Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2220 0 пікір 18 Қазан, 2012 сағат 07:00

Айдос Сарым: «Әкімдер мен министрлер – біздің жалға алған менеджерлеріміз»

Айдос Сарым, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті, саясаттанушы:

Айдос Сарым, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті, саясаттанушы:

- Айдос аға, қазақ өзінің ұлттық потен­циалын қалыптастыра алды ма? Ұлттық идея жолында қандай қадамға бара алып жатыр? Идеологиямыздың көшін тоқтатпау үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

- Қазір қоғам «қазақ қандай ұлт?», «ұлт­тың болашағы қандай болуы керек?» деген сынды сауалдарға жауап қарастыра бастады. Үш қазақтың басы қосылған жерде түрлі клубтар құрылып жатқаны қазақ ұлтының оянғанының белгісі. Сонымен бірге қазақ өзінің метафизикасын, рухани кеңістігін, экзистенциясын іздеуде. Әр қазақты «біз кімбіз?» «қайда бара жатырмыз» деген сұрақ­тар мазалауы ұлт ретінде белгілі бір дәре­жеге көтерілгенімізді айғақтайды. Мұндай әңгімелер түбі бір жерді жарып шығады. Өсіп келе жатқан ұлт өзінің интел­лектуалды-зерделік потенциалын жүдет­пеуге тырысады. Ол үшін тәуелсіз мемлекет, тәуелсіз ұлт екенімізді өзімізге, сонымен бірге басқаларға ұғындырып, әрдайым еске салып отыруымыз қажет. Азғантай қиындық­тарға бола ақырзаманды төндіріп, жасуға, жасқануға болмайды. Қазір ұлттық идеоло­гияны қалыптастырудағы басты проблема қазақ тілі де емес. Басты мәселе - «біз қандай ұлтпыз» деген сұраққа жауап табу. Сондық­тан да үш адамның басы қосылған жерде қай ұлтпыз, ұлттың тілі қалай дамуы тиіс, мәде­ниеті, тарихы бұған қалай қызмет етуі керек деген секілді ірі мәселелерге аттың басын тірей беру керек. Ірі мәселеден тай­қып, пайдасы жоқ майда-шүйде «Шыңғыс хан қазақ па, жоқ па?» деген дауға араласа бер­сек, ұлттық идеядан алшақ кетеміз.

- Жал­пы, алашордашылар идеясы бүгінгі қазақ идеясымен қабыса ала ма? Тіпті біз­дің айтулы партияларымыздың бірі Алаш партиясының мұрагеріміз деп қал­ғаны бар...

- Бұл мәселеге де келейік. Қазақстанда қазір екі бірдей ұлттың қалыптасу үрдісі жүріп жатыр. Біріншісі - стихиялы түрде өзі­нің тарихи, табиғи үрдістеріне сай дамып, нары­ғын, парқын, сапасын, санын арттырып, өсіп келе жатқан қазақ ұлты. Бұл топқа сіз бен біз кіреміз. Өзіміздің ортақ әңгімеміз, баспа­сөзі­міз, ақпараттық кеңістігіміз бар. 1972 жылы КПСС-тің съезінде Брежнев: «Патша зама­нындағы, одан бұрын да шиеленіскен ұлттық проблемаларды түбегейлі шештік, оның орнына «кеңес халқы» деген ұлт пайда болды» деп мақтанған болатын. Араға біраз уақыт салып, бұл пікірдің күлі көкке ұшты. Бізде қалыптасып келе жатқан екінші ұлт, сол «кеңес халқының» көшірмесі іспетті «қазақ­стандық ұлт» деген ұғым. Рухы, тілі, мәде­ниеті, әдеті, дәстүрі жоқ «қазақстандық ұлт» үшін шырылдап жүргендерді түсіне алмай­мын. Бізді ерекшелендіретін, өзгеден бөліп алатын тіліміз бен дінімізді, салтымыз бен тарихымызды қайда қоямыз? Тарихи жолы­мызға көз салыңызшы... Қасым хандардың заманынан бері көшпелі халықтарды бірік­тіру идеясы - Алаш идеясы бой көтерді. Енді одан бас тартуға хақымыз жоқ. Алтын орда­ның мақсаты да, Шыңғыс хан хандығының мүддесі де күллі көшпелі жұрттың басын бір жағадан шығартатын империялық идея еді. Осы идеяның негізінде Алаш идеясы бой көтерді. Мұның астарында жаңарған түркі­шілдік идеясы жатыр. Кейбір алаш­танушы аға­ларымыз - алашордашылар осыдан бір ғасыр бұрын қабылдаған страте­гиялық бағдарламаларды актуальды деп ойлайды. 1917 жылғы бағдарламаны осы күнмен са­бақ­тастырғысы келеді. Меніңше, бұл да дұрыс емес. Идеялар әрқашан дамып отыра­ды. Алаш идеясының басты мақсаты - қазақ ұлтын азат ету. Осыны негізге алсақ, қате­леспейміз. Ал қалған идеяның жерге, тілге, дінге қатысты құрамдас бөліктері заманға сай дамуы керек. 1917 жылғы Алаш зиялы­лары бе­кіт­кен бағдарлама сол кездегі білім дең­гейі, түсінік, экономикалық, саяси, фи­ло­со­фиялық ойлаудың кемелденген үлгісі деп түсінген жөн. Арада бір ғасырға жуық уақыт өтті. Қаншама жаңалық, өзгеріс болды. Абай әрбір буын үшін өзінше Абай болады. Бүгін­гінің оқырманы Абайды 40-70 жылдың түсін­ігімен қабылдай алмайды. Алаш идея­сына да солай түйсіну керек. Бір жағынан қарасақ, Алаш идеясы сөзсіз түпкілікті, тың­ғылықты түр­де қазақ ұлтының идеясы, екінші жағынан, түркішілдік идеясы деп түсінеміз. Қазақ ХХ ғасырда геноцидті көріп, аштықтың кесірінен 60-70 пайызға қырылып қалды. Осындай тағдыр тауқыметін тартқан ел ешкімге әңгір­таяқ ойната алмайды.

- Елімізде 130-ға тарта этнос бар. Ұлт­тық идея жайлы сөз қозғағанда, «қазақ пен еліміздегі этностардың идея­сын бөліп қарастыру керек пе?» деген заңды сауал туындайтын секілді...

- Тағдыр тауқыметін тарттық екен деп, өзге этностарға тізе батырсақ, өз тарихы­мыз­ды түсінбегеніміз, одан сабақ алмағанымыз болып саналады. Біздің ағайындарымыз қазақ идеясын тек қазақ халқының идеясы деп біледі. Бұл дұрыс емес. Қазір саясаткер­лер айтып жүрген еліміздегі 130 этностың бә­рі қазақ ұлтының өкілі, қазақ ұлтының құ­рамдас бөлігі. Олар мұны мойындамай отырса, бұл біздің кінәміз. Қазақстанның заңын сыйлайтын, конституциясына бағына­тын, оның міндеттерін мүлтіксіз атқаратын, салығын төлейтін, мемлекеттің тілін, мәде­ниетін, тарихын құрметтеп, қоғам мен мем­лекет жүктеп отырған моральдік, заңдық нор­маларды орындайтын, қазақ әскері са­пында борышын өтеген, кез келген азамат­ты қазақ деп түсінуіміз керек. Чемпиондарымыз Мая Манеза да, Винокуров та - қазақ. Тегі орыстекті, корейтекті, дін тұрғыдан алғанда, христиантекті қазақ болуы мүмкін. Қазақы кеңпейілдікке сай саясат жүргізіп, филосо­фиялық ой тұжырымдасақ, арманымыз орын­далып, ұлттық идеямыз өз тұғырына қона­ды. Өйткені уақыт та, тарих та біздің мүдде­міз­ді қолдайды. Өреміз жетпеген жерде күш қолданып, қазақтың әңгімесіне өзге этнос­тарды араластырмауға негіз жоқ. Қазақ­станда тұрып жатқан 17 млн халық пен шет­елдегі 5 млн қандасымыздың бәрі, яғни 22 млн қазақ бар. Еліміздегі диаспоралар түбі қазақ ұлтына қосылуы тиіс. Көрші Қытай мен Ресейді қараңызшы. Ұсақ ұлттарды өздеріне сіңіріп, ассимиляциялап барады. Ерте ме, кеш пе дәл сол секілді еліміздегі қазақтан өзге этностар ұлт, халық ретіндегі негізін сақ­тап қала алмайды.

- Кеңестік кезең қазақ ұлты жұтылып кетуге бейім ұлт екенін көрсетті. Аз бол­ма­ғанда «қара орыс» болудың алдында қалдық. Осы мысалдан кейін қазақ бір ұлттың құрамына еніп, өз болмысын жо­ғал­тып алмаса, өзгелерді сіңіріп, қазақы­ландырып жібереді дегенге сенбейтін секілдімін.

- Қазақ ұлты басқа ұлтқа сіңісіп, жойы­лып кетеді дегенге мен де сенбеймін.

- Аға, «қазақ ұлты тарих сахнасынан сызылып кетеді» деп отырғаным жоқ. Қазір Қытайдағы қандастарымыз қанша салт-сананы сақтады дегенімізбен, қы­тай­лана бастады ғой.

- Ол рас.

- Түркиядағы қазақтар мен Қазақ­стан­дағы қазақты салыстыруға келмейді.

- Мұның бәрі шындық. Әлемдегі кез келген қандасымыз қазақ тілінің, қазақ мә­де­ниетінің, қазақ білімінің отының маздап жанар ошағы Қазақстан екенін түсінуі керек. Одан басқа жерде қазақ тілінің салтанат құруы мүмкін емес. Қазақ тілі әлемдік тіл бола алмайды. Оның артында 100 миллион­даған халық тұрған жоқ. Бүгінде Қазақстанда орташа есеппен 10 мың шешен бар делік. Сол 10 мың шешеннің тілін 17 миллион ха­лық үйренбейді ғой. Егер осы көрсеткіш кері­сінше болса, шешен тілін амалсыз үйренген болар едік. Ассимиляция дегенімізді күштінің әлсізге жасайтын тепкісі деп білеміз. Мұның мәдениетті, өркениетті жолын аккултурация деген терминнен іздегім келеді. Азаматтарды саналы түрде қазақыландыруға әкелу. Мем­лекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлердің бәрі білуі керек деп заңмен міндеттейікші. Мем­лекеттік қызметке барғысы келетін бар­лық азамат ұлтымыздың тілін бес сауса­ғын­дай біліп алар еді. Қазақ көшінің арқа­сында еліміздегі қазақ ұлтының саны 70 па­йызға жетіп қалды. Оның үстіне қазақ өте жас ұлт. Еліміздегі славян тектес этностардың орта жасы 47-50-ге таяп қалса, қазақтардың орта жасы - 26-27 жас. Сонымен қатар қазақ­тың саны әр жылда кемі 1-1,5 пайызға артып келе­ді. Елімізден жыл сайын 70-80 мың орыс өздерінің тарихи Отандарына қоныс аудару­да. Олардың дені жастар екенін де ескеріңіз. Бір қызығы сол жастардың көп бөлігі өздері­нің тарихи Отанына емес, АҚШ-қа, Канадаға және басқа да Еуропадағы да­мы­ған елдерге кетіп жатыр. Қазір Ресей әлем­ді, тіпті өзінің қандасын қызықтырып отырған жоқ.

- Енді осы ойыңызды «Қазақстан шет­елдегі қандасын қызықтыра алатын елге айналды ма?» деген сауалмен са­бақтап көрсек...

- Өкінішке қарай, біз де қандаста­ры­мыздың армандаған еліне айнала алған жоқ­пыз. Көші-қон мәселесіндегі жемқор­лық, екі күннің бірінде оралмандарға бөлін­ген қаржының үптеліп кетуі, салынып жатқан үйлердің сапасыздығы жайлы естиміз. «Жа­зу­шылар одағы» немесе «Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы» секілді үкіметтік емес ұйымдар ұлттың болашағы үшін ма­ңызы бар «Нұрлы көш» бағдарламасына ке­шенді түрде қоғамдық бақылау жасау қажет еді. Қазір Отанына асыға жеткен ағайын орыс тілін білмесе, қатарға қосыла алмайтын жағдайда қалып отыр. Біздің «Нұрлы көш» бағдарламасына жаңаша көзқараспен қа­рап, түзетулер енгізгеніміз жөн сияқты. «Қан­ша қандасымыз тарихи Отанына көшу­ге да­йын, қанша қазақ жағдайы қиындаса көшуі мүмкін» деген сынды сауалдарға жауап бе­ретін нақты дерек жоқ. Меніңше, қазақ бас­па­сөзі көтеріп жүрген «қазақ картасы», «қа­зақ паспорты» деген мәселені қолға алу керек. Он жылдыққа елімізге көшіп келем деген азаматтарға төлқұжатын рәсімдеу, түрлі бағдарламаға, квотаға іліну үшін ең болмағанда суреті ілінген, мөрі бар құжат берейік. Ол ресми күші жоқ, қоғамдық тұр­ғыдағы құжат болсын. Сол құжат арқылы алдағы он жылдықта қанша ағайын елге келетінін біліп отырар едік. Осыны түсіндіру жағын зиялы қа­уым­ға міндеттеу керек секілді. Өкініштісі, қа­зір бізде зиялы дейтін жазушы ағаларымыз бір-бірімен қырық пышақ болып, айқасып жүр. Жуырда Одақ­тың жиылысына барып, алты-жеті сағат отырып, «оқырман» деген сөзді ести алмай кеттім.

- Одақ деп қалдыңыз ғой. Кеңестік кезеңде жазушыларымыз белгілі бір дә­ре­жеде саяси ойындардың көзіріне ай­налушы еді. Қазір саясатымыз бір бөлек, оқырманымыз бір бөлек, жазу­шы­мыз бір бөлек жүр. Осыны жою үшін жазу­шы­ларды саясатқа араластыру керек пе?

- Жазушылар одағындағы жиылыстан кейін байқағаным, біздің жазушылар әлі кеңестік кезеңді сағынып жүрген сияқты. Кеңестер Одағы не үшін қазақ жазушысының жағдайын жасады? Ол дәуірде отарлап жат­қан елдің зиялысының аузына құм құйып отыру керек болды. Сондықтан жазушыларға пансионат салып берді, қаламақы берді, үй берді. Тәуелсіздік деген - жауапкершілік де­ген сөз. Мемлекеттен ештеңе күтпей, өзің үшін өзің жауап бересің. Мен кеше екі термин шығардым. Оның біреуі - «қаламақымақтық» деген сөз. Жазушылар «қаламақы» деп етегін жасқа толтырғанша, жұрт оқитын роман жаз­сын. Қоғам өзі іліп әкетіп, кітап дүкенде­рінен сатып алмаса, маған келіңіз. Жалпы, жазушылардың бірлі-жарымы болмаса, бәрінің жағдайы жаман деп айта алмаймын. Біз қа­лам­герлердің мықтылығын сөз етеміз де, олардың сұранысын, нарығын айтпай­мыз. Менің ойымша, жазушылар съезінде «кім төраға болады?» дегеннен бұрын, «Қазақ оқырманы қандай романмен қауыш­ты?» деген сұраққа жауап табуға асығуымыз ке­рек еді. Осыған дейін қолына қалам ұстаған­ның бәрі шығармашылығына ауыл қазағы­ның өмірін арқау етті. Олар қаладағы тір­шілікті құбыжық етіп суреттеді. Бұған себеп - қазақтардың қаланы жаулай алма­ғаны еді. Кеңес кезінде қалаға келіп қоныс­танудың өзі проблема болды. Алматының 8 пайызын, Өскеменнің 3-ақ пайызын қазақ­тар құрады. Қазір жағдай өзгеріп, Алматы­ның 70 па­йызы қазақы­ланды. Урбанизация үдерісі жүріп жа­тыр. Осы сәтте бізге қазақ­тың қа­ла­лық мәде­ниетін насихат­тайтын әде­биет қажет. Біздің ағаларымыз қалалық мәде­ниетті наси­хат­тайтын шығарма жазуға асығар емес.

- Осы арқылы белгілі бір дәрежеде әдебиетті де саясиландыру керек дейсіз ғой.

- Саясиландырған осы екен деп, оларды сарай ақыны етіп, билікті мақтатып қоюға болмайды. Бұл - қоғам қажет­тілі­гінен туындап отырған мәселелерді әде­биет арқылы, кино арқылы халықтың сана­сына сіңіру деген сөз. Саясаттың көкесі - осы. Саясаттың басты мін­деті жол салу емес, құндылықтарды қалып­тас­тыру. Біз Тәуел­сіздік алған 20 жыл беде­рінде қандай об­раз, қандай кейіпкер бей­нелеп үлгердік? Бұл сұраққа кеңес кезеңінде жазылған әдебиет бар ғой деп жауап бересіз. Ол бас­қа формацияға, басқа нарыққа, басқа эко­номикаға негізделген басқа заманның әдебиеті, басқа дәуірдің кейіпкерлері.

- Өзіңіз шығарған екінші терминді ұмыт қалдырдыңыз...

- Жазушылар ақылман болуы керек. Ақыл мен ақырзаманды біріктіріп, қалам­герлерге «ақырман» деген атау бердім. Олар бір жағынан ақылын айтса, екінші жағынан ақырзаманды төндіріп жүр. Ай­мақта жүрген біраз әкімқараны білемін. Әкім­шілікке жазу­шы келді десе, шенеу­ніктер «тағы да келген бе?» деп кіжінетін дәре­жеге жеткен. Күнделікті шенеуніктің алдында алақан жа­йып тиын сұрап жүрсең, сені кім сыйлайды? Кім сенімен санасады? Қазір орыстілді ортаға да, қазақтілді қоғам­ға да сөзі өтетін бес қа­лам­геріміз жоқ. Мың­даған адам алаңға шық­са, басу айтар кімің бар? «Жігіттер, қо­йыңдар, сендермен де, билікпен де келісейік. Ай­налып кел­генде, бұл - біздің мемлекет, анау тұрған өзі­міздің ұлттық полициямыз, қазақ пен қазақ қы­рыл­масын, қазақтың қаны төгілмесін» дей­тін­дей зиялы қалды ма? Он­дай зиялы қал­маса, қазірден бастап наси­ха­тына кірісейік. Халыққа да, билікке де сөзі өтетін қадірлі азаматтарды тәрбиелеп шыға­ралық. Олар­ды саясатқа араластырмайық, партияларға мүше­лікке шақырмайық. Олар ұлттың ішін­де ұлттың әңгімесін айтып жүрсін. Егер осылай жасай алсақ, бұл саясатымыздың жемісін бола­шақта көрер едік.

- Интернет парақшаларынан талай даудың куәсі болып жүрміз. Жалпы, сіз жеке басыңыз ғаламтор арқылы қоғамға қандай қозғау сала алдыңыз?

- Қазақ ғаламторын дамыту - менің нан тауып жүрген салам. Аз-маз сайт құрдым, біраз сайттың ашылуына мұрындық болдым. Мысалы, Мұрат Әбеновтарден сұраңыз, «Википедияның» қозғаушыларының бірі болдым. Бұл болашақта мақтанып айтатын әңгімемнің желісі болады деп ойлаймын. Күніне әлеуметтік желіге бір сөз болсын жазып қоямын. Бұл да болса кішігірім еңбек деп білемін. Әр қазақтың үйіне Абылайдың не Кенесарының суретімен қатар, «Сен қазақ үшін не жасадың?» деген плакат іліп қойғым келеді. Бүгінгі ұрпақтың сабыры, парасаты өткен буынға жетпегенімен, рухы асқақ. Жаны жасымаған. Жас ұрпақты кеңестік кезеңнен қалған үреймен қорқытып алсақ, үлкен трагедия болады. Өткен буынның санасын, келбетін, психологиясын, ойлау жүйесін аштық өзгертіп жіберді. Оларды аштықтан құтқарғанымызбен, рухани аштықтан арашалап алу қиын. Ол ұрпақтың санасында «бастыққа қарсы шықпа, мен кішкентай ғана құлмын, шыбынмын» деген психология бар. Әр қазақ қазір интернет арқылы я басқа жолдармен «Мемлекет деген - менмін. Мен мемлекет үшін емес, мемлекет мен үшін, қазақ үшін, қазақша сөйлеуім, ойлауым үшін жаралған. Әкімдер мен министрлер - біздің жалға алған менед­жерлеріміз» деген психологияны оятуға жұмыс жасауы керек.

- Жалпы, біздің санамызды отар­шылдықтан құтқару қажет секілді...

- Латын әрпіне көшу керек. Жиырма­сыншы ғасырдың өзінде әліпбиімізді үш рет ауыстырдық. Одан қырылып, жойылып қалғанымыз жоқ. Мемлекеттік ерік-жігер болса, латын әрпіне көшу қиын емес. Әр нәрсенің құны, төлемі болады. Жетпісті еңсерген ағайынның әріп түсінбей қалуы трагедия емес. Олар көрерін көріп, оқырын оқып тастаған. Қазақ аман болса, немерелері аман болса, рухани, мәдени кеңістіктен қалып қалмайды. Осы жылдан бастап латын әрпіне көшсек, келер ұрпақ басқа елдің тілін, әліппесін түсінбейтін еді. Осы арқылы рухани тұрғыдан азаттыққа қол жеткізер едік. Қазақ­тың латынға көшуі - ішкі проблемамыз. Өзгелерге жалтақтаудың қажеті шамалы. Латынға көшсек, сыртқы саяси күштер келесі ұрпақтың тәуелділіктен құтылатынын көріп отыр. Біз деколонизацияланып, отарлық санадан айығып келеміз. Сөйте тұра, Мір­жақыптың «Оян, қазағының» парқын дұрыс бағаламай, «ел оянғанда, мен де оянармын» деп жүрміз. Ұлт ұлт ретінде оянбайды. Бұл әрбір қазаққа жекелей айтылған сөз. Әр адам жеке тұлға ретінде ұйқыдан тұрады. Мысалы, Израиль қоғамын қараңызшы. Жоқ жерден мемлекет құрып, тілін қалып­тас­тырды. Оянды. Құнды­лық атаулы сұраныстан пайда болады. Израильге саяси күштер Африка, Арген­тинадан жер алып бермек болған. Олар алдыға мақсат қойып, араб­тардың қолас­тында қалған өздерінің тарихи Отанынан жер сатып алып, мемлекет іргесін қалады. Адамды жасытатын идиш тілінен бас тартып, өз Тәурат негізінде өз тілдерін дүниеге кел­тірді. Мұның қасында, Құдайға шүкір, бізде бәрі бар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...

Түбі бәрін ұлттық исламға негізделген жаңашыл мәдениет жеңіп шығады. Ұлт, дін, жаңашыл мәдениетті біріктіре алған күш Қазақстанды билейді. Геосаясатта «өзінің географиясын білген адам сыртқы саясатын айқын түсінеді» деген ұғым бар. Бағыт-бағдарымызды білу үшін соған сай ұлттық символикамызды жасауымыз қажет. Мысалы, Әбілқайыр көшесі Ақтөбеде бар да, Алматыда жоқ. Бұл - жершілдікке бастайтын үрдіс. Осыған жол бермей, ұлттық құндылық дәрежесінде тұлғаларды дәріптей білуіміз қажет. Екінші мәселе - ұлттық дизайн. Ол да жаңарып, жаңа мәдениетпен астасып жатқаны жөн. Ұлттың аясынан шыққан құндылық мәңгі болады. Біздің мемлекетке тағар айыбымыз - қоғам қажеттілігін өтейтін құндылықты қалыптастыра алған жоқ. Құндылық жоқ болған соң, мемлекеттік тапсырыс ретінде миллиардтап ақша төксең де, құмға сіңген тамшыдай жоқ болып кетеді. Біздегі білім, руханият саласының ақсап жатқаны «қандай мемлекетпіз, мақсатымыз не?» деген сұраққа жауаптың жоқтығынан. Фридман деген экономист: «Оң өзгерістер тоқ заманда емес, қиын қыстау кезеңде болады», - дейді. Тығырыққа тірелген кез - өзгеріс атаулының басы. Саяси еркіндігі жоқ елде ешқандай инновация, ешқандай модернизация болмайды. Қазақ деген сөз еркін, азат деген сөздің синонимі. Біз осы қазақтыққа лайық болуымыз керек. Әрқайсымыз жеке тұлға ретінде «қазақ - азат» деген ұғымды насихаттайық. Азат болайық. Сонда ғана ұлт тәуелділіктен құтылады.

Автор: Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440