Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әттең... 4467 64 пікір 3 Наурыз, 2022 сағат 12:54

Санкция - Ресейге, зардабы - қазаққа...

Ресейдің агрессиялық саясатына жойқын соққы берілуде. Украина ұрыс даласында, ал әлем елдері экономикалық тұрғыдан Ресейді қыспаққа алуда. Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға да кері әсерін тигізуде. Оған көптеген фактор әсер етеді, ең бірінші Қазақстан үшін басты сауда саласындағы серіктестің Ресей болуы санкциялардың зиянды әсерін арттыруда. 

Ресейге 2014 жылы алғаш рет қуатты санкциялар салына бастады. Қырымды тартып алған басқыншыға салынған санкциялар осы уақытқа дейін алынып тасталмады және керісінше күшейе түсті. Санкциялар әсерінен Қазақстан экономикасы да орасан зардап шекті. Ұлттық валюта құлдырып, девальвация шарықтау шегіне жетті. Ал Ұлттық қордан теңгені ұстап тұру үшін күніне ондаған миллион доллар интервенция жасалды. Ал 2015 жылы Еуразиялық Экономикалық Одақ жұмысы басталды. Бұл Ресейге салынатын санкциялардың салмағы өзге елдерге де түсетінін айқын көрсетті.

Бұл туралы экономист Арман Байғанов былай деді:

«Біздің валюталарымыз әр түрлі болса да, экономикалық заңдылықтардың әсер етуі бірдей. Бір сөзбен айтқанда көршіміздің жағдайы нашар болса, бізге де әсері тиеді. Сондықтан біз санкциялар салынған сәтте валютаның құлдырап жатқанын көрудеміз. Тіпті оған мұнай факторы да әсер етпеуде. Экономикалық одақ ішіндегі байланыс арта түседі, сондықтан да әр ел экономикалық тұрғыдан ұтылмау мақсатында реформалар жүргізуге тырысып бағуда»,  - дейді ол.

Оның пайымынша, Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға өте қатты әсер етеді.

«Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға көбірек әсер етеді. Мысалы, Қазақстанға санкция салынса, Ресейге дәл олай әсері болмас еді. Санкциядан кейін кезінде рубль девальвацияға ұшырады, ал Қазақстан бірден ол қадамға бармады. Сондықтан біздің нарықты Ресей тауары жаулап алды. Ал мысалы, керісінше болып, бірінші теңге құлдыраса, онда біз Ресейдің нарығын арзан тауармен толтыра алмас едік, сәйкесінше өзімізде тауар құны көтерілетін еді. Сондықтан елдер арасындағы экономикалық қатынасты мұқият қарау керек. Олай болмаса бізді Ресейдің тауары жаулап алады», - дейді ол.

Мысал ретінде Еуропалық одақта бір елдегі экономикалық жағдай екінші елге қатты әсер етпейтінін айтты. Себебі ЕО-да экономикасы қуатты бірнеше ел бар. Ал ЕАЭО-да олай емес.

Ал енді 24 ақпаннан бастап Ресейге «Тозақ санкциялары» атты қуатты санкциялар салына бастады. Бұл санкциялар әлдеқайда шектеулері көп. Ресейге салынған жаңа санкциялар туралы сарапшы Нұрбек Ысқақов былай дейді:

«Бұл қуатты санкциялардың әсері шамамен түсінікті болып тұр. Ресей экономикасы алдағы 1-1,5 жыл ішінде 1-2%-ға құлдырай бастайды, бұл әрине Қазақстанға да өз әсерін тигізеді. 2022-2023 жылдары ІЖӨ өсімі 4,0%-дан жылына 0,5-1,0% ға дейін құлдырауы мүмкін. Жылдық инфляция екі елде де 9-10%дан асуы мүмкін, әрине артынша азаматтардың төлем қабілеті мен несие жабу мүмкіндігі де төмендей түседі».

Тағы бір сарапшы Андрей Чеботарев болса Қазақстанды қиын күндер күтіп тұрғанын айтады.

«Дәп қазір бізде курс көтеріліп жатыр, дегенмен санкциялардың әсері алдағы уақытта тіпті қатерлі болуы мүмкін. Біз мұнайымызды Ғаспий құбыры арқылы саудалаймыз. Егер Батыс Ресей мұнайы мен газына эмбарго жарияласа, ол бізге тікелей әсері тиюі мүмкін», - дейді ол.

Ресейді SWIFT жүйесінен ажырату, жоғары технологиялар бермеу және түрлі компанияларының активтерін бұғаттау, банктік және қаржылық секторына шектеу қою Ресей экономикасын шайқауда. Санкциялардың алғашқы күні-ақ Қазақстанда теңге құлдырап, доллар 490 көрсеткішке келіп тұрақтады. Ал мемлекет кей депозиттерге 10 пайыз кепілдендірілген үстеме қосылатынын айтты.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

64 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570