінде ұсына бастады.
1980 жылы КСРО-ның Ауғанстанға басып кіруін мұсылмандар елге өзге діннің кіруі деп есептеді.
1990 жылы АҚШ-тың Кувейтке байланысты Иракқа соғыс ашуын да мұсылман мемлекеттері жаратқан жоқ.
2001 жылы 11 қыркүйектегі қаралы оқиғадан кейін АҚШ-тың сол кездегі президенті Джордж Буш  «бұл - үшінші дүниежүзілік соғыс» деп жариялағаны мәлім. Тіпті ол басында «крест жорығын» жариялаймын» деп қалып, артынан кешірім сұрады. Ол сол тұста дүниені екіге бөліп тастады. «Біріншісі - ислам, бұл діндегілер терроризмді қолдайды. Екіншісі - біз, өркениет таратушылармыз» деп соқты. «Бізді қолдамайтындар - біздің жауларымыз!» деп мәлімдеді. Бұл мұсылман мемлекеттерін ызаландыра  түсті. Шынында да ол мұсылмандардың емес, экстремистердің әрекеті еді ғой. Ал экстремист - мұсылман бола алмайды. Сол оқиға кезінде бұл зұлымдық әрекетті ең алдымен мұсылман мемлекеттері қатты айыптады.
2001 жылы Ауғанстанға, 2002 жылы Иракқа АҚШ-тың басып кіруін мұсылман мемлекеттері христиан дінінің басымдығын көрсету үшін жасалып жатқан әрекет деп есептеді. Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыста Құрама Штаттардың еврейлерді ашық қолдауы да жағдайды ушықтырып отыр.
Мұсылман мемлекеттерінің Батыс елдерін, соның ішінде АҚШ-ты ұнатпайтын тағы себебі бар. Өйткені олар бұрынғы араб, мұсылман мемлекеттерін отарлаушы елдер. Мұсылмандар өздерінің табиғи байлықтарына әлі де толық ие бола алмай отыр, яғни бұрынғы отарлаушылардың зардабынан басы бүтін құтыла қойған жоқ.
Жаһандану мәселесіне де мұсылман мемлекеттері үрке қарайды. Жаһандану дегеніміз не? Америкалықтар бұны бүкіл әлемді америкаландыру деп ашық айтып жүр. Яғни дүниежүзі халықтарын Американың демократиялық стандартына, Американың мүддесіне ыңғайландыру деген сөз. АҚШ бұл мәселеге үлкен мән беріп отыр. Бір ғана мысал -  жер жүзіндегі БАҚ өнімдерінің 75 пайызын  америкалықтар шығарады. Яғни америкалық идеология, америкалық дәстүр, америкалық мәдениет кең насихатталып жатыр.
Америкада 1,5 миллионға жуық шетелдік жастар білім алып жатыр. АҚШ-тың  бір профессоры былай деді: «Кім біледі, менің алдымда болашақ бір елдің президенті отырған шығар. Сондықтан мамандар даярлау барысында біз олардың санасына америкалық идеологияны сіңіре беруіміз керек. Ертеңгі ұрпақ америкаша ойлап, америкаша өмір сүруі керек».
Бұндай байлам әлем елдеріне, әсіресе, мұсылман мемлекеттеріне, әрине, ұнамайды.
«Еуропа халифаты», бір жыныстық неке һәм демократия
Демократияның отаны - Еуропа. Оған дау жоқ. Еуропалықтар мұсылман елдері батыстың мәдениетін қабылдамай мәдениетті, өркениетті ел бола алмайды деп есептейді. Мысалы, қазақ пен түріктің жаңа туған балаларды атастырып, «бесік құда» болатын дәстүрі олар үшін - жабайылық…
2003 жылы мен Парламент Мәжілісі депутаты ретінде Брюссель қаласындағы «Адам құқығы және діни наным-сенім туралы» деген тақырыптағы конференцияға қатыстым. Сонда бір кезде Қазақстанда да жұмыс істеген Американың белгілі ғалымы, протестанттық дін өкілі Дур Хэм былай деді: «Қазір тәуелсіздік алған мемлекеттер жаңа дін таңдап, өркениетке қол созып жатыр. Сондықтан біз оларды протестант дінінің аясына тартуымыз керек. Протестанттық - еңбекке баулитын, нарықтық экономикаға бейім дін».
Енді «протестанттық - нарықтық экономикаға бейім дін» деген сөзге назар аударалықшы. Нарықтық экономиканың әліппесін енді меңгере бастаған елдердің халқының санасына әсер ететін-ақ сөз емес пе?
Сол конференцияда мен шығып сөйлеп, КСРО шеңберінен шыққан елдердің ата-бабалары ұстанған дінмен табысып жатқанын айттым. Олардың біразы мұсылман мемлекеттері екенін, ислам дінінің де еңбекқорлыққа баулитыны жөнінде нақты деректер келтірдім. Әлемде ислам экономикасының, өсімқорлыққа жол бермейтін ислам банктерінің бар екенін еске салдым. Мені сол жерде Египеттің, Тәжікстанның, Украинаның, Белоруссияның өкілдері қызу қолдады.
Жалпы ХХ ғасырдың соңы, ХХІ ғасырдың басында Батыстан түңілу басталды. Өйткені Батыс әлемге үлгі бола алған жоқ. Батыс елдеріндегі порнография,  жезөкшелік, жалғызбастылық, бір жыныстық неке секілді адамның іштей азып-тозуына алып келетін әрекетке мұсылман мемлекеттері жиіркене қарайды. Олар бұндай демократияны мүлдем қабылдай алмайды.
Бельгияға депутат ретінде екінші рет барғанымызда мынадай бір оқиғаның куәсі болдық. Бір қаланың губернаторының қабылдауынан шығып келе жатқан кезімізде сол ғимараттың екінші бір жағында жұрт ду қол соғып, әлденеге мәз болып жатты. Елеңдеп қалғанымызды аңғарған бельгиялық депутаттар бізді сонда бастап алып барды. Сөйтсек, екі еркек бір-бірімен некелесіп жатыр екен. Әлгі шу солардың қуанышын бөліскендерге тиесілі болып шықты. Біз төбемізден жай түскендей әсер алдық. Ал бельгиялық әріптестеріміздің пікірінше, бұл адам құқын сыйлау, яғни демократияның ұлы көрсеткіштерінің бірі екен.
Жоспар бойынша біз губернатормен кездескеннен кейін жергілікті дінбасымен  жүздесуіміз керек еді. Священникке сол есімізден танған күйімізде жеттік. Алғашқы сұрағымыз да әлгі неке жөнінде болды. Сонда ол терең күрсініп: «Біз осы заң жобасын қабылдарда қарсы болдық, бірақ басқалардың дауысы басым шықты. Бұл - азғындық! Сіздер өз елдеріңізде бұндай заңның қабылдануына жол бермеңіздер» - деді.
Ал енді осындай «демократияны» мұсылман елдері қабылдай ала ма? Әрине, жоқ!
Неміс социологтарының жүргізген зерттеуіне үңілсек, қазір Еуропада 20 миллионның үстінде тіркелген, тағы 10 миллиондай тіркелмеген мұсылман бар екен. Болашақта олардың  саны бұдан да өседі. Өйткені еуропалық әйелдер бала тууға аса құлықты емес, сондықтан бұл елдердегі адам саны жұмыс іздеп келген  мұсылмандардың есебінен  көбейіп отыр. Демек, «баланы туу-тумау әйелдің еркі» дейтін демократиялық көзқарас Еуропаның түбіне жеткелі отыр. Яғни әйелдің дүниеге бала әкелуі - жеке бастың мәселесі ғана емес, мемлекеттің де негізгі ұстындарының  бірі екен.
Бельгиялық бір депутат бізге Брюссель қаласындағы ең жиі кездесетін есім - Мұхаммед екенін айтты. Оның пікірінше, егер осылай кете беретін болса, Еуропа - Еуропа емес, Еуропа халифаты болуы мүмкін. Өйткені мұсылман әйелдері  бала тууды шектеп отырған жоқ. Ал әрбір еуропалық үш әйелдің  екеуі  баланы некесіз тауып отыр. Олар ер жеткесін әкем қайда деп сұрайды. «Өліп қалды» десе «моласын көрсет» дейді. Көрсете алмаса «Мені жолдан таптың. Демек, сен - жезөкшесің!», - дейді екен. Қазір осындай тенденция бар.
Содан соң әрбір еркек өз қанынан жаралған ұрпақтың болғанын қалайды. Бұл - адами сезім. Жеке басының мүддесін жоғары қоятын, жас кезінде мансап қуып, «өзі үшін өмір сүретін» еуропалық әйелдердің көбі, жоғарыда айтқанымыздай, бала табуға құлықты емес. Сондықтан еуропалық еркектердің арасында мұсылман әйелдеріне үйлену де үрдіс болып бара жатқан сықылды. Демек, әлгі бельгиялық депутаттың қаупі де негізсіз емес.
Қазір Еуропада мұсылмандардың құқығы туралы  әңгіме жиі қозғала бастады. Мысалы, қазір Парижде әйелдердің орамал тағып жүруі төңірегінде дау болып жатыр. Мұсылмандар «әр мұсылманнан терроршы іздеуді қойыңдар!» десе, Батыстың зиялы қауымы арасында «біз жұмысқа шақырған екенбіз, олардың құқығын сыйлауымыз керек» деген пікірлер де айтыла бастады.
Жалпы, Батыс зиялылары мұсылман елдерінде өздерінде бар жалғызбастылық, дүниеқоңыздық, жезөкшелік секілді індеттердің жоқ екенін көріп отыр. Сондықтан да олар ислам мәдениетіне құрметпен қарай бастады.
Әлемдік отбасы дағдарысы және әлеуметтік теңсіздік
Жоғарыда айтқанымыздай, әлемде отбасы мәселесі үлкен дағдарыста. АҚШ-та әрбір 1000 отбасыға шаққанда 4,7, Украинада 4,0, Ресейде 4,5, Эстонияда 3,1 Финляндияда 2,7, Қазақстанда 2,9, Өзбекстанда 0,8, Әзірбайжанда 0,7, Тәжікстанда 0,4 пайыз  ажырасу бар. Көріп отырғаныңыздай, мұсылман діні орныққан елде отбасы берік. Ал Батыс елдеріндегі жағдайды әлгінде айттық. АҚШ-та қазір балаларын  әкесіне тастап кететін  әйелдер көп екен. Бұл елде бүгінде «жалғызбасты әке» деген ұғым кең тарап бара жатыр. Өкінішке қарай, ішінара бізде де бұндай жағдайлар кездесіп қалады…
Әлемде 1 млрд. 300 млн. адам қайыршылық деңгейде өмір сүріп жатыр. 1 млрд. адам кездейсоқ табыспен нәпақасын айырып отыр. 1 млрд. адам -  сауатсыз. 2 млрд. адам антисанитариялық жағдайда өмір сүріп жатса, 1,5 млрд. адам таза суға зәру.
Әлемдік көші-қон мәселесі де назар аударуды қажет етеді. Қазір жер бетінде 200 млн. адам жұмыс іздеп бір елден екінші елге көшіп-қонып жүр. АҚШ-қа, Еуропа елдеріне жыл сайын 20 миллиондай адам келіп-кетіп жатады екен. Оның денінің сол елдерде қалып қоюға тырысатынын да ескеру керек.
Қазақстанға да жылына 1 млн-ға жуық адам келіп-кетеді.
Міне, адамзат осындай жағдайда  өмір кешіп жатыр. Бұны Алланың жазуы деп қол қусырып отыра береміз бе, әлде тығырықтан шығатын жолды іздейміз бе? Бұл - үлкен сұрақ!
Әлемнің зиялы қауымы тығырықтан шығатын жолды іздеу жағында. Сондықтан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада тұрақты түрде әлемдегі дәстүрлі діндердің съезін өткізіп жатқандығын олар қолдап отыр. Алғашқы екі съезд Қазақстанның бастамасымен ғана өтсе, үшінші құрылтайдың БҰҰ шеңберінде өтіп жатқандығы әлем елдерінің бұндай диалогты қажет етіп отырғандығын көрсетеді. Әрине, дінбасылар бүкіл проблеманы бір сәтте шешіп тастай алмас, бірақ адамзаттың болашағына қатысты көп түйіндердің шешілері хақ.
Ал осы съезд Қазақстанға не береді? Енді осыған келейік.
Біріншіден, бұл жиын елімізді сыртқа таныту үшін керек. Қазақстанды, соның ішінде оның мұсылман мемлекеті екенін  әлі көп елдер біле бермейді. Ал съезд барысында келген қонақтардың бұған көзі жетіп, мойындайды.
Екіншіден, Қазақстанда ешқашан діни қақтығыстар болған емес. Патша заманынан бері қарай байтақ қазақ даласында бірнеше дін қатар өмір сүрді. Сол кездің өзінде де ұлт-азаттық көтерілістері болса да, дінге қатысты кикілжің болған жоқ. Бұл - біздің артықшылығымыз! Ал артықшылығымызды өзгелерге неге көрсетпеске.
Үшіншіден, соңғы кезде «діни нарық» деген ұғым пайда болды. Біздің елімізге де  өзге діндер қаптап ене бастады. Бір дін мен екінші діннің ерекшелігі неде? Біз осындай жиындарда мұсылман дінінің артықшылығы туралы мол мәлімет аламыз. Яғни, бұл съездің ағартушылық жағы бар.
Төртіншіден, бажайлап қараған адамның санасына Астанада секталардың емес, әлемдік және дәстүрлі діндердің жиыны өтіп жатқандығы құйылады. Демек, әлгі секталардың бәрі - бос әурешілік екендігін пайымдайды.
Жақында менің бір студентім «Қазақ жастарының басқа дінге өту себептері» деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғады. Сол жұмыс көрсеткендей, әдетте жастар білуге құштар. Ол бір күні мешітке, екінші күні храмға, үшінші күні синагогаға кіріп, әрқайсысының ерекшелігін зерделейді. Осы ретте біздің мешіттердің имамдары оларды өз бауырына тарта алмай жатқандығын да баса айтқан жөн. Ал мынадай үлкен жиында жаңағыдай талапты жас мұсылман дінінің артықшылығын аңғарады деп ойлаймын.

 

 

Жазып алған Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
«Ақтөбе» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5411