Серік Ерғали: «Тәуелсіздігіміз Семей полигонын жабумен жария етілген еді»
Соңғы кездері кейбір орыстілді жастарымыз халқымыздың Тәуелсіздікті қажетсінгеніне күмән келтіріп, ұлттың намысын қорлайтындай пікір таратып жүргені рас. Біз «Азат» қозғалысының ардагері, 90-жылдардағы жас саясаткер Серік Ерғалимен (суретте) сұхбаттасу арқылы ондай күмәнге ешбір орын жоқ екеніне, Тарихымыздың тәуелсіз мұратқа қол созудан ғана тұратынына көз жеткіздік.
- Секе, КСРО-ның ыдырауына түрткі болған Тамыз бұлғағы (путча) кезінде саясатпен айналысқан жастардың бірі болдыңыз. Сол оқиға кезін еске ала отырып әңгімелесеңіз. Неше жаста едіңіз?
- Тамыз бұлғағы Қызыл одақтың ыдырауына түрткі болған жоқ, шын мәнінде Кеңес одағы одан бұрын ыдырап, қаусап тұрған еді. Оған дәлел ретінде Балтық, кейбір Қап республикаларының тәуелсіздік жөнінде декларация жариялағанын айтуға болады. Енді қызыл империяның көзін жабу сәтіне қатысты акт қалған еді. Тамыз бұлғағы сол сәтке нүкте қойған акт болды. Кеңес одағын сақтап қалуға тырысқан реванштық пыйғылымен алас ұрғандардың қолдарынан бұлғақтау ғана келді.
Соңғы кездері кейбір орыстілді жастарымыз халқымыздың Тәуелсіздікті қажетсінгеніне күмән келтіріп, ұлттың намысын қорлайтындай пікір таратып жүргені рас. Біз «Азат» қозғалысының ардагері, 90-жылдардағы жас саясаткер Серік Ерғалимен (суретте) сұхбаттасу арқылы ондай күмәнге ешбір орын жоқ екеніне, Тарихымыздың тәуелсіз мұратқа қол созудан ғана тұратынына көз жеткіздік.
- Секе, КСРО-ның ыдырауына түрткі болған Тамыз бұлғағы (путча) кезінде саясатпен айналысқан жастардың бірі болдыңыз. Сол оқиға кезін еске ала отырып әңгімелесеңіз. Неше жаста едіңіз?
- Тамыз бұлғағы Қызыл одақтың ыдырауына түрткі болған жоқ, шын мәнінде Кеңес одағы одан бұрын ыдырап, қаусап тұрған еді. Оған дәлел ретінде Балтық, кейбір Қап республикаларының тәуелсіздік жөнінде декларация жариялағанын айтуға болады. Енді қызыл империяның көзін жабу сәтіне қатысты акт қалған еді. Тамыз бұлғағы сол сәтке нүкте қойған акт болды. Кеңес одағын сақтап қалуға тырысқан реванштық пыйғылымен алас ұрғандардың қолдарынан бұлғақтау ғана келді.
Мен ол кезде отызда едім. «Азат» қозғалысының Орталық үйлестіру кеңесінің мүшесімін әрі Батыс аймақ бойынша үйлестіруші болдым. Құзыретіме кәзіргі батыс аймаққа жатқызылып жүрген төрт облыстан басқа Торғай мен Қызылорда облыстары енгізілді. Міндетім - әр облыстан ел егемендігіне үлес қосар қауқарлы лидерлер тауып, қозғалыс бөлімдерін құру әрі нығайту болды. Сол кезде Маңғыстаудан - Сайын Шапағат, Атыраудан - Жауынбай (өмірден ерте кетті, тегі есімде қалмапты), Оралдан - Аманжол Зейнуллин, Айсұлу Қадырбаевалар, Қызылордадан - Сағат Жүсіп, Торғайдан - Жұмаш Сомжүрек секілді лидер азаматтар бөлімдерді құрып басқарды.
Ол бір саяси романтикаға толы қызық та, күрделі кезең еді. Қалтамен де, жанұяның мұқтажымен де санаспай, қоғамдық-саяси жұмысқа берілетінбіз. Экономиканың құлдыраған кезі болғанмен, сол кездегі елдің қауқары құрый қоймаған уақыт әрі кеңестік кеңшілік айылын жыймаған кез еді. Сондықтан елді аралап, халықты тәуелсіздікке үгіттеу мен жұмылдыру заман талабына ұласқан аяулы дәурен болатын.
Сондай тарихи кезеңдердің бірінде, Ақтөбе облысы Темір ауданының «Азат» қозғалысының белсенділері - Төлеген Бөлек, Хамит Қырқымбаев ағаларымызбен Ойыл ауданына барып, жұрттың сұранысымен кездесу,митинг ұйымдастырдық. Хамит ағамыздың ГАЗ-21 «Волгасына» микрофон,күшейткіш дыбыс-колонка секілді керек-жарақты тиеп, 1991 жылдың 16-17 тамыз күндері Алтықарасу, Амангелді ауылдарын аралай келіп, жергілікті ағамыз Кәдіржан Жұмағалиевтің ұйымдастыруымен Ойылда шарамызды өткіздік. Ақтөбеге жетіп, ертесіне ойымда ештеңе жоқ, теледидарды қосып қалсам, барлық арнада «Аққулы көл» балеті көрсетіліп жатыр. Сағат таңғы 10-ның шамасы. Бір кезде диктор шығып, төтенше ақпарат жарияланатыны туралы хабарлады. Үстел басында қаздай тізілген оншақты адам отыр. Ішінде вице-президент Янаев, КГБ бастығы Крючков мен Қорғаныс министрі маршал Язов тағы басқалары бар қабақтары түксиген шалдар жиналып, биліктің Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитетке көшкенін жария етті.
Түстен кейін ақтөбелік «Азат» белсенділерін жыйнап, жағдайды талқыладық. Алматыға шықтық: орталық кеңседе Батырхан Дәрімбет ағамыз екен, оған қандай нұсқау болса да дайын екенімізді хабарладық. Азатшылдар тарапынан қарсылық білдірсек қайтеді, әйтпесе, мына жағдай біздің пайдамызға шешілмейді дегендей батыл ұсыныстар да түсті. Жер-жердегі азаттықтардан ішкі дұшпандарымыздың бас көтеріп, келеке ете бастағанын, демократтарды жазалау басталатыны жайында қауесет-ақпараттар түсе бастады. Ойымыз бен бойымызды түрлі сезім билегені рас. Сол кезде обкомда бізбен ниеттес азаматтар жеткілікті болатын, солармен ақылдасуды шештік. Себебі, оларға қанша дегенмен тікелей ақпарат түседі, әрбір мезет сайын құбылған жағдаймен санаспаса болмайтын еді.
Сөйтіп, «Азат» белсенділерінің ұйғаруымен Обкомдағы идеология хатшысы Асылан Мусинге бардым. Жағдайдың күрделі екенін, алайда, шиеленіс болса, біздің қандай да бір бой көрсетуге әзір екенімізді білдіріп едім, хатшы «2-3 күн сабыр ете тұру керек, көп ұзамайды, бір жағына шығады» деп кеңес берді.
Ақырында 19-ы күні Мәскеуде Ельциннің жақтастары көшеге шығып, әр жерлердегі билік органдары ТЖМК-ға бағынбайтындарын мәлімдеп жатты. Бізде де кейбір облыстық деңгейдегі билік Мәскеудегі бұлғақшыларды қолдап қалғаны бар. 20-тамызда Мәскеуде екі жақтан да әскери шоғырлану басталды. Ресейдің уақытша Қорғаныс министрлігі құрылды. Азамат соғысының тұтану жағдайы туындады. 21-тамызда ертесімен әскери кеңестің қолдауын таба алмаған Язов әскерді Мәскеуден шығаруға мәжбүр болды. Оқиғаның тетігін Ельцин бастаған ресейлік демократтар алып, жағдайды мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Горбачев тақтан түсті. Жаңа Ресей КСРО-ны тарқатуға кірісті. Содан соң піскен сыздауық секілді тәуелсіздік шеруі басталды да кетті.
- Әрине, сіздердің тәуелсіздікке деген құлшыныстарыңыз «Қазақтар тәуелсіздік үшін күрескен емес!» деген жалаға толық жауап. Содан соң білуімше, «Азат» қозғалысы Семейге марш ұйымдастырды ғой, солай ма?
- Шынын айтқанда, сол кезде көптеген республикаларда ұлттық майдандар құрылып, тәуелсіздік мәселесін қымсынбай қойып жатты. Бізде қалыптасқан ішкі жағдай - қазақ халқының бірыңғай аграрлық ахуалы, қалалардағы аздығымыз, елдегі демографиялық осалдығымыз т.т. факторлар ондай саяси сапаға көтерілуге мүмкіндік бермеді. Соны бүгінде қаланың тастағында өсіп-өнген балаларымыз бетімізге салық қылуда. Өз халқының тарихы мен болмысын білмегесін, солай білгішсінуден басқа амал таппаса керек.
Бірақ «Азат» қозғалысы қазақтың саяси ұлттық майданындағы біртұтас күш бола алды. Соның бір көрінісі алапат полигонды жабуға елдің түкпір-түкпірінен Семейге жұртты жыйнауы еді. Ол кезде қоғамдық-саяси жағдай бойынша қазақтың бодандықтан да бұрын дұшпаны сол полигон деген пікір қалыптасты. Себебі, ол әлемді дірілдеткен қызыл империяның басты қаруы болатын. Жерімізде ол барда бізге егемен болу мүмкіндігі мейлінше аз көрінді. Сөйтіп, Кремлге қыр көрсетіп, тәуелсіздікке қол жеткізудің басты кілті Семей полигонын жаптыру болатын.Бұл жағынан полигон жабу науқаны экологиялық емес, қазақ үшін ең әуелі сол кезде саяси үлкен акция болды. Оған халқымыздың түрлі деңгейі де атсалысты.
- Сонда «Азат» қозғалысы оған қалай үлес қосты?
- Әлгінде айттым ғой, жан жақтан халық жыйналды, оған үндеу қосқан негізінен «Азат» қозғалысы болды.Әлі есімде, Жамбыл облысынан ғана бір Камазға киіз үй тиеп, лық толы адамның келгені бар! Бұл саладағы басты ұйым «Невада-Семей» қозғалысы болғанымен, оның басшысы Олжас ағамыз үлкен саясаттың қазанында жүргендіктен, мейлінше абай қыймылдауға тырысты. Ал, біздің «Азат» қозғалысы бұқаралық болғандықтан, таза қазақы сыйпатқа тән қимылға басты: Семейге жыйналған жұрт күні бойы митингілеп жатты.
Шындығында, әлемдегі ең алып империя ыдырап жатқанда, биліктегілердің полигон жөнінде шешім қабылдауы неғайбыл болатын. Оның үстіне КСРОның бірден бір мұрагері Ресей тұрғанда әлі тәуелсіздік құжаты жоқ Қазақстанның шешім қабылдайтындай құқықтық құзыры да болмаған. «Азаттықтар» бір апта бойы Семейде митинг өткізіп, полигонды жабуды талап етті. Тіпті, жұрттың сесінен шошыған полигонның сол кездегі генерал басшысы да бізді қолдап, митингіде амалсыз бой көрсетті. Митингінің қарарларын, талаптарын жеделхатпен Амантай Асылбеков («Аттан» қозғалысын құрып жүрген кезі) ағамызбен бірге ауық-ауық Н.Назарбаев пен О.Сүлейменов аттарына жіберумен болдық. «Азат» қозғалысының бұл шараларын сол кездегі төрағаның бірі Михаил Есеналиев ағамыз басқарды. Ол республиканың Сыртқы істер министрі болған, саясатқа аса жетік әрі батыл кісі еді.
Ақыры 29 тамыз күні Олжас ағамыз ұшып келді де, полигонды жабу жөніндегі шешім әзірленіп жатқанын жария етті. Бұл - қазақ халқының әлемге өзін тұңғыш рет саяси шешімімен әйгілеген шарасы әрі Тәуелсіздікке қарай басқан ұлы қадамы еді. Яғни қазақ тәуелсіздігі Семей полигонын жабудан басталды!
- Серік мырза, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің тағы қандай айғақтарын атар едіңіз?
- Оны атау мен бекіту тарих ғылымының шаруасы ғой.Бірақ тәуелсіздікті қазақ қажетсінбеді деген дауға қалып жатқанымызда, оны атауға тура келеді. Қазақ тәуелсіздігі 25 қазандағы декларациядан бұрын, 29 тамызда Семей полигонын жабумен жария етілді! Себебі, тәуелсіз ел ғана әлемдік ауқымдағы империяның алапат мұрасынан бас тарта алар еді.Ол Қазақ КСРнің президенті бола жүріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен жүзеге асты. Шын мәнінде ол шешімді қабылдау - сол кездегі ресми түрде әлі де ыдырамаған КСРОның офисі - Кремлдің құзыры болатын. Ал, мұндай тарихи тәуекелге барған елбасының сол кездегі бұл қадамы құрметке барынша татыйтын әрекет. Осы шешіммен бірге полигонды жабу ғана емес, сол шешімге егемендік еркін көрсеткен Қазақтың тәуелсіздігі жария болғанын ұғуымыз керек. Бірақ халық сонша белсенбегенде, полигон жабу мәселесі соншалықты өзекті шешімге айналмас еді. Сол арқылы қазақ халқы өзін бодан еткен империяның қаруын сындырып, әлемдегі алапат күшті сейілтті, өзінің тәуелсіз ел болуға лайықтығын әйгіледі. Барлық одақтас республикалар тәуелсіз болуға бастарын сағаттап жатқанда, қазақ халқының үлесіне КСРОны демонтаж жасаудың басты ісін қолға алу тиді. Одан артық біздің ұлтқа қандай абырой керек?!
Екінші дәйек - қазақ халқының 1991 жылы 14-15 қыркүйекте Орал қаласында орын алған оқиғада өз жерінің тұтастығын қорғап қалған күресі. Бұл да қазақтың әлемдік деңгейде өзін көрсетіп, аумағы жағынан тоғызыншы орын алып отырған кәзіргі мемелкеттің іргесін қалауының басы еді! Себебі, тақтан айырылған Горбачевтың өзі Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу керектігін айтып, шовинистерді айтақтады. Соның салдарынан ресейлік 300 атаман жасанып, Жайықтың жағасына келіп тойлауға асықты. Бірақ оған да тойтарысты Қазақ халқы берді. Әйтпесе, Арқада ару Астана болар ма еді?! Үшінші дәйек - Қазақстанның Тәуелсіздігін заңмен бекітіп, барлық рәміздерін орнықтырғанша тәуелсіздік үшін күресті үздіксіз ұйымдастырған саяси күш - «Азат» қозғалысының тарихи қалыптасқан ықпалы. Бұлардың үшеуі де ел тарихы тарапынан өз орны мен маңызын әлі күнге ала қоймаған тақырыптар. Сондықтан да біздің жас ұрпақ арасынан нигилистік көзқарастың бой көрсетуі бір жағынан алғанда ақтаулы жайт.
- Тәуелсіздік сарбазы ретінде жас буынға не айтасыз?
- Тәуелсіздікке ие болу басқа жұрттарға қарағанда қазаққа оңай болған жоқ. Өйткені, қазақтың тарихи болмысы үшін бұл айтулы дәуірдің қалыптасқан қайшы тұстары бар еді. Бірақ Жаратқан біздің ұлттың егемен болуын жақтағанынан болар, ата-баба қанының қасиетінен болар,бәлкім, қазақ ұлты шын мәнінде ұлы халықтың сынығы ма екен - біз егемен ел болдық. Ол кезең елдің жаңа тарихына әлдеқашан енсе де, жас ұрпақ одан беймәлім. Тіпті, жаңа кезеңнің жас саясатшыларының өзі бізді танымайды, егде тарта қоймасақ та жатырқай қарайды. Саяси өрісте сабақтастық жоқ. Мұның мәні - дәйекті де жүйелі тарихи ақпараттың таралмауында. Азаттық жолында әлеуетін сарп еткендерді тану міндет емес, бірақ Тәуелсіздіктің күрессіз келгендігіне илану - ата-бабаның қасиетті қанын қорлаумен бірдей күнә. Ондай ойға жастарымыз ешқашан бармаса екен! Себебі, Тәуелсіздік - біздің бүгінгі өміріміздің мәні. Оған ешкім тиіспесе екен.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Шәріпхан Қайсар.
«Абай-ақпарат»