Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3389 0 пікір 2 Қазан, 2012 сағат 06:28

Сәкен Сыбанбай. «Жастық шағымыздың командасы»

Алматыда «Қайраттың» ардагер ойыншылары мен КСРО футболының аңызға айналған тұлғалары өзара жолдастық ойын өткізді. «Қайраттың» сапында қала Әкімі Ахметжан Есімов те өнер көрсетті.

Ақсақалдардың атаусыз қалғаны-ай...

26 қыркүйектің кешінде Орталық стадионның айналасында адам тым аз еді. Бірер сағаттан соң әйгілі спорт саңлақтарының кездесуі осында болады дегенге ешкім сенбестей. «Есіңде ме, 70-жылдары осы жерде билет сатумен қосымша пайда табушы едік қой? Ол кезде футбол билетін жұрт ұзын-шұбақ кезекке тұрып алушы еді-ау»» деп, екі егде кісі жастық шағын еске алып тұрды. «Кімдер келіпті, білмейсіз бе? Қолыңыздағы матчтың бағдарламасы емес пе?» деп қырмасақал қырқылжыңның бірі менің оқып тұрған газетіме үңілді. Іші пысқан тәртіп сақшылары өзара бір қызық әңгімеге кірісіпті.

Алматыда «Қайраттың» ардагер ойыншылары мен КСРО футболының аңызға айналған тұлғалары өзара жолдастық ойын өткізді. «Қайраттың» сапында қала Әкімі Ахметжан Есімов те өнер көрсетті.

Ақсақалдардың атаусыз қалғаны-ай...

26 қыркүйектің кешінде Орталық стадионның айналасында адам тым аз еді. Бірер сағаттан соң әйгілі спорт саңлақтарының кездесуі осында болады дегенге ешкім сенбестей. «Есіңде ме, 70-жылдары осы жерде билет сатумен қосымша пайда табушы едік қой? Ол кезде футбол билетін жұрт ұзын-шұбақ кезекке тұрып алушы еді-ау»» деп, екі егде кісі жастық шағын еске алып тұрды. «Кімдер келіпті, білмейсіз бе? Қолыңыздағы матчтың бағдарламасы емес пе?» деп қырмасақал қырқылжыңның бірі менің оқып тұрған газетіме үңілді. Іші пысқан тәртіп сақшылары өзара бір қызық әңгімеге кірісіпті.

Ойыншылар ішке кіретін есіктің алдына «Қайраттың» клубтық автобусы кеп тоқтағанда, жасы-жасамысы аралас бір топ адамсонда жүгірдік. Әрине, темір бағандардың бер жағынан телміріп тұрмыз. Автобустан әуелі Александр Тарханов шығып, өздерін күтіп алған Құралбек Ордабаевпен құшақтаса кетті. Артынша Евгений Яровенко, Георгий Ярцев, Вагиз Хидиятуллин, т.б. түсіп жатты. Арамыздағы ақсақал жанкүйерлердің кейбірі оларға айғайлай сәлемдесумен болды. Ал көліктен тақыр бастары күнге жалтырап, домаланған қарындары салбырап Евстафий Пехлеваниди мен Юрий Гаврилов түскен кезде, жанымыздағы жастардың бірі:

-Немене, осы шалдар ма ойнайтын? Мені осыларға бола ертіп келдің бе сонда? - деп кейіді серігіне.

Жас бала қайдан білсін. Осыдан 30 жыл бұрын жаңағы «шалдардың» ойынын көру үшін жанкүйер жұрт Алматыға жан-жақтан ағылатынын. Стадионның маңайы қалың нөпірден көрінбей, жұрт бір-бірінен артық билет сұрап, сабылып жүретінін. Трибунада ине шаншар орын болмайтынын... Әрине, уақыт өз орнында тұрмайды. Кешегі ел еркесі, спорт серкесі - бүгін «шал», бүгін ардагер. Олардың орнын басқа жұлдыздар басып жатыр.

Жеңіл көліктен қазақ футболының қос ақсақалы - Тимур Сегізбаев пен Диас Омаров түсті. Бірін-бірі жетектеп, аяғынан гөрі таяғына көбірек сүйеніп келе жатқандай. «Бүгін ойнайтын шығарсыздар, ә?» деп әзілдеп қояды стадион қызметкерлерінің бірі. Ішкері жақтан «Команда молодости нашей» («Жастық шағымыздың командасы») әні әуелейді.

Стадионға ендік. Футбол кездесуіне қатысушылар алаң ортасында сап түзеді. Таныстыру басталды. Екі жүргізуші әуелі КСРО құрамасының мүшелерін, одан соң «Қайраттың» ардагерлерін шетінен арнайы атап, кейбірінің даңқ-дәрежесіне ерекше тоқталып шықты. Өкінішке қарай, қазақ футболының атын басқалардан бұрын шығарған, жастары 70-тен асып отырған қос ақсақал - Т.Сегізбаев пен Д.Омаров мүлде атаусыз қалды. Рас, олардың ойынға қатыспайтыны белгілі-тін. Бірақ екеуі де жасыл алаң жиегінде отырды ғой, тым болмаса аты-жөндерін атап, орындарынан тұрғызып, тіпті құттықтау сөз сөйлетуге болар еді ғой! Жанкүйерлердің ішінде осы қателікке орай өз наразылығын ашық білдіріп, айғайлағандар да болды, алайда даңғаза у-шуда оны кім естіп жатыр?..

Шабуыл өтінде - шаһар басшысы!

Ойын басталарда «Қайраттың» символы - «Жасыл жасын» атты қыран ұшырылды. Алаңды айнала қалықтап шығып, құсбегінің қолын қайта тапқан бұл құс командаға сәттілік әкеледі деседі. Айтпақшы, «Қайраттың» қазіргі ойыншылары түгел құрамымен келіп, мықтылардың шеберлігін тамашалады.

Ардагерлердің ішінен КСРО құрамасы мен мәскеулік «Спартактың» байырғы капитаны, кейін белгілі бапкер болған Олег Романцев жиналған жанкүйерлерге өз лебізін арнады:

- Қымбатты достар! Футбол мерекесі құтты болсын! Біз бүгін «Қайрат» клубының жас жеткіншектеріне, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, сондай-ақ Алматы қалалық жасөспірімдер лигасының балаларына шеберлік сабағын үйреттік. Балақайлардың, әрине, әзірге шеберлігі жетіспейді, бірақ жалықпай тәрбиелей берсе, ертең олар шыңдалады, жоғары деңгейге көтеріледі. Ең әуелі, баяғы «Қайраттың» деңгейіне жетуді мақсат тұту керек. Өйткені, 70-80-жылдары біз қарсы ойнаған «Қайрат» - өте мықты команда болатын. Бізді ұмытпағандарыңызға, ардагер ойыншыларға деген құрметтеріңізге ризамыз. Ең бастысы, сіздер өз қаһармандарыңыздың қадіріне жетіңіздер!

Мәскеулік қонақтың соңғы сөзі алаң жиегінде жамылғы жамылып, жабығып отырған әлгі қос ақсақалды тағы да ойға оралтты.

Бұдан кейінгі сөз тізгінін Алматы қаласының Әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімов алды:

-Қадірлі алматылықтар! Қазір КСРО жоқ, бірақ КСРО футбол құрамасы бар. Бұл - кезінде өз ойындарымен бұрынғы Одақ көрерменінің көз қуанышына айналған, қазір аттары аңыз боп жүрген азаматтар. Бұл ұжым қазір ТМД елдерін аралап, өз өнерлерін көрсетіп, арадағы достықты нығайтып, қарым-қатынасты тереңдетуге атсалысып жүр. Бүгін оларға қарсы қазақ футболының байырғы көшбасшысы ретінде кезінде бүкіл Одаққа танылған атақты «Қайраттың» ардагерлері ойнайды. Алдағы уақытта «Қайратымыздың» тағы да биіктерге көтерілетініне сенемін. Мен өмір бойы «Қайратта» ойнауды аңсап келе жатқан адам едім. Бүгін сол арманыма қол жеткізгелі тұрмын. Және нағыз жарық жұлдыздармен қатар алаңға шығатыныма қуаныштымын!

Шынында да, шаһар басшысы 10-нөмірлі жейдемен «Қайраттың» шабуыл шебінде ойнады. Бірде оң қанаттағы әріптесіне әуелете әдемі пас шығарып берсе, енді бірде қорғаушыны алдап өтіп, орта тұстан қарсы қақпаға жақсы соққы бағыттап еді, сәл ғана биік кетті. Жалпы, А.Есімов бірінші таймда «Қайрат» сапындағы ең белсенді ойыншылардың бірі болды.

Қайраттықтар... «Қайратқа» қарсы ойнады

«Қайраттың» сапында 70-80-жылдардың сайыпқырандары - Құралбек Ордабаев, Александр Убыкин, Александр Куклев, Виктор Катков, Михаил Гурман, Юсуп Шадиев, Фанас Салимов, Сергей Волгин, Сергей Кулинич, Юрий Найдовскийлермен қатар 90-жылдардың өкілдері - Қайрат Айманов, Қайрат Сламбеков, Сергей Климов, Сергей Жуненко, Алексей Клишин, Ғани Қайназаров, Болат Есмағамбетов, Марат Есмұратов,Нуреддин Хасанов, Нұржан Доскеев, Эдуард Глазунов және Роман Вороговский ойнады. Ал Георгий Ярцев жетекшілік еткен КСРО құрамасында Валерий Новиков, Вагиз Хидиятуллин, Юрий Гаврилов, Олег Романцев, АлександрТарханов, Игорь Беланов, Сергей Агашков, Ринат Атаулин, Валентин Ковач, Александр Дозморов, Валерий Шмаров, Виктор Булатов, Юрий Ковтундармен қатар даңқты қайраттықтар - Сейілда Байшақов, Евгений Яровенко, Евстафий Пехлеваниди және Вахид Масудов та өнер көрсетті.

Неге? Өйткені, С.Байшақов - КСРО құрамасында ойнаған тұңғыш қазақ футболшысы (1977 жылы). Е.Яровенко - КСРО құрамасы сапында Олимпиада чемпионы атанған қазақ футболындағы жалғыз ойыншы (1988 жылы). Ал Е.Пехлеваниди мен В.Масудов кезінде жастар арасында Одақ құрамасының жейдесін киген.Мұның бәрі түсінікті, бірақ «Қайраттың» нағыз мықтылары неге өз командасының намысын қорғамады?» деген ой талай адамның көкейінде тұрары анық. Мен бұл сауалды аталған қайраттықтардың екеуіне қойдым.

- Түсінесіз бе, мен КСРО ұлттық құрамасында да ойнадым, Олимпиада чемпионы да болдым, бірақ бірде-бір рет сол құрама жейдесін алматылық жанкүйердің көз алдында кимеген екенмін, - деді бүгінде Украинада еңбек етіп жүрген Е.Яровенко.- Бүгін соның орайы келе қалды, сәті түсті. Әйтпесе, «Қайрат» - мәңгі жүрегімде қалатын өз командам ғой. Алматыға қандай күшті қарсылас келсе де, екі етігін бір етікке тығатынымыз естеріңізде шығар? Бекерден-бекер «Мықтылардың тажалы» («Гроза авторитетов») атамаған болар бізді?..

- Шынымды айтсам, бүгін бірінші рет «Қайратқа» қарсы ойнадым, енді өйтпейтін шығармын, - деп күлді қазір Грекияда тұратын Е.Пехлеваниди.- Біртүрлі екен... Толқыдым. «КСРО құрамасында да ойнап көрсеңші» деген ұсынысты қабыл ала қойып едім. Жалпы, Қазақстан десе, әлі елеңдеп тұрамын. Келуге әйтеуір бір себеп іздеймін де жүремін. Тарихи Отаныма көшуім қате болды ма деп те ойлаймын кейде. Себебі, қазақ жерін, Шымкентімді, Алматымды қатты сағынамын. Ал «Қайрат» - бүкіл жастық шағымды өткерген өз үйім ғой! Жанкүйерлер арасында «Пеха» деген атты қалыптастырып берген осы «Қайраттағы» қайран жылдарым ғой! Білуімше, команда қазір жаңа даму жолына түсіп жатыр. Сәтті болсын, қайтадан үздік ұжым атансын деп тілеймін. Келесі 2013 жыл - қазақ футболының 100 жылдығы. Бұл мерейтойды «Қайрат» ерекше табыспен атап өтуге тиіс!

«Шалдар» әлі шаршай қоймапты

Ойын туралы аз-кем сөз. Матч әрқайсысы 30 минуттық екі таймнан тұрды. Алғашқыда бәсеке тең дәрежеде өтті. Алматылықтардан оң қанаттағы Шадиев-Гурман-Қайназаров үштігі тізе қоса қимылдап, шабуыл өтіндегі шаһар басшысына доп асырып отырды. Ортаңғы шепте Волгиннің ойлылығы көзге ұрып тұрды. Қонақтардан ойын тізгінін Хидиятуллин мен Тарханов ұстады. Әсіресе жасы 53-ке келсе де, 60 минут бойы бір тынбаған Вагиздің мықтылығы қайран қалдырды. Пехлеваниди мен Яровенко да ерекше қайрат көрсетті. Осылардың арқасында көп ұзамай КСРО құрамасы басымдығын байқата бастады. Беланов қақпашымен жекпе-жек шығып еді, 1986 жылғы «Алтын доп» иегерінің соққысын Ордабаев шебер тойтара білді. Біздің Жуненко тура өкпе тұста тұрып ұрымтал сәтті ұтымды пайдалана алмаған соң, келесі қарсы шабуылда есеп ашылды. Желаяқ Беланов қақпаға қарай дара шауып, Құралбек ағаны ақыры қапы қалдырды - 0:1 (25-минутта).

Бұдан соң жұлдызды қонақтар тіпті ойнақ салды. Әсіресе сол қанатта ойнаған Дозморов айрықша көзге түсті. Алматылықтардың дайындығы нашарлау екені аңғарылды. Екінші таймда Беланов тағы құйындай шауып өтіп еді, кезінде «Ракета» атанған шапшаң шабуылшыны Айманов қуып жетіп, қауіпті сейілте алды. Есепті теңестіруге барын салған алаң иелері бірнеше рет гол соғар мүмкіндікті мүлт жіберді (Хасанов, Есмағамбетов). 40-қа енді келген Ковтун мен Булатов әлі де спорттық бабында екен. Ал соңғы 10 минутқа ғана алаңға шыққан 59 жастағы Гаврилов жүгірмей-ақ, допты қақпақылдаудың, пас берудің небір үлгілерін көрсетті. Ойын соңында қарсылас есепті еселей жаздады: Шмаровтың жойқын соққысын Убыкин әйтеуір қақпаға дарытпады. Матч сол 0:1 есебімен аяқталды.

Аңғарылғаны: КСРО құрамасы ойыншыларының көптен бері бірге ойнап жүргені, себебі, өзара түсіністігі, жалпы шеберлік деңгейі аса жоғары. «Қайраттың» ардагерлері де солар сияқты жиірек бас қосып, ойнап тұрса жөн болар еді. Ал жеңімпаздар сапында төрт бірдей алматылықтың жүруі «Сіздер «Қайраттың» өз жігіттері көмектеспесе, жеңе алмас едіңіздер!» деген әзілге де себеп болды. Жалпы алғанда, іштеріндегі ең жасы 40-қа келіп, ең ақсақалы пайғамбар жасынан асқан ардагерлердің аса жылдам болмаса, айрықша тартымды ойыны сүйсінтті.«Шалдар» әлі шаршай қоймаған екен.

«Қайраттың» даңқын қайта қалпына келтіру қажет

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында КСРО құрамасын бапкер ретінде бастап келген Георгий Ярцев былай деді:

- Алматыға даңқты қақпашымыз Ринат Дасаев та келуге тиіс еді, отбасылық себептерге байланысты шыға алмай қалды, сол үшін кешірім өтініп, мен арқылы қазақ футбол әуесқойларына арнайы сәлем жолдады. Ойын туралы айтсам, меніңше, ол өте тартысты өтті. Біз әу бастан осындай ымырасыз бәсекеге бел буып келдік. Бұрын «ардагерлердің өткен жылдарды сағына еске алып, елді де елжіретуге арналған ерекше шоуы ғой» деген көңілжықпастықпен, екі жақты да ырза қылып, 2:2, 3:3, кейде тіпті 5:5 есебімен әдейі тең ойнаған да кезіміз болды. Сосын түсіндік: бұл - көрерменді алдау ғой, жанкүйердің сезімін құрметтемеу ғой! Сөйтіп, қазір ойын сайын барымызды сала қимылдап, қалайда ұтуға тырысатын болдық. «Қайраттың» ардагерлері, рас, бұл жолы жеңілді, бірақ жақсы ойын көрсетті емес пе? Демек, келесі жолы ұтуға тырысып көруіне болады.

Жалпы, мұндай басқосулар, жолдастық кездесулер жиі болып тұруы керек. Кезінде бірге өнер көрсеткен, бір-біріне қарсы ойнаған ардагер әріптестерімізбен қуана жолығысып, құшақтаса сырласып, мауқымызды басамыз. Бүгін көптен көрмеген Байшақовпен, Ордабаевпен, Убыкинмен, Шадиевпен, т.б. сағыныса табыстық. Әйтпесе жат боп кетер түріміз бар. Өз басым бүкіл ТМД елдерінің спорттық нәтижелерін қадағалап жүремін. Қазақстан биылғы Олимпиадада 7 алтын алғанда, біз қуанбады дейсіз бе? Қуандық. Лондондағы табыстарыңыз - тамаша нәтиже! Керемет бокс көрсеткен Серік Сәпиев маған өзінің баяғы аттасын - Қонақбаевты елестетті. Әлгі ауыр атлеттеріңіз, Ильин- нағыз батыр екен!

Бұдан кейін сөз алған Александр Тархановта(70-80-жылдардағы мәскеулік ЦСКА-ның шабуылшысы, бүгінгі білікті бапкер) ағынан жарылды:

- Қазақстанға ат басын бұруға мүмкіндік туса, мүлт жібермеуге тырысамын, - деді ол. - Келген сайын кеудемді қуаныш кернейді. Өйткені, менің 12 жыл өмірім осында өтті. Және ең балғын, ең тәтті шақтарым! Мен Батыс Қазақстан облысы, Бөрілі ауданында туғанмын. Кейін Красноярскіге көшіп кеттік. Қарындасым Алматыда тұрады, бұл қалаға сондықтан да алабөтен бүйрегім бұрады. Бүгінгі ойынға да, бізге жанкүйерлер көрсеткен ыстық ықыласқа да ырзамын. Бүкіл саналы ғұмырым Ресейде өтіп келе жатса да, өзімді қазақстандықпын деп есептеймін, сондықтан қашанда Қазақстан футболының тілеуін тілеп жүремін. Оның ішінде, әрине, «Қайраттың» орны ерекше. Кезінде бүкіл Одаққа танылған команда кейінгі жылдары біраз қиындықтарды басынан өткерді. Қайбір жылы тіпті біржола құрып та жаздады емес пе? Әйтеуір жанашыр жандар табылып, қала басшылығының қамқорлығының арқасында сақталынып қалды. Осының бәрін біліп отырғаныма қарап, қазақ футболын қалай қадағалайтынымды байқай беріңіздер. Шынында да, әр елдің бетке ұстар командасы болуы керек қой. Ресейде - «Спартак», Украинада - «Динамо» (Киев), Арменияда - «Арарат» болса, Қазақстанда басты футбол клубы - «Қайрат» болуға тиіс. Яғни, команданың бұрынғы даңқын қайта қалпына келтіру қажет.

* * *

«Неге сен КСРО кезіндегі футболды, сол кезең футболшыларын мақтай бересің? Неге сол заманға аңсарың ауады да тұрады? Әлде кеңес дәуірін әлі де көксейсің бе?» деп сұрайтын менен бір досым. Ойланып қалатынмын. Кейін көзім жетті: мен ол заманды аңсамайды екенмін. Мен ол уақыттың футболын еске алу арқылы сол жылдарда өткізген балалық балғын дәуренімді, қайта оралмас жастық шағымды сағынады екенмін. Бәріміз де. Футбол - тек сол сағыныштың сиқырлы кілті ғана...

Шау тартып, қимылдары шабандап қалған Гаврилов пен Байшақовқа, Беланов пен Ордабаевқа, Хидиятуллин мен Волгинге, Романцев пен Пехлеванидиге қарап отырып, осы байламға тағы да бекідім. Көз алдыма олардың жіптіктей жігіт шағы, жасыл алаңда ойнақ салған қайта оралмас жылдары елестеді. Стадион аспанында «Командамолодостинашей» («Жастық шағымыздың командасы») әні әуеледі.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341