Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 13393 34 пікір 4 Ақпан, 2022 сағат 13:51

Сөздің басы – Елбасы...

Басы: Аса байлық не керек...

Қаңтар қасіреті мен бүлігі Қазақстан қоғамын күрт өзгертті. Халық орнында хан тағында болғанымен кешегі тәп-тәуір танымал тұлғалардың біразы аттан түсті, орынтағынан айрылды, қылмысы әшкереленгендері абақтыға да қамалды. Экс-президентіміз Н.Назарбаевты қоғамдық-саяси үдерістердің басты кейіпкеріне айналдырды. Тап қазір осы тақырып, еш қоспасы жоқ, әлемдік ақпараттық кеңістіктегі іргелі тақырыптардың қатарында тұр десек, қателеспейміз. Басқаша болуы мүмкін де емес. Қазақстанның геосаяси орналасуының өзі өзектілігі мен өтімділігін еселеп арттырады. Қытай мен Ресей сынды екі алып империяның көршісіміз. Жер көлемі бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреміз. Минералды ресурстарымыздың бай қоры кімді болсын қызықтырғандай.

Осыншама байлықтың кілті 30 жыл бойы Н.Назарбаевтың қолында тұрды. Қайта құрудың соңы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халық оған риясыз сенді. Айтқанына иланды. Ұсынған жоспар-жобалары мен бағдарламаларын орындауға барын салды. Жүйелік жаңғыру оңайға соқпайтынын білгендіктен қиыншылықтарға сыр бермеді. Н.Назарбаев та аянып қалмады. Тау көтерген Толағайдай тер төгіп, ұлттық тарихымыздың жасампаздыққа толы беттерін жазды.

Бірақ... Бәрін құртатын осы бірақ қой. Менің ойымша, Н.Назарбаев әркімге бұйыра бермейтін бақты бағалай алмады. «Бақпен асқан патшадан мимен асқан қара артық» деген Абай шын әулие екен. Әлде бақа-шаянға айналып кеттік пе?.. Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті болу, жаңа Астананы аяғынан тік тұрғызу, жас мемлекетті халықаралық қатынастардың субъектісіне айналдыру – бәрі айтуға ғана оңай дүниелер. Алғашқы 10 жылда Н.Назарбаев өзіне артылған миссияны тамаша орындап шықты. Ядролық қару-жарақтан бас тартқан, Азиялық кеңес, Еуразиялық одақ идеяларын көтерген, нарықтық қатынастарға батыл қадам басқан еліміздің беделі шарықтады.

Екінші онжылдық та жаман жүрген жоқ. «Қазақстан - 2030» нәтижелерін бере бастады. Халықтың тұрмыс деңгейі көтерілді. Дегенмен, Н.Назарбаевтың ең осал қасиеті - билікқұмарлығы анық көрінді. КСРО тарқап жатқанда мемлекеттік тәуелсіздігімізді жұрттың соңында жариялауымыздың бір себебі осында жатқан болар. Президенттік мерзімін ұзарту үшін Конституцияны қалауынша өзгертті. Жоғары билікке жаңа буын таланттар мен басшылардың келуі баяулады. Онсыз да шағын командасындағы А.Есімов, Қ.Мәсімов, Қ.Көшербаев, Ә.Жақсыбеков сынды «ойыншылар» қызметтен қызметке оп-оңай ауыстырыла берді. Ең сорақы мысалы – Рахат Әлиев. Билік вертикалының жоғарыдан төменге дейін бір адам қолына шоғырлануы бюрократияны, жемқорлықты, нашардың сөзін тыңдамауды үйреншікті қалыпқа айналдырды. Халық пен билік арасындағы қайшылық 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасына ұрындырды.

Бұл Н.Назарбаев драмасының басы ғана еді. Тап осы сәттен тұлға құрған жүйенің құлдырауы басталды. Ахуалдың асқынғанын байқаған Президент 2019 жылы өз еркімен доғарысқа кетті. Бірақ біржолата кетпегендіктен мемлекеттік апат қаупі сейілмеді. Шексіз байлық пен билікке құмарлығы, турасын айтсақ, оның түбіне жетті. Тәуелсіздіктің 31-жылында жалғыз өзін ғана омақаса құлатып қойған жоқ, соңына ерген, сенген, сөзін сөйлеген барша қауымды жерге қаратты. Өкінтті.

Бүгінгі күні қашқанның да, қуғанның да айтатын әңгімесі Н.Назарбаев жайлы. Даттаушылар көп, мақтаушылар да жоқ емес. Төбесінен жай түскендей аңтарылып қалғандар үлкен қауымды құрайды. Назарбаевты сынағансып, Қазақстанды табалаушылар да табылуда. 4-6 қаңтарда қараниетті күштер, ұрылар мен қарақшылар бірнеше қалада әкімдіктерді өртеді. Қан төгілді. Апалаң-топалаңды пайдаланумен ештеңеден аянып қалмады. Бейбіт халыққа, заңды билік органдарына, шағын және орта бизнеске, күштік құрылымдарға қарулы шабуыл жасап, жүздеген адамның өмірін қиды, миллиардтаған теңгеге зиян әкелді. Құдай қолдағанда, Қазақстан халқының бірлігі арқасында елдігіміз, туымыз, тәуелсіздігіміз жығылмады. Осы орайда, ұжымдық қауіпсіздік келісім шарт әскерін шақыруға қатысты ойымызды айта кетейік. Қысқасынан қайырсақ. Қарулы күштеріміз, ҰҚК елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге даяр болмай шықты. Онсыз да солдаты жүдеу, генералы көп елміз. Соған қарамастан бір емес, екі емес, әлденеше генералдардың жемқорлықпен, сатқындықпен ұсталғаны объективті құбылыс екен. Әрі-беріден кейін жыл сайын ондаған офицерге генерал шенін берудің қандай қажеттілігі бар?

Сын сағатында Н.Назарбаевтың бұрынғы Президент ретінде, тіпті зейнеткер ақсақал ретінде төбе көрсетпегені, тәуелсіздікті қорғаған пәтуалы сөз айтпағаны, біріншіден, бұрынғыдай елін сүйген, елі сүйген тұлға екеніне күдік туғызды, екіншіден, балалары мен бауырларының жұрттан бұрын шетелдерге  қаша жөнелгені, кімге мал қайғы, кімге жан қайғы екенін, ұрының арты қуыс қағидасының дұрыстығын бұлтартпай дәлелдеді.

Тарихтағы тұлғаның қилы рөлі дүниенің төрт бұрышында сан мәрте сыналған ақиқат. Ол табиғаты таза тұлғаны ел мен жердің, халықтың игілігіне жеккенде, бақ болып оралады екен де, нәпсіні тия алмаған тексіздікпен бес күндік билік пен байлықты қуса кесірі,  бір қарын майды шіріткен құмалақтай, бүкіл қоғамға тиеді екен. Лайықсыз тұлғаның мемлекеттік билік саласына кездейсоқ  сыналап кіріп кетуі бек мүмкін. Ал оның ең жоғарғы билік иесіне айналуы байтақ зерттеуді қажет ететін жоба. Қатпары қалың себебі де бар. Ол  қоғам мен мүшелеріне интеллектуалды аңғалдық, құқықтық шалалық, демократиялық осалдық, бәсекелік бейғамдық тән екенін білдіреді. Мүмкін бұл мемлекетіміздің, ұлтымыздың ғасырлар бойы отарланғанынан туындаған балалық дерті ме екен.

Қалай болғанда да, Назарбаев құбылысы бәрімізге сабақ болуы керек. Өйткені оның бастапқыда жағымды арнада қалыптасуы, күшеюі, ХХІ ғасырда ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре кереғар  асқынуы көз алдымызда жүрген үдеріс. Көрмес – түйені де көрмес деген сөз рас болып шықты. Ендігі жерде жеке басқа табынуға жол бермейтін демократиялық, құқықтық, саяси, конституциялық тетіктердің бәрін іске қосқаннан басқа жол жоқ. Менталитетіміздегі: «патша құдай емес, құдайдан былай емес» дегенге саятын түсініктен арылатын уақыт келді.  Әйтпесе, көлеңкелі тарих қайталана береді.

Назарбаевтың шексіз билік пен байлыққа құштарлығы кенеттен шыға келген жоқ. Оның бастау-бұлағын Теміртау-Қарағанды кезеңіндегі басшылық қызметінен іздеу керек шығар. Бұл дертті Алматы мен Мәскеудегі лауазымды қызметке жоғарылату барысында қолданылған партиялық сүзгі де жоя алмағаны осындай ойға итермелейді. «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет – деген ғой һакім Абай, - адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да, адамдығы жоғалады». Ақиқатты әріптестері мен замандастарынан, жақын араласқан дос-жарандарынан, әр жылдарғы бастықтарынан, естеліктер мен құжаттардан табуға болады деп санаймын.

Тепе-теңдік пен тежемелікке негізделген билік дүлдүлдің жолын ашады, демократияны, заңның салтанат құруын бұза алмайды. Жаппарқұлдықтың, жағымпаздықтың тынысын тарылтады. Басқа да ұтымды жақтары толып жатыр. Нағыз балама,  таңдау, әділ бәсеке жоқ кеңістік –  іріп-шірудің қайнар бұлағы, пысықайлардың отаны. Бұларға керегі емін-еркін билеп-төстеу. Яғни монополиясын орнату.

Қазақстандағы монополияның басты ерекшелігі материалдық өндіріс  саласында емес, Ақорданың қабырғасында дүниеге келгені. Егер табиғи-ырғақты жолмен бой көтергенде біраз уақытты талап етер еді. Оны күтіп отыруға біздің биліктің шыдамы жетпеді. Қолдан келіп тұрғанда қоныштан басты. Монополиялар, яғни аса ірі байлық иелері Елбасының тікелей араласуымен, қолдауымен, бәсекелестерін аяусыз жығып берумен тұғырға қонды. Халықаралық сарапшылар оған кланды капитализм деген атау берді. Жалғыз ат бәйгеде қашанда бірінші келеді ғой. Жалған жеңістің арғы жағында қанша көзбояушылық, қанша қылмыс, зорлық, жоқтау, зарлау жатқаны бір түпжаратушыға аян. Құдай бар болса, ерте ме, кеш пе, біразының бетпердесі жұлынар. Жүгенсіз монополия қылмыс атаулының ажырағысыз бөлігі екенін білгендіктен дамыған елдер оны құрықтайтын заң актілерін қабылдағаны қажеттіліктің көрінісі. Тап осы тәжірибені біз терең игергеніміз жөн. Кланды капитализм тәуелсіздікке серік бола алмайды.

КОКП мойнына алған міндеттердің маңдайалдысы жаңа адамды қалыптастыру еді. Дені сау, рухы мықты, белсенді өмірлік позиция ұстанған коммунисті болашақтағы жаңа адамның үлгісі ретінде ұлықтағаны бар. Кезінде солардың бірі Н.Назарбаев болатын. Жарқын болашақтың адамы тәуелсіздік тұсында Абай армандаған «толық адамға» айналғанның орнына сүйкімсіз капиталиске, диктаторға айналып кетуінің сыры неде? Әрине, бұған жауаптың әлденеше нұсқасы барына сенемін. Солардың бірен-саранына тоқталғым келіп тұр.

Біріншіден, Н.Назарбаевтың шексіз билік пен байлыққа ұмтылысына 1995 жылғы 30 тамызда қабылдаған ҚР Конституциясы септесті. Ата заңдағы: мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын Президент анықтайды деген қағида, осылайша суперпрезиденттік билік институтын бекемдеуі әу бастан қол көтере алмайтын шоқпарды белге байлағанмен пара-пар тәуекел еді. Арты қайырлы болмады. Не нәрсені көп қызықтасаң, азабын да сонша тартасың деген ғой. Білетіндердің айтуынша, ширек ғасыр ішінде 1995 жылғы Конституцияға 1000-нан астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілген екен. Басым бөлігі Президенттік билікті күшейткен үстіне күшейте түсті.

Екіншіден, биліктің ұшар басында жойдасыз ұзақ отыру демократия мен заңға да, адамның бойындағы қабілет-қарымға да сәйкес келмейді. Физикалық шаршау интеллектуалды тоқыраумен, жаңашыл ізденіс бой үйренген статикамен алмаспай тұрмайды. Қателесулер жиілейді. Н.Назарбаевтың мемлекет басшысы ретінде сарқылғаны, қоғамдағы қайшылықтарды асқындырғаны,  байлық пен билікті қолдан шығармауға жанталасуы өзі үшін де, халқы үшін де қауіпті факторға айналғаны 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан анық байқалды. Билеуші әлсірегенде оны мақтаушылар геометриялық прогрессияда өседі екен. Сол тұста оған «Ұлт көшбасшысы», «Елбасы», «Ғасыр ғұламасы» т.б. толып жатқан  марапаттардың берілуі 70-жылдарғы Л.Брежневті еске түсіреді. Брежневтік тоқырау өзі дүниеден озған соң 4 жылдан кейін желтоқсан-86 көтерілісімен түйінделіп еді, екінші тоқырау мерзімі біткен билеушінің орынтақтан қозғалмағаны себепті «қаңтар қасіретімен» тарихқа енді.

Үшіншіден, Назарбаевтың диктаторға айналуы, елде жемқорлықтың бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілуі мемлекет басшысының халықтан, нақты өмірден алыстауымен жылдамдады. Өз еркімен алыстаған жоқ, билікке ықпалы күшейген, шексіз байлыққа тұмсығын тыққан, тәкаппарланған туған-туыстары мен миллиардер серіктестері алшақтатты. Әйтпесе, 2 сиыр сатып алып жаныңды неге бақпайсың деген сөз ауыздан шығар ма еді? Қазақстандағы ахуал мен үдерістерден мүлде хабарсыз қалғаны 18 қаңтар күнгі сөзінен менмұндалап тұр. Елде айтарлықтай өзгеріс жоқтай, қанды оқиғалар басқалардың кінәсінен орын алғандай, саяси элитаның бірлігі мінсіздей пайым-тұжырымдарын жариялаумен азаматтардың ашу-ызасын күшейтті. Интеллектуалды пұшаймандығын жайып салды.

Қазақстанда Елбасы туралы сөз үдеп тұр. Тілге тиек ету жылдар бойы жалғаса береді. Айталық, кеңестер одағын 30 жыл басқарған Сталиннің дүниеден озғанына 70 жылға жуықтаса да, ол туралы том-том кітаптар жарық көруде. Назарбавтың да осындай ғұмыры басталды. Бірақ бұл танымал екі басшының арасына теңдік белгісін қою емес. Сталин әлем тарихына бетбұрыс әкелген басшы, біздікі әлемдік көшбасшылармен суретке түскенге мәз болу ғой. Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы айрылыпты.

Бәрі сөзден басталған ғой. Сөздің шын болғанын тілейік. Қазірдің өзінде ақылға сымайтын сәуегейлік байқалуда. Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымының  күштері келгенде, Ресей әскері Қазақстаннан қайтып шықпайды, дегендер бар. Қаңтардағы бүліктің қорытындысын Назарбаевтың жеңісі ретінде бағалағандар табылды. 2024 жылы ҚР Президенті сайлауына Елбасы қатысатынын болжағандарға не айтуға болады? Төтенше жағдай күндерінде Назарбаевты өлдіге санағандар таяу-алыс елдерде де табылып жатты. Осыдан кейін сөздің басы – Елбасы демеске шараң жоқ.

Ханкелді Әбжанов,

ҰҒА академигі

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347