Ақылбек Шаяхмет. Нөл туралы толғау
«Единица болмаса,
Не болады өңкей нөл».
Абай
Нөл туралы қанша дана толғанса,
Жатыр алда біз көрмеген жол қанша?!
Таусылмайды өмірбақи есебі,
Барлық санды түгел санап болғанша.
Нөл дегенің - қараңғы түн, бұлдыр күн,
Осы нөлмен миллиондарды бүлдірдім.
Нөл дегенің - жарылмаған жұмыртқа,
Нөл дегенің - бір үзігі шынжырдың.
Бұл фәниден аттанғандар бақиға
Мың жасайды деп айтуға тати ма?!
Нөлге ұқсайды толған ай да кей кезде,
Нөлге ұқсайды саусақтағы сақина.
Нөлге ұқсайды қалтаңдағы тиын да,
Ақша жұмсап, құр қол қалу қиын ба?!
Тыр жалаңаш нөлден бастау алады
Барлық малың, киім-кешек, бұйым да.
Нөлден нөлді қаншама алып көрсеңіз,
Нөлге нөлді қоссаңыз де ең семіз,
Кемімейді нөлге нөлді бөлсеңіз,
Көбеймейді нөл ешқашан, сенсеңіз.
Өзіңді өзің илантсаң да сенбе деп,
Қия шыңға шыққаныңда өрмелеп,
Сол ақиқат бұзылады кей кезде
Нөл секілді дүнияда дөңгелек.
Неге керек бекер керіс, ерегес,
Нөл дегенің шын мәнінде түк емес.
«Единица болмаса,
Не болады өңкей нөл».
Абай
Нөл туралы қанша дана толғанса,
Жатыр алда біз көрмеген жол қанша?!
Таусылмайды өмірбақи есебі,
Барлық санды түгел санап болғанша.
Нөл дегенің - қараңғы түн, бұлдыр күн,
Осы нөлмен миллиондарды бүлдірдім.
Нөл дегенің - жарылмаған жұмыртқа,
Нөл дегенің - бір үзігі шынжырдың.
Бұл фәниден аттанғандар бақиға
Мың жасайды деп айтуға тати ма?!
Нөлге ұқсайды толған ай да кей кезде,
Нөлге ұқсайды саусақтағы сақина.
Нөлге ұқсайды қалтаңдағы тиын да,
Ақша жұмсап, құр қол қалу қиын ба?!
Тыр жалаңаш нөлден бастау алады
Барлық малың, киім-кешек, бұйым да.
Нөлден нөлді қаншама алып көрсеңіз,
Нөлге нөлді қоссаңыз де ең семіз,
Кемімейді нөлге нөлді бөлсеңіз,
Көбеймейді нөл ешқашан, сенсеңіз.
Өзіңді өзің илантсаң да сенбе деп,
Қия шыңға шыққаныңда өрмелеп,
Сол ақиқат бұзылады кей кезде
Нөл секілді дүнияда дөңгелек.
Неге керек бекер керіс, ерегес,
Нөл дегенің шын мәнінде түк емес.
Бір сан қойсаң, бірақ, оның алдына
Болуы анық нағыз қырғын төбелес.
Жақсылыққа апармайды құр егес,
Нөлді кейде жетелейді бір елес.
Ондықтар бар, жүздіктер бар, мыңдық бар,
Яғни, негізгі сан нөл емес.
Нөлсіз, бірақ, олардың еш құны жоқ,
Нөлсіз тіпті аяқ басар түрі жоқ.
Түгі жоққа, ығы жоққа телмірткен
Бұл не ғажап, бұл не деген құдірет?!
Нөл дегенің, мүмкін, кепкен шөл болар,
Нөл дегенің мүмкін, шалқар көл болар,
Бастаушысы, басқарушы болса егер,
Сонда барып жер қайысқан қол болар.
Ұмыт қалмас нөлдің орны жырдағы,
Нөлдің мұңы - елдің қамы, жер қамы.
Бір қолдағы он саусақта жоқ нөлді
Мүлде жоқ деп ойламасаң болғаны.
* * *
Абай: «Қайнайды қаның, ашиды жаның» десе,
Ахмет: «Талауда малың, қамауда жаның» , - дейді.
Содан бері жағдай өзгерді ме?
Орыс ішіп, қайта құсып, ал тіпті
Ұйғыр билеп, өзбек киді барқытты.
Өз жерінде, өз елінде отырып,
Қазақ жеді тойдан қалған сарқытты.
«Біздің қазақ болады деп көңілшек»,
Артқа тепті, ел алдында көрінсек.
Босағада тұрған жетім балаға
Ет асатты төрде отырған келімсек.
Есіл ерлер тартып тумай тегіне,
Ие болмай ата-баба жеріне,
Күннің көзін түсірмеген қыздары
Келін болды аспан асты еліне.
Кинолары орыс, кәріс, түріктің,
Ұмыттырып қасиетін ғұрыптың,
Жаңаөзенде, шекарада, Шетпеде
Орны қалды күлге айналған былықтың.
Неміс біліп қымызыңның қызығын,
Шет елге асып жал-жая мен шұжығың,
Киіз үйің пана болып кезбеге,
Ұлың көрді жыңды судың қызуын.
Жаңа қазақ осы тұрған қалпында
Тәрік қылар ұлтымыздың салтын да.
Көздің жасы кептеледі жанарға,
Өксік келіп тіреледі алқымға.
Көтеріп жүр еңсеңді!
Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық - бұл нәрселердің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады.
Абай
Ішпек, жемек,
Күлмек, сүймек - өлшеулі,
Естіп, көрмек,
Ұйықтап, жүрмек - өлшеулі.
Сол өлшеулі ғұмырында, ей, пендем,
Адал болып,
Көтеріп жүр еңсеңді!
Осы күні елдің көбі белсенді,
Белсендінің ғұмыры да өлшеулі.
Сол өлшеулі ғұмырында, ей, пендем,
Тура жүріп,
Көтеріп жүр еңсеңді!
Заман-ай!
Атың үріккен,
Қаптап кетті жатбауыр.
Беті қалың,
Жуан қарын
Мінер болса, атқа ауыр.
Бір ұрты бал,
Бір ұрты қан,
Жаңылғандар тобадан.
Жалғасқан соң
Жең ұшынан,
Бас шығармас жағадан.
Кеңес құрған
Кіл антұрған,
Көрген кісі не дейді?!
Абай айтқан
Бойы бұлғаң
Кейіпкерлер көбейді.
Бармақ басты,
Көз қыстыдан
Аяқасты болған көп.
Жадау-жүдеу,
Кімге тіреу,
Тұра алар ма қорған боп?!
Елдің іші -
Қалың орман,
Сиреп қалған секілді.
Қарғып ордан,
Шығар тордан
Сирек қалған секілді.
Іс жасамай
Бірге түк те,
Алды-артыңа қарамай,
Екі аяқты
Бір етікке
Тығып қойған заман-ай!
Абай сөзін қайталап...
«Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?»
Ұлы Абайдың сөздері
Шымбайыңа батпай ма?!
«Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ»
Болғаннан соң бойға шақ,
Жатыр қазақ жамбастап.
«Қорқақ, надан, мақтаншақ,
Арсыз, жалқау, сұрамсақ»
Қазақпын деп аттан сап,
Жүр жалықпай ұран сап.
«Арыз жазғыш, қаскүнем»,
Атаққұмар, алакөз,
«Нәпсіқұмар, маскүнем»
Төрге шыққан болды кез.
«Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз»,
Даңғой, қырсық, көңілшек,
«Әпербақан, алауыз».
Жоқ секілді арманы,
Сүйек берсе қожасы,
Ал өзіне қалғаны
«Бейнет, күйік, ызасы».
Талай жайды көз көрді,
Түстім су мен отқа да...
Абай айтқан сөздерді
Қайталадым тек қана.
«Абай-ақпарат»