Атауларды өзгерту – уақыт күттірмейді!
Облыс деген сөзді аймақ деп ауыстыратын мезгіл әлдеқашан жетті. Дегенмен, бұл істі әлі де іске асыра алмай келеміз. Мүмкін ойымыз, түсінігіміз немесе біліміміз жетпейтін шығар. Билігіміз қорқады-ау, деп ойлаймын.
Айтайын деген ойым, егер біз облыс сөзін аймақ деп өзгертсек Қазақстан бір табан ұлттық ренге жақындар еді (национальный колорит). Әйтпесе, қайсібір ұлт өкілдерінің айтпайтын сөзі жоқ. Соларға айтарлықтай тосқауыл болар еді. Сонымен қатар, қазіргі кейбір облыс атауларында мәні мен мағынасына және жер-су атауларына қарап қайта атағанымыз жөнге келетін секілді.
Мысалы, былай деп көрсетсек:
Түркістан облысын - Түркістан аймағы,
Алматы облысын - Жетісу аймағы,
Қарағанды облысын - Сарыарқа аймағы,
Шығыс-Қазақстан облысын - Алтын Алтай аймағы,
Ақмола облысын - Көкшетау аймағы,
Қызылорда облысын Сырдария өзені жарып өтетін болғандықтан - Сырдария аймағы,
Батыс Қазақстан облысын - Ақ Жайық аймағы,
Атырау облысын - Атырау аймағы,
Павлодар облысын – Ертіс аймағы,
Солтүстік Қазақстан облысын - Қызылжар аймағы,
Павлодарды – өзінің тарихи атауымен Тұзкент қаласы деп,
Петропавлоск қаласын – көне атауымен Қызылжар деп атау керек шығар.
Сонымен қатар, кейбір аудандардың аттарын өзгерту уақыт күттірмейтін іс.
Айтар болсақ :
Целиноград ауданын – Ақмола ауданы (орталығы Ақмол елдімекені емес пе),
Щучинск қаласын – Бурабай немесе Абылайхан қаласы деп,
Ұйғыр ауданын – Қарадала әйтпесе Шарын ауданы деп өзгерту жөнге келетін секілді.
Міне осылай жалғаса береді. Осылай етпесек, қайсібір облыс орталығы болып саналатын қалалардың атын тұтас аймаққа көрпеше секілді керіп тастағанбыз. Шындығында сол аймақтардың халық ауызындағы жер-су атауы көнеден келе жатқан аты болғандықтан жарасымды, әдемі, туған елімізге соншалықты жақын.
Бұл атаулар ел-жұртымыз үшін баға жетпес мақтанышқа айналары анық. Шығыс Қазақстан облысының орталығын, алдағы уақытта егер мүмкіндік болса Ертіс немесе Алтай деп өзгертсе, славян жұрты да ештеңе демес еді. Неге десеңіз, Ертіс өзені Ресейді де кесіп өтеді. Ертіс – түркі-қыпшақ сөзі болғанымен олар бұл сөзге ертеден дағдыланған. Алтай сөзінеде солай. Сондықтан, қоңсы ел осы атауға ештеңе дей қоймас. Бұл әрине, менің өз пікірім. Қалай десекте, ел ауызындағы атауларды жаңғыртудың және қалпына келтірудің уақыты келді деуге болады.
Мемлекетіміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтере жатырмыз. Бұл енді биліктің іскерлігіне байланысты. Алайда, осыны сылтау етіп, жоғарыда айтылған атауларды және пікірлерді ескермей, солтүстіктегі көршімізден орынсыз сескене беру, сонымен қатар, ішкі кейбір ұсақ этносқа жалтақтай беру жараспайды.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz