Жұма, 22 Қараша 2024
Апат 6651 56 пікір 22 Желтоқсан, 2021 сағат 15:23

АЭС-ті айтқанда - Ақорданың «көзі соқыр, құлағы керең»

Қазақстанға АЭС-ті кім салады?

Ендігі бұл сұрақты осылай қою жөн секілді. Қоғам қарсылығын айтты. Мен деген мамандар соқыр көретіндей, керең еститіндей етіп талдап, тәптіштеп түсіндірді. Ал «еститін мемлекеттің» басшы-қосшылары ел пікірін естігісі келген жоқ. «Айттым – бітті, кестім – үзілді» деген сазбеттікке салынып, «АЭС керек», - дегеннен танбай отыр.

Әне, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев АЭС жайлы:

«Қазір Алматы облысында атом электр стансасын салу мәселесі қарастырылуда. Ұлттық электр желісінің топографиясы бойынша Үлкен ауылы ең қолайлы учаске болып табылады. Мүмкіндік бар. Жеткілікті тармақталған 500 киловольт желісінің, негізгі қосалқы станциясы бар, ол - Юг-ГРЕСС 500. Бұл учаске базалық қуатты орналастыруға және Солтүстік-Оңтүстік электр транзитін тұрақтандыруға мүмкіндігінше ыңғайлы. Орталық Қазақстанға да, Қарағандыға да, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік аймақтарына Солтүстік-Оңтүстік транзитіне де электр энергиясын қайта бөлуге қолайлы», - депті Сәтқалиев.

Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев АЭС құрылысы туралы пікір айтудан бас тартыпты.

«Бұл жоба болып бекітіліп, қандай да бір мәлімет белгілі болған соң, ол жобаны көзбен көрген соң, экологиялық тиімділігіне баға беріп, оның қоршаған ортаға әсері қандай болатынын анықтаған соң ғана пікір айтуға болады. Ал қазір бізде пікір жоқ», - депті Брекешев.

2019 жылдың сәуірінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде ресейлік технологияның пайдаланып, АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл ақпаратқа қазақ қоғам, Қазақстан қоғамы өре-түрегеліп, қарсылық білдірді. Көп ұзамай президент Тоқаев«Халықтың пікірін ескермей, АЭС салу туралы шешім қабылданбайды», - деп мәлімдеді.

Ал биыл қыркүйектің басында өткен «Шығыс экономикалық форумында» Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болатынын айтып: «Қазақстанға АЭС керек», - деп сөйледі. «Әлемдік тәжірбиеге сай тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Оңай шаруа емес. Сондықтан, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермей, ұтымды шеше білуіміз керек», - деді.

Ал қыркүйектің аяғында өткен 17-ші Қазақстан-Ресей өңіраралық форумында Ресей президенті АЭС мәселесін қайта көтеріп: «АЭС салу мәселесінде қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп мәлімдеді.

Президент Тоқаев та бұл пікірді құпатағандай болды. «Қазақстанға АЭС керектігін әрі түбінде бір шешім қабылдау керек болатынын» қадап айтқан.

«Түптеп келгенде, біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау», - деп сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев. Сөйткен де Үкімет пен «Самұрық-Қазына» басшылығына тапсырма берген.

Онан соң экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та АЭС туралы айтты. Оливер Стоунға берген сұхбатында Назарбаев: «Біз АЭС саламыз», - деп кесіп айтып, талқы болған көп сөзді нүктелегендей болды.

«Біз атом станциясын саламыз. Енді тек мердігер мен технологияны таңдау ғана керек. Ресей, Жапония, Оңтүстік Корей мен АҚШ компанияларынан ұсыныстар түсті. Қазір біз сол АЭС-ті қайда салатынымызды қарастырып жатырмыз», - деді экс-президент.

Жалпы Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы әңгіме кеше-бүгін ғана айтылып отырған жоқ.

Қайсыбір жылы осы мәселе қоғамның қызу талқысына салынды. Құрылыс жұмыстарын 2018 жылы бастап кетеді деген. Қоғам наразылығынан соң, бұл іс кейінге шегерілді. Ал 2014 жылы АЭС салатын орын ретінде Шығыс Қазақстандағы Курчатовты таңдап алған еді. Кейін Алматы облысында салатын боп шешті. Тіпті, 2015 жылы Жапонияның сол кездегі премьері Синдзо Абэ мен экс-президент Назарбаев кездескен. Сол кездесуде Назарбаев пен Абэ әлгі атом электр станциясын жапон технологиясымен салатын болып келіскен.

Ал енді осы бізге атом электр станциясы керек пе? Қазақстан жаңағы Ресейдің АЭС-іне қаншалықты мұқтаж?

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Қазақстан халқына жолдау жасап, энергия өндіруде «жасыл энергетикаға» көшетінімізді айтқан. Ол технология тиімді әрі экологиялық қауіпсіз екендігі де дәлелді түрде көрсетілген. Бізді сол сөздерге сендірген. Тіпті, Үкіметке 2030 жылға қарай алтернативті энергия көздерін алудың үлесін 30 пайызға жеткізу туралы тапсырма берген.

Ол аз десеңіз, алтернативті энергия көзін табу атты ұранмен миллиардтаған ақша шығындап, Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін де өткізген жоқ па едік?! Егер айналып келіп, атом электр станциясын салатын болсақ, миллиардтаған шығын шығарып өткізген «ЭКСПО» дегеніңіз әдіре қалғаны ма? Осының барлығы кім үшін, не үшін өткізілді, сонда?

Жоғарыдағы сұрағымызды қайталап қояйық, бізге атом электр станциясы керек пе? Керек болған жағдайда оны орыс технологиясымен салу қаншалықты тиімді? Орыс технологиясының қаншалық сапалы екені Чернобыльде белгілі болды емес пе?.. Алматы облысында салатын станция Чернобыльдің тағдырын қайталамасына Путин кепілдік бере ме? Осыған дейін Ресейден сатып алған ұшақтарымыз жиі апатқа ұшырап, қаншама сарбаз шейіт кетті. Оның сұрөтеуі болды ма?

Семейда сан рет жарылыс жасап, зардабын қара халық тартқанда соқыр тиын шығындамаған Ресей, Байқоңырдан ұшырған зымыраны қазақ даласына құлап, гептилінен у шашылғанда мойындамаған Ресей ертең «күл болмасаң, бүл бол» демесіне президент Тоқаев пен экс-президент Назарбаев кепілдік бере ме? Әлбетте жоқ! Қазақстан өзін 100 пайыз энергиямен қамтамасыз етіп отырған мемлекет. Ендеше дүние жұрты жасыл энегрияға көшіп жатқанда қазаққа ең қауіпті АЭС салатындан не мұқтаждық туды?..

Түйін: Биыл қазан айында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі» тақырыбында сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде, Қазақстан азаматтарының 55%-ы атом электр станциясының салынуына қарсы, ал, 36%-ы үзілді-кесілді қарсы болған. Олардың пікірінше, Қазақстан АЭС секілді объектілерді салуға дайын емес.

Әуел баста: «Халықтың пікірін ескермей, АЭС салу туралы шешім қабылданбайды», - деген Тоқаев сол өзі айтқан сөзді өзі жоққа шығарып: «түптің-түбінде АЭС  салу туралы шешімге келеміз», - деді. Әне, АЭС-тің салынатын орны да белгіленіп қойыпты. Бұл дегеніңіз президент Тоқаев айтпақшы, «Қазақстан бәрібір АЭС салады», деген сөз.

Қазірге белгілісі мынау:

1.АЭС Алматы облысының маңындағы Үлкен деген елдімекенде (Балқаш көлінің жағасында) салынады. Ол жерде жеткілікті тармақталған 500 киловольт желісінің, негізгі қосалқы станциясы бар, ол - Юг-ГРЕСС 500.

2.АЭС салуға қатысты Ресейден, Қытайдан, Франция мен Оңтүстік Корейден және АҚШ-тан екі ұсыныс түскен.

3.АЭС құрылысының мерзімі – 10 жыл деп белгіленген.

4.Ресейлік «Росатом» нақты бетілікген жобалық жоспарын ұсынған.

Міне, солай...  АЭС-ті айтқанда Ақорданың «көзі соқыр, құлағы керең» болып тұр...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

56 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282