Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 8189 5 пікір 20 Желтоқсан, 2021 сағат 15:39

Екі жауапқа - бір жауап

Алтынсаринның 180 жылдығына орай біздер «Abai.kz» порталына ағартушының ғұмырнамасы мен шығармашылығына қатысты «Алтынсарин бедерленген бір суреттің сыры», «Алтынсаринның отбасылық суреті қайда түсірілген?» , «Ыбырай Алтынсарин қайда жерленген?», «Троицк мектебі және «Троицк тұрғыны» атты бірнеше мақала жариялаған едік. Ол жариялымдар оқырмандардың қызығушылығын тудырып, қазіргі таңда мақалалар топтамасының жалпы қаралымы 28 мыңға жуықтады. Республикалық «Егемен Қазақстан», Қостанай облыстық орыс тілді «Костанайские новости» газетіне де бірнеше мақаламыз жарияланды. Оның да қаралымы жоғары.

ТАҢДАНЫС

Қыркүйек айының соңғы ширегінде «Abai. kz» порталына Ы.Алтынсарин туралы екі мақаламызға «екі жауап» жазылды. Авторы – Алтынсарин атындағы музейдің ғылыми қызметкері әрі айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева. Порталда туындаған «музейде қандай ғалымдар бар, қандай ғылыми зерттеушілік бар» деген оқырмандардың сауалынан соң, қарапайым «ғылыми қызметкер» бір апталық мерзімнен кейін жарияланған «екінші жауаптың» аралығында лауазымы «музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасарлығына» көтерілді. Өте қызық көрініс: ғылыми жұмыс жоқ, ғалымдар жоқ, бірақ оны басқаратын басшы бар.

Аяқ астынан Алтынсаринтану сынды күрделі әрі терең танымға, оның үстіне үлкен даулы мәселеге бұрын-соңды ғылыми ортаға беймәлім, тәжірибесі аз кісінің «атойлап» кірген батылдығына қайран қалып: «Япырай, дыбыс үндестігі мен бунақ санын, буын ұйқасын келтіруге, табан астында сурып салатын импровизациялық өнерге машықтанған айтыскер ақынның әрбір дерек пен одан туындаған ой-зердеге жауап беретін бейнеті көп ғылымға, бұған қоса кез-келген ғалым қалам тарта бермейтін Алтынсаринтану сынды терең тақырыпқа шиырлатып, шиыршық «бұғау» лақтырғаны қалай болар екен?» деп те ойладық. Қала орталығындағы музейдің қала сыртындағы мазарды да экспонаттарына қосып алған ба деп таңдай қақтық.

Біздің жариялымдарымыздың ізіне түсіп дәніккен «жауап жазғыш» кісі қалған орысшасы бар, қазақшасы бар басқа мақалаларымызға да үн қатар деп «әліптің артын бағып» сабыр сақтаған едік. Сол арада Алматыға оқу жосығындағы жоспар бойынша ғылыми ізденушілікке барған магистрант-шәкірт Данияр Ихсан Ұлттық кітапханадан Алтынсаринның жақын туысқаны, қазаққа сыйлы ақын Мариям Хакімжанова мен жазушы Дінаш Нұрмұхамедтің 2005 жылдың 2 наурызында «Азат» жарияланған «Ыбырай Алтынсаринның сүйегі қайда?» деген сұхбатын газеттен сканерлеп, Фейсбуктегі парақшасына жариялады.

Есті, ақылы бар кісіге ақын Мариям апайдың аталмыш сұхбаттағы Балғожа мен Ы.Алтынсарин жерленген қорым туралы айтқан мұң-зары біз көтерген мәселеге де, оған жауап жазғандардың жауабына да нүкте қоятындай дәлел еді. Осыдан кейін «жауап жазушы» ойланып, тағы бір уәж айта ма деп те күттік. Бұл күтудің мәнісі оның ғылымдағы біліктілігі мен тәжірибесінің аздығын, сөз қуалап айтыс-тартысқа түсетін айтыскерлік қызбалығын ескергендіктен туындаған еді. Өкінішке қарай, ол үнсіз қалды.

Біздер Ы.Алтынсарин туралы жазған мақаларымызды бір мекемеге немесе жекелеген кісіге бағыштап, сауал ретінде жолдаған жоқпыз. Ғалым ретінде кеңес дәуірінде идеологиялық шектеулердің кесірінен дүйім жұртқа белгісіз болған тарихи деректерді жариялап, соған сай зерттеушілік болжамымызды білдірдік, ғылыми ортаға ой салдық. Бұл тұста, шамасы, автордың қызмет бабымен құзырлы органдардың сауалына жауап жазып үйренген кәсібилігі, қызметкер ретіндегі орындаушылық психологиясы суырыпсалмалық өнердегі ақындық арқасы алға шыққан тәрізді.

ҚАТЕМЕН ЖҰМЫС ҺӘМ ЕСКЕРТПЕЛЕР

Автордың ғылыми сараптаудағы дағдысы мен біліктілігінің олқылығын, тәжірибесінің кемдігін жауап мақаланың атауынан, ғылымға серік сауаттылық пен жауаптылық, ыждағаттылық пен ұқыптылық сынды функционалдықтың жоқтығынан, ғылыми саралау мен сараптамалардың таяздығынан байқауға болады.

Патриоттық пафосқа құрылған «Алтынсариннің ақ мазары – азаттығын аңсаған алаш арыстарының ұрпағын рухтандыратын киелі нысан» деп келетін шұбалаңқы атаудағы толықтауыштық мағынаны айқындайтын анықтауыш сөздің жоқтығынан жайылма сөйлем Алаш арыстарының «кімнің» азаттығын (халықтың ба, әлде қара басының ба) аңсағанын білдіре алмай, «бір аяғынан ақсап», олпы-солпы тұр.

Жарайды дедік, тақырып қоя білу - тәжірибелі қаламгерлердің барлығына дерлік бұйыра бермеген зерделілік-зейіндік қасиет. Ал қарапайым мәтінді түпнұсқадан төгіп-шашпай, бұрмаламай, қатесіз көшіріп жаза білу қарапайым ғана  сауаттылық пен жауаптылықты талап етпей ме? Жауап мақалада автор Ғ.Балғымбаев естелігінен ағартушынының жерленуіне байланысты баяндалған жазбаны оқырманға «орынсыз» қателермен ұсынады:

Көшірілген мәтінде жекелеген сөздерден жіберген қателіктерін («омоверения» – омовения), («хоронили» –хоронились), («в оградке» – в ограде) былай қойғанда, бақандай 4-5 сөзді, атап айтқанда, «в 3 крата», «надушили духами и» деген тіркестер жоғалып кеткен. Жоғалған тіркестер - қазақтың жерлеу ғұрпының бұзылмас рәсімдерінен хабар беретін ақпарат. Бұны «бір» деп қоялық.

Кеңестік дәуірдің мектебінде оқыған біздер оқушы кезімізде қазақ әдебиеті болсын, орыс әдебиеті болсын, мектеп бағдарламасы шеңберінде шығарманы көп жазатынбыз. Сонда үлгірімі нашар оқушыларға мұғалімдер дайын шығарманы көшіріп жазып алуға рұхсат беріп көмектесетін. Соны дұрыс орындамағандарға ұстаздарымыз «Дайын шығарманы көшіріп бере алмайсыңдар» деп ренжитін.

Біз реніштің орнына дағды қалыптастыратын әркекетке тікелей көшіп, мектеп мұғалімдері қолданатын жалпақ әдістемені басшылыққа ала отырып, авторға «қатемен жұмыс» жасау үшін «Естеліктің» көшірме техника арқылы түсірілген нұсқасын ұсынамыз (аса мұқият болар тұстың асты қызылмен сызылған) (1 сурет):

1 сурет Алтынсариннның қалай жерленгені  туралы Ғ.Балғымбаевтың жазған естелігінен үзінді.

Екіншіден, осы орайда, авторға қатты айтатын ескертуіміз бар: қызметіңіздегі не айтыстағы өз сөзіңізді қалағаныңызша өзгерте беріңіз, бірақ тарихи мұраны ешқашан бұрмаламаңыз. Ғ.Балғымбаевтың Алтынсарин туралы естелігі - қазақ баласы аман тұрса - мезгілі ғасырдан ғасырға асқан сайын маңызы арта беретін қолжазба болып қала беретін тарихи һәм рухани мұра.

Жауапта ескертетін мәселелер көп екен. Соның тағы бірі – дерек көзінің дәлдігін белгілейтін ақпараттың берілуі. Ғылыми зерттеулерде дерек көзінің дәлдігін жеткізу - ғылымдағы адалдықты, біліктілікті, еңбекқорлықты, ыждағаттылық пен ұқыптылықты білдіретін бұлжытпас қағида.

Мақалада автор Ғ.Балғымбаевтың естелігінен алынған цитатаға мынадай сілтеме жасалған:

Біріншіден, аталмыш сілтемеде қолжазбаның қай жерде сақталғанын білдіретін ақпарат толық берілмей тұр. Біздің елімізде «Орталық ғылыми кітапханасы» деген мекеме жоқ. Шамасы, бұл қазіргі ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ғылым ордасының», бұрынғы ҚР Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы болар деп топшыладық және дәл солай болып шықты.

Екіншіден, «Айдалада ақ отау – аузы-мұрны жоқ отау» деп жұмбақтағандай, қолжазба қорының нөмері мен атауы да жоқ. Ол қордың нөмері – 397-1, атауы – «Алтынсарин И.А.»

Үшіншіден, «Воспоминания Балгымбаева об И. Алтынсарине» деген атау ол қордың атауы емес, бірнеше бөліктен тұратын сол қордың бір бөлігі ғана. Оның үстіне ол да толық емес. Естеліктің толық атауы - «Воспоминания об И.А.Алтынсарине, первом инспекторе народных училищ б. Тургайской области».

Төртіншіден, кішкене бір үзіндінің қай беттен алынғанын білдіруге тиісті ақпаратқа бүкіл естеліктің жалпы көлемі көрсетілген. Әлдебір қызыққан кісі сол бір оймақтай үзіндіні іздеу үшін 62-129 беттер аралығындағы 67 бетті орман аралағандай кезіп, көзі талып, зейіні шаршайтыны сөзсіз: орыс мақалымын айтсақ, «Ищи ветера в поле», қазақ мәтелмен қоштасақ, «Шөмеле шөптен ине іздегендей» шұқшиятыны анық.

Бұл көріністер біздерді қандай ойға жетеледі? Сірә дедік, «жау қуғандай атой салып жауап жазған» ғылыми қызметкерге ғылым тану, іздену жолындағы арнайы білімі мен біліктілігі болмағандығы кемдік қылды-ау, болмаса, «ұстазы жақсының - ұстыны берік» дегендей, шәкірт санасына ғылыми сараптауда адалдықты сіңіртіп, дұрыс бағыт беретін, дағды мен ұқыптылықтың, ыждағаттылықтың дәнін бойға себетін тәлімгер ұстаз кездеспеген-ау деген ойға «ат басын шалдық».

МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ

Бізді «естеліктің толық нұсқасымен таныс болмаған тәрізді» деп сын найзасымен бір түйреп өткен автор сол нұсқамен өзі де таныспағанын байқатады. Өйткені Ы.Алтынсаринның Қостанайда өзіне салдырған үйі туралы деректің түйдек-түйдек жазылған «Естеліктің» орыс тіліндегі түпнұсқалық мазмұнында екі жерде кездесетінін, сонымен қатар ағартушы жерленген бейіттің жойылып кеткендігін баяндайтын тұстар автордың «жауабына» енбеген.

«Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры» (Б.Майлин) дегендей, біздің тарапымыздан көтерілген мәселенің дау туғызған, біртоға тыныш жатқан Қостанайды, оның ішінде музей қызметкерлерінің бірі дүркін-дүркін жауап жазып, бірі әлеуметтік желіде, бірі жұрт алдында сын айтып дүрлігіп, у-шу болып жатқан тұсы осы еді.

Әлқисса, қолжазбада Ғ.Балғымбаев Алтынсаринның Қостанай қаласының іргесінен салдырған үйі туралы бірнеше рет дерек береді. Бірінде ол: «При переезде из Тургая в Кустанай Ибрай Алтынсарин этот свой дом продал под Тургайское ремесленное училище и построил на эти деньги вблизи Костаная за р. Тобыл в 4 верстах от Кустаная деревянный дом с 5-6 комнатах с надворными постройками, из дерен и забором из того же материала. Несомненно ему, как прибывшему после долгого отсутствия, помогли ближайщие родственники главным образом доставкой сторойматериалов и рабочих рук» (ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ғылым ордасының» орталық ғылыми кітапханасы. Қор 397-1, 236 п.) деп жазса, екінші бір парақта: «И. Алтынсарин в 1883-84 гг. оставил Тургай и переселился в Кустанай, где жили его близкие родственники Алтыбасского отделения: брат Оспан, дядя Омар и другие. Там неподалеку от Кустаная в 3-4 верстах по левую сторону Тобыла выстроил свой собственный дом 5-6 комнат: спальня, столовая, кабинет, гостинная, людская, со всеми надворными постройками и двором. Неподалеку был большой глубокий пруд, откуда пользовались водой » (ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ғылым ордасының» орталық ғылыми кітапханасы. Қор 397-1, 77 п.) деп жазады (2 сурет).

2 сурет. Ы.Алтынсаринның Тобылдың сол жағалауынан салдырған үйі туралы Ғ.Балғымбаевтың естелігінен үзінді

Соңғы деректі біздер өз мақаламызда келтіріп, оны Алтынсаринның 150 жылдығына орай шығарылған «Алтынсарин тағылымы» (1991 ж.) атты жинақты құрастырған М.Жармұхамедовтің қазақша аудармасынан алғанбыз. Ол кісі көп жылдар ҚР Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет жасаған, ғылымға адал ғалым еді. Аудармасы да қоспасыз шыққан, тек «верст» деген өлшемді қазіргі шақырымдық межемен бергендігі байқалады.

Ендігі кезекте Ғ.Балғымбаевтың Ы.Алтынсарин «Қостанай қаласына жақын 4 верст жерде, Тобылдың арғы бетінде 5-6 бөлмелі ағаш үй салдырды» деп келетін дерегіне назар аударайық. Бұған біздер автордың бірінші жауап мақаласы жарияланғанда Фейсбук парақшамызда дереу пікір білдіргенбіз. Сол пікіріміз – пікір. Бір нәрсені жазбаға түсіру немесе ауызша айту үшін адам алдымен ішкі ойында белгілі бір тілдік сурет әлемін (языковая картина мира) жасайды. Соның негізінде ойына алған оқиғаны баяндайды. Бұл тұста Торғайдың тумасы Ғ.Балғымбаев Қостанайдан 1891 жылдары қызмет бабымен өзге жаққа ауысып, алдымен Жетіқарада, сосын Қарабұтақта, одан кейін Орынборда қызметтер атқарып, естелікті жазған уақытта Алматыда тұрып жатқандығын және Торғайдан Қостанайға көшкен Ы.Алтынсаринның көш бағыты бойынша естелікті баяндап отырғандығын естен шығармау керек. Демек, оған, Торғай жақтан қарағанда, Қостанай қаласы Тобылдың арғы бетінде орналасқан.

Ы.Алтынсаринның жақын туысы М.Хакімжанова да осылайша сөз саптайды. Оның да ауылы Торғайға бет алатын оңтүстік бағыт бойындағы Мезгіл, Айсары деген елді мекендер еді.

Автордың «Естеліктен» екінші бір «жасырып қалған» дерегі - Ғ.Балғымбаевтың Алтынсаринның бейіті туралы жазбасы. Онда ол ағартушы жерленген бейіттің басына оның қай рудан екені, аты-жөні мен қайтқан мерзімі көрсетілген тастан ескерткіш белгі қойылғанын жаза келе, сол қорымның жойылып кеткендігін баяндайды: «Неизвестна судьба памятника и самих кладбищ. Одни говорят, что они сохранились до 1928-29 годах, другие говорят, что все занятые кладбищами места выравнены, вспаханы, и заняты под посев, так что и следа не осталось от кладбищ» (ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ғылым ордасының» орталық ғылыми кітапханасы. Қор 397-1, 113п.) (3 сурет):

3 сурет. Алтынсарин жерленген қорымның жойылып кеткендігі туралы Ғ.Балғымбаевтың дерегі.

Демек, «Естелік» жазылған 1941-43 жылдар арасында Балғымбаевқа және оның қолжазбасымен танысқан кейінгі зерттеушілерге ағартушының бейіті жойылғаны туралы дерек таныс болған. Бірақ оны айтуға ешкімнің батылы бармаған. Мұны біз қаперге мықтап ұстауымыз қажет.

Ғылымда қолға түскен деректермелерге адал болу деген құндылық бірінші орында тұрады. Егер ол құндылықты зерттеуші сақтамаса, оның сөзіне ерген жұртты адастырады, елдің ғалымға деген сенімін жоғалтады, ғылымның беделін төгеді. Сондықтан жауап жазушының Ғ. Балғымбаев «Естелігінен» өзі «жақтап сөйлеп» отырған мәселеге қатысты мәліметті ғана алып, екінші бір ақпаратты әдейі жасыру, жұмсартып айтқанда, оқырманды және ғылымдағы өзге әріптестерді алдау, ғылымның абыройын төгу болып табылады.

Ғылыми ортада демократиялық қағидат терең қалыптасып, ғалымдарға кең мінез біткен ғой, әйтпесе өзге бір салаларда осындай әркеттер жасағаны үшін кісіге азаматтық, тіпті, қылмыстық іс қозғайтын баптар да бар.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫ ӘЙЕЛІНІҢ» ШЫНДЫҒЫ

Жоғарыда біз Мәриям Хакімжанованың сұхбаты Алтынсаринның қайда жерленгені туралы дауға нүкте қоятындай дерек екенін тілге тиек еткенбіз. Аталмыш сұхбат осыдан 30 жыл бұрын, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдың күз айында алынған. Онда Мариям апай сан жылдар ішіне жинаған запыранды сыртқа шығарып, Ы.Алтынсарин жерленген қорым туралы шындықтың сырын ашады. Сұхбатты бей-жай оқу мүмкін емес. Оқыған кісінің аза бойы қаза болады.

Сұхбат алушы Дінаш Нұрмұхамедтің (80-жылдары ол да Алтынсарин бейітіне арнайы соққан екен) қазіргі таңда белгі қойылған жерде ағартушының сүйегі жатқанына күмән келтіре қойған сауалына Мәриям апай күрсіне отырып былаша жауап қатады: «Дінәш, шырағым-ау, (қатты күрсінді) сен өзің бірдеңені білгеннен кейін сұрап отырсың ғой мұны. Қайтейін. Небір заман бастан өтті ғой. Балапан басынан, тұрымтай түсінен шошыған. Айтайын. Тобылдың арғы бетінде, үш шақырым жерде Балғожа бидің де, Қанқожа бидің де он екі құлақты, әр құлағының үстіне жезден ай орнатқан керемет күмбездері бар тамдары болған. Сырты көкшілмен сырланған. Алыстан менмұндалап көз тартып, жарқырап тұратын еді. Әрі-бері өткен адам ат басын бұрып, аттан түсіп, тізе бүгіп құран оқып кететін. Тіпті күні кешеге дейін, жиырмасыншы жылға дейін сол жерге біздің әулеттің үлкен кісілері қуаныш болсын, реніш болсын барып бір соғатын.

Менің әлі күнге дейін есімде бар, 1921 жылы ұзатылғанымда Айғаным әжем алып барып, сол жерге тізе бүктірген. Сонда көргенмін: Ыбырай атаның да темір тормен қоршаған тамы бар болатын. Қоршауы биік еді, кісі бойы қол созымдай. Жанында балаларының бейіті бар еді. Төңкерістен кейінгі жылдары, сол отызыншы жылдардың арғы-бергі жағында, соның бәрі бұзылыпты. Несін жасырып-жабамыз, әуелі орыс ағайындар Балғожа мен Қанқожа мавзолейінің кірпіштерін бұзып алып, пеш сала бастапты. Тастарын диірмен соғуға пайдаланыпты. Олардан қазақтар да қалыспапты. Кейіннен іздеп барып орнын да таба алмадым.

Менің аталарымның бейіті тұрған жер қазір Қостанай қаласының астында қалды. Сол бейіттерді бұзып, үстінен облыстық банк салды деген сөз бар. Шырағым, мен өзі өмірде көп қасірет көрген, қуғын-сүргінді басынан өткерген адаммын. Отыз жылдан артық халық жауының қатыны атанып отырдым. Ол кездері өліктерді түгендеп, моласын іздемек түгілі қара басымыздың қамымен арпалыстық. Араға біраз уақыттар түсті. Кейіннен іздеп барып орнын да таба алмадым. Ау, менің ата-бабаларымның бейіті қайда деп қай орыстың бетіне қарап, жағасына жармасайын. Өлілердің бейіті түгілі, тірілердің құны қалмаған кез болды ғой. Солай, шырағым. Ал қазіргі ескерткіш тұрған жерге Ыбекеңнің сүйегін қазып апарып қойды ма, болмаса әйтеуір қазақтың танымал біреуі ғой деп айдалаға құр ескерткішті қойды ма, айта алмаймын. Жасым пайғамбар жасынан асқанда жалған сөйлеп, Құдайға күнәһар болар шамам жоқ. Бұл қазақтың басынан не өтпеді. Небір аласапыран заман болды. Сондай кезде ештеңеге мән бере алмай қалдық. Ыбырайлар ескерусіз қала берді» (Дінаш Нұрмұхамбет. «Ыбырай Алтынсаринның сүйегі қайда?» (Екінші сыр-сұхбат // Азат газеті, №9 (106), 2 наурыз 2005 жыл)(4 сурет):

4 сурет. М,Хакімжанованың сұхбатынан үзінді

Мариям апайдың сұхбатындағы мына бір мұң-зарға толы жолдарға назар аударайықшы: «Отыз жыл халық жауының қатыны атанып отырдым», «Ау, менің ата-бабаларымның бейіті қайда деп қай орыстың бетіне қарап, жағасына жармасайын. Өлілердің бейіті түгілі, тірілердің құны қалмаған кез болды ғой. Солай, шырағым».

Қандай ауыр қасірет? Осы қасіретті 50-60 жыл ішінде сақтаған Мариям апайымыз Ер екен! Осындайда қазақ әйелдерінің сабырлығы мен шыдамдылығына қайран қаласың!

ЖАРАТЫЛЫС ЗАҢЫ

Ы. Алтынсаринның жақын туысқаны М.Хакімжанованың айтқан сөздері Ф.Соколов, Ғ.Балғымбаевтардың естеліктеріндегі, Б. Сүлейменовтің зерттеулеріндегі мазмұнмен үндес. Ол үндестікті мынадай сығымдалған ақпараттық тор кестемен көрсетуге болады:

Кестеден Алтынсарин салдырған үйдің Қостанай қаласынан қанша қашықтықта орналасқанына назар аударайық. Ол қашықтық, шамамен, 3 верст (шақырым). Дүние астан-кестен болып, Нұқ пайғамбардың тұсындағыдай топан су қаптаса да, кеңістіктегі өлшем өзгермейді. Бұл - жаратылыс заңы. Жүз жыл өтсін, мейлі мың жыл өтсін – өлшемнің аты өлшем. Ал қазіргі Тобылдың арғы бетіндегі Алтынсаринның мазарының орналасқан жері Қостанайдың патша заманындағы шекарасы Әбілсайдан қаланың КЖБИ ауданындағы көпір арқылы есептегенде - 9 шақырым.

Алтынсарин заманында Тобыл өзеніне салынған жалғыз көпір болған. Ол қазіргі таңдағы Әл-Фараби (патша заманында «Большая улица» деп аталған) деп аталатын орталық көшесінің өзенге тірелетін басында орналасты. Жұрттың көңілінде ешбір күмән қалмауы үшін біздер сол көпір арқылы оң жағалауға өтіп, қалың қамыс пен майда тал өскен жағалаумен көпір тұсындағы «Ақ шаңырақ» рестораны жанынан көліктегі есептегіш құрылғыны пайдаланып, мазарға дейінгі арақашықты өлшеу үшін жол жүріп көрдік. Бес шақырым жол жүргеннен кейін, қара жолға темірден мықтап шегенделген шлагбаумға тап болдық. Тоқтаған жеріміз – арғы беттегі қаланың «Садовод» саяжайы орналасқан Тобыл өзенінің доға болып иірілетін тұсы екен. Әрі қарай мазарға дейін кемінде 2-2,5 шақырымдай жер бар екені байқалды. Демек, оң жағалуға шығатын орталықтағы көпір арқылы қалың қамыс пен биік терек пен майда қара тал қаптаған төте жолмен жүргенде қала мен мазар аралығы 7-7,5 шақырым (Тобылдың оң жақ жағалауы: «Ақ шаңырақтан» Алтынсарин  мазарына дейінгі сапар:)

;t=3s

М.Хакімжанова Алтынсарин жерленген Балғожа би қорымының Қостанай қаласының табанында қалып қойғанын ашық, анық жазады («Менің аталарымның бейіті тұрған жер қазір Қостанай қаласының астында қалды»). Бұдан басқа қандай дәлел керек?

«АЙҚАПТЫҢ ӨКІНІШІ» ЖӘНЕ «ҚЫЗЫЛДАР» ҚЫРҒЫНЫ

Алтынсарин жерленген қорым мәселесінде ағартушының жақын туысқаны, 1921 жылы бейіттің басына соңғы рет сәлем беріп барып, дұға жасаған М.Хакімжановаға, төсек тартып жатқан науқас ұстазын  күндіз-түні күтіп, оны соңғы сапарға өз қолымен шығарып салған шәкірт Ғ.Балғымбаевқа, дертке шалдыққан бастығының көңілін сұрап үйіне жиі келіп тұрған ағартушымен замандас әрі қызметтес болған Ф.Соколовқа сенбесек, кімге сенеміз? Әлде, автор дәлел ретінде келтіріп отырған З.П. Толстыхтың баяндамасына сенеміз бе? Ол баяндаманы З.Толстых Ы. Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін 58 жылдан соң жазған. Ы.Алтынсарин патша үкіметінен теперіш көргендей бейнелеп, кеңес заманындағы таптық идеология сарынымен жазылған аталмыш баяндаманың, ең болмаса, уақыт мөлшеріне назар аудару керек қой?

Ы.Алтынсаринның қайтқанына 50-дай жыл уақыт өтпек түгіл, 25 жыл өткен мерзім шегінде оның есімін еске алу қазақ арасында ұмытыла бастаған еді. Бұған 1915 жылы «Айқап» газетінің редакторы М. Сералин ноғай (татар) жұртының атақты ойшыл ақыны Ш.Маржанидың 100 жылдығын атап өтуге ұмтылған қам-қаракеттерін көре отырып, мынадай өкініш білдірген еді: «...Ноғай бауырларымыз өздерінің жұртқа бас болған адамдарының қадірін біліп, тиісті құрмет ететіндігі осы жоғарыда айтылған сөздерден біраз білінсе керек. Өзімізді сол ноғай бауырларымыздан кемге санамай жүрген біз Алаш ұранды қазақ жұрты біз не ғып жүрміз? Өткен 1914 жылы он бесiншi июльде Алтыбас Ыбырай Алтынсариннiң дүниеден қайтқанына жиырма бес жыл толып өттi. Қазақ жұрты үшiн Алтынсариннiң еткен қызметi көп едi. Соны есiне алған қазақ болды ма? Жоқ. Бiз культурный жұрт қатарына кiруден алыс жатырмыз» (Айқап. Құрастырушылар: Ү.Суханбердина, С.Дәуітов. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995, 245 б.).

Балғожа би қорымы «Қостанай қаласының астында қалған» 20-30 жылдары кеңес елінің тарихында қандай оқиғалар орын алып еді? Большевиктер қарудың күшін кезеп, бүлікпен тартып алған билікке келісімен атеистік қоғам орнатамыз деп дінмен күресті, елді инудстрияландырамыз, колхоздастырамыз деп халықты ашаршылыққа ұшыратты, азып-тоздырды, «халық жауы» деген жаламен зиялыларды, көзі ашық кісілерді атты, шапты,  қуғын-сүргінге ұшыратты.

Дінмен күрес кезінде Қостанай қаласының қақ орталығында ойып орын алған, биіктігі көкпен  таласқан сәулетті Свято-Никольский соборы бұзылды (5 сурет).

5 сурет. Қостанайдағы Свято-Никольский соборының сыртқы көрінісі.

Биік, еңселі құдайдың үйі-шіркеуді құлатып жатқан жұрт қала шетіндегі аласа қорымды місе тұтсын ба? Дінмен байланыстырылған сакральды ғимараттарды құлатып, оны тіршілік қамындағы қажеттіліке жаратып жіберді. Осындай оқиғалар белең алған кезде елімізде ескіден жеткен көне мазарлар мен ескерткіштер жойылып кеткені белгілі.

ҚАЗАҚ ҚОРЫМЫ

Ендігі кезекте Соколов, Балғымбаев, Хакімжановалардың тарихи жазбалары мен естеліктеріндегі деректердің қазақ халқының қорым мен бейіттер туралы қарапайым таным-түсінігіне қалай қисатынын таразылап көрелік.

Қазақ бейітті биік төбе немесе жарға сала ма, әлде төмендегі ойға сала ма? Жауапқа, әрине, қырға, биік жерге дейміз. Ал Қостанай қаласының тұсындағы Тобыл өзенінің қай жағалауы биік, қай жағы еңіс? Қала тұрған сол жақ жағалау – биік, оң жақ жағалау - ой. Кеңес дәуірінде қаланы көкөніспен қамтамасыз ету үшін құрылған Мичурин совхозының суды оңай жеткізуге болатын еңісте орын алуы бекерден-бекер емес.

Соғыстан кейін ашылған христиандық һәм мұсылмандық «Ескі қорымның» орналасқан жеріне, яғни өзен жағалауына орналасқанына назар аударайық. Жер жыртып, егін суаратын егінші халық өзен-су маңайына қорым салып, қоршап, көлегейлеп тастамайды. Қорымды өзен-сулы жерден алысқа салады. Қазіргі Қостанай маңындағы орыс-татар жұртының қорымдары орналасқан жерлерді бағамдасаң, осы көрініс анық аңғарылады. Ал қазақ жұртының қорым-бейіттері өзен-судың бойында да,  биік жар қабақтарда да кездеседі. Бұл түркі халықтарының өзен сұлбасын дүниені үш сатылы (төмен, ортаңғы, жоғары) тұтас космос бейнесінде таныған (С.Қасқабасов) көне мифологиялық түсінігінен туындаған танымының көрінісі. Бұл тұста сана-түсінігінде өлім деген таным жоқ болғандықтан тағдырдың жазғанына (монотеизмдік танымға) көнбей өлімнен қашып, дүниенің төрт бұрышын шарлаған, «қазақ бақсыларының пірі» Қорқыттың Сырдария жағасында байыз тауып, оның бейіті дарияның биік жарқабағында болғаны көпшілікке таныс.

Көне түркілік осы бір танымның жаңғырық ізі Ы.Алтынсаринның «Бай баласы мен жарлы баласы» деген әңгімесінде де көрініс тапқан. Онда көшкен ауылды іздеген Асан мен Үсеннің қалай жол тапқаны былайша баяндалады: «...Балалар енді қай жаққа жүрерін білмей дағдарып тұрды. Сөйтіп, жан-жағына қарап тұрса, ілгері алдында бір биік қыр үстінде үлкен мола көрінді. Сонда Үсеннің ойына әкесінің сөзі түсті: далада жүріп адассаң, молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады, -дейді екен. Сол ақыл бойынша Үсен Асанды ертіп, молаға қарай жүреді... Келіп екеуі енді молалы қырға шықты, қараса, қырдың жығылар асты үлкен көл екен, көлдің айналасы да, іші де жыңылдаған мал...».

Біздер жақында Бекет атаның туған жері Атыраудың Жылой ауданындағы Ақмешіт деген жерге сапарлап бардық. Әулиенің әке-шешесі жерленген үлкен көне қорым Жем өзенінің жағасындағы биік дөңнің үсті екен. Демек, қазақ жерінің қай тұсына барсаң да, осындай көріністің алдыңнан шығатыны сөзсіз. Тілге тиек етілген көріністер қазақтардың марқұмдардың үйін, яғни бейіт-қорымды қыр басына соғатынына нақты мысалдар.

Айтпақшы, қазақтардың бейітті ойда емес, қырда болатынын орыс жұртының қарт кісілері де біледі. Айталық, биылғы қазан айында Қостанай қаласы Тобольская көшесінің № 113 үйінде тұратын 86 жастағы (25.12.1935 жыл) Николай Павлович Коребейник деген кісінің өз аузынан «қазақтар ешқашан ойға бейіт қоймайды» деген пікірін өз құлағымызбен естіп, видеоға жазып алған едік. Ол видеожазба біздің YouTube каналымызда тұр (Қостанай қаласының 86 жастағы тұрғыны Николай Павлович Коребейниктің әңгімесі:)

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ «ТЫҢ» ЖАҢАЛЫҚ

Мақала авторы біз көтерген келелі мәселеге қатысты қарсы дәлелін келтіру мақсатында патша заманындағы қазақтың Тобылдың оң-сол жағалауындағы қоныстары туралы, Балғожа бидің жайлаған жері, тақырыпқа мүлдем қатысы жоқ топонимикалық атаулар, Алтынсаринның 100 жылдығын тойлау туралы кеңестік үкіметтің қаулысы шыққанннан кейін ағартушыға белгі қоюға байланысты қостанайлық партиялық-кеңестік билік тарапынан шұғыл қолға алынған іс-шаралар туралы ұзақ сонар мәліметтер келтіреді. Олардың барлығына тоқталып, арнайы жауап жазу - М.Хакімжанова айтқан шындықтан кейін мән-мағынасы мардымсыз әрекет. Бірақ автордың «Тобылдың сол жақ жағалауы бос болғандықтан, оған переселендер қоныстанған» деген зерттеушілік мәлімдемесіне тоқталмай кету мүмкін емес.

Автор былай деп жазады:

«Мал құлағы – саңырау, тілі - мылқау» деген ғой, тілі бар «пәлеқор адам» құлағына шалынбасын мына сөз! Әсіресе, көрші елдің қазақтарға тілін безеп жүрген Жириновский, Мединский, Никонов, Федоров сынды саясатшылары естімесін! Жерімізге көз алартып жүрген әпребаққан саясаткерлерге өз қолымызбен «ақ ит кіріп, көк ит шығатын» ауыздарына жем-азықты тегін салып жүрмейік!

Табиғи қорған-өзен бойын қулап салынатын шекаралық әскери бекіністер - патшалық үкіметтің отарлау әдістерінің бірі еді. Жайық өзенінің жоғары, Есіл өзенінің төменгі ағысы, Үй өзенінің бойындағы қазақ жерлері кезінде осы бір әдіс-тәсілмен Ресей губернияларының құрамына жұтылды. Патша заманында Тобыл өзені бойынша шекаралық линия салынбаған еді. Айдың күні аманында, жауап жазушы ханым қазақ тарихынан тың жаңалық ашып, өз қолымен Тобыл бойынан шекара сызығын «сызып беріп» отыр. Геосаяси жағдай ушығып, шиеленісіп тұғанда, «Аңдымай сөйлеген – ауырмай өледі» деген мақалдың кері болып жүрмегей!

Тобыл өзенінің бойындағы сол жағалау тарихи шындықта шынымен бос болды ма? Тарихи фактілерді сөйлетіп көрейік:

Отаршыл патша үкіметі 1868 жылы Орынбор мен Омбыдан басқарылып келген Қазақ даласын төрт облысқа – Торғай, Орал, Ақмола, Семей бөліп, шекараларын белгілеп, ол облыстарды империя құрамындағы қазақ жері деп бекітті. Кейін бұған оңтүстіктегі Жетісу, Сырдария облыстарының жері қосылады. Осы аумақ 1917 жылы желтоқсанда Алаш автономиясы, 1920 жылы ҚазАССР құрылғанда шекара белгілеудегі басты меже болып алынды. Бұл – бір.

Екіншіден, патша заманында қазақ көшпелі жұрт болғандықтан, оған тиісті жерлер деп жаз жайлайтын жайлауы мен қыста паналайтын қыстауы аралығындағы қоныстар белгіленеді. Қазақтың дәстүрлі көшпелі тұрмыс-тіршілігіне сай жайлау салқын солтүстікте, қыстау жылы оңтүстікте болды. Тобыл өзенінің төменгі ағысы солтүстікке қарай орналасқандықтан бұл өңір көпке дейін бірыңғай жайлау сипатында болды. Бұл тұста Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесінде Шұғаның әкесі Жаппас руының бай кісісі Есімбектің қыстауы Сырда болса, жайлауы Әйет өзенінің бойы екенін еске түсірейік.

Үшіншіден, Тобылдың сол жағалауы бос жатқан болса, өзеннен алыс емес жерде пайда болған «Ордабай», «Әбілсай», «Қостанай», «Сарыбай» деген топонимикалар қалай дүниеге келді және олар қалай сақталып келді?

Төртіншіден, патша үкіметі Қостанай қаласының ескі орнындағы поселениеге перелендердің орналасуына қарсы болмағаны үшін 1884 жылдың 28 маусымында сол жердің иесі Клычбаевқа (Қылышбаевқа) сыйақы береді. Бұл турасында Ресей архивінде сақталған мынадай құжат бар: «По ходатайству киргиза Тургайской области Клычбаева о вознаграждении его за понесенные убытки по случаю образования городского поселения Кустанай». Егер ол бос жатқан жер болса, Қылышбаев өзіне шығын көрдім деп сыйақы сұрап неге өтініш жазады, ал патша үкіметі неге оған сыйақы береді?

Бесіншіден, 1891 жылғы реформадан соң Қазақ даласы қазына меншігіне өтіп, артық жер (излишка) деген ұғым шығады. Ал ХХ ғасырдың басындағы Столыпинның реформасы тұсында патша үкіметі жерді сату, отырықшылыққа өткен қазақ ауылдарына 15 десятина көлемінде жер беріп, бұрынғы жайлау мен қыстаудың арасынан артылған жерді қазынаға алып, оны мұқтаж адамдарға беру туралы заң қабылдайды. Осы тұста Алаш зиялылары отырықшы тұрмыстың білім-ілімі, әдіс-тәсілі жоқ қазақ жұртына көшпелі тұрмысты тастамаңдар деп кеңес айтуы, жерді жекеменшікке сатуға болмайды деп қарсы шығуы қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалудың амал-әрекеттері еді. Алаш көсемі Ә.Бөкейхан үкімет жерді сататын болса, «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді» деп дабыл қақты.

Тобыл өзенінің сол жағына (тек сол жақ емес, оң жақта да бар) қоныс тепкен орыс жұртының поселкалары мен селолары - кезінде қазақ байларынан арендаға немесе ақшаға сатып алған жерлерден бой көтерген елді мекендер. Ә.Бөкейханның жерді жекеге сатпау керек деп шырылдауы қазақ арасында пайда болған осы бір көрініске байланысты туындағаны сөзсіз.

Жауап мақалада қисынға келмейтін бұралаң байламдар бар. Мысалы, автордың «Әрине, өзеннің ағысынан қарасақ, Қостанай қаласы – Тобыл өзенінің сол жағалауында тұр. Мақала авторының күмәнін туғызған осы сөз. Ал енді Ғ.Балғымбаев өзеннің ағысына қарамай, өзінің тұрған жері Қостанайда тұрып айтса, оның «сол жақ» деп тұрғаны өзеннің арғы беті емес пе? Сондықтан бұл жерде  арғы бетінде немесе бергі бетінде тұрып айтқаны да ескерілуі керек».

Біріншіден, Ғ.Балғымбаев өз естелігін жазған уақытта Қостанайда тұрған жоқ, ол оны 1941-43 жылдар аралығында, Қостанайда өмір сүрген кезеңінен 50-55 жыл өткен соң, Алматы қаласында жазды. Мұны мәтін мазмұнын тұтастандыра талдағанда міндетті түрде ескеру қажет.

Екіншіден, егер әркім өзі тұрған өзеннің беттін «оң жақ», арғы бетті «сол жақ» деп атай беретін болса, не болады? Астана жаңа салынып жатқан кезде тұңғыш Президент Н.Назарбаев Ақордада тұрып: «бұл Есілдің оң жағы» десе, жаңа қала оң жақ, ескі қала сол жақ болып қала ма? Онда Ертістің еңістегі етегіне қарай ағып жатқан Есілдің ағысы бағытын кері бұрып, қырдағы Ерейментауға қарай ағуға тиіс шығар?

ЕСКІ МАЗАРДЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Автордың жауабында осы уақытқа дейін дүйім жұртқа белгісіз болып келген сұмдық ақпарат жарияланды. Біз білмейді екенбіз, 2017 жылы Алтынсарин мазарын қайта жаңғыртқан кезде ескі кесененің іргетасы маңында 9 адамның мәйіті табылыпты. Мұны автор былайша баяндайды:

Ы.Алтынсаринның ескі мазарының көлемі тым әрі кеткенде (максимум) 15-20 шаршы метр болатын. Осынша тар жерге 9 кісіні «бауырластар зиратындай» тығыз көметіндей қазаққа ен алапат аймақтан жер жетпейтін бе еді? Ғ.Балғымбаев айтатын Балғожаның «Ақ тамы», М.Хакімжанованың «Балғожа бидің де, Қанқожа бидің де он екі құлақты, әр құлағының үстіне жезден ай орнатқан керемет күмбездері бар тамдары», «Ыбырай атаның да темір тормен қоршаған тамы бар болатын. Қоршауы биік еді, кісі бойы қол созымдай. Жанында балаларының бейіті бар еді» деп жазатын бес-алты бейіт осы бір 15-20 шаршы метр жерге сыйып кеткен бе? Бұл қазіргі таңдағы бір бөлмелі пәтердің шаршы метрінен аз көлем ғой?

Табылған мәйіттерді «Ыбырай Алтынсарин жатқан жердің оң қаптал, сол қапталына үйіп көмдік» деген не сұмдық! Аруаққа деген құрмет осылай бола ма? Бізге тек Ы.Алтынсарин маңызды да, оның аталары, балалары маңызды емес пе? Тым болмаса, үймелеп көмбей-ақ, бөлек жерге шығарып жерлеп, белгі соғуға болмады ма? Мәйіттерді мазардың жанындағы Балғожа биге қойылған белгінің астына мәйітті жерлейтін дәстүрлі үлгімен табылған сүйектерді жұртшылық алдында жер қойнауына беруге болатын еді ғой! Жасырып көмудің не қажеті бар еді?

Ал негізінде заманауи ғылым-білімі, мәдениеті дамыған елдердің үлгісі бойынша, мазарды қайта жаңғыртуға тапсырыс берушілер беймәлім мәйіттер табылысымен дабыл қағып, оны ДНК тұрғысынан зерттеуге жұмыс жасауы тиіс еді. Шүкір, қазіргі таңда Балғожа мен Қанқожадан тарайтын ұрпақ бар еді ғой? Мұндай мүмкіншілік өмірде көп туа бермейді. Ең болмағанда тарихшы, этнограф, археолог мамандарды шақырып мәйітердің қалай жерленгеніне, яғни сүйектердің қалай жатқанына ғылыми сипаттама жасау керек еді. Мұндай сараптаманың өзі біраз ойға жол ашатын еді? Бірақ, өкінішке қарай, одай әрекет жасалмады, себебі әкімдер де адам ғой (мазарды жаңғыртқаны үшін билік басындағыларға рахмет айтуға тиістіміз), оларға қорымға қатысты даулы мәселенің бар екені туралы ақпараттың жетпегені анық. Ақпарат жетпеген жерде шешім де өзгеше болатыны сөзсіз. Ал оған кімдер кінәлі? Әрине, бұл тұста Алтынсаринтануда, ең болмағанда, тәуелсіздік, еркіндік алған 30 жыл ішінде кеңестік дәуірде «жабық болған» тарихи деректерді (Ф.Соколов, Ғ.Балғымбаев) саралап, М.Хакімжанованың «шақ ұрып, шырылдап» айтқандарына назар аударып, ғылыми зерттеуді терең, дұрыс жүргізбеген ғалымдар қауымының кемшілігі бар екені сөзсіз!

Міне, енді мазарды қырауар қаржы жұмсап жаңартқан тұста аталмыш мәселеге қатысты сұрақ пен күмән қатары көбейе түсуде. Оның бірқатары мынадай: «Неге шағын көлемді аумақта (15-20 ш/м) 10 адамның мәйіті жатыр?», «Бәлкім, бұл 20-30 жылдарда аштықтан өлкен кісілердің немесе 1937-38 жылдары атылған кісілердің көзден таса жерге көмілген мәйіттері шығар?», «Кеңес үкіметі өздері жасаған қылмыстарының ізін жасырумен айналысқаны белгілі, бәлкім, «қызылдың қырғынынан» қаза тапқандардың мәйіттерін көлгейлеу үшін ол жерде атақты ағартушының бейіті бар деп жұртты жаңылыстыруға тырысқан шығар, кім білген?».

Түйіндей келгенде, Алтынсарин жерленген әулеттік қорым, М.Хакімжанова айтқандай, Қостанай қаласының астында жатыр. Тірілердің парызы «аруақтарды мазаламайық» деген ортағасырлық діни догмалық танымға сүйенбей, керісінше, кеңестік дәуірде орын алған бұрмалаушылықты қалпына келтіріп, тарихымызда орын алған қасіреттің қыр-сырын ашып, ондай қайғы-қасіреттің қоғамның алдағы дамуында орын алуына жол бермейтіндей азаматтық сананы қалыптастыруға жұмыс жасауға тірелуі тиіс деп есептейміз. Аруақтарды мазаламайтын болсақ, барлық гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша, оның ішінде тарих пен археологияны зерттеуді доғаруымыз қажет.

АДАСҚАН ӨКПЕ-СЫН

Жауап жазушының екінші мақаласында біздің Ы.Алтынсаринге қатысты бірнеше суретке жазған жариялымдарымызды сынауға құрылған. Жауап мақала порталда жарияланысымен біздер Фейсбуктегі жеке парақшамызда жедел үн қатқан болатынбыз  (https://www.facebook.com/profile.php?id=100012028781359 ).

Онда біраз нәрселер айтылды. Қосымша айтқымыз келгені мына нәрсе: автор өзі келтіріп отырған дерек көздері мен содан сараптап шығаратын дәлел сөзінің қисыны мүлдем келмейтінін байқамайды екен. Мысалы, автор ағартушының отбасы жайында Ғ.Балғымбаевтың 1882 жылы Абдолла, 1884 жылы Абдрахман, 1886 не 1887 жылы Шарипа атты қызы дүниеге келді деген деректерін келтіре отырып, ағартушының отбасылық суретіне «Естеліктен» мынадай жазбаны мәлімет ретінде келтіреді: «Фотоснимок И.А.(Ибрай Алтынсарина Ө.С.) с семьей: женой Айганыс в камчатовой шапке, сыном Абдуллой, дочерью Злихой за самоваром, снимок 1887 года или 1886 года».

Енді автордың түйін сөзіне назар аударайық:

Ау, отбасылық сурет, Ғ.Балғымбаев айтқандай, 1886 жылы немесе 1887 жылы жылы түсірілген болса, шамамен сол жылдары дүниеге келген Шарипа қалай 1-1,5 жастағы бала болып шығады? Ол қазақтың атақты «Ер Төстік» ертегісінің басты кейіпкері емес қой!

Ал біздер Айғаныстың алдында отырған бала 1884 жылы дүние есігін ашқан Абдрахман болар деп болжаған болатынбыз. Кімнің болжамы дұрыс екенін оқырман өзі пайымдай жатар. Айтпақшы, Ғ. Балғымбаев Айғаныстың алдында отырған нәрестені қызы Шарипа деп көрсетпейді. Ал музей картотекасына тіркелген «қызы Шарипа» деген ақпарат көктен түскен хабар емес.

Сонымен қатар, автор біздің көпшелік тұлғадағы «болжаймыз», «топшылаймыз» деген сөзімізді сынайды. Ғалымдар арасында жіктеу есімдігінің жекеше түріндегі «мен» есімдігін қолданбай, көпше түріндегі «біз» есімдігін қолдану мәдениеті қалыптасқан. Ғалымдар, Мұхтар Әуезов айтқандай, «Болмай жатып Бальзак, толмай жатып Толстой» болудан бойын аулаққа салатын қауым. Бұл – бір.

Екіншіден, біздің бойымызда «Құдай ауызға салған сөзді айтатын» айтыскерлік қабілет жоқ. Ғылымда даулы мәселеге қалам түрткен кісі «аяқты тартып», сақтықпен пікір қосады. Өзімдікі дұрыс деп өзеурей беру ғылыми этикаға жатпайды.

Аталмыш жауап мақаланың ендігі бір тұсында автор Ы.Алтынсаринның белгілі суреттерін жазғанша, оның Орынбор Шекаралық комиссия жанындағы орыс-қазақ мектебін бітірген кезде хоружний әскери атағымен түскен суретін неге іздемейді деп бізге өкпе айтады. Ғылымның мақсаты сурет іздеу емес, ол, керісінше, музей қызметкерлерінің экспонаттарды жинайтын функциональдық міндетіне жатады. Бұл, тіпті, музейде ғылыми қызметкерлерді басқаратын ғылыми істер жөніндегі директор орынбасарының тікелей міндеті болар деп ойлаймыз.

Ы. Алтынсарин атындағы музейдің құрылғанына 30 жыл толған екен. Ағартушының мұрасын жинауға, тиянақтауға бұл аз уақыт емес. Бұған қоса көп жылдардан бері Алтынсарин мұрасы туралы зерттеулер жүргізіп келе жатқан Алтынсаринтаушылар бар, өкпені соларға қарай бағыттағаныңыз жөн болар дейміз жауап жазғыш кісіге.

Сын садағын кезенген арқалы ақын біздің тарапымыздан «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Ағартушылықты Алтынсаринмен бірге бастаған бесеу кім?» (https://egemen.kz/article/268807-aghartushylyqty-altynsarinmen-birge-bastaghan-beseu-kim ) деген мақаламызды да нысанаға алыпты. Аталмыш мақала жарияланғанға дейін музей қызметкерлері экспонаттар тізілген қабырғада көп суреттермен бірге коллаждық үлгіде стенд болып тұрған аталмыш сурет туралы мәліметтерден, яғни оның авторы кім, қай жылы, қай жерде жарияланғаны туралы ақпараттан мүлдем хабарсыз еді. Жариялаған ақпаратттан кейін суретке өзгеше «жан бітіп», «сөйлей» бастағанына музей басшыларының өздері де қуанып, тарихи жариялымның түпнұсқасын бізден сұраған да болатын. Құдай бір пендесінің есте сақтау қабілетін терең етеді, бірін таяз етеді, оған не амал бар?!

Айтпағымыз, Орынбор мектебі туралы суретші А.Чернышевтің 1853 жылы «Русский художественный листок» газетінде жариялаған иллюстративті мақаласының атауы автор айтып отырғандай «Бес данышпан» емес, «Школа для киргизких детей в Оренбурге» деп аталады. «Бес данышпан»» деген атауды біздер автордың мәтін ішіндегі сөзінен іліп, оны Ы.Алтынсаринмен бірге бір мезгілде қазақ даласының тұс-тұсындағы бес әскери бекініске (Торғай, Троицк, Ырғыз, Райым, Перовск) ұстаздық қызметке аттанған кісілердің - Н.Мұнсызбаев, Ш.Құлыбеков, Ж.Байжанов, Х.Құнановтардың рәміздік бейнесінде алған болатынбыз.

Суретші А.Чернышевтің Орынбор тумасы екендігін біздің орыс тілінде жарияланған мақалаларымыз арқылы білген орынборлық ғалымдар, атап айтқанда, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы туралы зерттеулер жүргізген алаштанушы ғалым Т.Тугай қызығушылық таныта келе, жерлес суретші-қаламгер туралы деректерді өлкетанушылық тұрғыдан тереңдетіп зерттеу жұмысын қолға алатынын айтып, ризашылық білдіріп жатыр. Парадокс: біздің зерттеулерімізге айдаладағы Ресей ғалымдары қызығушылық танытып, ризашылық білдіріп жатса, ауылдағы қазақтар «етек-жеңін түріп алып, қарсы байрақ көтеріп, атойлап» шауып жүр.

«Екі жауапқа» біздің «бір жауабымыз» - осы. Бұдан кейін біздер «жауап жазушы немесе жазушылар» үн қатып жатса, сөзімізді, дәлелімізді қор етіп жауап қатпаймыз: оған біздің ынтамыз да, ықыласымыз да, уақытымыз да жоқ.

Ресей империясының отаршылдық қамыты киіліп, бұғауы қысып, ел-жұрт ноқтаға мойынұсынған тұста «Өнер-білім бар жұрттан» тіршіліктегі қам-қарекетте, талас-тартыста қалып қоймай, бәсекеге қабілетті болуға шыңдайтын ұстахана – орыс-қазақ мектептер жүйесін Торғай өңірінде қалыптастыруға мол үлес қосқан Ы.Алтынсарин сынды ағартушы-қайраткер тұлғаның мұрасын қазіргі тәуелсіз елдің мұрат-мақсаты тұрғысынан зерттеуде атқарылатын жұмыстар шаш-етектен. Сол істерді құнттау керек. Осымен біздің сөз – тамам.

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы,

Қостанай

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1980