«Тарих – хайптың құралы емес»: тарихшы Ғиззатов блогерлерге ескерту жасады

Тарих – мемлекеттік идеология. Сондықтан блогерлер мен жастар әрбір сөзі мен ісінде абай болуы тиіс. Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында тарих ғылымдарының кандидаты, Астана Халықаралық университетінің профессоры Саялбек Ғиззатов осылай дейді.
Ғалымның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік желіде тарих пен мәдениет тақырыбына жазып жүргендердің көбі үстірт қарайды.
«Ғалымдар ашқан жаңалықты халыққа, әсіресе жас буынға жеткізуде блогерлерге арқа сүйейміз ғой. Өкінішке қарай, блогерлердің өздері ат үсті қарайды. Алдында да бір жағдай болды ғой, құйрық-бауыр дәстүрін басқа бір кітапқа сілтеме жасап, арабтардан – әзіреті Әлиден басталады деген сияқтыны айтып халықтың наразылығын туғызды», – дейді тарихшы.
Осы орайда ол ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттап жүрген танымал тұлғалардың да осындай қателік жіберіп жатқанын атап өтті.
«Ауадан ақша жасаймыз деп, әлеуметтік желіні хайп үшін пайдаланатын жастар өте мұқият болуы керек. Тарих – бұл идеология. Егер блогер болып тамақ пісіруді насихаттасаң, ол басқа. Ал тарих пен мәдениет – мемлекеттік дүние, мемлекеттік идеология», – деді Саялбек Ғиззатов.
Тұлғаларды қарама-қарсы қою – қауіпті үрдіс
Ғалым соңғы жылдары жиі байқалатын тарихи тұлғаларды бір-біріне қарсы қою мәселесіне де тоқталды.
«Бұны плюралистік тұрғыдан түсіндіру керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда да идеалист пен материалист бар, сол секілді мемлекеттік билікте де билік жүргізуші және оппозиция бар. Сол секілді сол заманда да соның өкілдері болды ғой: біреуі билік басында жүргендер болса, бірі оппозицияның өкілдері. Қазіргі заманмен параллель жүргізіп, мысалы біздің парламентте бірнеше партияның өкілдері отыр. Әрқайсысы, былайша айтқанда, Қазақстанды дамыту үшін жұмыс жасап жатыр ғой. Сол себепті жастарға да осындай ұлттық тұрғыдан түсіндірмесе, бір-бірін жамандатып, тұлғаларды қарсы қою жақсылыққа алып келмейді», – дейді ол.
Ғалымның пікірінше, тарихи қайраткерлердің көзқарас айырмашылығын түсіну үшін заманының саяси, әлеуметтік контексін білу маңызды. Әйтпесе, қазіргі өлшеммен бағалау тарихты бұрмалауға апарады.
Архив құжаты – ақиқаттың соңғы нүктесі емес
Саялбек Махамбетұлы жастардың тарихи деректерге көзқарасына да тоқталып, архив құжаттарымен жұмыс істеудің жауапкершілігін еске салды.
«Екінші менің айтайын дегенім – жастар жағы сыни ойлауы керек. Бір ақпаратты сол күйінде қабылдамай, керісінше қорытып, ойланыңдар, сол кездегі саясатты түсінулерің керек, контекске қарауларыңыз керек деп айтар едім. Өзіміз архивте талай жүрдік, онда шенеуніктер өздерінің мүддесі тұрғысынан жазады. Ал сол құжатты дәл сол күйінде беру ұлттық тарихымызға, мүддемізге қайшы келуі мүмкін. Соны ерекше ескерген жөн деп санаймын», – деді ол.
Ғалымның бұл сөздері қазіргі тарихи контент өндірушілерге, әсіресе TikTok, Instagram сияқты платформаларда тарихты жеңілдетіп жеткізетін блогерлерге үлкен ескерту іспетті.
Тарих – елдің рухани тұғыры мен идеологиялық өзегі. Оны насихаттау жеңіл желікпен, лайк пен қаралым үшін жасалатын дүние емес. Профессор Саялбек Ғиззатов айтқандай, әрбір блогер, әрбір жас тарихты баяндағанда ғылыми дерек пен ұлттық мүдде арасындағы шекараны айқын сезінуі тиіс. Өйткені бір ауыз қате пікір халықтың тарихи санасына сызат түсіреді.
Abai.kz