Алтынсарин мектебінің моделі
Ыбырай Алтынсарин мектептің басты мақсаты – баланың дұрыс тәрбие мен білім алып шығуы болуы керек деген принципті ұстанды. Бұл ағартушының губернаторларға, оқу инспекторларына жазған хаттары мен тапсырған есептерінен айқын аңғарылады. Сол кезеңдегі орыс билігінің қазақ жерінен мектеп ашудағы басты мақсаты – қазақ балаларына білім беруден гөрі қазақ қоғамын орыстандыру және орыс жазуын енгізу арқылы отарлау саясаты болғаны мәлім.
Ы.Алтынсариннің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметіне терең зерттеу жүргізген Ә.Сыдықов Ыбырай Ильминскийдің системасы бойынша қазақтарға құрылған мектептерден мүлде басқа типтегі мектептер құрмақшы болғанын атап көрсетеді. Осы мақсатпен Ы.Алтынсарин қазақ балалары оқитын мектептегі білім беру жүйесінің жобасын жасап шығады. Себебі бұратана халықтардың балалары оқитын мектептерде оқушылардың орыс тілі мен әдебиетін жетік меңгеріп шығуына ғана назар аударылып, жан-жақты терең білім алуына мән берілмейді. Ал ағартушы қазақ балалары оқитын мектептерде де таза орыс мектептері сияқты барлық пәндердің өтуін, қазақ баласының да толыққанды білім алып шығуын жан-тәнімен қалайды. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин қазақ балаларына арналған мектептердегі:
- Оқу жұмысының жалпы жайын
- Мектептердегі оқу жайын
- Оқу құралдарының жайын
- Оқу және тәрбие жұмыстарын
- Мектептердің шаруашылық жағын үнемі өзі бақылап, қазақ баларының сапалы білім алуын, дұрыс, жайлы жерде тұруын қадағалап отырған.
Ы.Алтынсарин қазақ халқының келешегін мектеппен байланыстыра отырып, қазақтар оқитын мектептің моделі қандай болу керектігін айқындайды және мектептердің белгілі бір мақсат бойынша жұмыс істеуін қолға алады. Ағартушының бұл тұжырымдары халық ағарту мәселелері жайындағы ой-пікірлері мен тапсырған есептерінде айқын жазылған. Сонымен Ы.Алтынсариннің тұжырымдарын жинақтағанда, қазақ балаларына арналған мектептің моделі мынадай:
Қазіргі заман мектептерінде қалыптасқан білім беру жүйесінің ұлы ағартушы салып кеткен осы жүйе бойынша келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Ы.Алтынсариннің сол кездегі қазақ балалары үшін ашылған мектептердің алдыңғы қатардағы орыс мектептерінің теориясы мен практикасындағы таңдаулы әдістерді пайдалануы керек деген ұстанымын, бүгінгі таңдағы әлемнің озық елдерінің білім жүйесіндегі әдіс-тәсілдерді еліміздегі мектептерде практикаға енгізу үрдісімен салыстыруға болады. Мәселен, қазіргі жаһандану заманында бізге білім берудің әлемдік озық тәжірибесімен танысуға, ұлттық және жергілікті контекске бейімдеп қолдануға мүмкіндік мол. Мәселен, екінші тілді оқыту бойынша Канада елінің «тілге бойлау әдісі» орыс тілді мектептердегі қазақ тілін оқыту жүйесінде қолданылып отыр. Педагогика ғылымдарының докторы М.Ж.Жадрина мектепке дейінгі және бастауыш білім беру буынына арнап «Қазақ тіліне бойлау моделін» ұсынды. Сонымен қатар СLIL (Content and Language Integrated Learning) – кіріктірілген бағдарлама арқылы екінші тілді меңгеру технологиясы еліміздің білім беру саласында кеңінен қолданысқа еніп келеді. Бұл әдісті 1994 жылы ең алғаш рет Дэвид Марш (David Marsh) ұсынған болатын.
Ы.Алтынсариннің мектеп – жаңа өмір үшін күресетін жаңа адамдарды тәрбиелеуі керек деген ұстанымы қазіргі оқыту жүйесіндегі жаңартылған білім беру мазмұнында қамтылып отыр. Ал Ы.Алтынсариннің білім беру нақты ғылыми фактілерге сүйене отырып оқытылуы керек деген ұстанымы осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтылса да бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі ретінде өз маңызын жойған жоқ. Жоғарыдағы мектеп моделінде көрсетілген «зат және құбылыс, қоршаған орта мен табиғат туралы дәл де анық білім беруі керек» деген ұстаным Ы.Алтынсариннің білім берудегі ең басты принциптерінің бірі болды. Осы арқылы оқыту əдістерін жаңа бағытта құрып, баланың дүниетанымын, оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттырудың түрлі жолдарын ұсынды. Мұны ағартушының мұғалімдерге ғылыми негізде жазылған қосымша әдебиеттерді қолдана отырып, балаларға айналадағы дүниені танытуға, сол арқылы балалардың дүниетанымдарын, білімдерін тереңдетуге берген арнайы нұсқауы дәлел. Мәселен, Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тұрған кезінде, 1883 жылы 12 ақпанда шығарған нұсқау хатында: «Оқушылар үшін Сент-Илердің зоологиясы, Гердтің минерологияның қысқаша курсы, Оливердің ботаникасы, жаратылыс тарихының оқу атласы, Крюгердің элементарлық физикасы, Пуцковичтің географиясы... Оқушылармен кешке әңгімелесу үшін Зобовтың табиғат жайындағы әңгімелерін, Константиновичтің химия жөніндегі әңгімелерін және Фигьенің маңызды жаңалықтары мен өнер табыстарын ұсынамын... Бұлардан басқа оқытушылардың оқуына және өнеге алуларына пайдалы деп ұсынатындарым: Бобровскийдің педагогикасы, ... Реклюдің «Уақыт, құрлық және мұхит», Советовтың «Егіншілік пен мал шаруашылығы» және басқалары», - деп мұғалімдерге жол сілтей отырып: «Мұндай әңгімелерді оқушылардың қызығып тыңдайтынын және жеңіл ұғып алатынын мен өз тәжірибемнен көргенмін», - дейді нұсқау хатында. Сонымен қатар, мектептің жұмысы туралы берген бір есебінде Ы.Алтынсарин: «Үздік оқыған балаларға Бірімжановқа, Жанғожинға, Тәшеновке, Аққуовқа сыйлық ретінде тарих, табиғат және оның құбылыстары туралы кітаптар, мал шаруашылығын жақсы көретіндерге арналған альбомдар, тағы аңдардың тіршілік етуі жайындағы суреттер және күн, ай жұлдыздар туралы әңгіме кітаптар берілді», - деп жазған. Бүгінгі жаңартылған білім беру бағдарламасының басты қағидасы – бастауыш білім беру буынында оқушының қоршаған ортаны тұтас қабылдауы және құбылыстар мен үдерістердің заңдылықтарын, себеп-салдарлық байланысын анықтау арқылы табиғатты тануға қызықтыру арқылы оқыту екендігі мәлім. Бұл идеяны ұлы ағартушы негізгі принциптің бірі ретінде ұстанып, қазақ балаларының қоршаған орта туралы ұғымдарын ғылыми тұрғыдан толықтыруды мақсат тұтқаны анық аңғарылады.
Ағартушының қазақ тілінде жазылған еңбектердің жоқтығына орай, сол кезеңдегі дереккөздерге арқа сүйеуі заңдылық және Ы.Алтынсариннің бастауыш сыныптағы қазақ баласы білсе екен деп ұсынып отырған бұл еңбектерінің барлығы сол кезеңдегі мықты ғылыми зерттеулер болатын. Қазіргі таңдағы «Жаратылыстану», «Дүниетану» оқу бағдарламалары мазмұнынан оның ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің жоғарыдағы тұжырымын жалғастырушы пән ретінде орныққанын аңғарамыз. «Дүниетану» пәні бойынша екінші сыныптағы «Өзім туралы», «Менің отбасым және достарым», «Менің мектебім», «Менің туған елім», «Дені саудың жаны сау», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті», «Қоршаған орта», «Саяхат» деген ортақ тақырыптар аясындағы оқу мақсаттарында көрсетілген «елімнің көрікті жерлері», «шаруашылықтың пайда болуы», «ауа райы», «табиғат және шаруашылық», «менің өлкем», «табиғаттағы қауіп-қатерлер» тәрізді тағы да басқа тақырыпшалар Ы.Алтынсариннің бала үшін қажетті білімдер деп таныған тұжырымымен толық сәйкес келеді. Ағартушының әңгіме және түсіндіру арқылы балаға зат пен құбылысты суреттету, әртүрлі заттардың ұқсастығы мен айырмашылығын салыстырту, өз тәжірибесіне сүйене отырып қорытынды жасату тәрізді әдістері «Жаратылыстану», «Дүниетану» пәндері тапсырмаларында жүйелі беріледі. Бұл Ыбырай Алтынсариннің бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен методикалық әдіс-тәсілдері бүгінгі жаңартылған білім мазмұнындағы оқулықтарда әлі күнге дейін сақталып келе жатқанының айғағы. Ы.Алтынсариннің ғылым мен техниканың жетістігін балаларға ұғындырған, ізденуге, еңбек етуге, заман талабына бейімделуге шақырған өлеңдері, баланы еңбек пен адалдыққа тәрбиелейтін, ұлы жаңалықтар мен өнер табыстарын суреттейтін әңгімелері күні бүгінге дейін оқу-тәрбие жұмыстарының өзегі болып келе жатыр.
Балалардың мектеп бітіріп шыққанда белгілі бір мамандыққа қарай бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында Ы.Алтынсарин сабаққа қажетті қосымша құралдар, атап айтқанда, Гестерманның техникалық коллекциясын (зығыр, мақта, жүн, жібек, былғары, қағаз, әйнек сияқты заттарды өндіру және пайдалану үлгілері, бал арасын ұстау жайы т.б.), ұзындық, ауырлық өлшеу коллекциясын, таразылар, барометрлер, микроскоптар, компастар, электр-магнит, істейтін телеграф пен сиқырлы фонарьларды арнайы қаржы жұмсап мектептерге алдырып отырған. Бұлардың не үшін қажеттілігін Ы.Алтынсарин Торғай облысындағы халық мектептерінің 1883 жылғы жайы туралы тапсырған есебінде былайша түсіндіреді: «Менің бұларды керек деп тапқан себебім, біріншіден, мысалы, электр сияқты заттарды жалаң кітаптан түсіндіру оқушыларға олар жайында толық түсінік бермейді, ал екіншіден, қазақтар мүмкін болғанынша ғылым мен өнердің үлгілерін де көрсін деген ой еді».
Бұдан Ы.Алтынсариннің мектептің материалдық техникалық базамен қамтамасыз ету мәселесіне аса көңіл бөле отырып, теориялық материалды практикалық әрекет арқылы игеруіне жағдай жасауды көздегенін көреміз. Қазіргі қолданыстағы орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында әзірленген бастауыш білім беру деңгейінің 1-4 сыныптарына арналған «Жаратылыстану» пәнінен үлгілік оқу бағдарламасы аясындағы «Мен зерттеушімін», «Жанды табиғат», «Заттар және олардың қасиеттері», «Жер және ғарыш», «Табиғат физикасы» бөлімдері ұлы ағартушының ұстанымымен сабақтасып жатыр. Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушыларының қоршаған ортадағы құбылыстар мен заттарды танып білуіне қажетті зерттеу дағдыларын жүйелі дамыту мақсатында «Мен зерттеушімін» бөлімі оқушының ақпарат көздерімен жұмыс істеп, өз бетінше эксперимент пен бақылау жүргізуін игертуге бағытталған. «Жанды табиғат» бөлімі экологиялық тәрбие беруге бағытталса, «Заттар және олардың қасиеттері», «Жер және ғарыш», «Табиғат физикасы» бөлімдері оқушыға толыққанды ғылыми тұрғыдан білім береді. Бұдан Ы.Алтынсариннің «Мектеп зат пен құбылыс жөнінде, айналадағы өмір мен табиғат туралы дәл де анық ұғым беруге тиіс. Ол үшін оқулықтармен ғана шектелмей, әр тақырып ерекшелігіне қарай аспаптар, коллекциялар арқылы т.б. көрнекі құралдар арқылы түсіндірілгені жөн», - деген ұстанымының күні бүгінге дейін өз маңызын жоймағанын көреміз.
Жалпы қазақ жерінде ашылатын орыс-қазақ мектептеріндегі оқуды орыс-татар тілінде емес орыс-қазақ тілінде жүргізу және оқулықтарды орыс әліпбиіне негіздеп шығару мәселесі 1868 жылдан бастап көтерілгені мәлім. Алайда Ы.Алтынсарин қазақша кітаптарды бірден орыс әліпбиімен басып шығаруға қарсылық танытып, жат жазумен қазақ қоғамын оқу-білімге шақыру қиындық тудыратынын ескерткен. Алайда орыс әліпбиі негізінде қазақша оқулықтар шығару мәселесі 1873 жылы билік тарапынан ресми түрде бекітіліп, автор ретінде Ержан Шолақов пен Ыбырай Алтынсарин ұсынылады. Бірақ бұл іс аяқсыз қалады. Оның бір себебі, Бекчуриннің, Ильминскийдің, Радловтың татар тілінде жазылған оқулықтарын қазақшаға аудара салуды Ы.Алтынсарин құп көрмейді. Қазақ баласының ұлттық санасына, ұлттық мәдениетіне, тұрмыс-тіршілігіне лайықталған оқулық шығару қажеттілігін «жоғары жаққа» түсіндіруге тырысады. Бұдан ұлы ағартушының оқулық мәселесінде қазақ балаларына арналған оқулықтар олардың дүниетанымына сәйкес болуын және қазақ баласына аударма оқулық емес жаңа оқулық жазу қажет екенін талап еткенін көреміз.
Ы.Алтынсарин арнаулы білім беретін, белгілі бір мамандыққа дайындайтын мектептің де негізін салушы болғаны мәлім. Ағартушының бастамасымен ауылшаруашылық және қолөнерге баулитын училищелер ашылып, қаншама қазақ баласы оқып шықты. Ағартушы өнерлі қазақ баласын оқытып шығару, оларды белгілі бір мамандыққа баулу арқылы оларды жаңа заман, жаңа өмір талабына бейімдеуді көздеген. Ауылшаруашылық училищесінің оқушылары былғары жасау, сабын қайнату, май, сыр өндіру тәсілдерін меңгеріп шыққан. Ал Орскідегі қазақтарға арнайы өзі ашқан тұңғыш мұғалімдер мектебінен 1886 жылы он екі мұғалім бітірді.
Ы.Алтынсарин мектеп жұмысының нәтижелі болуы ең бірінші мұғалімге байланысты екенін үнемі ескертіп отырды, оқушының тақырыпты дұрыс меңгеріп, оны есте сақтауына және дұрыс сөйлеуге дағдылануына мұғалімнің басты рөл атқаратынын айтады. Ы.Алтынсарин мектептің қазақ арасында ғылыммен қаруланған, дұрыс көзқарасы бар адамдардың көбеюіне ықпал етуі керектігін басты назарда ұстап, мектепке сауатты мұғалімдер тартуға талпынады. 1882 жылы Торғай облысы мектептеріндегі оқу жұмысына қатысты тапсырған есебінде: «Қазақтарға білім енді беріле бастаған кезде ең әуелі қабілетті оқытушылар болуы керек екенін еске алып, Торғай облысының мектептеріне педагогикалық қызмет жөнінде қабілеті бар және тәжірибесі мол адамдарды тартуға талай әрекет жасаған едім», - дейді. Ағартушының тұжырымдары мен ұстанымдарын жинақтағанда Ыбырай талап еткен мұғалім бейнесі мынадай:
«Бұлай етпеген күнде оқыту мен оқу жұмысын жүргізуде система болмайды. Система жоқ жерде нәтижелі іс те болмайды», - дейді ағартушы. Ы.Алтынсарин әсіресе мұғалім біліктілігінің оқыту мен тәрбие жұмыстарына зор ықпал ететінін үнемі ескертіп отырған. Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тұрған кезіндегі 1883 жылы 12 ақпанда шығарған нұсқау хатында білім беру мен тәрбие жұмыстарына қатысты мұғалімдерге бірнеше ұсыныс айтып, жол сілтеген болатын.
Жоғарыдағы кестеден Ы.Алтынсариннің мына мәселелерге басты назар аударғанын аңғаруға болады:
1) Мұғалімдердің оқулықпен ғана шектеліп, сол пән аясына қатысты білімдері мен біліктерін жетілдіріп отырмауы және оқу-тәрбие жұмыстарын дұрыс түсінбеуі білім беруде кері әсер ететінін;
2) Мұғалімнің оқыту әдістерін өзгерте беруі де оқу сапасына кері әсер ететінін;
3) Мұғалімнің тақырыпты оқушыға дұрыс меңгерту шеберлігінің білім берудегі аса маңызды нәрсе екендігін;
4) Мұғалімнің баламен дұрыс қарым-қатынас жасауы мен өзін-өзі ұстау этикасының оқыту үрдісінде басты рөл атқаратынын;
5) Мұғалімнің оқытушылық пен педагогтік әдісті қатар меңгеруінің білім сапасы үшін маңыздылығын.
Қазіргі ережеге сәйкес білікті мұғалім педагогикалық зерттеу жүргізе алатын, оқытудың жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерін толық меңгерген және оқушының интеллектуалдық дағдысын қалыптастыра алатын теориялық білімі терең маман болуы шарт. Бұны ұлт ағартушысы Ы.Алтынсарин сонау ХІХ ғасырдың аяғында-ақ мектептердегі басты педагогикалық талап ретінде орнықтырып кетті және өз кезеңіндегі мұғалімдерден сол заманға сәйкес талап етіп, оған өзі жөн сілтеп, қазақ мұғалімдерінің көшбасшысы бола білді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңдағы мектептер жүйесі Ыбырай Алтынсарин мектебінің моделі негізінде дамып жетілгені айқын. Бастауыш мектеп педагогикасы мен әдістемесінің тұңғыш негізін қалаушы, кіші жастағы балалар психологиясына лайықталған білім беру жүйесінің тұңғыш негізін салушы ұлы ағартушы, әдіскер-ғалым, педагог-маман Ы.Алтынсариннің «мектеп – қабілетсіздік пен жалқаулықтың ұясына айналмауы тиіс», «педагогикалық жұмыстағы шешуші нәрсе – ең жақсы оқыту әдістерін таба білу», «оқыту процесінде қалай болса солай оқытпай, ғылыми білім беру жүйесі сақталу керек» деген тұжырымдары дәл қазіргі кезеңде де өзекті.
Байтенова Қаламқас Қыдырбекқызы
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы
«Білім беру бағдарламалары орталығы»
Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімі бастығы
Мамырбек Гүлфар Мәжитқызы
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы
«Білім беру бағдарламалары орталығының» аға менеджері
Abai.kz