Ясауидегі «жан ғалымы, тән ғалымы» хақында
Ясауи туындыларындағы адамның ішкі рухани әлемімен тікелей айналысатын жан ғалымы және сыртқы ғылым салаларымен шұғылданатын тән ғалымы туралы тосын танымының шығу төркініне назар аударар болсақ, бұл танымдардың түп-төркіні әл-Фараби қалыптастырған ғылымды классификациялаудың негізіне соғатыны анық байқалады.
Қожа Ахмет Ясауи шығармаларында ұшырасатын осы жайлы пікір ұшқыны:
Ілім екеудүр: жан мен тәнге басшы тұрар,
Жан ғалымы хазіретіне жақын тұрар...
Тән ғалымы залымдарға ұқсар-ерміс, –
Ясауи туындыларындағы адамның ішкі рухани әлемімен тікелей айналысатын жан ғалымы және сыртқы ғылым салаларымен шұғылданатын тән ғалымы туралы тосын танымының шығу төркініне назар аударар болсақ, бұл танымдардың түп-төркіні әл-Фараби қалыптастырған ғылымды классификациялаудың негізіне соғатыны анық байқалады.
Қожа Ахмет Ясауи шығармаларында ұшырасатын осы жайлы пікір ұшқыны:
Ілім екеудүр: жан мен тәнге басшы тұрар,
Жан ғалымы хазіретіне жақын тұрар...
Тән ғалымы залымдарға ұқсар-ерміс, –
деген өлең жолдарында (А.Ясауи. «Диуани хикмет». Түркістан, 1993, 74-бет) ұшырасатын жан ғалымы, тән ғалымы деп аталатын теологиялық және философиялық мағынадағы терминдік мәні бар сөздердің орын алуы кімді болса да ойландырғандай. Бұл атау сөздердің табиғатына біздер, яғни қазіргі оқырмандарға құрық салдыра бермейтін сыры беймағлұм, бүкпесі мен қалтарыстары мол, киелі ұғымдар жатқанын да сезінеміз. Әрі бұл пікірдің айтылған мерзімі бізден тоғыз ғасырдай алыста жатуы да толғандырмай қоймайды. Ойшыл Абайдың 7-қара сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады», – деп ой толғауының төркіні қайда жатқанын аңғартады. Абай меңзегендей тән ғалымдары біздің заманда дүниенің көрінген сырын түгендеп білуге күш салды да, дүниенің көрінбеген сырынан құралақан қалдық.
Ясауи жан мен тәнге байланысты ілім екеу деп қадап айтады. Екеуінің зерттеу нысанасы да екі түрлі, яғни Абай айтатын діннің көрінбеген сырын меңзеп тұр. Бірі – жан сыры туралы ілім. Жан туралы танымды адамзат баласы көне заманнан бермен қарай іздестіру, танып білу талабында келеді. Сан түрлі пікір танымдар да айтылды. Пікір таласының қордасына да айналды. Бірақ нақтылы шешімін таптырмай-ақ келеді. Осы қиындықтың болатыны Құран Кәрімде де ескеріліпті. «Ісра» сүресінің 85-аятында «... олар сенен жан туралы сұрайды. Ол Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді де», – деп жауап бересің дейді Алла тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке. Түсіне білген кісіге бұл оңай ескерту емес. Шамаң келмесе бұл салаға ұрынбай жүру абзал дегендей ескерту жасайды. Міне, осы аса күрделі де қиын мәселемен айналысатын жан ғалымы болатынын бізге Ясауибабамыз хабарлап отыр. Екі ілімнің енді бірі – тән туралы ілім саласы. Осы екі күрделі де мейлінше нәзік саланың болмысын зерттеп, танып біліп, ақиқатын айтатындар – жан ғалымы мен тән ғалымы. Жан ғалымы айтар танымы мен пікірін Құран Кәрімге сүйене отырып, көбінесе, теология, психология, философия, физиология ғылымдарындағы ой, танымға иек артады. Мұнда жетекші пікірді негізінен жан ғалымдары айтады.
Қазақ әдебиеті тарихында жантану ілімінің сырлы болмысы жөніндегі аса күрделі ой толғаныстарды заманында Абай мен Шәкәрім тереңнен қозғап, зор ізденістер жүргізді. Ой алыптарының шығармаларында көрініс берген жан сырының болмысы хақындағы таным-білімдері олардың да жан ғалымының өкілі екендігін аңғартады. Олар – адам жанының, рухының кеселді, зиянды жағынан оқырманын аулақ ұстап, рухани жағынан іштей түлеп жетілу, кемелдену жолына үндеген ойшылдар. Абайдың дүниенің көрінбеген сыры деп отырғаны адамның рухани әлемін нұсқап отыр. Ол рухани әлемді танып білушілер Ясауи айтатын жан ғалымдары болмақ.
Ясауи заманынан бізге жеткен сопылық танымның уақыт жүрісіне қарай әрқилы реңктерге түсіп, өзгеріп отырған болмысын танып, ажырата білудің өзі кімге де болса оңайға соқпайды. Сопылық әлем болмысына, ең болмағанда, бүкіл мұсылман елдері жетік білетін қарапайым исламиятқа даярлығы тым мардымсыз қазіргі қазақ оқырмандары үшін одан да ауыр соқпақ.
Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, Ясауи негізін қалап, қалыптастырған әрі исламият пен көшпелі өмір салтын ұстанған түрік халықтарының салт-сана, дүниетанымдық ерекшелігімен санаса отырып, табиғи тұрғыдан үйлесімді жол тапқан сопылық танымның ясауилік жолы, негізінен, көшпелі өмір салтын ұстанған ұлы дала түріктеріне бағытталған өзіндік ерекшелігі бар қайталанбас сопылық ілім болатын.
Ал, XIV ғасырда пайда болған сопылықтың нақшбандиялық жолы, негізінен алғанда, отырықшы халықтарға тән, солардың тұрмыстық, шаруашылық өмір салтына сай туындаған сопылық ілім. Осы себепті олар егіншілік, қол-өнерлік кәсіпке орай іштей үнсіз «жүрегің Аллада, қолың істе болсын» деген дәстүрлі, үндемей іштен салатын зікір түрін ұстанатын. Бірақ сопылықтың бұл екі саласы да өз заманындағы қоғамдық ғылымдар мен теологиялық ілімді терең танып меңгеруді, мораль философиясының негізінде ғасырлар бойы қалыптасып екшелген әдет-ғұрыптарды бойға сіңіріп ұстануды алдарына шарт етіп қоятын-ды. Сопылық негіздегі практикалық үрдістер әбден қалыптасып, енді сопылық ілімнің теориялық-философиялық ілімдік негіздері салынып, интеллектуалдық білім деңгейі әлдеқайда биіктеп шарықтаған тұсы да Ясауи ғұмыр кешкен заманға орайлас келеді екен.
Аса күрделі ілімдік ой-толғаныстары негізінде жалпы сопылық танымға ортақ мұрат-мақсаттардың өзекті желісі – әрбір пенденің іштей рухани жағынан түлеп-жетілуі арқылы пенделіктің кәмалаттығының биік тұғырына көтерілу мақсаты жататын-ды. Осы таным тұрғысынан келіп,
Ясауи жан ғалымының әрекетін өте жоғары бағалап, тән ғалымының әрекетін нәпсілік құрығынан шыға алмаған «малға достың мұңы жоқ малдан басқа» дегендей пенделіктің төменгі сатысындағы тән құмарына бейім құбылыс ретінде қарайды.
Бәлкім бұл пікірді ойшыл сопыға өз заманының ащы шындығы да айттырып отырған болар. Ясауи заманындағы алхимиктер әрекеті, немесе адамды жаппай қырып жоятын атомдық, биологиялық жойқын құрал-жарақ жасау мақсатында әр қилы кендерді қазу арқылы соғыс қару-жарағын жасау, көбінесе, қорғаныс мақсатында болмай, өзге елдерді жаулап алу, құлдыққа салу мақсатын көздеген суық ақылды серік еткен тән ғалымының әрекетін көргендей боламыз. Бұл әрекет отаршыл Европалық мемлекеттер тарихынан танымалы нәрселер. Мысалы, АҚШ мемлекеті сол жердегі 12 млн жергілікті тұрғындарды қырып жойып мемлекетін солардың сүйегінің үстіне құрып отыр. Бүгінде жаппай қырып-жоятын қару жарақты үсті-үстіне жетілдіріп. Дүние жүзіне үстемдік ету жолына түсіп отыр.
Тән ғылымы саласын дамытуға басшылық етер тән ғалымдарының зерттеу нысанасына алынар ғылымдар, негізінен, Абай айтатын заһири ғылымдар мен дүниенің көрінген сырын танып-білуде сүйеу болар дүниенің ғылымы жататын тәрізді. Бұл ғылымдар бүгінде қатты дамып, сала-салаға бөлініп, балалап көбейіп кеткені көпшілікке аян. Міне, осының бәрі де тән ғалымдарының нәпсілік мақсатты көздеп, қанағат ұғымынан мақрұм қалған, қазіргі күн мақсатын ғана ойлаудан келіп туындап жатқан қасіретті құбылыс болуы себепті де, Ясауи бабамыз «тән ғалымы залымдарға ұқсар ерміс» деген даналық, көрегендік ой қорытындысына келуі алысты көздеп айтқан даналық пікірі болатын-ды.
Кешегі кеңестік билік тұсында ел билеу жүйесінде облыстық, қалалық, аудандық, тіпті совхоз бен колхоз немесе жоғары оқу орындарының басшыларына дейін тұтастай тән ғылымының өкілдерін басшы орынға қоюдың астарында жай адам танып, біле бермейтін сұмдық зұлымдық мақсатты көздеген астыртын ұлы державалық пиғылдан туындаған астарлы да қатерлі саясат жататын-ды.
Кеңестік тоталитарлық жүйе күйрегенмен, ол ендірген ел билеудегі ескі жол сол қалпында өзгеріссіз қалды десе болғандай. Өйткені, ел билеудегі бүкіл билік аппаратында 99% тән ғылымының өкілдері отырғаны жасырын сыр емес. Халық мүддесін атой салып қорғайтын қоғамдық ғылымның өкілдері биліктен сырт қалатын.
Қоғамдық ғылым өкілдері немесе Ясауи сөзімен айтсақ, жан ғалымының өкілдері саналатын қоғамдық ғылым өкілдері шетке қағылып, билік тұғырына көтерілуден сыртта қалуда.
Ұлы ойшыл бабамыз Ясауи тән ғалымдары әрекетіне қарама-қарсы не себепті «жан ғалымы хазіретіне жақын тұрар» деген аса күрделі гуманистік мағынадағы ой байламына келген? Әрине, бұл күрделі даму жолынан өткен мораль философиясының өзекті желісін оның даму тарихының жолынан бейхабар адамның ұғына алуы екіталай. Жан ғалымының айналысар негізгі
зерттеу нысанасы бүкіл сопылық ой танымының, сопылық гуманистік бағыттағы ілім жолының өзекті арнасы – адамның ішкі рухани әлемінің іштей жетіліп, кемелденуінің жолы болмақ. Бүкіл сопылық танымның жұрт таныған төрт сатысының ең биік тұғыры – хақиқатқа жету жолы. Осы жолда жүріп, азапты жетілу өткелектерінен өтіп, мақсатқа ұмтылар үміттің сүйеніш болар тірегі жәуанмәртлік іліміне келіп тіреледі екен. Жәуанмәртлік ілімінің шығар көзі бастау алар түп-төркінінің бір арналы бұлағы ұлы Тұран жерінде туындаған құбылыс деп шамалаймыз. Себебі нендей зат болмасын, немесе жаңадан пайда болған ғылым саласы болсын, осыны жасаған халық оған ат беріп, айдар тағуына құқылы болып келеді. Осы тұрғыдан қарар болсақ, жәуанмәртліктің о бастағы мағынасы көне түрік тілінің «зомарт» деген сөзінен шыққандығы ғылыми тұрғыдан анықталып отыр. Зомарт сөзінің қазақ тіліндегі қолданысы жомарт сөзінің баламасына келеді. Арабтарда бұл сөз «ақи» деп аталады. Көбінесе, ұсақ қолөнершіл кәсіпкерлер ортасында қолданысқа түсетін кәнігі адамгершілік мүддені көздеген ұғым екендігін соңғы жылдары түрік тілінде шыққан кітаптар айғақтап отыр.
Осы жәуанмәртлік ілімінің түрік халықтары әдебиетіндегі төркіні 1069 жылы Шу өзені бойында жазылған атақты Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастанындағы басты төрт кейіпкердің ой-танымы, қимыл-әрекеті арқылы көркемдік тәсілді қолданып, шартты түрде жасалған образдар арқылы бейнеленгенін қазір анық танып отырмыз. Жәуанмәртлік ілімі, әсіресе, сопылық ағымның тұсында барынша жетілдірілді. Сопылық ілімнің өзі әр кезеңнің жағдайына қарай әр қилы салаларға бөлініп отырған. Ал, олардың әрқайсысы сопылардың ұстанар тариқатына орай жәуанмәртліктің этикеттерін өзгертіп, өздерінің күнделікті практикалық әрекеттерінде жетілдіріп, қолданып отырған. Мұның көрінісін, әсіресе, «Қабұснаме» деп аталатын кітаптың 44-тарауындағы Мерв пен Кухистанның жансыз барлаушыларының әрекеті де айғақтайды. Сопылықтың басты мұрат-мақсаты – Аллаға ғашық болу – Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп аталатын өлеңінде айтылғандай Алланы сүюде жатыр. Аллаға ғашық болу жолында оның пендесі рухани жағынан қарағанда іштей түлеп-жетілу жолында өзінің жан дүниесін кемелдендіруде сопылық ілімге сүйенбей тұра алмайды. Ал, ол іліммен айналысушыларды Ясауи сөзімен айтар болсақ, жан ғалымдарының өзі болып шығады. Ясауидің жан ғалымының көш басшысы, сол ілімнің ғалымы ғана емес, оза шапқан хакімі болуы себепті де, Әзірет Сұлтан аталып кеткені жай нәрсе емес. Атақты Дулат ақын да Ясауи Әзірет Сұлтан деп тануы себепті:
Әзірет қонған Қаратау
Аса алмаған одан жау,–
деп мадақтай көтеруінде көп нәрсенің сыры жатыр. Адамның дүниетанымын жетілдіріп, жарым адам, жарым молда, жарым мұсылманға айналған қиянатшылдық жолындағы адамдардың жан жарасының емін тауып, толық адам қатарына қосылушыларды жан ғалымы деп білеміз. Бүгінгі таным тұрғысынан қарасақ, бұлар гуманитарлық ғылым саласының рухани әлемді яғни дүниенің көрінбеген сырын танып білу жолындағы жан ғалымының өкілдері болып шығады. Осы себепті де Ясауидің жан ғалымын тән ғалымынан жоғары бағалауында көп мәселенің біз біле бермейтін сырлы мәні жатыр. Бұл мәселе – бүкіл адамзат баласына ортақ құбылыс. Бүгінгі күннің талабына да жауап бере алатын даналық ойдың адастырмас бағыт-бағдары деп ұғына алсақ қана, ұлы бабаның даналық жолында болмақпыз. Бұдан бет бұрсақ болды жанымызды тән құмары билеген, нәпсінің арсыз жолынан шыға алмаған дүниеқоңыздың өзіне айналамыз. Ұлы Абай айтқандай екі ұдай көңіл күйіне түсіп, ар ойламай пайда ойлайтын жолға түскенімізді сезбей қаламыз да:
Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін.
Қызық жоқ ойлы адамға бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін,–
дейтін ащы шындықтың кермек дәмін татумен боламыз.
«ТҮРКОЛОГИЯ» журналы, № 1-2, 2008 жыл
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ