Халық жауабы: Ресей Қазақстанға соғыс аша ма?
Украинаның Ресейге агрессиясы посткеңестік елдерде «келесі кім» деген сұрақты тудырғаны анық. Оны әрине ашық талқылау негізсіз, алайда азаматтардың көкейінде осындай сұрақтың бар екені рас. Арнайы зерттеу орталықтары да бұл сауалды талқылап жатыр.
Demoscope мониторинг және зерттеу орталығы «Украинадағы іспеттес соғысты Ресей басқа елдерге, оның ішінде Қазақстанға ашуы мүмкін бе» деген сипатта сауалнама жүргізіпті. Сауалнамаға жауап бергендердің 65%-ы «жоқ» деп жауап беріпті. Қақтығыстың болуын жоққа шығаратындардың басым бөлігі әйелдер қауымы болып шықты. Олардың саны 58 пайызды құрайды. Орыстілді азаматтардың 72%-ы «қақтығыс мүмкін емес» деп санайды екен, ал қазақтілді жандардың ішінен 39%-ы ғана қақтығысты «мүмкін емес» деп санайды. Ал жауап берушілердің төрттен бірі «Ресеймен қақтығыс болуы мүмкін» деген ойда.
Ресеймен қарулы қақтығыс болуы мүмкін деген позицияны ұстанатындардың басым бөлігі ер азаматтар, олардың саны 61%-ды құрайды. «Қақтығыс міндетті түрде болады» деген пікірді ұстанушылардың ішінде 38%-ы қазақтілді азаматтар, 9%-ы орыстілді азаматтар болып шықты.
Сауалнамада Ресеймен әріптестік пен серіктестікке қатысты да сұрақтар қозғалады. Жауап берушілердің 70%-на санкциялар да, қақтығыс та маңызды емес екен. Олар қандай жағдай болса да, Ресей Қазақстанның басты серіктесінің бірі болып қала береді деген ойда. Респонденттердің 10%-ы болса, Ресеймен барлық одақтан шығу керек деген пікірде. Жауап берушілердің ішінде Ресейдің Украинаға соғыс ашуының салдарынан инфляция өседі дегендер саны 42%, ал еш әсері болмайды дегендер саны 15% адамды құрайды. Ал жауап берушілердің ішінде 10%-ы Ресей үшін Қазақстанға да санкциялар салуы мүмкін деген пікірде.
Жалпы респонденттердің көпшілігі (59%) ресейліктердің Қазақстанға қоныс аударуына оң көзқараста екен. Олардың үштен бір бөлігінен астамы (34%) қонақжайлылық дәстүрлерін қолдайды, оған сәйкес Қазақстан әрқашан өз Отанын тастап кетуге мәжбүр болған адамдарды қабылдауы тиіс деп санайды. Жауап берушілердің 14%-ы алаңдаушылықтарын білдірді және олардың саяси көзқарастарын мұқият тексерген жағдайда ғана орыстардың қоныс аударуымен келісу керек деп санайды. 11%-ы мұны Қазақстанға жаңа мамандарды тарту мүмкіндігі деп санайды екен.
Қазақстандықтардың 18%-ы ресейліктердің қоныс аударуына қарсы пікір білдіріпті. Осылайша түрлі факторларды ескерген зерттеуде қазақтілді аудитория мен орыстілді аудиторияның жауабы қарама-қайшы болып шыққан. Ол ақпарат алу көздеріне де байланысты болып отыр.
Ка Мырза
Abai.kz