Тау шаңғы спорты: Қазақстан жүлдеден үмітті ме?
Тау шаңғы спортынан ұлттық құрама соңғы рет жеңіс тұғырына 2011 жылы Қазақстанда өткен Азия ойындарында шыққан. Араға 14 жыл салып, ұлттық құрама қайтадан алтын медальға ие бола ала ма? Бұл туралы Olympic.kz сайты жазды.
Тау шаңғы спорты - спортшылардың қарлы тау беткейлерінен арнайы дайындалған жолдар арқылы түсуін қамтитын спорт түрі. Аталмыш дисциплина қысқы Азия ойындарында 1986 жылдан бастап өткізіліп келеді.
Негізінен тау шаңғы спорты бірнеше дисциплинаны қамтиды. Атап айтсақ, слалом, алып слалом, өте алып слалом, жылдам түсу және суперкомбинация.
Жалпы, слалом және алып слалом дисциплиналары 2011 жылды санамағанда, барлық дерлік қысқы Азия ойындарында өткен. Ал 2011 жылы Қазақстанда ұйымдастырылған мультспорттық іс-шарада тек суперкомбинация, өте алып слалом және жылдам түсу дисциплиналары қамтылған.
Қазақстан құрамасына келер болсақ. Ұлттық команда тау шаңғы спортынан көшбасшылар қатарында емес. Дей тұрғанмен, Азия ойындарындағы жеткін жетістіктерін атап өткен жөн болар.
Ерлер арасында слаломнан үздік нәтиже көрсеткен спортшы әлі тіркелмеді. Есесіне әйелдер арасында қазақстандық Ольга Ведяшева бар. Отандасымыз 1996 және 1999 жылғы қысқы Азия ойындарында өнер көрсеткен. Ведяшева 1996 жылы Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында алып слалом және өте алып слаломға қатысқан. Нәтижесінде 1 алтын медаль мен 1 күміс еншілеген. Ал 1999 жылы Канвондо да өткен ойындарда слалом дисциплинасы бойынша да өнер көрсетіп, күміс медаль иеленген. Одан бөлек алып слаломда алтын, өте алып слаломда қола жүлдеге ие болған. Сондай-ақ, алып слаломда Юлия Крыгина қола жүлдені қанағат тұтқан.
2011 жылғы Қазақстанда өткен қысқы Азия ойындары ерекшеленген еді. Аталмыш додада тау шаңғы спорты тек үш дисциплинаны қамтыды: өте алып слалом, суперкомбинация және жылдам түсу.
Қазақстан жерінде өткен мультиспорттық шарада ұлттық құрама 3 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль еншілеген. Ерлер арасында Дмитрий Кошкин және Игорь Закурдаев өнер көрсетті. Соның ішінде өте алып слаломда Игорь Закурдаев алтыннан алқа тақса, жылдам түсуде Дмитрий Кошкин үздік атанды. Және де осы дисциплиналарда бір-бір күміс медаль бар.
Әйелдер арасындағы суперкомбинацияда Людмила Федотова алтынға ие болды. Сондай-ақ, ол өте алып слалом және жылдам түсуде күміс медаль иеленсе, суперкомбинация мен жылдам түсуден Ксения Строилова қола жүлдеге қол жеткізген.
Енді жалпы медальдық есеп туралы айтсақ, Қазақстан құрамасы кестеде үшінші орында тұр. Ұлттық құрама қоржынында 5 алтын медаль, 7 күміс және 4 қола жүлде бар.
2025 жылы Харбинде өтетін Қысқы Азия ойындарына Қазақстан атынан кімдер бақ сынайды? Төменде аталмыш жарысқа баратын спортшылардың тізімі көрсетілген:
- Захар Кучин
- Ростислав Хохлов
- Алексей Кулаков
- Данил Сысоев
- Александра Троицкая
- Ксения Бережная
- Мария Шкабарова
- Александра Скороходова
Қазақстан ұлттық құрамасының соңғы нәтижелерін ескере отырып, фавориттер қатарына жатқызу қиын. Мысалы 2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиаданы алсақ, сол турнирде Захар Кучин ел намысын қорғаған еді. Алайда спортшы алып слаломда қашықтықты еңсере алмады. Атлеттің айтуы бойынша бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болған.
Сондай-ақ, әйелдер арасында Александра Троицкая өнер көрсетті. Өкінішке қарай, отандасымыз слаломда мәреге жете алмады.
2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарындағы басты фавориттерге тоқталсақ. Әрине, бұл сөзсіз Жапония құрамасы. Жапониялықтар барлық дисциплиналарда үздік екендерін дәлелдей білді. Жалпы медальдық есепте 22 алтын медаль еншілеген. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея құрамасы ілгері озып келеді. Олардың қоржынында 8 алтын медаль бар. Дей тұрғанмен, биыл Қазақстан құрамасы біршама жетістікке жетіп, бұл көрсеткішті басып озуға толықтай мүмкіндіктері бар.
Биылғы Азия ойындарында тау шаңғы спорты екі дисциплина бойынша өтеді: алып слалом және слалом. Қазақстандықтар бұл дисциплиналарда жоғары нәтиже көрсете алмаса да, медальдар үшін күресе алатыны анық.
Abai.kz