Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5232 0 пікір 31 Тамыз, 2012 сағат 11:28

БЕКМӘМБЕТОВ ЕКІНШІ БОРАТ ПА?

 

 

Бірнеше күн бұрын «ең крутой қазақ» Тимур Бекмәмбетовтің аты дауға қалды. Даңқты продюсерді «жиендік жасады» деп айдай әлемге айпара қылған - Жайық Сыздықов және Мұхаммед Мамырбеков деген сценаристер. Олар Ресей кинематографистер одағына ашық хат жазып, онысын белгілі БАҚ бетінде жариялады. Ашық хаттың негізгі мазмұны: «Бекмәмбетов ұры, ол Қазақстанның қасиетті символы Алтын Адамды қорлап, «Жолы болғыш жігіттер» комедиясында пайдаланып жатыр, - дегенге саяды.
«Жолы болғыш жігіттер» («Джентельмены удачи») фильмінің Сергей Безруков, Гоша Куценко сияқты актерлер қатысатын ремейкі түсіріліп жатқаны рас-ақ. Бұл жолы «джентельмендер» алтын дулыға емес, Алтын Адамды ұрлап қашатыны да шындыққа келеді. Бірақ фильм әлі жарыққа шыққан жоқ, ал қос сценаристің «бізден ұрлап алған көріністері бар» деп жар салғанына жол болсын!
Мұндай тосын жаңалықты естіген Темкең шындап таңғалғанға ұқсайды. Сосын айтыпты: «Бұл ешқандай да мазақ емес, қайта «Жолы болғыш жігіттер» Алтын Адам мен Қазақстан үшін тегін жарнама. Бұл фильм арқылы Ресей ғана емес, шет мемлекеттер де Алтын Адамның тарихынан хабардар болады. Біз арнайы фильм үшін бұл артефактінің бір нұсқасын жасаттық, Қазақстаннан ол туралы ақпар беретін арнайы тарих мамандарын шақырдық. Ал «Алтын Адам» жобасы тоқтатылған жоқ, сенбесеңіздер тапсырыс беруші компаниядан сұраңыздар», - депті. Осылай деген Темкең табан астында Ермек Аманшаевқа хабарласып, «мынауың не?» деп ашу шақырған болу керек. Тапсырыс беруші компания, яғни «Қазақфильмнің» президенті Ермек Аманшаев БАҚ-қа хабарласып: «Алтын Адамның» жұмысы тоқтаған жоқ, 9 сценарий жазылды, ешбірі жобаның масштабына сай келмей жатыр. Бұл қалыпты құбылыс, «Мың баланың» да  сценарийі 10 рет жазылған» - деп нүкте қойды.
Бүйректен сирақ шығарып жүрген сценаристерге хабарлассақ, енді  ре­ніш­тері басылып та қалғандай. «Бізге «заинтересованный» адамдар  хабар­ласып, бұл дауды ушықтырмауды сұрады. Тимур Бекмәмбетовпен келі­сімге келетін шығармыз» - деп жуасып  қалыпты.  «Заинтересованный адам­дардың» кім екенін де ішіміз сезіп отыр.
Біріншіден, біреулерге ұнаса да, ұнамаса да, Бекмәмбетов - қарны тоқ, көйлегі көк продюсер. Кәсіпкер. 4 млн. долларға түсірген «Түнгі шолғыншысынан» 34 млн. доллар, ал «Күндізгі шолғыншыдан» 38 млн. касса жинаған режиссер. 69 млн-ға «Аврам Линкольнді» түсіріп, 83 млн. табыс түсіргені кеше ғана. Өзге продюсерлік табыстарын есептемегенде. Ал біздегі ең табысты деген «Мың бала» 12 млн-ға түсіріліп, 2 млн. жинады. Бір кездері, шығармашылығының сона-ау басында Тимур «Қазақфильмге» келген, оны мұнда сыйдырмай қуып шыққан. Ресейде жарнама түсіріп жүріп киноға келіп, әлем танитын деңгейге жетті. Шын мәнінде қазір «Қазақфильм» Бекмәмбетовке емес, Бекмәмбетов «Қазақфильмге» керек. Өйткені ондай масштабта табысты экшн түсіре алатын режиссер бізде жоқ.
Ал сценаристерге келер болсақ, Бекмәмбетов: «Мен бұл адамдарды танымаймын, олармен ешқандай, оның үстіне заңдық тұрғыдағы байланысым жоқ» - депті. Әрине, танымайды. «Жаужүрек мың бала» жобасына дейін Сыздықов пен Мамырбеков деген сценаристерді Ресейде жүрген Бекмәмбетов түгілі, Қазақстанда жүрген біз естімеппіз. Оның үстіне, біз білетін ақпарат бойынша, бұл екі жігіт жазған сценарий тек идея күйінде қалып, бізге белгілі «Мың баланы» Тимур Жақсылықов жазып шыққан.  Ал Бекмәмбетовке келсек, «Елки-2» фильмінің өзін Астана көрінісінен бастағаны үшін оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
2009 жылы Тимур Бекмәмбетов Мемлекет басшысына «Алтын Адам» деген «Голливудтық деңгейдегі тамаша фильм» түсіруге уәде бергені рас. Сценаристер Ресей киногерлеріне «Бекмәмбетов «қолым тимей жүр» деген сылтаумен созып-созып, ақыры жобаны тоқтатып тастады» деп арызданыпты. Обалы нешік, Алтын Адамның Қазақстан үшін киелі жәдігер екенін, оны фильмінде пайдалану үшін режиссер алдымен Қазақстан билігінен рұқсат сұрау керектігін айтудай-ақ айтыпты. Бірақ қандай мақсатпен? Ресей кинематографистер одағын басқарып отырған Никита Михалков қазақтың жәдігеріне басын ауырта ма? Шын айтайық, біз «патриот» болып көрінген сценаристеріміздің бұл қылығын түсінбедік.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА «ҚОЖАЙЫН» БА?
8 қыркүйекте «Алматы менің алғашқы махаббатым» ретро фестивалі басталмақ. Биылғы фестивальдің тақырыбы: «Мен - аңызбын». Фестиваль таратқан мәліметте: «Әлемдік орындаушылар мен олардың әндері біз үшін аңыз болды. Бізді әнге баулыған және әнші қылған твист пен рок-н-ролл, джаз - ешқайсысы елеусіз қалмайды. Аңызға айналған Queen, Elvis Presley, The Beatles, Whitney Houston, M. Jakson, Tony Braxton, Diana Ross, Celine Dion, Ricky Martin, Shaft,  Modern Talking, Madonna, Arabesque, Jennifer Lopez әндерін басқаша орындауда тыңдаймыз», - деп сүйінші сұрапты. Және басқаша орындайтындар - Нағима Есқалиева, Айгүл Бабаева, Дильназ Ахмадиева, Мәдина Сәдуақасова, Қыдырәлі мен Қарақат, Нұрлан Албан, Алмас Кішкенбаев, Айгүл Иманбаева сияқты өз әншілеріміз. Осы кісілердің аузын керіп, тілі келмей ағылшынша ән айтқанын естуге ынтық деп кім айтты бізді? Ол аз десеңіз, «Кештің қожайыны Дариға Назарбаева Luciano Pavarotti репертуарынан ән орындайды. Dr. Alban мен Нұрлан Албан, Sabrina мен  Мәдина Сәдуақасова дуэт айтады. Ал  кеш қожайыны кіммен ән салатыны - әзірге құпия» деп ынтызар қылып қойыпты. Неге «кеш қожайыны»? Дариға Назарбаева туған күнін жасап жатқан жоқ шығар?..

МӘДИНА СӘДУАҚАСОВА 30 МЫҢ ДОЛЛАРҒА КЛИП ТҮСІРДІ

Еліміздегі ең табысты шоу-бизнес шортан­дарының бестігіне енген Мәдина Сәдуақасова жаңа бейнебаян түсіріп жатыр. «Тапқан табысымды көйлектерім мен әнге ғана жұмсаймын» деп ағынан жарылатын әнші соңғы бейнеклипін бес жыл бұрын түсірсе де, содан бері бір тиын төлемей-ақ «медиалық» тұлға болып жүрді. Бұдан былай «жүргізушіліктен бас тарттым» деген сұлу орындаушылыққа біржолата ден қойған сияқты. «Айтатын сырым саған бұл» - репертуарымдағы осындай терең, салмақты, тіпті философиялық тұңғыш әнім болып тұр. Сондықтан мен оған клип түсіруге шешім қабылдадым.  Ағайынды Задарновскийлер түсіріп беретін клипте оқиға талантты баланың өсе келе күйбең тіршілікпен әуестеніп, музасынан айырылып қалғаны баяндалады», - дейді әнші. Бас кейіпкерді әншінің немере інісі Амал, ал Музаны - Мәдинаның өзі сомдайды. Айтпақшы, әнші клипті түсіру мен ротация 30 мың долларға бағаланғанын айтып үлгерді.

ҚҰРАЛАЙ НҰРҚАДІЛОВА - МУЛЬТИПЛИКАТОР
Белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова мультипликатор болуды ұйғарыпты. Бұл туралы ол өзінің жеке блогында былай деп жариялады: «Менің бағзы арманым - мультипликатор болу. Мен мультфильм идеясын ұсынып едім, режиссер Тимур Бекмәмбетовке ұнай кетті». Оның хабарлауына қарағанда, мультфильм экшн жанрында түсіріледі. «Шығарманың сюжеті мен стилистикасы дайын, бірақ әзірге ол туралы тіс жармаймын. Мен сериал болып жалғасатын, комикстер, ойыншықтар, қуыршақтар - жаңа мультфильммен бір жүретін барлық өнімдер қатар шығарылатын аса танымал мультфильм жасағым келеді», - депті. Ал Бекмәмбетовпен Құралай «Астана» экшн-фильмдер фестивалінде кездескен болатын. Сәнгер «Астанаға» шақырылған қонақтарға көйлек тіккен-ді.
Бетті дайындаған - Д.МӘКЕЖАН

«Халық сөзі» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036