Путин – Назарбаевқа, Тоқаев – Путинге алғыс айтқан саммит
Дәл жаңа жылдың қарсаңында ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары (бұрынғы одақтас елдер) Петерборға жиналды. Ресей президентінің шақыртуын қабыл алып, жылжабар отырыс өткізгендер сол – Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Ресей президенттері.
Қазақстан атынан әуелі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барғаны белгілі болған. Бір күннен соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Петербор жиынынан табылды.
2021 жылды қорытындылап, ұйымға мүше мемлекеттердің өзара әріптестігі әңгіме болды. Алдағы уақытта әртүрлі салалар бойынша, соның ішінде мәдени-гуманитарлық, экономикалық, саяси, сауда-саттық, т.б. бірлескен жобаларды ақылдасты. Халықаралық һәм аймақтық мәселелер сөз болды. Паденмиямен күрес және биоқауіпсіздік тақырыптары әңгіме болды. Ресми ақпарат осы.
Аталған жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге пандемия кезінде көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. Оны Ақорда сайты жариялады.
Тоқаевтың Путинге алғысы
«Қазақстанға қиын кезеңде қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ уағдаластықты орындау мақсатымен Қарағандыда ресейлік Спутник V технологиясы негізіндегі бірлескен өндірісті жолға қоя алдық. Спутник V вакцинасы COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл қою ісінде шешуші рөл атқарды деп айтуға болады», – депті президент Тоқаев.
Ал Владимир Путин келер жылы Тоқаевты Ресейге арнайы іс-сапарлап келуге шақырған. «Егер келер жылдың басында келіп-кетуге уақыт тапсаңыз жақсы болар еді», - депті қарапайым түрде қазақшаласақ.
Путиннің Назарбаевқа алғысы
ТМД басшыларының жиынына экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жұрттан бұрын барғанын айттық жоғарыда. Ресей президентімен тет-а-тет кездескенін Айдос Үкібай айтқан еді. Сол кездесуде Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа ЕАЭО үшін алғыс айтыпты.
«Сізді Ресейде көргенімізге қуаныштымыз. Келгеніңіз үшін рахмет. Біз әріптестерімізбен әр жолы кездескен сайын, ЕАЭО-ны дамытудың кез келген мәселесін сөз еткенде одақты құру идеясы сізге тиесілі екенін еске алып отырамыз. Біз осы одақты құруға бастамашы болғаныңыз үшін алғыс айтамыз», - депті президент Путин.
Ал Назарбаев өз кезегінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас өзгелерге үлгі екенін атап айтқан.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс өзгелерге үлгі боларлықтай. Біз сіздермен ерекше байланыс орнаттық. Бұл байланыс жаңа президенттің кезінде де солай жалғасады деп ойлаймын. Өйткені біз Құдай қосқан көршіміз. Бұдан алшақтауға болмайды. Бұған екі тарап та мүдделі», -депті Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп сөйлеп жатқанда Ресей президенті сөзарасында: «Дәл айтасыз», - деп құптап отырған.
Айтпақшы, Назарбаев пен Путин кездесуі жайлы Кремльдің ресми сайты мен Елбасының жеке сайты екі түрлі ақпарат таратты.
Кремль екеуара әңгіменің шап-шағын стенограмасын жариялаған. Онда: «Владимир Владимирович, осы сәтті пайдалана отырып, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Өткен жыл біз үшін (және басқалары үшін) Тәуелсіздіктің 30 жылдығы болды. Сіздер үшін Думаға сайлау жылы болды. Осы болып жатқан ауыр жағдайларға қоса – ұжымдасқан Батыс конфронтациясы (текетіресі) тағы бар. Мен қазір сізге қандай ауыртпалық жүктеліп тұрғанын түсінемін», - деген Нұрсұлтан Назарбаевтың цитатасы қоса берілген.
Дәл осы диалог экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке интернет-ресурсы - «Elbasy.kz» сайтында қазақша және орысша екі тілдегі нұсқасы жарияланған. Алайда, екі ақпаратта да жоғарыдағы «Батыс конфронтациясы» туралы цитата көрсетілмеген.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz