Ерболат Әбікенұлы. Қазақ поэзиясындағы құбылыс
(Жәркен Бөдешұлының поэзиясы хаһында)
Өмірде кітап көп, бірақ, әр оқырманның жатсада-тұрсада қолынан түспей оқылатын кітап қоры, әр кезеңге байланысты санаулы ғана болады. Өз басым үшін көптен бері сол көп оқылатын санаулы, кітап қорымның қатарынан қалмай келе жатқан кітаптың бірі: Жәркен Бөдешұлының Мемлекеттік силыққа ұсынылып отырған «Жұлдызтас» кітабы.
Поэзия деген эстетикаға, сезімге, шабытқа толы сұлу жанр көбінесе ақынның лапылдаған жастық шағында туатынына ешкімнің де таласы жоқ. Дәлелденіп те қойған. Қарап отырсаңыз қаншама ақындарымыз жастық шағында бұрқыратып жазып, қартаң тартқан соң жорғасынан жаңылып, мимырт жүріске басатыны, ауырлау болса да айтайын, өшетіні белгілі. Ал Жәкең уақыт озған сайын, тебіндей түсті. Жасы ұлғайған сайын, өлеңді екпіндете түсті. Ішкі энергиясының, поэзиялық қауқарының басымдылығын аңғартты. Бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Бұл қалыпқа симау.
(Жәркен Бөдешұлының поэзиясы хаһында)
Өмірде кітап көп, бірақ, әр оқырманның жатсада-тұрсада қолынан түспей оқылатын кітап қоры, әр кезеңге байланысты санаулы ғана болады. Өз басым үшін көптен бері сол көп оқылатын санаулы, кітап қорымның қатарынан қалмай келе жатқан кітаптың бірі: Жәркен Бөдешұлының Мемлекеттік силыққа ұсынылып отырған «Жұлдызтас» кітабы.
Поэзия деген эстетикаға, сезімге, шабытқа толы сұлу жанр көбінесе ақынның лапылдаған жастық шағында туатынына ешкімнің де таласы жоқ. Дәлелденіп те қойған. Қарап отырсаңыз қаншама ақындарымыз жастық шағында бұрқыратып жазып, қартаң тартқан соң жорғасынан жаңылып, мимырт жүріске басатыны, ауырлау болса да айтайын, өшетіні белгілі. Ал Жәкең уақыт озған сайын, тебіндей түсті. Жасы ұлғайған сайын, өлеңді екпіндете түсті. Ішкі энергиясының, поэзиялық қауқарының басымдылығын аңғартты. Бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Бұл қалыпқа симау.
Кейде «Жәркеннің ақын болмауға ешқандай хақысы жоқ» - деген де ойға келесің. Әсіресе дәл қазіргі биігінде. Дәл қазіргі дара стилнде. Жәркен талай сайқал қоғамның куәгері болған ақын. Өмірге сиғысы келмегенде тіпті Қытайды тастап қос шекараны бұзып қашқан ақын. Қашам деп біреулер жер құшса, біреулер тірі қалды. Сол тірілердің қатарында Жәркен де табанын тасқа тілдіріп атажұртына келді ау әйтеуір. Шашуын дайындап, құдасы күтіп тұрғандай. Сөйтсе бекер екен. Ақын жүрек отанының тәуелсіздігін ескермепті. Енді тәуелсіздігін аңсап жылағанда етегі жасқа толды. Жәйірі мен Қытайда қалған күллі туысын сағынғанда «Ішкені ірің, жегені желім» болды. Ал, тәуелсіздікке жеттік. Бәз баяғысындай. Сол өмір. Ақын болмай нетсін енді.
Жәркен поэзиясындағы жан айғай, өмірден түңілуден гөрі, өмірге ұмтылу, өмірді сүюдің бақытынан туған айғай. Адамға күш және рух силауға қауқарлы жанайғай. Үңіліңіз:
«Ғасырлап жол іздеп, ғасырлап адастым,
Жатыры бейтаныс жатпенен жарастым.
Такламаканда қып-қызыл құм кешіп,
Гималай тауынан мұз жарып, ары астым,
Адасып табысқан ұрпағы екем мен,
Өмір жаңарған,
Самайы ағарған
Ақсақал алаштың...» дейді, «Арқардың жілігі» атты өлеңінде. Осы өлеңді оқыған сайын, Американың әлемге танымал, ұлы жазушысы Джек Лондонның өмірге ынтызар әлгі бір әңгімесі есіме түсе береді. Бұл жерде мен проза мен поэзияны салыстырып жаңалық ашайын деп тұрғаным жоқ. Қайта екі кесек тұлғаның, екі кесек туындысының бір-бірімен қабысып, бір-бірін жамап тұрғанына, үндестігіне бола салыстырып отырмын. Бұл ұлы әңгіме, аштық тақырыбын жеріне жеткізе суреттеген, аш адамның психологиясын аямай берген әңгіме. Аштықтан ең көп қырылған халық бола тұра, қазақта аштық тақырыбында тым болмаса осы деңгейдегі бір әңгіме жазылмағанына ішім күйеді. Әрі қызғанам. Адам аяғы жетпеген орманды дала. Тобығын тайдырып алған сорлы алтын іздеуші. Досы Билл қысылғанда тастап кеткен. Бейне Ыбырай Алтынсариннің «Жаман жолдасындағыдай». Сонда әлгі сорлы шалшық судағы біртал шабаққа бола, шалшықтағы суды қолындағы ыдысымен аударып әлек болады ау, өмір үшін! Бөдененің жұмыртқадан жаңа шыққан қызыл шақа балапанын, жұмыртқа қабығындай қыртылдата шайнайды.Тіпті ашыққанда алдындағы қоңыр аю бұған жылқы боп көрінетінін қайтерсің. Жыртқыш аң бұған сұстана әрі қызықтап қарайды дейді. Ең соңында кезіккен ауру кәрі қасқыр бұның тілінген табанымен, еңбектегеннен ойылған тізесінен жерге аққан қанды, қызыл тіл емес, сарғыш-қоңыр тілімен қомағайлана жалайды. Ұйықтап жатқан бұның бетін қап-қатты құрғақ тілімен тырнай жалайды. Білегін ақырын тістейді. Сәл батып бара жатады. Егер кейіпкеріміз оқыс есін жия қалса, қасқыр кері ыршып түсіп, сүрініп кетіп, діңкелеп құлайды. Міне бұл бір қора қойды шетінен тамақтай салатын, көгжалдың ашыққандағы, мүмкін аштықтан болар ауру қасқырға айналғандағы кебі. Қасқыр тұрмақ бұл аштықты Лондонда көрген, Жәркен де көрген. Көрмесе мұндай шынайы жазылмас та еді. Қысқаша салыстыра кетсек.
Джек Лондон: «Екі тәуліктен бері нәр сызған жоқ, Тойып тамақ жемегеніне одан да ұзақ болды ау!». Жәркен: «Ұмыттым аштықты үш күнгі, үш түнгі». Джек Лондон: «Қасқайып қарсы алдында тұрған әрі өзінен еш қорықпаған жұмбақ пәледен аюдың өзі де зәре-құты қалмай, қорқынышты қалыпта ырылдаған күйі бір бүйірге қарай ығысты»....«Қасқырлар да. Олардың ұлығаны алыстан меңіреу аймақтардан жиі естіліп, ал бірде мұның жолын кесе бұқпантайлап жүгірген үш қасқырды да байқады». Жәркен: «Даланың қасқыры, маған шаппады». Джек Лондон: «Кешқұрым қасқырлар қуып жеткен жеріндегі жемтіктерінің шашылған сүйектеріне жолықты. Бір сағаттай бұрын ғана бұл құлдыраңдап әрі мөңіреп жүрген бұғы бұзауы болатын. Жүргінші тап-таза етіп мүжілген, жылтыр, бірақ тірлік белгісі-қызғылтым бояуы әлі кеппеген сүйектерге көз алмай қарап тұр». Жәркен: «Мүйізі қарағайдай, маңдайы жағал айдай, сауырлы, арқалы таудың арқары, сол күні бөрілер жемтіктеп өзіңді, қызыл етіңе тойып тарқады...табиғат анадан самалмен сүт емген, ештеме қалмады кесек мүшеңнен. Қалыпты тек жалғыз ортан жілігің, ортан жілікке шүйлігіп түсем мен...». Джек Лондонның кейіпкері өлімнің тез ақ екенін, жеңіл екенін біледі. Бірақ өмірге құштар. Ол үшін өмірден қымбат ештеңе жоқ. Әуелгі мақсаты алтынға кенелу. Жан досы Биил екеуі бақытты өмір кешу еді. Бірақ жан досы. Өлімнің аузына тастап кетті. Алтын керек болмай қалды. Ашыққанда дорба толы «алтын құм мен кесек алтындарын» лақтырады. Сонда да өлгісі келмейді. Бірақ мақсаты белгісіз. Досы Биллді сүйегінің қоқымдарынан таниды. Бірақ арқардың сүйегін мұжыса да, досының сүйегін мұжымайды. Аштықтан алба жүлба болған түрін көріп даланың қоңыр аюы да, жыртқыш қасқыры да мұны жемейді. Қандай мақұлұқ деп үрке қарайды. Мейірімсіз дос пен жыртқыш аң алмастырыла суреттеледі. Ал Жәркеннің мені «Хаюаннан парқы жоқ пендеңіз ашықса» деп жаңағының жауабын айтады. Оны да қасқыр жемейді. Ата жұртына жете алмай бара жатқан бейбақ ретінде аяушылық танытса, салдаттар тұтқындап, жыл бойы тергеп, сібірге айдатады. Қасқыр мен салдаттың айырмашылығын ақын осылай береді. Табиғат пен адамды, жыртқыш пе адамды қатар жарыстырады. Айырмасы Жәркен кейіпкерінің мақсаты айқын, атажұртқа жету. Ұлт үшін, жұрт үшін бәріне даярмын дейді. Екі кейіпкердің де, рухы асқақ, қайсарлығы мың батпан, өмірге деген сүйіспеншілігі шексіз. Оқырманға рухани ләззәт бағыштайды.
Осыдан кейін Агутагава Рюноскэнің «Адам өмірі Бодлер жазған өлеңнің бір жолына да татымайды» -деген пәлсапасын жүйесіз айтылған ба деп қаласың. Енді Жәркеннің мені мен Дж.Лондонның кейіпкерінің сүйекті талғажау еткен тұсына зер салсақ:
«Ұзамай-ақ жүрелей отыра кетіп, тіршілік нәрі-қызғылтым бояуы әлі тарқай қоймаған сүйектерді көлденең тістеп, үсті-үстіне сорғылап қойып қаршылдатып шайнасын. Қызыл еттің білінер-білінбес қана әрең сезілетіно бірақ естен кетпейтін тәтті дәмі жындандырып жібере жаздайды. Ол тістене түсіп, судыраған сүйектерді үстемелете мүжіп жатыр. Кейде сүйек сынады, кейде тісі опырылып түсуде. Тіпті болмаған соң сүйектерді теспен уатып, ұнтақтап жіберді де, өші кеткендей қомағайлана жұта бастады. Жан далбасалағанда саусақтарын да ұрып алуда, асығыстығына қарамастан жазатайым соққылардан соң да неліктен ауыруды сезінбейтініне аң-таң қалған».
«Ең соңғы бөлігіне дейін қалдырмай жинап алған сүйектердің ұнтағын қомағайлана шайнап, сорумен болды».
Жәркен:
« Кемігі шырындай тәтті,
Сүйегі тастай қатты,
Өзегі толған май-
Арқардың жеңді білектей жілігі,
Мен, саған ризамын ғұмыры.
Сенің арқаңда жер басып жүр бүгін
Алаштың бір ұлы:
Өмірдің -құлыны,
Жырдың- тұғыры».
..................................
«Жілікті шақтым да, майын жаладым.
Тәттісі-ай өмірдің жіліктің майындай,
Сорып жатырмын, тілімді айырмай.
Тап солай анамның омырауын емген ем
Шырыны сорғалап, бұрлеген қайыңдай...
Өзегім жалғанды,
Бойыма күш кірді,
Ұмыттым аштықты үш күнгі, үш түнгі».
Бұл жерде ақынға тән ұтқырлық бар. Мәселе Жәркен арқардың жілігін, анасының омырауына теңейді. Бұл ақындық тапқырлық. Ақындық сезім. Ал Джек Лондон мұндай сезімге бармаған. Оның бұл шығармадағы кеңістігі ана ғұрлым кең. Ситуациясы басым. Өте-мөте прозаға тән шынайылық, дәлдік, шығармадағы әр детальды, дәлме-дәл жүрекке жеткізе білу шеберлігі бар. Тіпті «Сүйектің ұсақ сынықтарына дейін теріп дорбасына салып алады»-дейді. Әр сөйлемді, әрі сөзді орынды пайдалана білген. Артық суреттеу, артық сөз жоқ. Өзінің өмір тәжрибесінің молдығын, көз аясының кеңдігін, жиһанкездігін дәлелдеген. Яғни Джек Лондонның да Ұлы жазушы болмауға хақысы жоқ дегім келеді. Бірақ бұл екі шығарма бір-біріне еш қатысы жоқ. Қозғаған тақырыбы мен шынара деталдар ұқсастығы болмаса екеуі екі басқа дүние. Тек асқақтаған автор фантазиясының бір арнада тоғысуы ғана. Әрине прозаның тынысы кең. Прозаның жүгін поэзия арқалай алмайды. Екеуі екі басқа дүние. Прозаның құлашы кең. Жіңішкелікті талап етеді. Ал поэзия сөзді сезіммен, жүректің қылын шертердей құбылтып беруге қауқарлы. Екеуі салыстыруға келмейді. Ақынға прозаға қоятын талапты қоюға болмайды.
Жәркен құлашы кең ақын. Олай дейтінім Жәркен поэзиясының тамыры тереңде. Қазығы қатты да, өзегі тас. Ар жағы көне түркі поэзиясындағы Анархасис, Күлтегін-Тоныкок жырымен үндеседі. Көне түркі поэзиясының басты құндылығы елдікті аңсау. Түркілердің басы бірігіп құдыретті елге айналуын көксеу. Олар үшін елдіктің жолында қызыл қанын төгу, зор мақтаныш. Ал бұл идеяны Жәркенде айтады. «Тепкілеп көмілсем, дән болып шығармын, ұлт үшін, жұрт үшін бәріне шыдармын. Көлде-көкала үйрекпін, шөлде-тап-тарғыл құланмын, тауда-ақиық қыранмын»-дейді. Өлеңдерінің өн бойынан елдікті аңсауы және ел болғаннан кейінде, ел іргесін мықты ұстауға өсиет айтқандай егіле үндейді. Және көне түркі поэзиясының кейбір стилі, ырғақтары, шумақтары мен тіркес құру тәсілін терең философияға үндеу сарыны бар. Ал, бергі жағы аталы сөздерді лек-лекгімен төгетін, еркін көсілетін, терең ойға құрылған жыраулар поэзиясының сарыны бар. Мысалы: Жыраулар поэзиясының өзі, көне түркі поэзиясымен, көне түркі поэзиясының ритім ырғақтарымен, идеясымен үндессе, бергі жағы зар заман поэзиясымен жалғасады. Мысалы: Қазтуған жырау-«Қайырлы болсын сіздерге, бізден бір қалған еділ жұрт»-десе, Жәркен «Қайырлы болсын біздерге, атажұрт, ата қонысым» дейді.
Бірде «Жәркен зар заман» ақындарынша толғайды. Заманның, қоғамның сайқалдығына қайғырады. Зар заман ақыны Шортанбай Қанайұлы «Заман қайтып оңалсын, адам қайтып қуансын» немесе «Қалықтаған сұңқар ем, қанатым сынды ұша алмай, қиындап қуға түсе алмай» десе Жәркен «Түбімізге жетті ғой, құрып кеткір сұм заман. Заманым бұзық болғасын, қайда барып оңамын. Құмға сіңген түйір дән, заманға болсын обалың» дейді. Кей өлеңдерінде «Қобыланды», «Алпамыс» жырларындағы буырқанған шабыт, буырқанған ұйқас, төкпелік, әсірелеу, дамыту, гипербола сарыны бар. Мәселен: «Тарихи жыр» аталып жүрген, Досқожа жыраудың «Кенесары қонысынан ауғанда» атты жыры мен Жәркеннің «Ұлар жыраудың ел ауа көшкенде айтқаны» деген өлеңінің идеясі, мәні ұқсас. Досқожа көшпе елім десе, Жәркен керісінше Ұлар жырау боп көш жұртым дейді. Әдетте біз Абайдан, Дулаттан, Махамбеттен тіпті Төлеген мен Мұхтардан, Төлеген мен Мұқағалидан бір біріне ұқсастық тауып жатамыз. Бұл қалыпты жағдай. Бұны еліктеу деп мүлде айта алмаймыз. Бұндай ұлылардікі сабақтастық, сарындастық. Ізденістің нәтижесі. Себебі олар қазақ поэзиясына қайталанбас оң әкелді. Жәркен де солай. Жәркен поэзиясынан Жыраулардың соңы, ақындардың басы болған Махамбеттің ерлік екпіні, өрлік рухы да байқалмай қалмайды. Мысалы: Махамбет, «Ей, қызғыш құс, қызғыш құс, қанатың қатты мойның бос. Немесе «Сені көлден айырған лашын құстың тепкіні, мені елден айырған хан Жәңгірдің екпіні, бомаса айтып-айтпай не керек құсалықпен өтті ғой Махамбеттің бір күні» десе Жәркен «Қоңырау көмей бір құс бар, өзі момын түсі боз, ауырлығы бір мысқал. Немесе «О, кіндік қан, кіндік қан, Тама сала сені шегір құм жұтқан, туа сала мені мешкей мұң жұтқан. мені тағдыр қуғындап, сені дауыл сырғытқан» дейді. Тағы бірде «Тырбаң тірлік, құр елес, Сенсіз түнім түн емес» -дейді. Яғни бунақ, ырғақ, шумақ, мағыналық жағынан, рухани жағынан сарындас келеді. Екі ақын да елі үшін еміренеді. Жұмекен Нәжмеденов: «Ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей» - деп жырласа, Жәркен «Құстай жеңіл, таудай ауыр»-дейді. Тіпті бірде «Желдей жеңілмін, таудай ауырмын»-дейтіні бар. Оның «Туған жереге деген сағынышынан», Төлеген Айбергеновке тән «Лапылдаған тылсым сағынышты» көргендей боласың.
Жәркен поэзияға үлкен дайындықпен, үлкен тебінмен, үлкен ізденіспен жараған жылқыдай жарқырап келген ақын. Алысқа шабатыны да содан. Себебі, ол поэзияның арғы-бергі биігін бағындырып, жоғарыдағы айтылған (көне түркі поэзиясынан, зар заманға дейінгі ағым) ұлылардан нәр алып, бергісі 20 ғасырдың ортасындағы сезім поэзиясына бейімделген, осылардың барлығының басын қосып, сығып, сөлін алған, яғни ортасынан тігісін білдіртпей жаңа стил тапқан ақын. Керек десеңіз ауыз әдебиетіндегі ертегі жанрының мол тіл байлығын пайдалана білген ақын. Мәселен: Ертегіде, «Темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалғанша». Ал, Жәркен «Құлан тері етігім, ақжем болыды майланбай» деп құбылтып жырлайды. Кей өлеңдерінде ауыз әдебиетінің жыр үлгілерінің сарыны да кездеспей қоймайды. Тіпті кейде Мағжанның толқынына сүңгиді. Мағжанға тән символизмнің айшықты кескінін аңдатады. Мәселен: «Толқын-жүрек, толқын найза түйреді. Толқын-жігіт, жалын-пері күйледі. Күйледі де толқынға ашып құшағын, омырауын ағытты да, сүй деді» дейді. Бұл тіркестерде өлең сөздің ішкі көркемдік табиғаты мен сыртқы формалық табиғаты, поэтикалық және эстетикалық әлемі бір тұтас синвалистік құрлымға негізделген. Өлең сөздің өлшемі және ондағы сұлу эстетикалық сарын Жәркен шығармашылығында айқын көрніс тапқан. Бл ақынның поэтикалық талғамының дегдарлығын көрсетеді.
Жәркен поэзиясы оқырманды жалықтырмайтын поэзия. Үйіткені Жәркенді оқыған сайын тарта түседі, оқыған сайын түсіне бастайсың. Жәркен бірде төкпе ақындарша төгіп-төгіп жіберсе, бірде ескі бише кеңес айтады. Бірде бала ақын боп толғайды. Елі үшін боркеміктей үгіледі, Ұйқастары ұзынды-қысқалы боп, кейде шұбыртпалы ұйқасқа, кейде жыр үлгісіне түсіп отырса, кейде абызша ой толғайды. Ол кездері өлеңдерінің әр тармағы терең философиялық ойларға құрылып отырады. Мәселен: «Азуы жоқ пенденің, азуына кетер ит сарып, құлдыраған иекті, құжынаған құрт жейді, Азусыз қалған арыстанның, атынан қоян үрікпейді, Азусыз қалған хандардың, қарусыз қалған паңдардың, етегімен далиған құлдар қоңын сүрітпейді.... Азусыздар қашанда заманның обыр қонағы, алдына дайын ас қойсаң-шайнамайды обады» деп тереңдікке бой ұрады.
Жәркен туған жерін шексіз сүйді. Сүйді емес Мәжнүннің Ләйліге ғашық болғанындай ғашық болды. Қазақ поэзиясына «Туған жер тақырыбы» атты кесек жанрды алып келді. Жәркеннің ең басты құндылығы, ең басты ерлігі осы. Жәркеннің туған жері Жәйірдің, атажұрты Қазақстанның, қара қазақтың алдында еш қарызы жоқ. Себебі бұл тақырыпты ең көп жырлаған, жеріне жеткізе жырлаған қазақта Жәркен ғана. Шығыс шәйірлері әлемге «Шарабымен» қалса, Жәркен «Атажұртымен» қалды. Сүйтіп бүгінде қазақ поэзиясындағы құбылысқа айналып үлгірді. Бірақ ең қызығы Жәркенді тану қиындық тудырып отыр. Тіпті Жәркен туралы жазу үшін де адамға кең тыныс керек сияқты.
Әдебиеттің мемлекеттік силықпен өлшенбейтінін адамдар жақсы біледі. Ақын талантының тапталуын әдебиеттің тапталуы екенін тіпті де жақсы біледі. Сол үшін «Баяғы жартас, бір жартас» болмай «Жүйелі силық иесін тапса екен» деген ниеттеміз.
«Абай-ақпарат»